/

Салық қарызыңыз бар ма? 2026 жылдан бастап хабарлау тәртібі өзгереді

48 рет қаралды

Фото: kaz.zakon.kz

Бүгін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Аудит департаментінің Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын тікелей эфир барысында салық саласындағы маңызды жаңалықтармен бөлісті. Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты, енді салықшылар берешегі бар азаматтарды хабардар етудің жаңа жүйесіне көшті.

Бұған дейін салық органдары берешек сомасы небәрі 6 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) асқан жағдйда, өндіру шараларын бастап кететін. Алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл шек 20 АЕК-ке көтерілді.

Қайсар Арынның айтуынша, енді салықтық берешектің шекті мөлшері барлық санат үшін бірдей:

«Біріншіден, біз салықтық берешектің шекті мөлшерін өзгерттік. 2026 жылдың басына дейін мәжбүрлеу шаралары 6 АЕК-тен басталса, енді барлық санаттар үшін бұл көрсеткіш 20 АЕК-ке (86 000 теңге) дейін көтерілді. Біз санаттарға бөлу жүйесінен бас тарттық», – деді спикер.

Енді хабарламалар қалай келеді?

Қарыз көлеміне байланысты салық органдары хабарлаудың екі түрлі жолын қолданады. Бұл ретте салық төлеушілерге ескерту жасау тәртібі де өзгерген:

  1. Егер қарыз 20 АЕК-тен (86 000 теңгеден) аспаса cалық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Бұл хабарламада қарыздың бар екені және оны өтеу қажеттігі айтылады. Қатаң шара қолданылмаса да, берешек сомасына күн сайын өсімпұл қосыла береді.
  2. Егер қарыз 20 АЕК-тен асып кетсе Салық басқармасы қатаңдау құжат – «берешекті өтеу туралы хабарлама» жібереді. Мұның салдары салмақты:
  • күн сайын өсімпұл есептеледі;
  • банк шоттарындағы шығыс операциялары тоқтатылады (шот бұғатталады);
  • кассадан ақшалай қаражат өндіріп алынады.

«Егер қарыз 20 АЕК-ке дейін болса, ешқандай шара қолданылмайды, тек өсімпұл есептеліп, хабарлама жіберіледі. Ал егер бұл шектен асса, онда хабарлама жіберіліп, шоттарды тоқтату және кассадан өндіру шаралары жүргізіледі», – деп түсіндірді Қайсар Арын.

Жаңа ережелердің енгізілуі, уақытша қаржылық қиындыққа тап болған немесе техникалық себептермен аз мөлшердегі салығын төлеп үлгермеген азаматтар үшін маңызды жеңілдік болмақ. Дегенмен салықтық либералдану жауапкершілікті жоққа шығармайды: берешек сомасына күн сайын өсімпұл есептелетінін ескерсек, бюджет алдындағы міндеттемені дер кезінде орындау – артық шығыннан құтылудың жалғыз кепілі болып қала бермек.

Назерке Ақберді

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар