//

Талғат Айтбайұлы: Желтоқсанға әділ баға әлі берілмеді

129 рет қаралды
фото: Азаттық радиосы

1986 жылы 17 желтоқсан күні Алматыдағы Республика алаңына шыққан жастар Мәскеудің шешімімен Геннадий Колбиннің Қазақстан басшылығына тағайындалуына қарсылық білдірді. Совет билігі жастар толқуын күшпен басып-жаныштады. Желтоқсан оқиғасының куәгері, «Алматы, 1986, Желтоқсан» атты көптомдық жинақтың авторы, публицист, зерттеуші Талғат Айтбаұлы бізге берген сұхбатында жастардың толқуы мен одан кейін оқиға қалай өрбігенін әңгімелеп берді.

1986 жылдың желтоқсан айында болған оқиғаны басынан бастап, кімнен, қалай естігеніңізді айтып берсеңіз.

– Мен сол күні туған жерім – Жамбыл облысында болдым. 17 желтоқсан таңертең Алматыға келгем пойыздан түсіп, такси ұстап, Әл-Фараби Фурманов көшелерінің маңында орналасқан үйге бет алдық. Біз мінген такси Фурманов көшесіне жеткенде бұрылмай, тіке тартты. «Неге бұрылмаймыз?» деген сұрағыма, жүргізуші: «Естімедіңіз бе? Кеше Қонаевты орнынан алып, соған наразы болған халық көтеріліп, жолды жауып тастады», – деп жауап берді.

Қонаевтың қызметінен алынып, орнына Колбиннің келгенін сол кезде ғана білдім.Үйге барып, жуынып-шайынып, сағат 11-де автобуспен жұмысқа бардым. Ол кезде «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жұмыс істеймін.  Көп ұзамай көшеде плакаттар ұстаған жастардың легі көрінді. Түстен кейін, сағат үштерде, шыдай алмай әріптестермен алаңға бардық.

Барсақ, алаңда халық лық толы –  ине шаншитын жер жоқ. Айналаның бәрін милиционерлер қоршап, кіргізбей тұрды. Олардың арасынан зорға өттік. Мінберге жақындаған кезде, Назарбаев пен Камалиденов шығып, «Қайтыңдар, тараңдар!» деді. Кейін оларды жастар қармен атқылады. Сол жерде араңдату басталды. Қыздарды ұстап, әкете бастағанда қалғандары араша түсіп, алып қалып жатты. Тарату әрекеті басталып, қақтығыс күшейген кезде «Қой, енді бірдеңеге ұрынып қаламын ғой» деп, ақырын жоғары көтеріліп, үйге кеттім.

Одан кейін түннің бір уағында, шамамен сағат 11-де, жаяулатып қайта алаңға келдім. Келсем, алаңда машиналар өртеніп, шабуыл басталып кеткен, айнала толған әскер екен. Оларға қазақ жастары қарсы тұрды.

Желтоқсан оқиғасынан кейін қудалауға ұшыраған немесе сотталған таныстарыңыз болды ма?

–18 желтоқсаннан бастап қудалау басталды. «Қазақстан пионері» газетінде жұмыс істесек те, бізде партия ұйымы комсомол болды. Сол бастауыш комсомол партия ұйымына 5-6 газеттің мүшелері қатысатын.

Сол ұйым ашық партия жиналысын өткізді. Сол кезде «Пионер» басылымының бөлім бастығында жұмыс істейтін ақын Мейірхан Ақдәулетұлын алып келді. Ол ашық жиналысқа партия мүшелері де, партияда жоқ қызметкерлер де – бәрі қатыстырылды. Орталық комсомол комитетінен және аудандық партия комитетінен өкілдер келді. Олар «Мынаны жазалаңдар! Мейірхан кеше алаңға шығып кетіпті. Бұл – қоғамға жат!» деді.

Бұл кезде орнынан тұрған Мейірханның бет-аузы ісіп, көзі көгерген еді. Қабырғасын қолымен ұстап, әрең тұрды. Ашық партия жиналысында партия мүшелері дауысқа салып, «жоқ, біз оның қылмыскер я қылмыскер еместігін білмейміз. Алдымен қылмыскер екені дәлелденсін. Біз не істегенін білмейміз ғой. Сондықтан да артын күтейік, жазалауға болмайды» деді. Сосын журналист, жазушы Уәлихан Қалижанов  «Оны өзіміз шешейік, жоғарының бұйрығын тыңдамаймыз» деп, жарғы ережесі бойынша дауысқа салып, Мейірханға қатаң сөгіс берді. Сөйтіп тарадық. Бірақ бәрібір арада біраз уақыт өткен соң, Мейірханды қызметтен де, партиядан да қуды. Оның төрт баласы бар еді. Солай 3-4 ай жұмыссыз жүрді. Ең соңында «Арай-Заря» деген журналда корректор болып істеді.

Желтоқсан оқиғасынан кейін «Жетісу» газетінің редакторы Мамадияр Жақыпты партиядан шығарып, қызметтен қуған соң, Күрті ауданының «Шұғыла» газетінде корректор болып жүрді.

Желтоқсан оқиғасына қатысу – үкімет пен партия саясатына қарсы қозғалыс ретінде бағаланды. Мейірхан мен Мамадияр сияқты азаматтардың тағдыры жергілікті деңгейде осылай шешіліп жатқанда, бұл оқиғаның артында тұрған негізгі себептер мен саяси ойындар жоғары билік дәліздерінде, Мәскеуде анықталып жатты. Ең басты сұрақ – ‘Кім кінәлі?’ дегенге келіп тірелді.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында белгілі саяси тұлға, Қазақ ССР Компартиясы басшысы Дінмұхамед Қонаевты сынға алады. Назарбаевтың жазуынша, Қонаев сол тұста оқиғаны ұйымдастырушы ретінде Камалиденов, Мұқашев пен Назарбаевты атаған. Бұл туралы не дейсіз?

– Камалиденов сол кезде Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болатын. Желтоқсан көтерілісіне байланысты ұйымдастырушы ретінде Закаш Камалиденовтардың аты қатты аталды. Ал Мұқашев жоғары кеңестің төрағасы болды. Бірақ ол дәл сол кезде тағайындалды. Ол желтоқсаншы жастарға қарсы биліктің саясатын жүргізгені рас. Желтоқсанды кім ұйымдастырды деген кезде, бірінші кінәлі ретінде Қонаевтың аты аталғаны нақты.

Өйткені күдік бірден соған ұялады. Мәскеудің пайымдауынша, Қонаевтан басқа күдікті жоқ еді. Олар «Қонаев қызметінен алынғанына наразы болып, халықты өз адамдары арқылы көтерді» деп санады. Сөйтіп сол кісілердің қатарына Асанбай Асқаровты және осы секілді жоғарғы билікте отырып, қызметінен босатылған кісілердің бәрін жазықты көрді. Олардың ойынша, халық көтерілсе, Қонаев бастаған топ пленумның шешімін жояды, Колбин қызметінен кетеді деген сияқты түсінік қалыптасқан.

Арада 6 ай өткен кезде, Қонаевтың қатысы жоқ екені нақтыланды. Көтерілісті негізі кім ұйымдастырды деген сұрақты әлі де нақтылау керек. Ол үшін тағы да комиссия құрылуы керек.

Желтоқсан оқиғасына байланысты «жылымық» кезеңі қалай басталды және бұл өзгеріске кімдер ықпал етті?

– Кейін арада алты ай өткеннен кейін жылымық орнады. Алаңға шыққан жастардың әрекеті мен талабы дұрыс екені айтылды. Сол кездегі партияның қару қолдануы, жазалауы, алаңда адам басына сыймайтын әрекеттерге баруы дұрыс емес деп саналып, дәлелдеп, ең соңында арада жыл өткеннен кейін КСРО Жоғарғы кеңесінде депутат Мұхтар Шаханов 3 минуттық хатын оқыды (1989 жылы маусымның бас кезінде ақын Мұхтар Шаханов СССР халық депутаттары съезінде “қазақ ұлтшылдығы” деген айыптауға қарсы сөз сөйледі). Одан кейін барып жылымық орнады.

Кейін «Желтоқсанды ақтау» комиссиясы құрылды. Сол комиссиядан кейін басқаша пікір қалыптаса бастады. Ақиқат толық ашылмаса да, Желтоқсанға баға берілді. Бірақ толыққанды баға емес. Саяси-құқықтық баға әлі де берілген жоқ.

Желтоқсанға қатысқандарды ақтау бір бөлек те, көтерілістің өзіне мемлекеттік деңгейде саяси-құқықтық баға беру – екінші мәселе. Тәуелсіз Қазақстан осы екінші міндетті толық орындай алды ма?

– Сол уақыттағы билікте отырған кісілер әлі де отыр ғой. Сол саясатты әлі де жалғастырып отыр. Назарбаевтың саясатын айтамын. Мысалы, Желтоқсан көтерілісін ұйымдастыруға қатысы бар билік басында болған адам – Назарбаев. Комиссия дәл осылай деп айтпағанмен, түбі соған келе жатырмыз. Бұл мәселе енді ашық айтыла бастайды, өйткені Желтоқсанға қатысты жинақталған материалдар осы шындыққа нұсқайды.

Келер жылы бұл оқиғаға 40 жыл толады. Әлі де Желтоқсанға дұрыс баға бере алмай отырмыз. Жылдар бойы оны оқиға дедік. 30 жылдығында үлкен жиын болған, оған 10-12 шақты елдің өкілі қатысты. Оның бәрі саясаткерлер, тарихшы, зерттеуші ғалымдар еді. Соңында Желтоқсан оқиға емес, сипаты жағынан көтеріліс болады деп шешім шығарды. Бірақ өкініштісі, біздің билік оны әлі мойындай қойған жоқ.

Желтоқсан аяқсыз қалмайды. Уақыты келеді. Әділ бағасы беріледі. Өліп қалғандарды тірілте алмаймыз. Тірі жүргендерін жазалау, олардың қылмыскер екендігін мойындату уақыт еншісінде.

Жұлдыз Бекмахан,

Жұлдыз Бакубай,

Дауылұлы Ералы,

Алихан Базарбаев.

SDU, Журналистика мектебінің ІІ курс студенттері

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар