/////

Бақытбек Бәмішұлы. Олжас Сүлейменов: Мен білем!…

459 рет қаралды
2

Кеше ғана сияқты еді. Табаны күректей 12 күні кем үш айдың жүзі болыпты. Алматының қоңыр күзінде 2025 жылдың 9-айының (қыркүйек) 25-і күні Туран университетінің (Ректоры академик, ҚР-ның ЖОО Ассациасының президенті Р.А. Алшанов)  Акт залында “Осирис заңы: ежелгі қазақ тілі және адамзаттың мәдени мұрасы. Білім мәдениетін қолдауға бағытталған VIII халықаралық  конференция” өткен еді. Конференцияға  Франция, Түркие, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Қазақстанның белгілі ғалымдары   және ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық бюросының директоры қатарлы қатысқан болатын.

Конференцияның модераторы филология ғылымдарының докторы, Ресейдің П.Лумумба атындағы Халықтар Достығы Университетінің профессоры Ұлданай Махсұтқызы Бақтыкереева.

Конференцияға қатысушылар  ғалымдар әлем мәдениеттерінің дамуы мен жақындасуына өзгеше әсер еткен білім жүйесінде сақталып қалған ежелгі сөздер мен ұғымдардың қазақ тіліндегі лингвистикалық жаңалықтарын ғылыми тұрғыдан түсінуге арналған баяндамаларын ортаға салды.  Осы тұрғыдан келгенде ежелгі тілдік праформаларды тарихи-лингвистикалық зерттеу перспективаларын адамзаттың мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде тану мақсатында зерделеу, сондай-ақ осы жаңалықтардың гуманитарлық ғылымдарды дамыту үшін маңыздылығы айтылды. Осының барлығы сайып келгенде О.Сүлейменовтың тарихи лингвистикаға терең бойлаған еңбектері мен ашқан жаңалықтарына негізделді…

Конференция аясында ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының директоры, көрнекті ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовтың «Мен білем!..» атты кітабының тұсауы кесілді (Бағасы бес мың теңге. Тегін таратылмады. Дұрыс!).

Олжас Омарұлы бұл кітабында көне көмбелердің көзін тапқан таңғажайып жаңалықтары мен сол тілдік көмбелердің мәдениеттердің тоғысуына қалай ықпал еткенін айқындайтын тұжырымдарын алға тартқан. Мәселен ол ежелгі мысырлықтардың суретті, бейнелі жазуларының құпиясын ежелгі қазақ тілі арқылы шешкен. Яғни бұл б.э.б. 3-4 ғасырында ежелгі қазақ тілі әлемдік мәдениеттердің тоғысуында үлкен рөл атқарғандығын дәлелдейді. Оған «Мен білем» атты жаңа кітабында жазылған жаңалықтары арқылы жауап береді. Сондықтан да конференция “Осирис заңы: ежелгі қазақ тілі және адамзаттың мәдени мұрасы” деп аталса керек.

Ендеше «Осирис» дегеніміз кім? Біз мынаны білеміз: Гелиополис аңызы бойынша Осирис жер құдайы Геб пен аспан құдайы Нуттың ұлы. Мысырда өркениеттің негізін салып, адамдарды дін мен егіншілікке, әсіресе жүзім өсіруге үйретіп, жабайылыққа нүкте қойған адам. Бір сөзбен айтқанда егіншілік өнерінің құдайы.

Ғалым Олжас Омарұлы 65 жылдық ізденісінің нәтижесінде бүгінгі күнге дейін беймәлім болып келген осы атаудың қайдан шыққанын, қандай мағына беретінін, түптұқияны кімге тәуелді екенін тапқан. Жаңалық. Ол біздің эрамызға дейінгі 3-мыңжылдықтарда егін шаруашылығымен ерекше айналысқан ежелгі Египет – Мысырлықтардың бейнелі тілін (суретті жазуды десек те болады) зерттеп, зерделеу арқылы сол суреттегі жеткізген сөздің мағынасын ашқан.

Мысалы, көп құдайлы фараондар өсімдік пен егіншілік құдайын жерде шалқасынан жатқызып, оның тұла бойы арқылы көктеп шыққан өсімдіктерді бейнелеген. Осы сурет «осирис заңы» деп атаған. Одан гректерге, гректерден латынға дыбыстық сәл-пәл өзгерістермен өткен. Алайда бұл заңның мәнін, мағынасын екі жүз жыл бойы египтологтер аша алмаған. Ал осы заңның жасырған жұмбағын және оның шығу тегін әлемнің бір ғана тілі арқылы анықтап, шешуге болатынына паш еткен адам – Олжас Сүлейменов. Ол қандай тіл? Ол тіл қазақ тілі болып шыққан. Тек қазақ тілі арқылы ғана «Осирис» атауының мәні анықталған. Әлемнің басқа бірде бір тілінде бұл сөздің мағынасы ашу мүмкін болмаған. Осы бір қарапайым дүниеге ешбір ғалымның миы жетпеген екен. Өсімдік құдайының аты «Осирис» қазақ тіліндегі кәдімгі «өсіріс» деген сөз деген тұжырымға келеді ғалым. Бұл белсенді егіншілік формуласының атауы. Осы формуланы О.Сүлейменов былайша таратып, талдаған:

Осирис – өсіріс – өс – өсір – өсіріс.

Ежелгі қазақ тіліндегі «өс» сөзі әлемдік аренада көптеген ғасырларды алға салып славян тіліндегі «ось» (жердің өсі), «ясень», «осень» (өсімдіктердің өсіп жетілген кезі) қатарлы сөздерге негіз болған. Егер бүгінгі тілші ғалымдар түркі-оғыз тілдері мен қазақ тілін қатар зерттесе әлемдік көптеген құпия сөздердің жұмбағы шешілер еді дейді ақын-ғалым.

 Осылай ғалым О.Сүлейменов б.э.д. III мыңжылдықтарында көне Мысырға ежелгі қазақ тілі кездейсоқ қонақ ретінде бармаған, ол егіншілік өнерін жасаушы ретінде жеткендігін ай-күні белгілі нақты құжатпен дәлелдеп берген. Тап сондай дәлелді шумер тіліндегі «TU» етістігі турасында да айтуға болады…

Б.Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Әміре Әрін
    Бәке, аса тағылымды жиынға қатысқаныңыз оңды болған екен! Ұлы Дала тарихын жаһанға паш еткен Олжас Сүлесйменов көне түркілердің тарихын эрамызға дейінгі он мың жылдықтар көгінен түзіп, шумерлер мен гректер, римдіктер өрекениетінің ақ бастауында билеушілер бейнесінде жүргендігін айтудан әлі күнге жалықпай келеді!
    Аляска беткейіне алғаш 30-40 мың жылдай бұрын өткен адамдардың тікелей ұрпақтары ретінде саналып, бүгіндері орталық және оңтүстік Американы жайлайтын майя, астек, кечуа халықтарының сөздік қорларында түрік тіліне жақын мысалдардың кездесуі олардың түп-тек төркінінің тарихы тым әріде, азиялық атамекендерінде жатқанын көрсетеді. Б.э.д. үшінші мыңжылдықта Қосөзенде әлем өркениетінің алтын бесігіне айналған шумерлер ғаламатын қолдан жасағандар – осы Ұлы Даладан ығысып барған біздің даңқты бабаларымыз! Демек, көне түрік тілі б.э.д. үшінші мыңжылдықта шумер тілімен қатар қолданылғандығын, тіпті шумер тілі деп жүргеніміздің өзі нағыз түрік тілі екендігі айғақталды дәл бүгін. Өркениет атаулы, міне, осы арадан Мысырға және Еуразия құрлығының өзге өңірлеріне жетті емес пе! Ал көршілес Қытайыңызда өркениет ошағы б.э.д. екінші мыңжылдықтың екінші жартысында ғана пайда болғандығын ескерсеңіз, еркіндікті еншілеген ерлер ісіне есіңіз кете таңданасыз да!
    Түркілік сына жазуы – көне өркениетіміздің бұлтартпас көрінісі. Осы арада мысалға, біздің эрамызға дейінгі 5-4 ғасырға тән Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы іргесіндегі обадан табылған Үйсін патшалығы ханзадасының алтын бейнесі және сондағы күміс зереннің сыртқы бетіне екі қатар етіп жазылған сына жазуының мән-мағынасы еркін елдігімізбен қатар келер ұрпақ қамын терең толғана білер ертеден келе жатқан ұлтжандылығымызды білдіреді. Демек, мынау Ұлы Даланың иелері бұдан 2500 жылдан астам мезгілден бері әліпбиі бар өркениет өрісінде ғұмыр кешкен. Үйсін ханзадасының Есік қорғанынан табылған түркілік алтын киімін алайықшы. Ал енді оны төрт мыңға тарта алтын әшекейлермен өрнектеу үшін сол заманның деңгейімен қарағанда, қандай технология, қаншалықты өндіріс пен қолынан өнер тамған нендей шеберлер қажет еді деген ойға берілгенде кеудеңізді қуаныш оты лаулатып жіберері бар! Айшықты бейнеленген сол «аң-құстарыңыздың» Ұлы Даланың ұзына бойында самсап жатқандығын қосыңыз бұған енді. Енді қозғап отырған тақырыбымызға тән сол алтын адамның қасынан табылған күміс тостағаншаның сыртқы жағына 26 таңбамен ойылып, төл қарпіміз – сына жазуымен түсірілген жазуға ден қоялық. «Аға саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай!)» деген бүгінгі елдік ұстанымызбен үндескен аңсарлы асыл мұратты санаға сіңірген сәтте бабалар ұлылығының алдында мың қайтара басыңызды иесіз! Әрі икемді, әрі қуатты тіл. Керек десеңіз, сол дәуірде мұндай рухани байлық Еуропа мен Азиядағы небір отырықшы халықтардың үш ұйықтаса түсіне де кірмеген.
    Жарты әлемге жарлығы жүрген көк түріктер тілі мен ділін сақтап қана қоймады, жаулаған жерлеріне апарып, билік күшімен жаппай сіңірді. Евразия елдерінің бәрінде дерлік тюркизмнің басым түсу себебі де осында. Мұны өздері де мойындап жатыр. Мәселен, ғалым Юрий Дроздов «Көне Еуропа халықтарының түріктік атауы» атты кітабында «Бүкіл Еуропа халқы түріктен жаратылған» деген пайымын ашық білдіреді. Сондай-ақ, латыш ғалымы Галина Шукенің «Латыштар түріктерден тараған ба?» деген кітабы шықты. Ол да қорытындысында «Бүкіл адамзат баласы түріктен тараған. Латыш халқының да арғы тегі түрік. Латыш тілі де түркі тілінен тамыр алған тіл. Орыстың тілі латыштың тілінен шыққан» деп тұжырымдайды. Осының бәрі, айналып келгенде, бүкіл адамзат түріктерден өніп шыққан, ақ әлемнің алғашқы тілі түрік тілі болған деген қағидаттың ақиқатқа ұласып келе жатқандығын айғақтайды. Осы ұстанымның ортамыздағы белсенді қорғаушысы, әрі зерттеушісі Қойшығара Салғарин ағамыз: «Бізді «қазақта жазу, өркениет болмады, мал соңында жүрді» дейтін теріс түсінік құртты. Сондықтан біз жазу-сызуы бар халықтардың деректеріне жадыланып, өз тарихымызды ұмытып, өз сөзімізді өзіміз тани алмай қалдық» – дейді!

  2. Жади Шакенулы
    Бақытбек мырзаның поэзия, проза, журналистикадағы еңбектерінен қалса, сараптамалық ой-пікірлеріне де тәнтімін!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Хоккейші қыздар ерлігі

Ыстамбұл қаласында хоккейден 18 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионатының IIA дивизионы аяқталды. Аталмыш сайыста Қазақстан