//

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы: «Жаңа Конституция – биліктің ауысуын қауіпсіз етуге бағытталған құжат»

121 рет қаралды

Фото: кейіпкердің жеке парақшасынан алынды

2026 жылға ұсынылып отырған жаңартылған Конституция жобасы қоғамда кең ауқымды пікірталас тудырды. Құжат қазіргі қолданыстағы негізгі заңның 80 пайыздан астамын өзгертуді көздейді. Жобада қоғамда бұрыннан талқыланып жүрген тіл саясаты, жерге меншік, азаматтардың саяси құқықтары мен билік тармақтарының өкілеттіктеріне қатысты бірқатар даулы норма қамтылған. Осы өзгерістердің саяси астарын, ықтимал тәуекелдері мен билік үшін мәнін Paperlab зерттеу орталығының директоры, аналитика мен зерттеу саласында 15 жылдан аса тәжірибесі бар Серік Бейсембаевпен талқыладық.

Серік мырза, 2026 жылға ұсынылып отырған жаңартылған Конституция жобасының басты идеясы мен саяси мәні неде?

– Кез келген авторитарлық режімнің басты мәселесі – билікті сақтап қалу және оның келесі адамға өту үдерісін барынша бақылауда ұстау. Қазақстанда 2022 жылдан кейін бірқатар конституциялық өзгеріс енгізілді, одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қайта сайланды. Келесі президент сайлауы 2029 жылы өтуге тиіс. Осы өзгерістерге сәйкес, президент бір реттік жеті жылдық мерзімге сайланды, яғни оның өкілеттігі автоматты түрде жаңартылды.

Алайда осы уақыт аралығында елімізде саяси институттар толық қалыптасты деп айта алмаймыз. Біз әлі де орталықтандырылған, авторитарлық басқару үлгісіндегі саяси жүйеде өмір сүріп келеміз. Мұндай жағдайда «саяси тұрақтылық» ұғымы көбіне билікті қолында ұстап отырған адамның сол билікті сақтап қалуымен тікелей байланысты.

Менің ойымша, жаңартылған Конституцияның негізгі мақсаты – осы «мәселені» шешу. Яғни биліктің ауысу үдерісін билік элитасы үшін барынша қауіпсіз ету. Сонымен қатар Тоқаев президенттік қызметтен кеткеннен кейінгі жеке қауіпсіздігін және саяси-құқықтық жауапкершілік мәселесін алдын ала реттеу де бар.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдарға қатысты әлі күнге дейін нақты жауап берілген жоқ. Ол бұйрықтарды кім берді, жауапкершілікті кім көтеруге тиіс деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бұл мәселе Тоқаев биліктен кеткен соң міндетті түрде қайта көтеріледі. Сондықтан жаңа Конституция арқылы болашақта өзінің саяси-құқықтық жауапкершілігін барынша азайтып, қауіпсіз заңнамалық негіз қалыптастыруға ұмтылыс бар деп ойлаймын.

– Президенттің бір мерзімге сайлануы және қайта сайланбауы қағидасы қаншалықты орнықты тетік бола алады?

– Қазіргі жағдайда бұл мәселені 50/50 деп бағалауға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев бір рет қана сайланатынын ашық мәлімдеді, әрі бұл норма Конституцияда да бекітілді. Алайда ұсынылып отырған жаңа Конституция, бір жағынан, оның президенттік өкілеттігін қайта бастауға құқықтық негіз қалыптастыруы мүмкін. Екінші жағынан, Тоқаев уәдесінде тұра ма, әлде қайтадан сайлауға түсе ме бұл әзірге ашық сұрақ күйінде қалып отыр. Мұнда легитимділік факторы айрықша маңызға ие. Егер ол бұрынғы мәлімдемесінен айнып, қайта сайлануға шешім қабылдаса, қоғам тарапынан қолдау табу едәуір күрделі мәселеге айналуы ықтимал. Бұған қоса, экономикалық жағдай да қоғамдық көңіл күйге тікелей әсер етеді.

– Конституцияның 8-бабының 3-тармағында жер халыққа тиесілі деп көрсетілген, бірақ меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады делінген. Бұл норма жерді халықтың атынан сатуға жол аша ма?

– Жерді сату мәселесі 2016 жылғы жер дауына байланысты наразылықтардан кейін ерекше күн тәртібіне шықты. Сол кезде шетелдіктерге жер сатуға мораторий енгізілген болатын. Бұл – нақты сол қауіпке қарсы қойылған тосқауыл еді.

Мен заңгер емеспін, сондықтан бұл норма шетелдіктерге жер сатуға тікелей мүмкіндік бере ме, жоқ па – оны нақты айту қиын. Бірақ билік бұл қадамға ашық түрде барады деп ойламаймын, себебі бұл қоғам тарапынан өте үлкен қарсылық тудырады. Қазірдің өзінде Конституция жобасы ұсынылғаннан кейін әлеуметтік желілерде негатив пікір өте көп. Қанша пропаганда жүргізіп, қолдаудың иллюзиясын жасауға тырысқанымен, танымал әншілер мен спортшылардың қолдау жазбаларының астындағы пікірлерді оқысаңыз, халықтың бұл өзгерістерге қаншалықты қарсы екенін анық көруге болады. Сондықтан билік жер мәселесіне қатысты норманы өзі үшін қауіпті деп есептейді. Меніңше, бұл норма әдейі әртүрлі заңдық түсіндіруге мүмкіндік беретіндей етіп жазылған. Бірақ билік жерді шетелдіктерге сатуды ашық түрде іске асырады деп ойламаймын.

– 35-бапта азаматтардың бейбіт митинг өткізу құқығы бар екені айтылғанымен, бұл құқық түрлі себеппен шектелуі мүмкін делінген. Сізше, сөз бостандығы мен митинг өткізу құқығы қаншалықты жүзеге асады?

– Қазіргі таңда бұл құқықтар іс жүзінде жүзеге асып отырған жоқ. Митинг өткізу арнайы заңмен реттеледі. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы билікке келген кезде осы заңды либерализациялап, азаматтардың бейбіт жиналу құқығын кеңейтеміз деген уәде берген еді. Қоғам бұл бастаманы қолдады.

Алайда іс жүзінде заң жұмыс істемеді. Кейбір косметикалық өзгеріс енгізілгенімен, олар нақты нәтиже берген жоқ. Қаңтар оқиғасынан кейін шектеулер керісінше, күшейе түсті. Қазіргі таңда тәуелсіз белсенділер немесе қоғамдық ұйымдар ұсынған бірде-бір митингке рұқсат беріліп отырған жоқ: барлық өтініш әкімдіктер тарапынан жүйелі түрде кері қайтарылады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда бұл норманың пайда болуы бұрыннан қалыптасқан шектеуші практиканы заң жүзінде бекітуге ұқсайды. Билік митинг өткізу мәселесінде шынайы либерализацияға баруға ниетті емес. Керісінше, осы норма арқылы бейбіт жиналу құқығына қойылған кедергілерді заңдастырып, бақылауды одан әрі күшейтуді көздеп отырғандай әсер қалдырады.

– Қазіргі таңда қоғам тарапынан сынға ұшырап жатқан Конституцияның 9-бабының 2-тармағындағы орыс тілінің «ресми тіл ретінде мемлекеттік тілмен тең қолданылуы» туралы норманы өзгерту талабы айтылып жүр. Бұл қаншалықты мүмкін?

– Бұл талап қоғамда бұрыннан бар. Қазақ тілінің ресми мәртебесін бекітіп, орыс тілінің ресми статусын алып тастау керек деген пікірді көптеген қоғам қайраткері айтып жүр. Расын айтқанда бұл өзгеріске қоғам тарапынан сұраныс бар. Алайда билік бұл қадамға бармайды. Біріншіден, олардың өз түсінігінде «ішкі ұлтаралық келісімді сақтау» деген саясаты бар. Олар үшін бұл нормадан бас тарту сол саясатқа қайшы. Екіншіден, Украинадағы соғыстан кейін билік Ресейдің, Кремльдің реакциясынан да қауіптенеді. Орыс тіліне қатысты кез келген өзгеріс Мәскеу тарапынан даулы реакция тудыруы мүмкін деген қорқыныш бар. Осы екі факторды ескере отырып, билік қоғамның бұл талабына құлақ аса қоймайды деп ойлаймын.

– Сонда бұл норманы «сыртқы саяси қысымнан туған ымыра» деп айтуға бола ма?

– Жоқ, мен олай ойламаймын. Бұл норма тек Ресей талабымен пайда болды деу дұрыс емес. Биліктің өзі орыс тілінің ресми мәртебесін сақтау керек деп санайды. Олар осы арқылы ел ішіндегі тұрақтылықты сақтаймыз деп ойлайды. Бұл – кеңестік номенклатурадан қалған түсінік. Қазіргі биліктегі адамдардың көбі кеңес дәуірінде білім алған, Ресейде саяси мектептен өткен. Тоқаевтың өзі де сол буынның өкілі. Сондықтан бұл норма олар үшін дерлік «қасиетті», бас тартуға болмайтын ереже сияқты. Мемлекет Ресейге сілтеме жасап, себеп ретінде алға тартуы мүмкін, бірақ шын мәнінде олар өздері де орыс тілінің ресми мәртебесінен бас тартуға дайын емес. Себебі биліктегілердің негізгі ойлау, жұмыс істеу тілі – орыс тілі. Бұл  идеяның бастауы жоғарыдағылардың ішкі дүниетанымында жатыр.

– eGov порталында Конституцияға қатысты пікір білдіруге мүмкіндік бар екені айтылды. Халық бұған қаншалықты қатысады деп ойлайсыз?

– Халық бұл механизмге жаппай әрі шынайы түрде қатысады деп ойламаймын. Бұл көбірек көзбояушылыққа ұқсайды. «Халыққа мүмкіндік бердік» деген формальды белгі қою үшін жасалған құрал сияқты әсер қалдырады. Қандай адамдар қандай ұсыныс берді, олардың мазмұны қандай, ол ұсыныстардың қайсысы ескерілді бұл жөнінде ашық әрі тексерілетін ақпарат жоқ. Әдетте тек «екі мың адам пікір білдірді» деген жалпылама хабар таратылады. Бірақ сол адамдар нақты не жазды, олардың пікірлері Конституция жобасына қалай ықпал етті бұл беймәлім күйінде қалады.

Екіншіден, егер бізде мәслихат, Парламент, депутаттар сияқты өкілді институттар шынайы әрі тәуелсіз жұмыс істеп тұрған болса, мұндай eGov тетіктеріне қажеттілік те болмас еді. Қоғам өзі сайлаған депутаттар арқылы өз көзқарасын билікке жеткізе алар еді. Алайда қазіргі жағдайда Парламент депутаттары қоғам санасында халықтың өкілі емес, билік тағайындаған тұлғалар ретінде қабылданады.

Сол себепті eGov арқылы нақты ықпал етуге көпшілік сенбейді. Бұл механизм негізінен ақпараттық және пропагандалық мақсатта қолданылады. Ал шын мәнінде, ол қоғамдық пікірді есепке алатын тиімді құрал ретінде функциясын атқарып отырған жоқ.

– Жалпы, Қазақстандағы халықтың саяси белсенділігін қалай бағалайсыз?

– Қоғамды «саяси белсенді емес» деп сипаттау қате. Керісінше, саясатқа қатысуға деген сұраныс өте жоғары. Мұны түрлі әлеуметтік сауалнамалар да, қоғамдық талқылар да айқын көрсетіп отыр. Мәселе халықтың енжарлығында емес, билікке және қолданыстағы саяси жүйеге деген сенімнің жоқтығында. «Мен сайлауға барсам да, ештеңе өзгермейді» деген түсінік қоғамда кеңінен орныққан. Өкінішке қарай, бұл сенім бірнеше электоралдық науқан барысында іс жүзінде дәлелденді.

Мәселен, Әміржан Қосанов қатысқан президент сайлауынан кейін оның өзі шынайы саяси бәсекенің болмағанын ашық мойындады. Бұл жағдай қоғамның қалған үмітін де түбегейлі жойды. Яғни мәселе бір кандидатта немесе бір сайлауда емес – бүкіл жүйеге деген сенім дағдарысында.

Саяси белсенділік өздігінен пайда болмайды. Ол тікелей саяси жүйенің әділдігіне, ашықтығына және бәсекелестік сипатына тәуелді. Егер сайлауға бірнеше шынайы партия қатысып, халықтың дауысы үшін нақты күрес жүрсе, сонда ғана қоғамның саяси белсенділігі мен саяси сауаттылығы арта бастайды.

Ал қазіргі жағдайда қоғам саяси өмірден жүйелі түрде шеттетілген. Азаматтар өз пікірін тек әлеуметтік желілер арқылы білдіре алады, ал сайлау секілді ресми тетіктер іс жүзінде жұмыс істемейді. Өкінішке қарай, Қазақстандағы негізгі саяси институттар қоғамдық сұраныстан емес, жоғарыдан жасалған қолдан жасалған құрылым күйінде қалып отыр.

Редакция атынан: Серік Бейсембаевтың пікірінше, ұсынылып отырған жаңа Конституция қоғамдағы түбегейлі саяси өзгерістерге емес, билік үшін ең өзекті мәселе – биліктің ауысу үдерісін бақылауда және қауіпсіз жағдайда ұстауға бағытталған. Сарапшы азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтарды кеңейтуге қатысты нормалар декларатив сипатта қалып, іс жүзінде бұрыннан қалыптасқан шектеуші практиканы заңдастыруы мүмкін екенін айтады. Ал қоғам тарапынан саяси белсенділік пен өзгеріске сұраныс болғанымен, саяси жүйеге деген сенімнің жоқтығы бұл сұраныстың нақты институционал тетіктер арқылы жүзеге асуына кедергі болып отыр.

Сұқбаттасқан

Амина Мелдебек

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Хоккейші қыздар ерлігі

Ыстамбұл қаласында хоккейден 18 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионатының IIA дивизионы аяқталды. Аталмыш сайыста Қазақстан