//

Экономикадағы “Қаңтар”: ҚҚС өсуі шағын кәсіп иелеріне қалай әсер етпек?

86 рет қаралды
фото: Freepik

«Бағаны айтуға ұяламыз»: кәсіпкерлердің қазіргі жағдайы 

Алматыдағы шағын дүкенінің есігін ашқан әр таң Айгүл ханым үшін белгісіздікпен басталады. Соңғы жылдары бағаның тұрақсыздығы мен салық жүктемесінің артуы кәсіпкерлерге бұрынғыдан да ауыр тиіп отыр. Ол тауарды реттеп жүріп-ақ, бүгін тағы не қымбаттағанын ойлайды.

— Соңғы уақытта баға ай сайын емес, апта сайын өсіп жатыр. Біз де тауарды қымбатқа аламыз, соған сәйкес үстеме қосамыз, бағалар шарықтап жатыр, ал жұрттың табысы өзгермейді. Каспи арқылы төлем жасаймыз, оның пайызын төлейміз, ғимаратты жалға аламыз, жыл сайын салық төлейміз – осылардың бәрін қосқанда, табысымыз азайып барады. Халыққа бағаның неге өскенін түсіндіру де қиын, – дейді ол.

Айгүл ханымның айтуынша, дүкендегі әр тауардың бағасы бекітілген, үстіне ең көбі 20 пайыз ғана қосылады. Бірақ қазір тіпті сол маржа да кәсіпкер үшін табыс емес, шығынды жабудың амалына айналған.

— ҚҚС әлі өскен жоқ, бірақ бізге тауар жеткізушілер бағаны алдын ала көтеріп жатыр. Енді біз не істейміз? Бағаны көтерсек, cатып алушылар азаяды, көтермесек, шығынға батамыз, – дейді кәсіпкер. 

Бұл жағдайды үкімет те мойындаған болатын. Шілде айында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Cенат отырысында кейбір кәсіпкерлердің ҚҚС өсімін күтпестен бағаны 20 пайызға дейін көтеріп жібергенін айтқан еді: 

— Қазірдің өзінде азық-түлік 9,6 пайызға, қызметтер 15–16 пайызға қымбаттады. Біз бұл үдерісті тежеуге тырысамыз. Макроэкономикалық саясат үйлесімді болса, инфляцияның қатты өсуіне жол бермейміз, – деген еді Жұманғарин. 

Алайда сол мәлімдемеден кейін үш ай өтсе де, баға өсімі бәсеңдеген жоқ. Кәсіпкерлердің айтуынша, нарықтағы ахуал керісінше күрделене түскен. 

— Біз күн сайын жаңа баға тізімін алып отырамыз. Әр апта сайын жеткізушілер бағаны тағы көтереді. Тіпті тауарлардың бағасын айтуға ұяламын. Үкіметке бұл өзгеріс тиімді шығар, бірақ бізге оңай емес», – дейді Айгүл ханым.

Алайда мемлекет өкілдері бұл өзгерісті басқа қырынан түсіндіреді. Олардың айтуынша, салық мөлшерлемесін арттыру — бизнесті қыспаққа алу емес, ел экономикасын ұзақ мерзімді тұрақтылыққа жеткізу үшін қажет шара.

«Біз күнкөрісті ойлап, отбасымыздан алшақтап барамыз» 

Салық өсімінің әсерін тек азық-түлік дүкендері емес, басқа саладағы шағын кәсіп иелері де сезініп отыр. Мәселен, гүл сатумен айналысатын Сағадат мырза салықтың көтерілуі өз кәсібіне тікелей әсер ететінін айтады. 

— Қазір 15 мың теңге тұратын гүл ҚҚС қосылғаннан кейін кем дегенде 2 мың, көп болса 5 мың теңгеге қымбаттауы мүмкін. Оның үстіне Каспи арқылы төлем жасаған сайын қосымша пайыз ұсталады, оған қоса дүкеннің жалдау ақысын да әр айда төлейміз. Айналып келгенде, осының бәрі сатып алушының қалтасынан шығады. Гүл – ең алдымен көңіл сыйлайтын тауар, бірақ жұрт қазір бірінші кезекте азық-түлік пен коммуналдық төлемдерді ойлайды. Әрине баға көтерілсе, клиент азаяды, – дейді ол. 

Кәсіпкер табыс көлемі төмендеп кетпеу үшін көбірек жұмыс істеу қажеттілігі туатынына алаңдаулы. 

— Біз көп уақытымызды жұмыста өткіземіз, өйткені барлық шығынды жауып, аз да болса табыс табуымыз керек. Бірақ күнкөрісті ойлап жүріп, отбасымызға аз көңіл бөліп қаламыз ба деп қорқамын. Жағдайдың қалай боларын алдын ала болжап көрудің өзі қиын, бір білерім, біз сияқты шағын кәсіп иелеріне бұл – ауыр соққы болмақ, – дейді Сағадат мырза.

Импортқа тәуелді бизнес те қысымда 

ҚҚС өсімін импортқа тәуелді кәсіп иелері де сезініп отыр. Freshline Kazakhstan компаниясының иесі – шетелден азық-түлік тауарларын жеткізумен айналысатын дистрибьютор – жаңа салық мөлшерлемесі нарықтағы баға мен серіктестік жүйесіне елеулі әсер ететінін айтады. 

— Бағаға әсер етеді, себебі біздің өнімдер шетелден әкелінетін болғандықтан, кедендік алымдар мен қосылған құн салығы төленеді. Ондай жағдайда біз бағаны көтеруге мәжбүрміз. Бұрын 12 пайызбен әкеліп жүрген тауарларымыз енді 16 пайызға өседі. Бұл түптеп келгенде тұтынушының қалтасына әсер етеді, – дейді кәсіпкер. 

Оның айтуынша, соңғы уақытта ірі заңды компаниялар шағын бизнес өкілдерімен жұмыс істеуді азайта бастаған. 

— Қазір көптеген ірі жеткізушілер жеке кәсіпкерлермен (жеке тұлға ретінде тіркелген кәсіп иелерімен) жұмыс істеуді тоқтатты. Мысалы, «Компас», «Royal Petrol» секілді жанармай бекеттері тек қосылған құн салығын төлейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен ғана келісімшарт сақтап отыр. Бұл – шағын кәсіп иелеріне жасалып жатқан қысымның бір түрі, – дейді ол. 

Қандай өзгерістер орын алады? 

2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін көтеріледі. Үкімет бұл өзгерісті бюджет кірісін ұлғайту және салық жүйесін жаңғырту мақсатында енгізіп отыр. Қазір ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу үшін кәсіпкердің жылдық айналымы 20 000 АЕК(АЕК – айлық есептік көрсеткіш), яғни шамамен 78,6 миллион теңгеден асуы қажет. Алайда 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексі бойынша бұл шек екі есеге төмендеп, 10 000 АЕК немесе 39,3 миллион теңге болады. Мұндай өзгерістер салық жүйесін оңтайландыруды көздегенімен, оның нақты әсері туралы экономистер мен кәсіпкерлер арасында түрлі пікірлер бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қаржы және есеп» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Аппақова:

Салықтың артуы бағаға тікелей әсер етеді

Экономистердің пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі мемлекет бюджетінің кірісін арттырғанымен, тұтыну нарығына қысым түсіруі мүмкін. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қаржы және есеп» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Аппақова бұл шешімді фискалдық саясат тұрғысынан түсіндіреді: 

Гүлмира Аппақова, сурет әлеуметтік желіден

— Менің ойымша, Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін көтеру арқылы мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуды және фискалдық тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздеп отыр. Бұл – әлеуметтік бағдарламаларды, инфрақұрылымдық жобаларды және мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын қаржыландыру үшін қосымша қаражат тартудың тиімді жолы, – дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, салықтың артуы бағаға тікелей әсер етеді: 

— ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі тауарлар мен қызметтердің түпкілікті бағасының өсуіне әкеледі, себебі кәсіпорындар салықтың артуын өз өнімдерінің бағасына қосады. Соның салдарынан тұтыну бағалары өсіп, инфляциялық қысым күшеюі мүмкін. Әсіресе, азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар бағасы сезімтал болады», – деп түсіндірді Аппақова. Сарапшының пікірінше, бұл шешім қысқа мерзімде бюджетті толықтыру мен экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған, бірақ ұзақ мерзімде халықтың нақты табысына және тұтынушылық белсенділікке кері әсер етуі ықтимал. 

«Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының басшысы Шолпан Айтенова: Әлеуметтік жағынан осал топтардың шығынын арттырады

Алайда бұл көзқараспен келіспейтін экономистер де бар. «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының басшысы Шолпан Айтенова ҚҚС өсімін «қажетті, бірақ ұзақмерзімді жағымсыз салдары бар шара» деп бағалайды. Оның айтуынша:

Шолпан Айтенова, сурет “Мінбердің” мұрағатынан

«ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға көтеру – көптеген елдер әлеуметтік шығындардың артуы мен инфрақұрылымды жаңартуға қажетті қаржыны қамтамасыз ету үшін қолданатын мәжбүрлі қадам. Қазақстанда да бұл шешім бюджет кірістерін, әсіресе мұнайға тәуелді емес түсімдерді арттыруға бағытталған», – дейді ол.

Сонымен бірге Айтенова ҚҚС өсімінің бизнеске және халыққа қысым түсіретінін жасырмайды:
«Мөлшерлеменің жоғарылауы тауар мен қызмет бағасының бір реттік өсуіне әкеледі. Бұл әсіресе табысы төмен отбасыларға ауыр тиеді, себебі жанама салықтар регрессивті сипатқа ие», – деп атап өтті сарапшы.

Оның пікірінше, ҚҚС-ты көтеру бюджетке қосымша табыс берсе де, сонымен қатар шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені күшейтіп, әлеуметтік жағынан осал топтардың шығынын арттыруы мүмкін.

“Салықтың артуы – Ұлттық қорға түсетін салмақты азайта” ма? 

ҚҚС өсімін қолдайтын сарапшылар мен мемлекеттік органдар өкілдері бұл шешімді елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі деп санайды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Астанада өткен брифингте ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайызға дейін көтеру — үкімет үшін «қажетті және теңгерімді шешім» екенін айтты. 

— Бұл салық арқылы мемлекет өз базалық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады. 16 пайыздық мөлшерлеме – есептелген, теңгерілген сан. Ең бастысы, біз Ұлттық қордан трансферт алуды азайтып, бюджетті өз табысымыз арқылы толықтырамыз. Бұл экономистер мен қаржыгерлер үшін де, жалпы ел үшін де дұрыс шешім, – деді Сүлейменов. 

Алайда сарапшылар айтқан бұл «қаржылық тұрақтылық» қарапайым кәсіпкерлер үшін басқаша сезіледі. ҚҚС өсімінің макроэкономикалық пайдасы түсінікті болғанымен, шағын бизнесте оның салмағы нақты табыс пен тұрмыс деңгейіне әсер етпей қоймайды. 

Қорытынды 

ҚҚС өсімі — ел бюджеті үшін фискалдық тұрақтылыққа апарар жол болса, шағын және орта бизнес үшін жаңа сынақтың басталуы. Мемлекет өкілдері бұл шешімнің ұзақ мерзімді пайдасын айтып, бюджетті өз кірістерімен толықтырудың маңыздылығын алға тартады. Алайда кәсіпкерлер бүгінгі салмақтың ауырлығын сезінеді: бағаның өсуі, қосымша төлемдер мен салық жүктемесі күнделікті жұмысты күрделендіріп, табыстың төмендеуіне әкелуі мүмкін. ҚҚС өсімі макроэкономикалық тұрғыдан қажетті шешім болып көрінсе де, шағын және орта бизнестің нақты жағдайына ауыр сынақ әкеледі. 

Экономикадағы “Қаңтар” әлі басталған жоқ. Бірақ кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда, салық өзгерісінің салқыны базар мен дүкен сөрелерінде қазірдің өзінде сезіліп жатыр. 

Амина Мелдебек,

SDU Журналистика мектебінің 4 курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар