/

99,7 млрд теңге қарыз: Анипа Назарбаеваға тиесілі компания банкроттық сұрады

63 рет қаралды

Фото: pixabay.com

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қарындасы Анипа Назарбаева тең құрылтайшысы болатын «GROUP OF THE COMPANIES TDA» ЖШС-ның 2026 жылғы салық қарызы 99,7 млрд теңгеге жеткені белгілі болды.

Бұл дерек Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми web-порталынан алынған жəне компанияның БСН (Бизнес сəйкестендіру нөмірі) бойынша сұрау салу нəтижесінде анықталған.

Сурет: Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми веб-порталынан алынған салық қарызы туралы ақпарат

Қарыз негізінен қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы жəне кедендік баждан құралған. Сондай-ақ компанияның міндетті зейнетақы аударымдары бойынша 131 теңге қарыз қалғаны көрсетілген. Басқа əлеуметтік жəне медициналық төлем бойынша қарыз тіркелмеген.

2025 жылғы шілде айында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, «GROUP OF THE COMPANIES TDA» ЖШС Қытайдан 100-ден аса контейнер тауарды заңсыз əкеліп, салық төлеуден жалтарғаны үшін жауапқа тартылған еді. Тергеу барысында компания бақылауындағы 10 ЖШС арқылы жалған шот-фактуралар жасалғаны

анықталды.  Мемлекетке келтірілген жалпы шығын шамамен 10 млрд теңге болған. Қылмыстық іс бойынша фигуранттардың мүлігі тəркіленіп, бюджетке 643 млн теңге қайтарылған болатын, сонымен қатар тауарларға жəне мүлікке 1,6 млрд теңге шамасында тыйым салынып, контрагенттер қосымша 240 млн теңге төлеген еді.

«GROUP OF THE COMPANIES TDA» ЖШС 2014 жылы тіркелген.

Компания құрылтайшылары – Анипа Назарбаева мен Али Клышпаев.

Сурет: eGov порталы арқылы алынған компанияның заңды тұлға, филиал жəне өкілдік туралы ресми дерегі

2025 жылғы 21 шілдеде Қаржы мониториңі агенттігі компания қызметкерлерінің сотталғаны туралы хабарлаған. Негізгі айыпталушы əрі компанияның тең құрылтайшысы Али Клышпаев Алматы қаласының Алмалы аудандық соты арқылы 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды, ал басқа қызметкерлер əр түрлі мерзімге сотталды.

Анипа Назарбаеваның аты айыптау қорытындысында жəне күдіктілердің жауаптарында аталғанымен, ашық дереккөздерге сəйкес, ол сотқа куə немесе күдікті ретінде шақырылмаған, əрі сот үкімінде оның жауап алынғаны немесе алынбағаны туралы нақты ақпарат жоқ. Осылайша компанияның тең құрылтайшысы болғанына қарамастан, Анипа Назарбаеваға қатысты ресми жауапкершілік жарияланбаған.

Сонымен қатар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мəліметінше, компания өзін банкрот деп тануды сұрап сотқа шағымданған, ал өтініш қазіргі уақытта қаралып жатыр.

Амина Мелдебек

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар