дереккөз: Egemen Qazaqstan
Шымкент қаласында Қаржы мониторинг агенттігінің департаменті «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының бұрынғы төрағасы Жандар Омаровқа қатысты қылмыстық іс қозғады.
«Ол алма бақтарын салуға бөлінген бюджет қаражатын иемдену фактісі бойынша, қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, жұмыс пен жабдықтардың, құнын негізсіз көтеру жолымен ұрлық жасады деген күдікке ілінді», – деп хабарлайды ҚМА.
Тергеу мәліметінше, Жандос Омаров «Green Mart Kazakhstan» компаниясымен бірлесіп жұмыс істеген. «Green Mart Kazakhstan» ЖШС директоры туыстары мен таныстарының атына 20 жалған компания құрған. Бұл фирмалар мемлекеттік бағдарламада лизинг алушы ретінде көрсетілгенмен, іс жүзінде ешқандай жұмыс жүргізбеген. Жалған құжаттар негізінде қорға 1,4 млрд теңгеге лизингтік қаржыландыруға өтінімдер келіп түсіп, олар тиісті тексерусіз мақұлданған. Жабдық жеткізушісі тендерсіз таңдалып, монополия «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-ның бақылауындағы компанияға берілген.
Түскен қаражат ішінара байланысты құрылымдардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Алма бақтарын орнату жұмысы аз көлемде не мүлдем жүргізілмеген. Мемлекеттік бюджетке келтірілген жалпы шығын 430 миллион теңгеден асты.
Омаров сотқа дейінгі тергеу аясында екі ай мерзімге қамауға алынды. Бұған дейін осыған ұқсас айыптармен қордың экс-басқарушы директоры М.Қ.Ысқақов пен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысы Р.Б.Сазынбекке үкім шығарылып, олар сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
Дереккөз: Kursiv Media
Парақшамызға жазылыңыз
