Фото: Мирболат Мырзатайұлының Facebook парақшасынан
Медеу аудандық №2 сотында «Журналистік зерттеу орталығының» жетекшісі әрі қоғам белсендісі Мирболат Мырзатайұлына қатысты үкім шықты. Журналист 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім жарияланған күні оның қорғаушылары мен жақтастары жедел баспасөз мәслихатын өткізіп, істің саяси сипатта екенін ашық айтты.
Айыптау актісінде көрсетілгендей, биыл сәуірде Мирболат Мырзатайұлы Алматыдағы бір мекемеге барып, басшысымен жанжалдасқанда қазақ тілінде жауап беруді талап еткен. Сол сәттегі диалогтан үзінді Instagram желісінде жарияланып, кейін полицейлер оны «ұлтаралық араздықты қоздыру» деп бағалаған.
«174-бап әрдайым сынға ұшырап келеді, себебі оның түсінігі тым жалпылама. Кімге болсын қолдануға мүмкіндік береді. 2020 жылы өзгерістер енгізілгенімен, құқық қорғау органдары «қоздыру» мен «өршіту» ұғымдарының айырмашылығын әлі түсінбейді», – деді ол.
Сондай-ақ Балғабаева сараптама нәтижесінің қисынсыздығын бірнеше рет атап өтті.
«Cараптама «араздық қоздыру белгілерін» таптық дейді. Бірақ бейнежазбада бірде-бір ұлтты кемсітетін сөз жоқ. Радикалдық әрекетке шақыру да жоқ. Заңгерлердің кез келгені мұнда қылмыс жоқ екенін бірден айтар еді. Бұл – ойдан шығарылған айып. Сөз бостандығы мен мемлекеттік тілдің мәртебесін талап еткені үшін азаматты қудалау – саяси қадам. Айыптауды толық жоққа шығардық, сараптама мен куәгерлер біздің пайдамызға сөйледі. Дегенмен сот басқа шешім шығарды», – деп түсіндірді қорғаушы.
Айыптау актісіндегі басты дәлел – Мирболаттың мекеме басшысынан қазақша жауап талап етуі.
«Мемлекеттік тілде жауап талап ету қылмыс емес. Тіл туралы заңның 11-бабы мемлекеттік органдар сұраныс қай тілде келсе, сол тілде жауап беруге міндетті екенін нақты көрсетеді. Бұл – әділетсіздік, тек Мирболатқа ғана емес, қазақ тілді азаматтарға жасалған әділетсіздік», – деді ол.
Мырзатайұлының жиі көтеретін тақырыптарының бірі қытай азаматтарына жер берілуі мәселесі еді. Жоғалған күні белсенді Худайшүкір Абдуллаев пен Асылбек Қараевпен бірге Талғар аудандық әкімдігіне барған, алайда Бишуинов сол күні үйіне жете алмай кетті.
Блогердің туыстары мен жақтастары оның ұсталуын саяси қудалау деп санайды. Бишуинов әлеуметтік желіде шетелдіктерге жер беру мәселесін жиі көтеріп, өткір пікірлер білдіріп жүрген. Әсіресе, Қытай азаматтарына жер сатуға қарсы жазбалары қоғамда кең талқыланған еді.
«2 қыркүйек күні 4 гектар жер Қытай азаматтарына сатылды. Біз әкімдікке шағым айтып бардық. Әкімдіктен шыққан соң әрқайсымыз өз көлігімізге мініп кеткенде, Мирболатты шұғыл түрде қамауға алып кетті», – деді Худайшүкір Абдуллаев.
Айта кетейік, қоғам белсендісі сот үдерісі кезінде залға келе алмаған, барлық үдеріске тек онлайн форматта қатысқан. Мырзатайұлы бұл жағдайға наразылық білдіргенімен, сот оны назарға алған жоқ.
Қорғаушылар оның Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Мирболат Мырзатайұлының сотталуына қоғамда түрлі реакция болды. Әлеуметтік желілерде бұл істі сөз еркіндігі, мемлекеттік тілдің мәртебесі және саяси контекст аясында талдаған пікірлер жарияланды.
Журналист Дәурен Қуат бұл оқиғаға қатысты Facebook парақшасында жазба жариялап, мәселені аймақтық саясат пен тіл төңірегіндегі сезімталдықпен байланыстырды. Ол Ресей президенті Владимир Путиннің орыстілділердің құқығын қорғау жөніндегі бұрынғы мәлімдемелерін еске алып, мұндай риториканың посткеңестік елдерге ықпалын атап өтеді.
«Путиннің әлгі сөзі «байқаңдар, мен соғыс ашамын» деген сөз еді», – деп жазады журналист. Автордың пікірінше, осыдан кейін Қазақстанда тіл мәселесіне қатысты талаптарға көзқарас өзгеріп, мемлекеттік тілді талап еткен азаматтар қудалауға жиі ұшырай бастаған.
«Қазақтың отаншыл бір азаматы «қазақша неге сөйлемейсің?» деп қаттырақ айтып қалса, сотталады», – дейді ол.
Дәурен Қуат Мирболат Мырзатайұлының әрекетін Конституциямен бекітілген норма деп бағалайды.
«Мирболаттың талабы – Конституциялық талап. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді осы елде тұратын әрбір азамат білуге міндетті», – деп жазады журналист.
Ол сондай-ақ Мирболат Мырзатайұлының 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқанын атап өтіп, бұл дерекке тергеу мен сот жеткілікті мән бермегенін алға тартады.
«16 жасында Брежнев атындағы алаңға шыққан Мирболаттың өзі де желтоқсаншы. Бұл – прокуратура берген ресми құжатпен расталған», – дейді ол.
Депутат Ермұрат Бапи: «Қынжыламын, бірақ үміт бар»
Бұл іске қатысты Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи де пікір білдірді. Ол Мирболат Мырзатайұлына араша сұрап келген бір топ алматылықпен кездескенін хабарлады.
«Ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен 4 жылға сотталған журналист Мирболат Мырзатайұлына араша сұрап келген азаматтармен кездестім», – деп жазды депутат.
Ермұрат Бапи депутат ретінде сот шешіміне баға беруге құзыреті шектеулі екенін айта отырып, үкімге қатысты азаматтық ұстанымын білдірді.
«Қазақ тілінің намысын қорғап, қылмыстық жауапкершілікке тартылған ұлтжанды жігіттің жазықсыз сотты болуына қатты қынжыламын», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, апелляциялық сатыда қосымша сараптамалар ескерілсе, істі қайта қарауға мүмкіндік бар.
«Мирболат «қазақ тілінде сөйле» деген азаматтық талабы үшін түрмеге қамалса, бұл өрескел қиянат болар еді», – деп түйіндеді Ермұрат Бапи.
54 жастағы Мирболат Мырзатайұлы кейінгі он жылдан бері медиа саласында жұмыс істеп келеді.
Бұған дейін ол мемлекеттік «Қазақстан» телеарнасында және КТК арнасында журналист болып қызмет атқарған. Соңғы жылдары азаматтық белсенділер ортасында жиі көрінеді. Қоғамдағы әлеуметтік және саяси тақырыптарға қатысты сыни жазбалар жариялап, саяси астары бар деп бағаланатын сот істері туралы ақпарат таратады. Наразылық акцияларынан тікелей эфирге шығып жүрген. YouTube платформасында «Журналистік зерттеулер агенттігі» атты арнаны жүргізген.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз
