/

Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді: нені білу керек?

57 рет қаралды
1

Фото: istockphoto.com

Заңға қол қойылған сәттен бастап 60 күн өтті және белгіленген рәсімдерге сәйкес, 18 қаңтардан бастап құжат толық көлемде қолданысқа енгізілді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қабылданған заң елде жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық негізін қалыптастырып, саладағы мемлекеттік саясаттың басты қағидаты – адам, оның құқықтары, бостандықтары мен әл-ауқатының басымдығы туралы ережелерді бекітетіндігін жазды.

Адам, оның өмірі мен ерік-жігері жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалануда ең жоғарғы құндылық ретінде қарастырылады. ЖИ-ді қолдану адамның саналы түрде шешім қабылдау қабілетін шектемеуі тиіс, ал азаматтардың еркіндігі технологияларды қолданудың барлық кезеңінде сақталуы қажет.

Заң жасанды интеллектіні пайдалануды, атап айтсақ әділдік пен теңдік, алгоритм ашықтығы мен түсініктілігі, жауапкершілік пен бақылауда болуы, деректер мен құпиялықты қорғау, сондай-ақ ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігі туралы ережелерді айқындайды. Пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің мүмкіндіктері, сипаттамалары мен шектеулері туралы толық ақпарат ұсынылуы шарт.

Азаматтар автоматтандырылған деректерді өңдеудің қолданылуы, оның салдары, мұндай өңдеуге қарсылық білдіру мүмкіндігі, сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері туралы хабардар болуға құқылы.

Құжат жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен пайдаланушылары арасындағы жауапкершілікті нақтылайды. ЖИ жүйелерінің өмірлік циклінің барлық қатысушысы олардың жұмысын бақылауды қамтамасыз етуге, тәуекелдерді басқаруға және жүйелер жұмысының нәтижелері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік алуға міндетті.

Жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалану қоршаған ортаға теріс әсер етпеуі, сондай-ақ энергия тиімділігі талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс.

ЖИ жүйелерін пайдалану жеке деректер мен құпия ақпаратты қорғау талаптары сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заң деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу шараларын, сапалы деректерді пайдалануды, ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуді көздейді.

Құжатқа сәйкес, жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейі бойынша – төмен, орта және жоғары тәуекелді жүйелерге жіктеледі. Маңызды салаларда немесе мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыру кезінде қолданылатын жоғары тәуекелді жүйелер ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша мемлекеттік жүйелерге теңестіріледі.

Министрлік ЖИ жүйесі иелеріне төмендегі айыппұлды қарастырған:

Енді Қазақстан аумағында: манипулятивті әдістерді қолданатын; адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік мәртебесіне байланысты осал тұстарын пайдаланатын; әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол беретін; адамның эмоциясын оның келісімінсіз анықтайтын; жеке деректер туралы заңнаманы бұзатын; тыйым салынған контент жасайтын немесе тарататын жасанды интеллект жүйелерін құруға және пайдалануға тыйым салынады.

Заң жасанды интеллектіні пайдаланудың ашықтығына қойылатын талаптарды белгілейді. Пайдаланушылар тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер ЖИ-ді қолдану арқылы жасалғанын білуі шарт. Синтетикалық контент міндетті түрде таңбалануға және пайдаланушылар үшін түсінікті ескертумен белгіленуі тиіс.

Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалған туындылар адамның шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана «авторлық құқық объектісі» деп танылады. Адамның зияткерлік қызметінің нәтижесі арқылы алынған мәтіндік сұраулар (промпттар) да авторлық құқықпен қорғалады.  Автор немесе құқық иесі тыйым салмаған жағдайда ғана ЖИ модельдерін оқыту үшін туындыларды пайдалануға рұқсат етіледі.

«Жасанды интеллект туралы» заңның күшіне енуі Қазақстанда жауапты, қауіпсіз және адамға бағдарланған жасанды интеллектіні дамытудағы маңызды кезең. Бұл модель инновациялар, азаматтардың құқықтарын қорғау және цифрлық экономиканың орнықты дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Заңның толық нұсқасымен adilet.zan.kz/kaz сілтемесіне өтіп таныса аласыз.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

36 спортшы бар, нешеуі ойда?

Италияда өтетін 2026 қысқы Олимпиадаға баратын Қазақстан командасының толық құрамы белгілі болды. Ол ақпарат ҚР туризм

Ту — тек мата емес, тағдыр

Фото: sports24.kz Өткен аптада ел журналистері мен әлеуметтік желідегі белсенділер Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның