Бүгін, 20 қаңтарда Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен алқалы жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам мүше қатысты.
Тарихи сабақтастық пен ұлттық бірегейлік
Жиынды ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Құрылтайдың Қызылордада өтуінің символдық мәніне тоқталды. 1925 жылы дәл осы қалада қазақ халқының «қырғыз» емес, «қазақ» деген тарихи атауы қайтарылғанын еске салған Мемлекет басшысы:
«Қызылорданың тарихи маңызы айрықша. Бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны мәлім. Бұл шаһарда Қазақстан болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданды», – деді.
Әлеуметтік реформа және «Адал азамат»
Президент өз сөзінде қоғамды мазалаған өзекті мәселелерге баса назар аударды. Отырыс барысында келесі негізгі міндеттер айқындалды:
- Мемлекет басшысы лудомания (ойынқұмарлық) мен есірткі саудасына қарсы күрестің жаңа кезеңін жариялап, заңнаманы одан ары қатайтуды тапсырды.
- «Адал азамат» тұжырымдамасын білім беру жүйесіне тереңірек енгізу және жастар арасында еңбекқорлық құндылығын насихаттау қажеттігі айтылды.
- Сыр өңіріндегі Шірік-Рабат, Жанкент және Сығанақ секілді көне қалаларды қалпына келтіру арқылы аймақты халықаралық туристік орталыққа айналдыру жоспары ұсынылды.
Ғылым мен саяси жүйені реформалау: Құрылтайдағы өткір ұсыныстар
Жиын барысында делегаттар тарапынан да маңызды бастамалар көтерілді. Саясаттанушы Марат Шибұтов ғылымды қаржыландыру мәселесін сынға алып, нақты цифрларды келтірді. Оның айтуынша, соңғы жылдары салаға бөлінетін қаржы 23 млрд теңгеден 250 млрд теңгеге дейін (10 есе) артқанымен, айтарлықтай жаңашылдық байқалмай отыр.
«Біз бірақ осынша ақша бөлінгенімен, жаңашылдықты көріп отырған жоқпыз. Сол үшін ғылымға мемлекеттік тапсырысты өзгерту керек. Монографияларды көбейтіп, нәтижеге жету керек. Бұл бағытта ПӘ алдында комиссия құруды ұсынамын. Комиссияның жұмысын тиімді ете алсақ», – дейді ол.
Сонымен қатар, Шибұтов еліміздің саяси жүйесіне қатысты резонансты ұсыныс тастады. Ол қазіргі екі палаталы құрылымнан бір палаталы парламентке көшу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл бастама заң шығару процесін жеделдетіп, мемлекеттік шығындарды оңтайландыруға бағытталған.
Аймақтың дамуы — елдің дамуы
Құрылтай аясында тек идеологиялық емес, экономикалық мәселелер де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, Қызылорда аймағындағы экологиялық жағдай, Арал теңізін сақтау бойынша жаңа халықаралық жобалар мен облыс орталығының инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша Үкімет пен Президент Әкімшілігіне нақты тапсырмалар пакеті берілді. Қабылданған шешімдер мен ұсыныстардың орындалу барысы Құрылтай мүшелерінің тұрақты бақылауында болады.
Назерке Ақберді
Парақшамызға жазылыңыз
