///

Алма Сайлауқызы: Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдама жазбалары. II бөлім

62 рет қаралды

 Лидс қаласында ғылыми тағылымдамамызды өтіп жатқанымызға екі айдың жүзі болды. Жолсапар очеркіміздің бұған дейінгі жарияланған бөлімінде  алғашқы айдағы әсерлермен бөліскен едік, енді одан бері не көрдік, не түйдік, соны баяндайтын шақ туды деп ойлаймын. 

Еске сала кетер болсам, біз Ұлыбританияның “Рассел тобы”  деп аталатын қауымдастыққа кіретін ең беделді оқу ордасының бірі – Лидс университетіне “Болашақ” бағдарламасының “500 ғалым” ғылыми тағылымдамасымен келген оқытушылармыз. (Russell Group – бұл Ұлыбританиядағы ең ірі және ең беделді, ғылыми зерттеуге бағытталған 24 мемлекеттік университеттің қауымдастығы).

Бұл білім шаңырағының 120 жылдық тарихы бар, қазіргі таңда 40 000-ға жуық студент оқиды. Оқытушы-профессорлық құрам мен қызметкерлерінің өзі 8700 адам. Айтпақшыдай, бұлар түлектерінің де санағын жүргізеді екен. Олардың саны бүгінге дейін 350 000-нан асқан. Сондай үлкен университеттің де атқарар ісі, ұйымдастыру дәрежесі  жоғары деңгейде болатынын көріп жатырмыз. Жүйе сағат сияқты жүріп тұр: асығып-аптыққан, қыржиып-тыржиған, тырысып-бүріскен, томаға тұйық кейіптегі немесе «сен тимесең мен тиме», «шықпа жаным шықпа» деп жүрген бақытсыз, біліксіз немесе көлденең көк атты жоққа тән.

Жаңа жылды алғаш рет осы жақта қарсы алдық. Бірақ сол мерекенің төркінінің бірі болса да, асып-тасқан, шашып-төккен ұлы думанды көрмедік. Ондай жарқ-жұрқ жылтырақ әлем біз жаққа ғана тән бе деп қаласың, сондайда.

 Тағылымдама жазбасының бірінші бөлімінде осы жақта көрген, үлгі боларлық бес ерекшелікті тілге тиек еткен едім. Енді соны ары қарай жалғастырып, келесі өнеге аларлық тұстарына тоқталайын. (Бұған дейін cөз болған бес ерекшелікті 1-жазбадан оқуға болады).

Алтыншы ерекшелік, Ұлыбританиядағы мемлекеттік университет деген ұғым біздікіне қарағанда сәл басқаша екен. Жекеменшік сипатқа көбірек келеді, өйткені қомақты қаржыны әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, ақылы оқитын студенттер әкеледі. Осылайша нарықтық қатынастар заңдылығына бағынып, үнемі сұранысқа, жоғары талапқа сай болуға тырысады. Лидс университеті – мемлекет те қаржыландыратын, қоғамдық (public) зерттеу университеті. Алайда мұндағы қоғамдық деген сөз «мемлекетке тікелей тиесілі» дегенді білдірмейді: Ұлыбританиядағы барлық университет дербес, тәуелсіз корпорация болып саналады, бірақ олар соған қарамастан, зерттеу жетістіктеріне сай мемлекеттік гранттар мен қаржыландыру ала алады.

«Мемлекеттің пәленше гранты бар, сонымен күн көреміз, басқасына жетпейді…»деп отырған бұлар жоқ. Оқу студенттер үшін жалпы алғанда ақылы деуге болады, тек ішінара бір бөлікті төлейтін жекелеген ұйымдар мен халықаралық бағдарламалардың стипендиялары бар. Қаржылық жағынан “айлығы шайлығына жетпейтін” халде болмағандықтан, тапқан табысының қомақты бөлігін ғылыми бәскелестікке салып, сол арқылы рейтингтегі жоғары дәрежеге талпынса, әрі  өзекті ғылыми  шешімдер арқылы  қоғамға пайдасын тигізіп, өзіндік парызын орындайды. Яғни мемлекеттік университет болса да, әлемдік дәрежеде бәсекелестікке лайық болып, білім мен ғылым арқылы капитал тартып, табысы мен әлеуетін елін өркендетуге жұмсап жатқан білім мекемесінің жарқын үлгісін көрдім.

Жетінші ерекшелік, бұл жақтың аймақтық университетінің өзіне шет елдің студенттері өте көп келеді екен. Студенттері 170 елден екенін білдім. Түрлі мәдениет, түрлі ұлт, түрлі менталитет, бірақ барлығын ортақ идея, ортақ білім, ортақ уақыт, ортақ қызығушылық пен ортақ мақсат біріктіреді. Мен өзім осы екі айда Индонезиядан келген Нитамен, Жапониядан келген Манамен, Африкадан келген Угомен, Үндістаннан келген Лиямен, Австриядан келген Меримен, Перуден келген Кевинмен, Египеттен келген Кариммен және Мексикадан келген Хайдимен танысып, олардың басым бөлігін әңгімеге тартып, пікір алмасып үлгердім.

Әсіресе батыс студенттері арасында ортақ еуропалық рух сезіледі дер едім. Еуропалықтар біріксе, күшейе түсетінін жақсы түсінетін сияқты.  “Неге осы бізге де тілі ұқсас, түрі ұқсас көрші бауырлас елдерден көп  студент келмейді?” деп ойланып қалдым.  Неге неміс Мэри, француз Себастьян көрші елі Англияда жүргенде, өзіне жақын мәдениетте  өрісі одан сайын кеңейгені сияқты, Қазақстанға да қырғыз, өзбек, әзірбайжаннан көптеп студент келмейді?..

Бір қызығы сол, Ұлыбританияның азаматтарына оқу ақысы бір басқа да, шет елдіктерге мүлдем басқа сома. Жергілікті жастар жылына 9500 паунд, яғни бізге шаққанда 6 млн. теңгедей төлейді. Орташа айлық мөлшері әр адамға 3250 паундты (2 106 000 теңге) құрайтын ел үшін қымбат емес, келісесіз ғой? Ал өзге елдің жастары үшін жылдық оқу ақысы мамандығына қарай 30 000-40 000 паунд аралығын құрайды, бұл біздіңше 19-26 млн теңгенің аралығы. Бұл дегеніміз Ұлыбританияда оқу ақысы шет елдіктер үшін бірнеше есе қымбат болғанына қарамастан, сапалы және бәсекеге қабілетті білімі үшін, шынайы жасалатын ғылымы үшін, дипломы үшін, қауіпсіз  әрі жайлы жағдай, теңдессіз орта мен тәжірибе үшін ата-аналар оқуын төлеп, балаларын жібереді деген сөз.

 UCAS статистикасына сүйенсек, Лидс университетіндегі шет елдік студентттер саны жалпы контингенттің 31%-ын, яғни үштен бірін құрайды екен. Ал біздің ең беделді деген мемлекеттік университеттеріміздің өзінде шет елдік студенттер үлесі қаншалықты көп? Олар жергілікті студенттерге қарағанда төрт есе қымбат ақы төлеп, біздің елдің де білімі мен дипломын алуға құмар ма? Білім сапасын қағаз және есеп бойынша ғана емес, іс жүзінде озық стандартқа әкелер болсақ, бәрі мүмкін ғой? Неге әрі абырой, әрі пайда әкелетін, әрі рухани, әрі материалдық игілік ұсынатын осы бағытта дамып көрмеске? Осы  туралы бәрімізге біраз ойлану керек сияқты…

Сегізінші ерекшелік, ағылшын университеттері өз оқытушыларының дамуына зор көңіл бөледі екен. Мәселен, біздің Лидс университеті оқытушы-профессорлық құрамына арнап, өздерінен шеберлікті шыңдау инститиутын ашып қойған (LITE – Leeds Institute for Teaching Excellence). Ол жыл сайын қысқы сессия кезінде үздіксіз дамуға ықылас білдірген барлық әріптесті жинап, “Студенттерді оқыту конференциясын” жасап, үш күн бойы тың білім беріп, тиімді тәжірибе алмасуды ұйымдастырады. Қаңтардың 7-9 аралығында өткен биылғы конференцияға қатысуға ниет білдіргендердің ішінде біз де болдық. Үш жүз оқытушы офлайнда қауышып, тағы үш жүз оқытушы интернетпен қосылып, бір мезетте 600 ұстаздың зор ғылыми ынтасы мен энергиясын сезіндік.

Ол жерде жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа құзіреттерден бастап, инклюзия мүмкіндіктері, академиялық оқуды жұмыс орнымен байланыстыруға көмектесу жолдарынан бастап, білім алушылардағы мазасыздықты азайту идеялары, дәуірдің жаңа сын-қатерлерінен бастап, өмір бойы білім алу орталығының тың тәжірибелеріне  дейінгі тақырыптар кеңінен талқыланды. Ортақ панельдік басқосудан бөлек, уоркшоп, семинар форматтарында сегіз параллель сессияның өткенін көрдік. Өзімізге жақын, қызықты деген тақырыптарға таңдап, талғап жүріп қатыстық. Ең мықты оқытушылар керемет презентациясын және жоғары көңіл-күйін әкеліп, еркін ой алаңында додаға түсіп жатты.

Университеттің өз оқытушыларына деген осындай ерекше жанашырлығын бірінші рет көрдім: тегін қатысу, мінсіз ұйымдастыру, өзекті тақырыптар, сөзіне ісі сай үздік спикерлер, барлық залдан тікелей және субтитрлы трансляциялар, қалам-дәптер толған эко-шоперлер, өте жайлы және экран-микрофонмен толық қамтылған аудиториялар, минутына дейін жоспарланған іс-шаралар, дамылсыз кофе-брейктер, бес жұлдызды қонақ үйдікіндей түскі ыстық ас, үш күн бойы тоқтаусыз білім алған ғалым-оқытушылар және кері байланыс беруге шақырған кішіпейіл ұйымдастырушылар. Конференцияның түйінін де жақсылап жасады: «Мәселені студенттен емес, жүйеден іздейік», деді. Жылдам шешім жоқ, бірақ саналы саясат, оқытушы мәдениеті, алдын-ала ойластырылған нық қадамдар арқылы жоғары білім беруді баршаға әділетті және пайдалы етуге болатынын айтты.

Тоғызыншы ерекшелік, оқытушылар бірлескен презентация жасауға бейім екен. Оның екі түрін көрдім: 2 адамдық және 3 адамдық. Құрамында міндетті түрде бір ересектеу ғалым, сосын бір жастау ізденуші болады екен. Ерлер мен әйелдер араласып сөз ала береді. Жас ерекшеліктерін бұлай етудің түп төркіні сабақтастыққа ұмтылу деп түсіндім. Тәжірибелі оқытушы мен жас оқытушы, аға ғалым мен магистр ғалым. Сол арқылы бірін-бірі толықтырып, үлкенінен жасы тәжірибесін үйренеді, ал жастауынан үлкені заманауи дағдыларды сіңіреді. Әрі аудиторияны да жалықтырмайды. Үш-төрт минут сайын алмасып тұрып, бір презентациямен маңызды тақырыбын, шешу жолдарын,соған сай жүргізген ғылыми экспериментін 15-20 минутта жіліктеп  түсіндіріп тастайды екен. Әркім өзіне тиесілісін бөліп алған.

Есесіне, ауқымды бір тақырыпты бір ғалым ғана «сүйретіп», онысы шала болып қалмайды.  Сондай-ақ өзекті ғылыми тақырыпты тек өзіне ғана меншіктеп алмауына қарсы «жақсы екпе» дер едім. Жаңа замандағы тың технологиямен байланысты ерекше сын-қатерлер  олардың оқытушы құрамын ұйыстыра түскендей көрінді. Индивидуализмді мансұқтаған қоғам мүшелері енді коллективизмге ұмтылып, біріккенде ғана жеңіске жетеміз деп тактиканы енгізе бастағандай. Өйткені конференция барысында ой қосып, күш қосып қана бәсекеге қабілетті болып, жаңа қиындықтарға төтеп бере аламыз деген идея бірнеше рет айтылғанына куә болдым. Жалпы, біздің университеттерде де тақырыпқа орай, осындай бірлескен презентация деген практиканы енгізсе пайдалы болады екен деген ойға келдім.

Оныншы ерекшелік, көтеретін мәселелері мен тақырыптары жай ғана сипаттаумен шектелмейді. Міндетті түрде  мәселе шеше алатын (Problem solving), бірнеше шешім ұсына  білетін (Decision making), тәуекелге бара алатын (Risk taking) және тың, креативті шешім таба алатын (Design thinking) түйін болғанын күтеді, бәрі. Әйтпесе жай ғана бос сөз сөйлеп, уақыт алуға ешкімнің хақысы жоқ. Олардың ұғымында  проблеманы шешу дегеніміз – қиындықтарды талдау, себептерін анықтау және тиімді шешім табу процесі. Жеке адам болсын, тұтас бір команда  болсын, алдымен мәселені анықтап, кейін оны шешудің түрлі жолдарын қарастыруға құштар.

Шешім қабылдау – бірнеше нұсқа арасынан ең тиімдісін таңдау процесі. Тәуекелге бару –алдыңдағы белгісіздікке қарамастан әрекет ету, жаңа мүмкіндіктерге қадам жасау қабілеті. Ол инновация, кәсіпкерлік және даму үшін өте қажет қасиет деп түсінеді, бұлар.   Біз де қазір профессорымыз берген ғылыми жобамызда осы параметрлерді қамтуға тырысып жатырмыз. “Сонда ғана сіз зерттеп жатқан дүние, сіз жасап жатқан ғылым қоғамға пайдалы болады”, дейді олар.

Он бірінші ерекшелік, университетттік конференция өткізу  тәртібі өзгеше екен. Біздікіндей бір реттік конференциялар жоққа тән. Көбі тұрақты түрде, жыл сайын бір мезгілде, өзіндік сипатпен, қалыптасқан тәртіппен өтеді. Сондай-ақ мерейтойлық конференция  деген атымен жоқ. (Кейде маған конференцияның сол түрі Кеңес одағындағы жеке басқа табынудан қалған жаман әдет сияқты көрінеді). Cтуденттердің бәрі каникулда жүргенде өткен «Студенттерді оқыту конференциясы» әдейі екі семестр ортасында ұйымдастырылады: ешкімді оқу процесінен алаңдатпау үшін. Нақты мақсатты көздейді, олар – тәжірибе алмасу, озық үлгілерді насихаттау және мықты оқушыларды ынталандыру, қошеметтеу. Сосын әрине, ішкі нетуоркингті күшейту.

Осындай конференция арқылы барлық факультет  өкілдері бір-бірімен жақынырақ танысады. Мәселен, аталған конференциясының ұйымдастырушысының бірі Бен мырзадан қанша уақыт дайындалғанын сұрадым. «Маусымнан бері», деді. Жеті ай деген сөз. Алты жүз қатысушы тіркелгеніне қатты қуанып тұрғанын да айтты. Конференцияда қандай тақырыптар көтерілетіні бір апта бұрын барлық тезиспен бірге сайтқа ілінді, сілтемесі поштамызға келді. Екі күнді қамтитын тоғыз сессия спикерлерінің негізгі идеясы, өтетін аудиториялары мен уақыты алпыс беттен тұратын электронды құжат болып келді. Бұл жақта «преконференция» деген де бар екен, басты конференцияға дейінгі жиын. Негізгі тақырыпқа бірден сүңгіп кету үшін, кіріспе ақпаратпен танысу мақсатында тәжірибесі аз мамандар алдымен соған қатысып алады екен. Преконференциядан соң, негізгі жиынның салтанатты ашылу рәсімі кешке қарай өтті. Жиналған ғалымдар бейресми кездесуде қауышып, шәй ішіп, әңгіме-дүкен құрды, сосын бас ұйымдастырушы екі минут  құттықтау  сөзін айтты да, таңертең панелдік сессияға кірісіп кететінімізді жеткізді. Одан кейін студенттер акопелласының бес музыкалық нөмірін тамашалап, үйге қайттық.

Он екінші ерекшелік, ағылшындар кері байланысқа өте зор мән береді. Оған мен Ұлыбританияға келген алғашқы күннен куәмін. Жатақханама келіп орналаса салысымен, электронды поштама «Барлығы жақсы ма екен?.. Үстел, төсек, есік, терезе, шкаф, ас бөлмесі, тазалық деңгейі…  көңіліңізден шыға  ма?» деп, тәптіштеп сұрап хат жіберді. Университет студенттерінің концертіне барып келген күні: «Концерт ойыңыздан шықты ма, репертуар ұнады ма? Келесі жолы да осындай есеп концертін одан сайын жақсы өткізу үшін не ұсынасыз?» деген онлайн-сауалнамасы “күлімсіреп” тұрды.

Ал оқытушыларға арналған конференцияның үшінші күні, қорытынды жасалып, іс-шараның бітуіне бес минут қалғанда, залдан шықпай тұрып-ақ университеттік аккаунтыма “Конференциядан алған әсеріңіз туралы кері байланысыңызды беріп жіберсеңіз, өтініш…” деген хат келіп түсті. Бұның бәрі не үшін деп ойлайсыз? Өйткені олар үнемі дамуды таңдайды, бір дүниесінен келесі дүниесі жақсырақ өткенін қалайды. Өйткені әр қатысқан адамды сыйлайды, оның әр сөзі, пікірі, ұсынысы олар үшін құнды. Өйткені өмірдің өзін ғылыми модель етіп алған: деректеді жинап, содан бағыт-бағдарды анықтап, стратегия құрып отырады. Тағы бір себебі, өздерінің қызметіне сенімді, ары таза, еңбегі адал, ісі кәсіби, жүзі жарқын, сондықтан конструктивті сынға да әзір…

Енді үлгі болатын емес, маған аса жақпаған қырына да тоқтала кетсек.

  • Бұл жақтың азаматтары меніңше, тым жайбарақат. Сол себепті, бір нәрсені жоспарлап, жүзеге асырғыңыз келсе, екі аптадан бастап екі айға дейін шыдам танытып күтуге дағдылануыңыз  керек. Ешкім ешқайда асықпайды, тездетсе қайтер екен десеңіз, сізге біртүрлі адамдай қарайтынына күмәніңіз болмасын. Асықпай тексереді, ойланады. Университеттік аккаунтымды бір айда, ал куәлік картамды екі айда алғаным – соның дәлелі. Қызмет көрсету орындары кеш ашылып, ерте жабылып қалып жатады. Ал сенбі-жексенбіде басым бөлігі мүлдем жұмыс істемейді. Өйткені демалады. Христмас мерекесіне дейін, одан кейін, ұзын ырғасы бір айдай демалды, көп жер.
  • Маған аса ұнамаған тағы бір сипаты – сырт киім мәселесі. Бұл жақта қатты қыс болмаған соң ба, гардероб деген жоққа тән, сондықтан сырт киімді шешіп отыру мәдениеті онша дамымаған деуге болатын шығар. Бір жағынан жылуды үнемдейтін болған соң, көп ғимараты аса жылы емес, ол рас. Түрлі лекцияларда тыңдаушылардың біразы бастан аяқ күртесімен қомпиып отыруы мүмкін немесе қасына үйіп қоя салады. Олар үшін көз үйренген, қалыпты жағдай. Оған ғасырлар бойы пана еткен салқын тас үйлері де әсер етті ме, кім білсін?.. Бірақ олай дейін десең, көшеде мүлдем  күртесіз және шортикпен жүрген адамды өте жиі кездестіресіз.
  • Тағы бір жағымсыздау тенденция, бұларда да қымбатшылық басталып келе жатқан секілді. Біздің жатақхана жақтағы Sainsbury’s супермаркетінде бағалар 2 апта сайын тиындап көтеріліп келе жатыр. Иә тиын деп жалпылама айтып тұрғаным жоқ, тікелей мағынасында солай. Оларда паунд бар, ол біздің кәдімгі теңге десек болатын шығар. Сосын пенс бар, ол – тиын. Мәселен, мен қарашада келгенде 70 пенс болған гриссини (қытырлақ нан) екі аптадан соң 90 пенс, тағы екі аптадан кейін 1 паунд болды! (Тиын тұратын заттарды көру сондай қызық, негізі). Міне, солайша су, сүт, жеміс, көкөніс, шырын, нан, мен печеньенің кейбіріне (бәріне емес) баға 10-20 пенске артып келеді. Бірақ бәрібір біздің қымбатшылыққа жетпейді ғой, шіркін! Есептеп қарар болсақ, орташа ағылшындық айына 3000 паунд табады десек, бұларда 10 дана жұмыртқа 1.90 паунд тұрады. Бұл – табысының 06%-ы. Ал біздің статистикалық агенттіктің мәліметінше, азаматтарымыздың медианалық(орташа) жалақысы 316 152 теңге, яғни Астанадағы 1560 теңгелік жұмыртқа бағасы оның 0,5%-ын құрайды деген сөз. Екеуін қарапайым түрде салыстырар болсақ, жергілікті сипаттағы өнім – жұмыртқаның өзі айлыққа шаққанда бізден 8 есе арзан… Сондықтан бұлардың тиындап қымбаттауына қатты ренжімесек те болатын сияқты, өйткені экономикасы қуатты болған соң, төлем қабілеті де сегіз есе мықты болып тұр.

Әзірге осы. Келесі айда, ғылыми тағылымдама жазбасының келесі бөлімінде жүздескенше, құрметті патша көңілді оқырман!

Алма Сайлауқызы

PhD ғылым докторы, “Болашақ” бағдарламасының

 «500 ғалым» ғылыми тағылымдама стипендиаты

Лидс университеті, Ұлыбритания

фото: жеке мұрағаттан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

36 спортшы бар, нешеуі ойда?

Италияда өтетін 2026 қысқы Олимпиадаға баратын Қазақстан командасының толық құрамы белгілі болды. Ол ақпарат ҚР туризм

Ту — тек мата емес, тағдыр

Фото: sports24.kz Өткен аптада ел журналистері мен әлеуметтік желідегі белсенділер Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның