//

Тарихи жеңіс: Қазақ спортының көкжиегін кеңейткен күн

75 рет қаралды

Фотолардың авторы: Сали Сабиров

Италия аспанының астында, мұз айдынының мөлдір төрінде Тәуелсіз Қазақстанның көк туы асқақтай желбіреді.

2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан ел намысын арқалаған Михаил Шайдоров адам сенгісіз өнер көрсетіп, Олимпиада чемпионы атанды. Бұл бір спортшының ғана емес, тұтас ұлттың жүрегін тулатқан, тарихтың жаңа парағын ашқан сәт болды.

Еркін бағдарламада Шайдоров 198.64 ұпай жинап, көрерменді де, қазылар алқасын да таңдай қақтырды.

Ал жалпы есепте ол 291.58 ұпай еншіледі. Бұл тек сан емес, бұл маңдай тер мен өлшеусіз еңбектің, қайсар мінез бен темірдей тәртіптің айғағы.

Миша мұз үстінде бес бірдей төрттік секіруді мінсіз орындады. Бұл әлемдік мәнерлеп сырғанаудың техникалық биігін жаңа белеске көтерді. Шайдоровтың әр қимылы поэзия, әр секірісі ерлік, әр қонуы жеңіс болды.

Жарыс қорытындысында екінші орынды жапониялық Юма Кагияма (280.06 ұпай), ал үшінші орынды тағы бір жапон спортшысы Шун Сато (274.90 ұпай) иеленді.

Алайда сол кештің шын жұлдызы қазақ елінің қайсар ұлы еді. Италия төрінде шырқалған Гимн, көк байрақтың биіктеуі миллиондаған жүректің толқынын бір арнаға тоғыстырды.

Бұл жеңіс Қазақстан тарихындағы ерекше белес. Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан елімізге тұңғыш алтын бұйырды. Бұған дейін бұл спорт түрінен Олимпиада тұғырына көтерілген дарабозымыз Денис Тен еді.

Ол 2014 жылы Сочи додасында қола жүлде алып, қазақ мәнерлеп сырғанауының шамын жаққан болатын. Бүгін сол шам алауға айналды.

Ал Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиада алтыны алғашқы рет 1994 жылы Владимир Смирнов есімімен байланысты.

Ол 1994 жылғы ақ аламанда топ жарып, жас мемлекеттің спорттық шежіресіне алтын әріппен жазылған еді. Енді, міне, үш онжылдықтан астам уақыт өткенде, сол алтын дәстүр жалғасын тапты.

Михаил Шайдоровтың жеңісі кездейсоқтық емес. Бұл –  табандылықтың триумфы, жүйелі дайындықтың жемісі, ұлттық рухтың асқақ көрінісі. Бұл болашақ ұрпаққа жігер, жас спортшыларға бағдар, елге сенім сыйлаған тарихи сәт.

Мұз үстінде жарқ еткен сол бір кеш қазақ спортының мәңгілік мақтанышына айналды.
Жеңіс қана емес, рухтың салтанаты.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Заңгер Гүлмира Біржанова: Мемлекет БАҚ-ты қарсылас емес, серіктес әрі қоғаммен байланыстырушы құрал ретінде қабылдауы керек

сурет ашық дереккөзден алынды “Медиа қолдау” ұйымының жетекшісі, журналистер құқығын қорғаушы заңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, Қазақстандағы