/////

Бақытбек Бәмішұлы. 16 – желтоқсан Тәуелсіздік күні. Оның атасы – Алаш, анасы -Қазақ!

576 рет қаралды
1

Адам күні адаммен дейді халқым. Оның маңызы адамзат баласы бір-біріне қолғабыс, қайырым-қарекет жасамай өмір сүре алмайды дегенге саяды. Бұл жалпы тіршілік иесіне тән қажеттілік. Ал қоғам үшін екібастан. Алыс-беріс, барыс-келіс, қарым-қатынастан бастап бірі-бірімен шымшытырық, өрмекшінің торындай шырматылған сан салалы байланыссыз тіршілік – күн көру бар ма? Демек бүкіл дүние әлем бірі-біріне тәуелді. Осы тұрғыдан келгенде Тәуелсіздік дегеннің өзі шарты ұғым. Тәуелсіздік оның атауы ғана. Бірақ, ол Тәуелсіздік күн көрістік тәуелсіздік емес, Рухани Тәуелсіздік! Ерік Тәуелсіздігі! Сондықтан да 16-желтоқсанның  қазақ халқы үшін тағы биік, тағдыры қымбат!

Ақиқатынада бұл күн Қазақ Елінің, Қазақ Жерінің, оның тілі мен ділінің отаршыл,  оккупант, басқыншы, қарақшы держава, қандықол империялардың таптап жаншыған, талап қанаған бодандығына қарсы ғасырларға созылған қанды күрестің нәтижесінде босанып, бостандығын алып, Азат атануын Әлемге паш еткен күн! Әр бір қазақ баласы бұны жан тәнімен, ет жүрегімен сезінеді. Дәл осы күннен бастап Әлем Елдері жер бетінде Қазақ Елі деген жеке мемлекет, Ұлы Ұлыс барын білді! Қайран қалды! Бұған дейін де мынау Байтақ мекенде Қазақ деген Ұлы Ұлт бар болатын. Сол барлықтың қайта Туын тіккеніне көзі жетті! Сондықтанда ол күн Ұлы Күн! Ол жай бір қағаз бетінде ғана жазылып қалған құжат емес, халықтың жүзеге асқан аңсары мен көкейгесті арманы. Төбе, төбе басына  Туын қайта тіктеген күн. Бәйтеректің ұшына Байрағын қайта байлаған күн! Жел өтін Жалауын  желбіреткен күн! Басына қонған бағы. Қолына қонған құсы! Оның орны осы күнге жетуге алғашқы бораздасын тартқан, кешегі тойланып өткен Қазақстан Республика күнінен де Зор, шеру тартып ұрандатып, тойланатын, Тәуелсіздік үшін түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған,  қызыл қанын жүгірткен батыр бабаларды еске алып, бақытыңды бағалайтын күн!

16-желтоқсан – «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе»  дегендей қазақ баласының Мәртөбесі! Төбе көп, Мәртөбе жалғыз. Мәртөбесі биігі, биігі Мәртебесі! Бұдан қымбат, бұдан бағалы, бұдан киелі де қасиетті ұғым болуға тиіс емес, болмайды да. Оның Атасы Алаш та, анасы Қазақ!  Ал оны, Тәуелсіздікті қандай қасіретті қан кешулерді бастан кешіріп жүріп өмірге әкелді, туды, ол – қанмен жазылған ұлы Жеңіс! Желтоқсан!  Тәуелсіздік!  Ерекше ауқымды, өрісі кең, мағынасы терең, мазмұны бай, теңдессіз ұғымның ішіне бәрі-бәрі Азаттық та, Бостандықтан, Егемендік те, Еркіндік те сыйып тұр. Ал осының қадіріне қалай жетеміз?

Әттең, ненің зоры екенін қайдам, ненің күші екенін қайдам, бұл күнде, әсіресе соңғы жылдарда Тәуелсіздік күнін атап өту аса солғындап, оңған шүберектей бозарып, тартылған көлдей суалып бара жатқаны аян. Бармасаң, келмесең жат боласың. Айтпасаң, жазбасаң, жырламасаң жадыңнан, ескертпесе есіңнен шығады.

Бір ғана мысал: Тәуелсіздік – Ұлыстың Ұлы Күні! Ұлы күні қарсаңында көше біткенің кемерінде, жолдар жиегінде, даңғылдар бойында Қазақстан Республикасының Көк Жалауы көздің жауын алып, әр бір қада, әр бір бағына, әрбір діңгек, әр бір башня басында көңілге Рухты күй ұялатып, «Менің Елім! Менің Жерім!» дегізіп, желбіреп тұруға тиіс емес пе?! Бойында жаны бар адам болса оған қарап қалай тебіренбесін, қалай рухтанбасын! Ол жоқ! Бейғам тірілік кешіп жатырмыз!

16-желтоқсанды, Тәуелсіздік күнін жас ұрпақтың жадына сақтаудан сақтанып, барын салып тырысқан, санасына сіңірмеуге бағытталған қопалы жердің қызыл оты, мысық тілеу, құйтырқы, жылан ізді ішмерездік бар болған жағдайды кеше қан кешкен, сұмпайы зұлымдық пен қан жаудырған қара ниет қарақшы басқыншылардың саналы түрде жойылып жасаған оспадар оқты, отты қолымен жер бетінен кетуге шақ қалып, Ұлы өміршеңдік кемел қасиетінің арқасында қайта түлеген Қазақ баласы жол бермеуі керек.

            Ұлыстың Ұлы күні, 16-желтоқсан, Тәуелсіздік күні Құтты болсын! Қазақ Елі Жасасын!

Бақытбек Бәмішұлы.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Маған, жекеме жолдаған екен:
    Тәуелсіздік – ең үлкен, һәм жоғары мереке

    Мен бірінші сыныпқа барған жылы еліміз өзінің тәуелсіздігін жариялады. Еміс-еміс есімде. Қол-аяғы тасбұғаудан босап, бостандыққа жаңа шыққан адамдай сезінген ағайынның қуанышында шек жоқ. Үлкендер жағы көзіне жас алып, бір-бірін құшақтап құттықтап жатты. Бала көңіл нені болса да тез қабылдайды ғой. Сол кездің өзінде “Егемендік”, “Тәуелсіздік” сөздерінің мән-мағынасын там-тұмдап болса түсінгендеймін. Жолдағы көліктер дабылдатқыштарын қосып, ерсілі-қарсылы жүріп жатты. Қайталанбас дәл сол уақыттың шынайы қуаныш лебі, бақытты сәті сезіліп тұрды.
    Бастауыш сыныпта оқып жүргенде елтаңба, ту, әнұран шыққанда ерекше сезімде болдық. Тәуелсіздіктің, азаттықтың қадір-қасиетін жүрекпен сезініп өстік. Иә, бәлкім ол кезде халықтың әл-ауқаты төмен болған шығар, бәлкім үміт пен күдік қатар жүрген болар, бәлкім сенім мол болған шығар. Десек те, материалдық-әлеуметтік жағдайы шешіле қоймаса да өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары ұстаздардың тәлім-тәрбиесін алдық.
    Әлі есімде… Тәуелсіздік десе қаһары мен ызғары кете қоймаған желтоқсан көтерілісі еске еріксіз оралады. Теледидардан күні бойы деректі фильмдер мен зерттеулер көрсетіліп, сараптамаларға толы хабарлар шығатын. Әбдірахман Асылбековтың сөзіне жазылған, Әбиірбек Тінәлі ағамыздың “Желтоқсан желі” әнін тыңдайтынбыз. Қазір ойлап қарасам ұлттық идеология, ұлттық тәрбие сол кезде болған сияқты…
    Сондай бір хабарлардың бірінде көгілдір экраннан нағашымызды көргенде бәріміздің төбемізден жай түскендей болды. Ныспысы – Қизат. Жеке дара төрт-бес адаммен бірге екі-үш жерде таспаға түсіп қалған екен. Қайта айналдырып көруге келмейді қазіргідей. Нағашы ағамызды көру үшін үйдегілермен келесі жылғы желтоқсан оқиғасына арналған хабарды күтеміз. Сөйтіп, Алматыдан қонаққа келгенде мән-жайды сұрағанда тұшымды жауап ала алмаған сияқты үйдегілер де. Егер о кісі бүгін тірі болғанда дүбірге толы сол оқиғаның қандай да бір сәттерін қағазға түсіруге болар еді деп қоямын. Содан не керек, 2000 жылдардан кейін 1986 желтоқсаны туралы хабарлар азайды, ол туралы зерттеулер жабулы күйінде қала берді… Кейін айтылмайтын болды… Тағы өкініштісі, біз асыға күтетін, ардақ тұтатын төл мереке жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қоятыны жасырын емес…
    Ал, қазірдің өзінде ұлттық идеологияны ұрпақ санасына қаншалықты сіңіре алып жүрміз? Жас өспірімдер Тәуелсіздіктің қадірін жете түсіне ала ма?!

    Ақын, публицист Қалқаман Абдрахманұлы

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Хоккейші қыздар ерлігі

Ыстамбұл қаласында хоккейден 18 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионатының IIA дивизионы аяқталды. Аталмыш сайыста Қазақстан