///

ШЫНЫ ҚАЛДЫҚТАР: сұрыптаудағы қиындық пен инфрақұрылымдағы олқылық 

84 рет қаралды
Көрнекі фото. Автордыкі

Елде жылына шамамен 5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қалдық түзіледі, оның  9 пайызы – шыны қалдықтар. Шыныны өңдеу қаншалықты жолға қойылған? Оны қабылдап өңдейтін кәсіпорындар жеткілікті ме? Бұл қалдықты кәдеге жаратудың қандай жолдары бар?

2,5 миллион адам тұратын Алматы қаласында шыны қалдықтарын тастайын арнайы жәшік жоқтың қасы. Кейінгі жылдары салынған заманауи тұрғын үй кешендерінің ауласындағы қоқыс жәшіктерінің беті жабық, қоқыс көлігінің жәшікті көтеріп алып ішіндегі қоқысты төгетін функциясы болғаны болмаса, экологиялық тұрғыда қалдық сұрыптауға еш икемделмеген. Бұған қарап, шыны қалдықтардың жәшіктер ішінде бүтін жүргеніне сену қиын. Олар қоқыс полигондарына барғанда қандай күйде болатыны да қала тұрғындарына беймәлім. 

Қала тұрғыны, физик маман Жанар Қайыржанқызы бірнеше жылдан бері қалдықтарды бөлек жинайды. Оның ішінде шыны да бар. Базарға барғанда қаймақ, тағы да басқа заттарды үйінен апарған шыныға салдырып алады. Қаладағы қалдық қабылдайтын пункттер үйінен тым алыс болғандықтан, қоқысты сұрыптап жинап, тек экоакция кезінде апарып өткізеді. 

Жанар Қайыржанқызы. фото жеке мұрағаттан

Қайыржанқызының айтуынша, қала басшылығы «Таза Қазақстан» бағдарламасын тиісті деңгейде орындап, қалдық қабылдайтын пунктерге арнайы сұрыптау жәшіктерін қойып, тұрғындарды экологияны сақтауға, қоқысты сұрыптауға үндеп, үнемі насихат жүргізсе, қалдық мәселесі бірте-бірте шешілер еді.  

Оған өзі үнемі баратын экологиялық акцияларға қатысатын адамдардың жылдан-жылға көбейіп келе жатқанына қарап көзі жеткен. Экобелсенді экологияны сақтауды насихаттайтын іс-шаралар, әсіресе жастар арасында жылдам әрі тиімді нәтижеге жеткізеді дейді.    

Алматыда қоқысты арнайы сұрыптайтын пунктер көп емес, оны 2013 жылдан бері қалдықтарды сұрыптап жинаумен айналысатын «АлатауЭкоВтор» компаниясы мен 2018 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Recycle Бірге» экожобасының өкілдері де растайды. 

«АлатауЭкоВтордың» Алматы қаласында жеті пункті, Боралдай қаласында негізгі бірпункті жұмыс істейді, ондағы фракциялар (қалдықтардың атауы) да әртүрлі. Мекеме менеджері Еділ Еркінұлының айтуынша, өзге қалдықтар секілді емес, шыны қалдықтарды жинап, қайта өңдеуге өткізу компанияға көп пайда түсірмейді, соған қарамастан компания шыны қалдықтарды жинап, мөлдір түстісін Алматы облысындағы қайта өңдейтін зауытқа өткізеді. Пунктердің үшеуінде шыны қалдық өткізген адамдарға өзге фракцияларға қарағанда өте аз бонус берілсе, қалған пунктерде тегін қабылдайды.

Еділ Еркінұлы. фото: жеке мұрағаттан
  • Қаладағы мекемелер шыны қалдықтарды көп көлемде жинап, «АлатауЭкоВторға» хабарласса, біз барып алып кете аламыз, – дейді менеджер.   

Қаңтар айының 9 күнінде Алматыдағы MEGA сауда кешені жанындағы пунктіге өткізілген шыны қалдық 229 кг болса, Байзақов көшесіндегі пунктіге 2025 жылғы желтоқсанда 1298 кг шыны қалдық жиналған. Еділ Еркінұлы бұл көрсеткішке қарап, салыстырмалы түрде жыл өткен сайын қалдық көбірек жиналып жатыр деуге негіз бар дейді.

Оның айтуынша, бұл экопунктерге күніне ең аз дегенде 30, ең көп дегенде 70-80 адам келіп қалдық өткізеді. Бұл тек Ecosen қосымшасы арқылы тіркелгендер. Ал бонус үшін емес, экологияны таза сақтауды мақсат еткен адамдарды қосқанда MEGA сауда кешеніндегі пунктіге күніне 100-ге жуық адам келіп қайталама материал өткізеді. 

  • Қалдықтарды жинап қайта өңдеу зауыттарына өткізетін мекемелердің мысалы, елде өтетін әртүрлі экоакция тұрғындардың экосанасын арттыруға, экомәдениетті қалыптастыруға үлес қосатыны анық. Дегенмен қазіргі экопунктер саны Алматы қаласы үшін тым аз. Олардың кішкентай қалаларда мүлде жоқ екенін ескерсек, экосанасы дамыған елдер қатарына қосылу үшін әлі бірталай уақыт керек, – дейді Еділ Еркінұлы

Оның сөзінше, экологияны таза сақтау мақсатында жұмыс істеп келе жатқан мекемелерге мемлекет белгілі бір деңгейде қолдау көрсеткенімен, салықтан босату немесе қандай да бір жеңілдіктер жасау тәжірибесі әзірге жоқ. Қазір Алматы қаласында көптеген фандомат қойылған, бірақ азаматтардың экосанасы артпаса, ол фандоматтар өзін-өзі ақтамай, іс аяқсыз қала береді. Сол себепті экосананы қалыптастыру мен экомәдениетті арттыруды мектеп қабырғасынан бастау керек.

Қалдықтар қабылдайтын пунктер жанында Еділ Еркінұлынан сұхбат алып тұрғанда 5-6 адам келіп, үйлерінен сұрыптап келген заттарды арнайы қоқыс жәшіктеріне салып жатты. 

Аты-жөнін айтқысы келмеген 35-40 жас шамасындағы ер адам қоқысты екі аптада бір рет осында әкелетінін айтты. «Біз бірте-бірте осыған келеміз, ол заман талабы. Қалдықты бұлай сұрыптаудың экологияға пайдасы әрине бар, тек экомәдениетті бала жастан сіңіру керек», – дейді. 

     Алматыдағы қалдық сұрыптау тәжірибесі бар жобаның бірі – «Recycle БІРГЕ» жобасы. Олардың бір ерекшелігі шыны қалдықтардың барлығын қабылдайды. Мөлдір, жасыл және қоңыр шыны қалдықтарды қайта өңдеуге өткізіп, көк және қызыл түсті шыны қалдықтарды қолөнершілерге үлестіреді. Себебі мұндай түсті шынылар Қазақстанда әзірге қайта өңделмейді. Шеберлер олардан әшекейлер мен сәндік бұйымдар жасайды.

Әлия Сәлменова. фото: жеке мұрағаттан

«Recycle Бірге» жобасының негізін қалаушы Әлия Сәлменованың айтуынша, жоба 2018 жылы ерікті экосенбіліктерден бастау алған.

  • Сенбіліктерде біз тұрғындардың экологиялық өзгерістер жасауға, экологиялық өмір салтын ұстануға деген ниеті бар екенін анық түсіндік. Бірақ олар көп жағдайда қандай қалдықты қайта өңдеуге болатынын, қайсысы өңделмейтінін, қалдықтарды қайда және қандай күйде тапсыру керек екенін нақты білмейді. Сондықтан тұрғындардың қалдықтарды сұрыптау танымын жүйелі түрде арттыру керек деп шешіп, лекциялар оқи бастадық, шеберлік сабақтарын өткіздік. Осылайша, біз жай ғана еріктілер немесе белсенділерден гөрі ауқымдырақ құрылым болуымыз керек деген ой қалыптасты. Алдымен 2018 жылы «Recycle Бірге» қоғамдық қозғалысы пайда болды, ал 2019 жылы бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатқан GreenUp.kz қоғамдық қоры құрылды. 

 

«Recycle Бірге» өткізетін экоакцияларда қабылданған шыны қалдықтар екі негізгі бағыт бойынша сұрыпталады. 

Біріншісі – қайта өңдеу. Жиналған түссіз және жасыл, қоңыр түсті шыны қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі.

Сонымен бірге, қоғамдық қор шыныны қайта пайдалану ісін де жүзеге асырады. Үлкен консервілеуге жарамды шыны банкаларды фермерлерге, ал кішкентай банкаларды шам/май құятын жобаларға тапсырады. Яғни, қоғамдық қор ұйымдастырған экоакцияларға шаруа қожалықтарының өкілдері де қатысып, өздеріне қажет шыныларды, басқа да заттарды алады.

GreenUp.kz қоғамдық қоры 2025 жылы тоғыз ірі, бір шағын экоакция өткізген. Олардың нәтижесінде 30 тоннадан астам қайталама шикізат жиналып, қайта өңдеуге жіберілген. Оның 11 тоннадан астамы – шыны (мөлдір, жасыл, қоңыр). Көк, қызыл, ерекше түсті шынылар өлшенбей, қолөнершілерге берілгендіктен статистикаға кірмеген. 

Экоакциялардың экосананы арттыруға ықпалы

Әлия Сәлменованың сөзінше, алғашқы экосенбілікке 3-5 адам ғана қатысқан болса, кейін адам саны 50-100 адамға, сосын 1500-2000 адамға жеткен. 

  • Қазір біздің экоқауымдастық өткізетін бір жылдағы іс-шараларға қатысатын адам саны 10-15 мыңнан асты. Бұл экологиялық іс-шаралар тұрғындардың экосанасын арттыруға едәуір ықпал ететінін көрсетеді. Оған себеп экоакциялар мен экосенбіліктерде адамдар өздері әкелген қалдықтар шынымен қайта өңдеуге жіберілетінін көреді. Әр іс-шарадан кейін қанша қалдық жиналды, кімге тапсырылды, қаншасы қайта өңделді немесе қайта пайдалануға жіберілгені туралы ашық мәлімет таратамыз. Бұл өте маңызды, өйткені қоғам арасында «Қазақстанда қайта өңдеу жоқ» деген күдік кең тараған. 

Екіншіден, мұндай іс-шараларда адамдар өздерінің жалғыз емес екенін көреді: экологияға бейжай қарамайтын, экологиялық санасы жетілген адамдар бар екенін, экологиялық қауымдастықтың үлкен күш екенін және оның әрі қарай дамып келе жатқанын түсінеді. Олар мұндай алаңдарда, кеңес сұрай алады, пайдалы лайфхактар мен тәжірибелерін ортаға салады, білімін жетілдіреді, жаңа ақпарат алады, жаңа дағды қалыптастырады. Мұның бәрі қала тұрғындарының экомәдениетін арттыруда өте маңызды, — дейді ол. 

 Шыныдан түрлі бұйым жасаудың үлесі теңіздің тамшысындай ғана

Шыны қабылдап өңдейтін кәсіпорындар тапшылығын өз бетінше шешуге тырысып, бұл материалды кәдеге жаратудың жолын тапқан бастамашылар баршылық. Шыны дизайнері Ирина Ибадильдина шыныдан түрлі заттар жасауды 16 жыл бұрын бастаған екен. Қазір экоакциялардан шыны заттар алып, оларға екінші өмір сыйлайды.

Ирина Ибадильдина. фото: жеке мұрағаттан
  • Жолдасым Финляндияға оқуға барғанда, сол жерде көркем витраждан сабақ алдым. Алғашында тек сәндік бұйымдар жасаумен ғана айналыстым. Ол кезде шынының бағасы едәуір қолжетімді болған. Қазір көркем витражға арналған шыны бағасы көтеріліп кетті. Содан кейін тағы не қолдануға болады деп ойлана бастадым. Бұрын түссіз шыны бөтелкені де, терезеге арналған шыныларды да табу қиын емес еді. Бірдей түрі тіпті көшеден де табылатын. Қазір шынылар өте көп керек болғасын экоакцияларға барып, ұйымдастырушылардан шынылардың бір түстісін, бір пішіндегісін іріктеп жинап беруді өтінемін. Оларды көбіне мейрамханаларда салаттар, т.б. заттар салу үшін, кейде жәй ғана әдемілік үшін қолданады. Егер мен осы акцияларға қатысып, шыны қалдықтарды алып, пайдаланбасам, олар қоқыста 1000 жыл жатса да шірімейтінін білемін. Сол себепті оны өңдеу керек, екінші өмір беру керек. 

Шыны бөтелкеден түрлі тағам салатын тәрелкелер, сағаттар, қағаз сүлгі салғыштар, әшекей бұйымдар, шыршаға арналған ойыншықтар жасаған шебердің пікірінше, бөтелкенің үлкенін де, кішісін де жібіту үшін 12 сағат кетеді. Әр бөтелкенің түсіне, қалыңдығына, пешке сыйып-сыймайтынына қарай еріту бағдарламасы таңдалады. Ол еріген соң суып, қанжылым қалыпқа түскенше пеште 12 сағат жатуы керек. 

  • Шыныдан заттар жасау мен үшін ең алдымен хобби. Одан пайда таба алмайтыным анық. Алматыдағы шыны қалдықтың барлығына екінші өмір беруге, тіпті, шамам келмейді. Ол үшін үлкен шыны зауыты керек. Ол бір жағынан зиянды өндіріс. Өйткені шынының тозаңы цементтің тозаңы секілді, өкпеге кірсе шықпайды. Иә, бір жағынан экологияны сақтауға үлес қосып жүрмін деп айтуыма болады. Бірақ ол теңіздің тамшысындай ғана. Мәселен мен 20 бөтелкеден 1 ғана сағат жасап шығаруым мүмкін. Ол кезде 1 миллион бөтелке қоқыс полигонына тасталып жатады. Сол себепті шыны қалдықтарды азайту үшін, құлашты кең жайып, ауқымды жұмыс істеу керек. 

Зауытта орта есеппен 60 тонна қалдық өңделеді

Қазақстанда шыны қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын жетекші кәсіпорындардың бірі — QAZAQ GLASS COMPANY жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сұйық тағамдарға арналған түссіз шыны ыдыс өндіретін алғашқы кәсіпорын 2018 жылға дейін «САФ» шыны компаниясы» АҚ атауымен белгілі болған. Зауыт 2000 жылдан бері шыны ыдыс қалдықтарын тұрақты түрде қайта өңдеп келеді. Жылына он мың тоннадан астам шыны қалдық қабылдайтын кәсіпорын Алматы облысында орналасқан, жалпы аумағы — 3,4 гектар. 

Шыны қалдықтар зауытқа негізінен қалдық жинаушылар арқылы жеткізіледі. Зауыт сусын жасайтын бірқатар ірі кәсіпорындармен тікелей ынтымақтастық орнатқан. Бұл кәсіпорындар өндіріс барысында пайда болған шыны бөтелке қалдықтарын қайта өңдеуге тапсырады.

Зауыт тәулігіне орта есеппен 60 тонна, шыны қалдықты қайта өңдей алады. 2024 жылдан бастап QAZAQ GLASS COMPANY компаниясы ECOQOLDAY бағдарламасы аясында «Жасыл даму» акционерлік қоғамымен тығыз ынтымақтастық орнатты.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сүйенсек,  елде жылына шамамен 5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қалдық түзіледі. Оның 9 пайызы шыны қалдықтар.

 Қазір Қазақстанда жалпы қуаты жылына шамамен 42 мың тонна болатын тоғыз кәсіпорын жұмыс істейді. Олар Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан.  Қазақстанда «EcoQolday» утилизациялық төлем қаражаты есебінен субсидиялау бағдарламасы аясында  шыны қалдықтарды сұрыптау, қабылдау және қайта өңдеумен айналысатын 22 кәсіпорын тіркелген және 2025 жылдың қорытындысы бойынша қайта өңдеуге 14,5 мың тонна шыны қалдық жіберілген.

«Бір шыны бөтелкенің ыдырауы үшін мың жыл керек»

Физик маман Жанар Қайыржанқызының  сөзінше, шыны табиғатта шірімейді. Бейберекет тасталған бір шыны бөтелке толық жойылуы үшін мың жылдан астам уақыт қажет. Осы уақыт аралығында ол айналасына айтарлықтай қауіп төндіреді

  • Бейберекет жатқан шыны қалдықтар өрт тұтануына себеп болады. Күн сәулесі түскен кезде шыны сынығы кәдімгі линза сияқты жұмыс істейді. Ол сәулені бір нүктеге жинап, құрғақ шөпті тұтатып жіберуі мүмкін. Көптеген орман өртінің артында осындай «көрінбейтін» физикалық себеп жатыр. Одан бөлек шыны сынықтары топырақтың ауа алмасуын (аэрациясын) және су өткізгіштігін бұзады. Өткір қырлы шыны бөліктері топырақ астындағы пайдалы жәндіктер мен микроорганизмдерді жойып, жердің құнарын төмендетеді. Оның өткір қырлары аңдар мен құстарды жаралап,  байқаусызда жұтып қойса, өліп қалуы мүмкін, – дейді Қайыржанқызы

Маманның айтуынша, физика заңы бойынша шыныны сындырып, зауыттарда қайта балқыту үшін оны 1000- 1200°C-қа дейін қыздыру керек, бұған орасан зор энергия қажет. Ал дайын бөтелкені кәсіби деңгейде жуып (80- 900°С температурада), зарарсыздандырып, қайта пайдалануға жұмсалатын энергия одан бірнеше есе аз. Бөтелкені әр қолданған сайын балқыта бермей, жай ғана жуып пайдаланса, зауыттардың энергия шығынын бірнеше есеге қысқартуға болады.  

  • Ас үйде шыны ыдыстарды көбірек қолданудың бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, химиялық тазалық. Шыны – инертті материал, ол ішіндегі өніммен ешқандай реакцияға түспейді. Пластиктің ыдыстан айырмашылығы, ол суға зиянды бисфенол-А немесе микропластик бөлмейді. Екіншіден, шынының молекулалық құрылымы өте тығыз, оттегі мен бөтен иістерді өткізбейді. Бұл тағамның дәмі мен балғындығын пластикке қарағанда әлдеқайда ұзақ сақтайды. Үшіншіден, гигиеналық тұрғыда қауіпсіз, яғни шынының беті тегіс және кеуексіз, сондықтан онда бактериялар жиналмайды және иіс сіңбейді, – дейді Жанар Қайыржанқызы.

Одан бөлек, шыны түрлерінің бәрі бірдей қайта өңдеуге келмейді. Оның себептері де әрқилы. Қайта өңдеуде шынының түсі мен түрі шешуші рөл атқарады. Мөлдір шыныға бір ғана түсті бөтелке қосылып кетсе, бүкіл партия өзінің мөлдірлігін жоғалтады. Сонымен қатар терезе шынысы мен ыдыс-аяқтың балқу температурасы әртүрлі. Оларды араластырып балқытса, жаңадан шыққан бұйым өте сынғыш болып шығады. Ең тиімді жол –  қайта қолдану. Статистикаға сүйенсек, бір шыны бөтелке 30-дан 50 ретке дейін қайта пайдаланылады. 

 Назым ДҮТБАЕВА

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

36 спортшы бар, нешеуі ойда?

Италияда өтетін 2026 қысқы Олимпиадаға баратын Қазақстан командасының толық құрамы белгілі болды. Ол ақпарат ҚР туризм