Фото: tengrinews.kz
Депутат Базарбек Бақытжан Іленің 10 мың гектарын «отбасылық бизнеске» айналдырған әулетке шүйлікті.
Айтуынша, ауданның бұрынғы әкімі Николай Логутов 14 жыл бойы жерді өзінің ағайын-туысына бөгде адамдар арқылы рәсімдеп, бөліп берген. Кейін оны ұлына мұраға қалдырған.
Ertenmedia-ның жазуынша әулеттің иелігіндегі жер Қонаев қаласының аумағынан да үлкен дейді. Білетіндер Базарбек өте қауіпті мәселеге бас сұқты деп жатыр…
Депутат Базарбек Алматы облысындағы жер былығына қатысты Бас прокурорға сауал жолдаған.
Оның сөзінше, Қапшағай су қоймасы мен Іле өзені жағасындағы 80 жер телімінің заңсыз жолмен жекеменшікке өтіп кеткені анықталған. Соның кемінде 50-інде жер және су кодексінің талаптары өрескел бұзылған.
«Бұл жерде заңның бұзылғаны емес, заңды кімнің бұзғаны алаңдатады. Қапшағай әкімдігінде қызмет еткен шенділер Жер және Су кодексінің талабын белден басып, аталған телімдерді экс-президенттің жақындарына, жоғары лауазымды тұлғалар мен Forbes тізіміндегі олигархтарға үлестіріп берген», – дейді депутат.
Жер инспекторлары заңсыз алынған учаскелерді мемлекетке қайтару туралы ескерту бергенімен, экс-шенеуніктер мен ықпалды кәсіпкерлер тарапынан қысым көрген.
Базарбек Іле ауданындағы ауыл шаруашылығына арналған жер телімдері де талан-таражға түскенін мәлімдеді.
Айтуынша, ауданның бұрынғы әкімі Николай Логутов 14 жыл бойы жерді өзінің ағайын-туысына бөгде адамдар арқылы рәсімдеп, бөліп берген. Қазір осы шұрайлы жерлерді оның ұлы Константин Логутов бірқатар компаниялар, соның ішінде DALA INVEST GROUP және AL-AGRO GROUP арқылы басқарып отыр.
Жергілікті жұрттың мәліметіне сәйкес, Логутовтар иелігіне өткен жердің жалпы көлемі 10 мың гектардан асып кеткен, бұл Қонаев қаласының аумағынан да үлкен.
Тұрғындар тоқымдай жерге қол жеткізе алмай жүргенде, Логутовтарға тиесілі аумақ игерілмей, саудаға шығарылып, коммерц.мақсатта ғана пайдаланылып отыр.
«Тоқаев 2024 жылғы жолдауында тайға таңба басқандай айтты: егер жер заңсыз бөлінген болса әрі мақсатқа сай пайдаланылмаса, оны мемлекет меншігіне қайтарудың жеңілдетілген тәртібі іске қосылады», – деді осы тұста депутат.
Бас прокурор Берік Асыловқа базына айтқан Базарбек Қапшағай мен Іледегі заңсыз жер бөлінісі бойынша тексеруді өз бақылауына алып, жер инспекторларына жасалатын қысымды тоқтатуды және ауыл шаруашылығы жерін заңсыз иемдену фактісі бойынша рейд жүргізуді талап етті.
Парақшамызға жазылыңыз