Жапонияның астанасы Токиода өтіп жатқан Сурдлимпиада ойындарында жеңіл атлетика сайыстары басталды.
Ұлттық құрама спортшылары ұзындыққа және биіктікке секіру, түрлі қашықтыққа жүгіру секілді бірнеше жарыс түрінде бақ сынап жатыр.
Екінші жарысы күнінің ең жарқын жеңісін биіктікке секіруде бақ сынаған отандасымыз Фаина Мейрманова тіркеді. Ол 1 метр 79 сантиметр нәтижемен қарсыластарынан басым түсіп, Сурдлимпиада ойындарының чемпионы атанды.
Бұған қоса, жас спортшы Токио ойындарының рекордын жаңартты.
Күміс жүлде бейтарап спортшы Анна Суравецке бұйырды оның нәтижесі 1 метр 76 сантиметр.
Ал 1 метр 67 сантиметрге секірген словакиялық Лейа Глонарик қола медаль иегері атанды.
Фаина Мейрманова жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2024 жылы Тайбэйде өткен әлем чемпионатында ол биіктікке секіруден 176 сантиметр нәтижесін көрсетіп, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемдік рекорд орнатқан еді.
Сондай-ақ 2024 жылғы Азия–Тынық мұхиты ойындарында ұзындыққа секіруден жеңімпаз атанып, шеберлігін тағы бір дәлелдеді.
19 жастағы талантты спортшы – Шығыс Қазақстан облысының тумасы, спортпен жеті жылға жуық тұрақты түрде айналысып келеді.

Айта кетейік, Сурдлимпиаданың алғашқы жарыс күнінде де Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсеткен болатын.
Дзюдо шеберлері ел қоржынын екі алтын және екі қола медальмен толықтырды.
Түгелбай Бисен,
Фото: Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы
Парақшамызға жазылыңыз
