3 желтоқсан күні Лондонда өткен, халықаралық беделді The Banker басылымы ұйымдастырған Bank of the Year Awards 2025 салтанатында Halyk Best Bank in Kazakhstan атағын иеленді.
Bank of the Year Awards — жыл сайын жетекші қаржы институттарына берілетін халықаралық сыйлық. Іріктеу жергілікті нарықтарда жұмыс істейтін банктер арасында әлемнің барлық өңірлерінде жүргізіледі. Бағалау барысында қаржылық көрсеткіштер, стратегиялық даму, технологиялық шешімдер, сондай-ақ клиенттік сервистер мен қызметтердің тұрақтылығы мен сапасы ескеріледі.
Беделді сарапшылардың жоғары бағалауы Halyk-тың тұрақты өсіп келе жатқан нәтижелерін ғана емес, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азиядағы банк қызметтері мен қаржы экожүйесін дамытудағы көшбасшылық рөлін де айқын көрсетеді.
«The Banker іскерлік басылымынан осындай беделді марапатты алу – біз үшін үлкен мәртебе. Halyk елдегі ең тұрақты және сенімді қаржы институттарының бірі болып саналады. Біздің банк экономиканы қаржыландыруда, клиенттік сервистерді дамытуда, озық технологияларды енгізуде, цифрландыруда және жасанды интеллект негізіндегі оңтайлы шешімдерді іздеуде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі марапат біздің жұмысымыздың маңыздылығын және Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына қосқан үлесімізді тағы да айқындайды. Бұл тану Банктің сенімділікке, технологиялық көшбасшылыққа және клиенттер мен қоғам алдындағы жауапкершілікке негізделген ұзақ мерзімді стратегиясының нәтижесі. The Banker редакциясына бүкіл Halyk командасының еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтамыз. Біз үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді, сервистерімізді жетілдіруді және заманауи, бәсекеге қабілетті қаржы жүйесін дамытуға инвестиция салуды жалғастырамыз», – деді Halyk басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.
The Banker — банк ісі мен жаһандық қаржы тақырыптарын қамтитын халықаралық журнал. Ол британдық Financial Times Group медиа тобына тиесілі. Басылым банк секторын дамыту, активтерді басқару, корпоративтік қаржы, реттеу, тәуекелдер, технологиялық инновациялар және тұрақты даму секілді әлемдік қаржы жүйесінің негізгі аспектілері бойынша талдамалық материалдар, зерттеулер, салалық рейтингтер мен сараптамалық пікірлер жариялайды. Журнал жыл сайынғы жаһандық және өңірлік рейтингтерімен танымал, олардың қатарында Bank of the Year Awards және Top 1000 World Banks бар.
Halyk – жиынтық активтері шамамен 19 трлн теңгені құрайтын Қазақстанның ең ірі банкі. Банк Қазақстан экономикасының нақты секторын кредиттеудің 50%-дан астамын қамтамасыз етеді. Halyk Bank ел бойынша 560-тан астам бөлімшеден тұратын филиалдық желі мен цифрлық арналар арқылы қызмет көрсететін ең ірі клиенттік базалардың бірін иеленеді. Сонымен қатар, Halyk өз қызметін Грузияда және Өзбекстанда жүзеге асырады.
Парақшамызға жазылыңыз
