///

Ұлттық сөздік қоры жасалады: жобаға 111 миллион теңге, YouTube жобалары үшін 300 миллион теңге жұмсалады

67 рет қаралды
Бұл туралы Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаты Асхат Аймағамбетов жазды.
–  2026 жылғы бюджетте не өзгерттік? Біздің Комитеттің бастамасымен біраз мәселені шешуге қосымша қаражат бөлінді.
 1. Жедел жәрдемді қолдау
Біз жедел жәрдем қызметін қолдау үшін 5 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат бөлдірдік. Проблеманы тек көтеріп қоймай, осындай нақты қолдау көрсеттік.
Бұл қаржы жаңа жедел жәрдем бригадаларын ашуға, материалдық базаны жаңартуға, жалақы төлеуге және жөндеу жұмыстарына бағытталады.
Бұл шешімнің артында – талай адамдардың өмірін сақтап қалуға жағдай жасау мақсаты тұр.
2. Республикалық физика-математика мектебі (РФММ)
РФММ – еліміздегі ең мықты мектептердің бірі. Бірақ басқа мектептермен салыстырғанда оның қаржыландыруы төмен.
Әсіресе тамақтану мен интернаттағы балалардың жағдайы қиын. Соңғы жылдары мектеп тек ақылы қызмет есебінен жұмысын ұстап келген.
Сондықтан біз 1,6 млрд теңге бөлуді қолдадық – мұғалімдердің еңбекақысын төлеу және оқушылардың тамақтануы мен тұру жағдайын жақсарту үшін, – деп жазды депутат. 
Республикалық бюджеттен ұлттық архивтер мен кітапхананың материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жаңарту үшін де қосымша қаржы бөлінген.
– Онкологиялық аурулармен күрес – біздің тұрақты назарымызда. Қазір елімізде Ядролық физика институты, Ұлттық ядролық орталы бар, өз реакторымыз да жұмыс істейді. Сондықтан ең өзекті бағыттардың бірі – онкорадиопрепараттар әзірлеу.
Біз осы мақсатқа арнайы қаражат бөлуді қолдап отырмыз. Бұл Қазақстанды тек өз қажеттілігін өтейтін емес, сондай-ақ мұндай препараттарды экспорттай алатын елге айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл мыңдаған азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін маңызды қадам. Ұлттық ғылым академиясының өтініші бойынша олардың қосымша шығындарын қолдау үшін қаражат бөлінді, – делінген жазбада.
Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры
– Келесі жылдан бастап Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры жобасы іске қосылады. Біздің бастамамызбен өткен жылы арнайы заң қабылданып, осындай жүйе бекітілген болатын. Бұл – қазақ тілінің барлық лексикалық қазынасын біріктіретін заманауи ақпараттық жүйе.  Бұл қор — қазақ тілінің бірізділігін, қолдауын қамтамасыз ететін маңызды құрал.
Әртүрлі салалардағы – құқықта, білімде, ғылымда, технологияда – қолданылатын терминдер мен сөздердің мазмұны мен жазылуын біріздендіру үшін бұл қор біртұтас, жүйеленген, ресми цифрлық лексикалық база рөлін атқарады. Ол білім беру, аударма, мемлекеттік құжаттар, жасанды интеллект жүйелері мен бағдарламаларда қазақ тілінің дұрыс әрі стандартты қолданылуын қамтамасыз етеді. Бұл бастама мемлекеттік тілдің цифрлық дамуына үлкен серпін береді. Тілді нақты іспен қолдау маңызды, – дейді депутат.
Жобаға 111 миллион теңге бөлінген.
Мәдениет, білім және қазақша контент
Қаржы министрлігі депутаттардың 2025 жылы берген түзетулерін ескеріп, 2026 жылғы жобаларға қаржы қарастырған:
• 300 миллион теңге – қазақ тіліндегі анимациялық мультфильмдер жасауға және оларды интернет пен YouTube-та таратуға;
• айтыс, жыр айту сияқты шығармашылық байқаулар өткізуге;
• “XXI ғасыр көшбасшысы” және “Азамат” сияқты интеллектуалды телебағдарламалар мен “Жайдарман” жобасын қолдауға.
– Халықаралық пәндік олимпиадалар бойынша ұлттық құраманың жүйелі дайындалуына жағдай жасау мақсатында оқу-жаттығу жиындарын өткізуге арнайы қаржы қарастырдық. Дебат пен өзін-өзі басқару қозғалысын мектептерде дамытуға да қаржы бөлінді.
2026 жылғы бюджет жобасын талқылау барысында шешілген бұл бастамалардың барлығының түпкі мақсаты –
адамдардың өмір сапасын арттыру және білім, ғылым, мәдениет, тіл мен денсаулық саласында нақты өзгеріс жасау, – деп жазды депутат.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар