////

Заңгер Гүлмира Біржанова: Мемлекет БАҚ-ты қарсылас емес, серіктес әрі қоғаммен байланыстырушы құрал ретінде қабылдауы керек

67 рет қаралды

сурет ашық дереккөзден алынды

“Медиа қолдау” ұйымының жетекшісі, журналистер құқығын қорғаушы заңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, Қазақстандағы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс жүйесі БАҚ арасындағы бәсекені төмендетіп, саланың сапалық дамуына кедергі келтіріп отыр. Ол Еуропада мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарын салықтық жеңілдіктер мен жанама қолдау арқылы ынталандыратынын, бірақ контентке араласпайтынын айтады.

Ал Қазақстанда бұл жүйе басқаша сипатта: басылымдардың шамамен 90 пайызы мемлекеттік қаржыға тәуелді. Сарапшының пікірінше, бұл тәуелділік сөз бостандығына әсер етіп қана қоймай, медианың экономикалық дербестігін әлсіреткен. «Мемлекет журналистер мен БАҚ-ты қарсылас емес, серіктес әрі қоғаммен байланыстырушы құрал ретінде қабылдауы керек», – дейді ол.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ИНДЕКСІ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН 180 ЕЛДІҢ ІШІНДЕ 141 ДЕ ТҰР

– Соңғы жылдары Қазақстанда сөз бостандығын шектеу ашық емес, жанама сипат алып бара жатқанын құқық қорғаушылар жиі айтып жүр. Сіз де бұл мәселені бірнеше рет көтердіңіз. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы “Егемен Қазақстанға” берген сұхбатында “елде цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар жоқ” деген еді.

Алайда, журналистердің еркіндігін тұншықтыратын жаңа, бейресми тетіктер пайда болды деген пікір бар. Бүгінде сөз еркіндігін шектеудің көзге көрінбейтін, бірақ ықпалы зор қандай механизмдері белең алып отыр деп ойлайсыз?

– Сөз бостандығының жағдайын мүлде байқалмайды деуге болмайды. Мен сот процестеріне қатысатын заңгер ретінде соңғы жылдары сот тәжірибесінің нашарлағанын байқаймын. Егер он жыл бұрынғы және қазіргі журналистерге қатысты істерді салыстырсақ, сотқа тарту жағдайларының едәуір артқанын көреміз. Яғни, журналистерді азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту жиілеген. Бұрын заңнамада “жалған ақпарат тарату” бабы болмаған еді, ал бүгінде осы бап бойынша да журналистерге іс қозғалып жатыр. Бұл заңнаманың өзгеріп, жаңа шектеу түрлерінің пайда болғанын көрсетеді. Сонымен бірге, интернетті бұғаттау тәжірибесі де жалғасуда. Соңғы айларда журналистер өз аттарынан спам тарап, әлеуметтік желідегі парақшалары бұғатталғанын жиі хабарлап жүр. Мәселен, жуырда журналист Лұқпан Ахмедиаровтың YouTube арнасы тағы да бұғатталды.

Мұндай әрекеттерді бірден мемлекеттің қысымы деп айту қиын. Дегенмен, қай тараптан жасалса да, бұл журналистік қызметке кедергі келтіру және кәсіби еркіндікке қол сұғу әрекеті болып саналады. Сөз бостандығы тек сот процестерімен шектелмейді. Журналистерге ақпарат беруден бас тарту, сұхбатқа жауап бермеу, интернетті бұғаттау сияқты жағдайлар да сөз бостандығына айтарлықтай әсер етіп отыр. Ал жалпы сөз бостандығының жағдайы нашарлады ма, жоқ па деген сұраққа келсек, мұны “Шекарасыз тілшілер” (“Репортеры без границ”) ұйымының сөз бостандығы индексі арқылы бағалауға болады. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл рейтинг бойынша сөз бостандығы шектеулі елдер қатарына кіреді. Бұл көрсеткіш бір адамның пікіріне емес, сарапшылардың бағаларына, сұхбаттарға және кешенді талдауға негізделіп жасалған. Мұның бәрі осындай рейтингтер арқылы да расталып отыр.

(Редакция ескертпесі:“Шекарасыз тілшілер” (Reporters Without Borders, RSF) ұйымының 2025 жылғы “Сөз бостандығы индексі” бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 141-орында тұр. Ұйым елдегі БАҚ тәуелсіздігі мен журналистердің қауіпсіздігін “шектеулі деңгейде” деп бағалаған.

МАСС МЕДИА: СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ МЕН ЦЕНЗУРА

Осыған дейінгі сұхбаттарыңызда былтыр қабылданған “Масс медиа туралы” заң билікке цензураны таңдап қолдануға мүмкіндік берді дедіңіз. Билік бұл заңды қалай қолданып жатыр?

Заңның өзіне қарасақ, ол мүлде жаңа құжат емес. Бұрынғы «БАҚ туралы» заңның ізімен жасалған. Бұл жерде екі негізгі мәселені көремін, ол – цензура. Қазақстанда цензураның екі түрі бар: цензура және өзін-өзі цензуралау. Цензура – бұл мемлекеттің немесе тапсырыс берушінің редакциялық саясатқа араласуы. Өкінішке қарай, Қазақстандағы медиа ұйымдарының шамамен 90 пайызы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Яғни олар мемлекет қаржысына тәуелді. Сондықтан белгілі бір деңгейде цензура болуы заңды: басылымдар жарияланымдарын келісіп, тақырыптарды бекітеді. Бұл редакциялық саясатқа араласу.

Ал өз-өзін цензуралау – журналистің ішкі шектеуі. Бізде кейбір табу тақырыптар бар, журналистер ол туралы жазбайды. Бұған қоса, олар жауапкершілікке тартылудан қорқып, кейбір мәселелерді әдейі қозғамауға тырысады. Өкінішке қарай, жаңа заң журналистерге еркіндік немесе кәсіби кепілдік бермейді. Керісінше, ол ақпарат саласын уәкілетті органның, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігінің тарапынан бақылауды күшейтеді.

(Редакциялық ескерту: “Табу тақырыптар” деп — журналистер мен редакциялар қозғауға қорқатын немесе жазуға рұқсат етілмеген саяси, әлеуметтік мәселелерді айтады.)

– Азаттық радиосының тілшілері бірнеше жыл қатарынан аккредитация мәселесіне тап болып жатыр. Жақында 12 журналистің аккредитациясын Сыртқы істер министрлігі біршама уақытқа созылған күрестен кейін ұзартып берді. Қалған 16 қызметкерге оны бермеу сотта қаралады. Сотоларды шетелдік журналиске теңестірді. Бұл да былтыр қабылданған “Масс медиа туралы” заңның “жемісі” ме? Мұның салдары қандай?

Мен бұл іске тікелей қатысып жүрген заңгер ретінде айтарым – жаңа заң түбегейлі өзгерген жоқ, бірақ аккредитацияға қатысты бөлігі едәуір күшейтілді. Бұл өзгерістер тек шетелдік емес, қазақстандық журналистерге де қатысты. Осы тұста заңнама нашарлады деуге негіз бар.

Мәселе тек заңның өзінде емес. Заң жалпы нормаларды белгілейді, ал аккредитациялау тәртібі нақтырақ заңға тәуелді актілерде қосымша ережелер мен нұсқаулықтарда жазылған. Сол құжаттарда аккредитация алу шарттары егжей-тегжейлі көрсетілген. Өкінішке қарай, қазіргі жағдай кейбір қазақстандық журналистерді шетелдік БАҚ өкілдерімен теңестіріп, оларға аккредитация бермеумен сипатталып отыр.

Егер журналистер аккредитация ала алмаса, бірақ соған қарамастан жұмысын жалғастырса, бұл «Азаттық радиосының» өзіне қауіп төндіреді. Яғни, «Азаттықты» Қазақстанда аккредитациядан айыру қаупі туындайды. Менің ойымша, қазақстандық журналистерді шетелдік әріптестерімен теңестіріп, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік бермеу – мүлде қисынсыз. Біз бұл туралы сотта да айттық. Егер әңгіме шетелдік журналистер жайлы болса, иә, Қазақстанда жұмыс істеу үшін аккредитация талап етілуі орынды. Бірақ егер журналист — Қазақстан азаматы болса және Қазақстанда ресми тіркелген шетелдік БАҚ-та, мысалы, «Азаттық радиосында» жұмыс істесе, онда оған қосымша аккредитация талап ету заңға да, логикаға да сыймайды.

Қазір бұл мәселе бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Біз «Азаттық радиосының» барлық журналистері жақын арада жұмысын қайта бастайды деп үміттенеміз.

– Кей сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары билік ақпарат кеңістігін бақылауды күшейткен. Бұл журналистер мен блогерлерді «жалған ақпарат таратты» деп қудалау, сондай-ақ «Азаттық» тілшілеріне аккредитация беруден бас тарту сияқты жағдайлардан көрініс табады. Сіздің ойыңызша, билік шынымен де жыл сайын бақылау мен шектеуді күшейтіп жатыр ма? Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса ма?

– Ондай жағдай қайталанбайды деп үміттенемін. Бірақ менің байқауымша, елде саяси тұрғыда маңызды оқиғалар – сайлау, референдум сияқты науқандар жақындаған сайын, ақпарат еркіндігіне қысым арта түседі. Әдетте бұл кезде журналистерге қатысты істер көбееді, интернетке шектеу қойылады, ақпарат тарату қиындайды.

Дегенмен, мен Қазақстанда оң өзгерістер боларына сенемін. Қоғам мен мемлекет жаңғыру жолында қадам жасап жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі жағдайда тұрақтылық пен ашықтық толық орнады деу әлі ерте.

– 2024 жылы қазан айында журналист Данияр Әділбек жабық Telegram-каналында жариялаған жазбасы үшін 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл – журналистке алғаш рет “Көрінеу жалған сөз жеткізу” (419-бап 3-бөлігі) және “Көрінеу жалған ақпарат тарату” (274-бап 2-бөлігі) баптары қолданылған іс. Сіз бұл оқиғаны “өте өкінішті жағдай” деп бағалап, “үкім тым қатаң болды” деген пікір білдірдіңіз. Осы үкім журналистік ортаға қалай әсер етті? Бұл жағдай тәуелсіз ақпарат таратудың болашағына ықпал етіп жатыр ма?

– Данияр Әділбекті “көрінеу жалған сөз жеткізу” және “көрінеу жалған ақпарат тарату” баптары бойынша жауапқа тартты. Яғни, оған екі бап бойынша айып тағылған. Біз бұл істің өте ауыр жазамен аяқталғанын сондықтан айтып отырмыз. Өйткені Қазақстанда түрмеде отырған журналистер өте аз, ал Данияр Әділбек солардың бірі. Ол өз кәсіби міндетін атқарғаны үшін абақтыда отыр. Бірақ мұндай жағдай азаматтық сотта қаралуы тиіс еді. Егер біреу жарияланған материалға ренжіп, өз құқығыбұзылды деп санаса, оны азаматтық тәртіпте шешуге болады. Алайда Қазақстанда алғаш рет журналист “көрінеу жалған сөз жеткізу” бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Бұл – қауіпті және бұрын-соңды болмаған жағдай. Себебі мұндай прецедент болашақта журналистердің зерттеу жүргізуіне кедергі келтіруі мүмкін. Олар кез келген сын материал үшін “жалған ақпарат таратты” деп айыпталуы ықтимал. Біз бұл жазаны шектен тыс және пропорциясыз деп есептейміз. Өйткені журналист қазір қылмыс жасаған адамдармен, ұрлық, кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыстар үшін сотталғандармен бірге түрмеде отыр. Ол қоғамға қандай қауіп төндірді, неге түрмеде отыруы керек? Сондықтан бұл жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Қазақстанда түрмеде отырған журналистер көп емес, бірақ сол аздың бірі – кәсіби қызметіне байланысты сотталған Данияр Әділбеков.

ШЕТЕЛ АГЕНТІ ЗАҢЫ: ТӘУЕЛСІЗ МЕДИАҒА ҚАУІП ПЕ?

– Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова 2025 жылы «шетел агенті» туралы заң қабылдауды ұсынды. Ол бұл бастаманы ұлттық мүддені қорғау қажеттілігімен байланыстырды. Бірақ Ресейде дәл осындай заңның тәуелсіз медиаға қысым жасау құралына айналғанын халықаралық ұйымдар бірнеше рет атап көрсеткен. Сіздің ойыңызша, бұл заңның Қазақстанда да қабылдану қаупі бар ма? Егер қабылданса, Қазақстандағы тәуелсіз журналистика мен азаматтық қоғамға қандай салдары болуы мүмкін?

– Әрине, біз бұл бастамаға қарсымыз. Жалпы, «шетел агенті» деген сөздің өзі дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі қарапайым адамға «бұл – шетел агенті» деп айтса, бірден «тыңшы», «басқа елдің өкілі» деген теріс түсінік қалыптасады. Бұл ұғым қоғамда адамдарға сенімсіздік тудыратын, жағымсыз реңкке ие. Сондықтан мұндай заң жобасы қабылданбауы керек. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай бастамалар АҚШ-та Трамп билікке келгеннен кейінгісаяси өзгерістерден кейін белең ала бастады. Содан соң кейбір біздің мемлекеттік органдар да заңнамаға осындай түзетулер енгізу қажет деп санады. Бұл заң Ресейде, кейін Қырғызстанда, тіпті жуырда Грузияда қабылданды. Мұның бәрі жақсы белгі емес. Себебі мұндай заңдар қоғамда теріс стереотиптер қалыптастырады. Бұл жай ғана «біреуді шетел агенті деп атау» емес, сонымен бірге түрлі қаржылық және әкімшілік шектеулер енгізуді білдіреді. Мысалы, менің жұмысымның маңызды бөлігі – парламент, министрлік, жұмыс топтары деңгейінде пікір алмасу, заң жобаларын талқылау. Ал шетел агенттері туралы заң қабылданған елдерде мемлекеттік органдар мұндай мәртебесі бар ұйымдармен мүлде диалог жүргізбейді. Бұл азаматтық қоғам үшін үлкен қауіп. Қазір Қазақстанда да осыған ұқсас бастамалар бар. Қаржы министрлігі былтыр шетелдік қаржыландыру алатын ұйымдардың тізімін жариялаған болатын. Енді олар бұл тізімді кеңейтіп, кімнен қанша қаражат алынғанын ашып көрсету жүйесін енгізуді ұсынуда.

Бір қарағанда бұл ашықтықты арттыру шарасы сияқты көрінеді. Бірақ мәселе мынада: егер біз шынымен ашықтық туралы айтып отырсақ, ол барлық салада болуы тиіс. Ал «шетел агенті» заңын енгізуді жақтаушылардың басты уәжі – терроризм мен экстремизмнің алдын алу. Алайда Қазақстанда онсыз да тұрақтылық бар. Керісінше, ел ішінде ашық жұмыс істеп жатқан, ресми тіркелген ұйымдар мен медиа Қазақстанның дамуына үлес қосып отыр. Ал шын мәнінде заңсыз әрекетпен айналысатындар, радикалды көзқарастағылар мұндай ашық алаңда жұмыс істемейді. Сондықтан бұл жерде ұғымдарды әдейі шатастыру бар.

“БІЗ ҰСЫНҒАН ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ БӘРІ ҚАБЫЛДАНА БЕРМЕЙДІ…

– Сіз өз сөзіңізде ұйымдарыңыздың құқықтық бағытта жұмыс істейтінін, заңнаманы жетілдіруге үлес қосатынын атап өттіңіз. Мемлекет мұндай ұйымдарды “одақтас” ретінде қабылдауы керекдедіңіз. Қазір билік пен құқық қорғау ұйымдары арасындағы серіктестік қалай жүріп жатыр? Ұйымдарыңыздың үні билікке жетіп жатыр ма?

– Қазақстанда пікірімізге мүлде құлақ аспайды немесе еш жерге шақырмайды дей алмаймын. Парламент пен түрлі жұмыс топтарында өз көзқарасымызды білдіруге мүмкіндік бар. Мемлекет те сарапшылармен диалог орнатып, пікірін естуге тырысады.

Алайда бұл диалогтың нәтижесінде біз ұсынған өзгерістердің бәрі қабылдана бермейді. Кей ұсыныстар ескеріледі, кейбірі назардан тыс қалады. Мысалы, «БАҚ туралы» заң жобасын талқылау кезінде біздің ұсыныстарымыздың бір бөлігі қабылданды. Бірақ журналистердің кәсіби қызметін едәуір жеңілдететін түбегейлі өзгерістер енгізу әзірге мүмкін болмай отыр. Дегенмен диалог бар және ол әр ұйымның жұмыс форматына байланысты. Біздің ұйым құқықтық бағытта жұмыс істейді: сот процестеріне қатысамыз, журналистерге құқықтық көмек көрсетеміз, заңнамалық бастамаларды талқылауға қатысып, оқыту жобаларын ұйымдастырамыз. Біз барынша конструктивті диалог орнатуға тырысамыз. Ал бұл диалогтың нәтижесін уақыт көрсетеді.

“БҰЛ ӨЗ КЕЗЕГІНДЕ, КӨПТЕГЕН РЕДАКЦИЯЛАРДЫ “ЖАЛҚАУ” ЕТТІ..”

– БАҚ-тың шынайы тәуелсіздігі қаржылық еркіндікке тіреледі. Бірақ Қазақстанда жарнама нарығы шектеулі, ал мемлекеттік тендерлерге қатыспаса, көптеген медианың өмір сүруі қиындайтыны жасырын емес. Осындай жағдайда қаржылық тәуелділік журналистердің жұмысына қаншалықты әсер етеді?

-Мәселе негізінен мемлекеттік ақпараттық тапсырыс жүйесінде жатыр. Біз бұл туралы жиі айтып келеміз. Қазақстанда бұл жүйе біршама дұрыс жолмен жұмыс істемейді. Көптеген еуропалық елдерде мемлекет БАҚ-ты қолдайды — бұл қалыпты тәжірибе. Әсіресе нарықтық экономика жағдайында бұл өте маңызды. Бірақ айырмашылық мынада: Еуропада бұл мемлекеттік қолдау деп аталады, ал мемлекет БАҚ-тың контентіне немесе редакциялық саясатына араласпайды. Ол тек жанама түрде көмектеседі. Салықтық жеңілдіктер береді, баспа шығындарын өтейді. Бірақ БАҚ мазмұнына ешқашан араласпайды. Қазақстанда мемлекеттік ақпараттық тапсырыс жүйесі мүлде басқа сипатта. Қазір еліміздегі БАҚ-тың шамамен 90%-ы осы жүйеден қаржыландырылады. Бұл өз кезегінде, көптеген редакцияларды «жалқау» етті. Мемлекеттен қаржы алса болды, олар үшін сол жеткілікті сияқты. Кей журналистер мұны «мемлекеттік тапсырыс инесіне отырғызу» деп атайды, себебі бұл жүйе БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Нәтижесінде ең көп ұтылатын — мемлекеттің өзі. Ресейдің «Бірінші арнасын» солтүстік аймақтар әлі де көреді, өйткені ол көңіл көтеру контентіне бай. Бұл жақсы үрдіс емес, қазіргі заман ақпарат соғысы мен насихат кезеңі. Мемлекет керісінше журналистер мен БАҚ-ты қарсылас емес, серіктес әрі қоғаммен байланыстырушы құрал ретінде қабылдауы керек. Қазір медиа үшін экономикалық тұрғыда өмір сүру өте қиын. Мысалы жуырда «Уральская неделя» редакциясымен сөйлестім, оларға жұмыс істеу өте қиынға соғуда.

Көптеген басылымдар қазір краудфандингке жүгінуге мәжбүр. Жарнама да азайған, жарнама берушілер блогерлерге кетіп жатыр. Себебі олар «Неге бізге 10-ақ қаралымы бар медиаға төлейміз? блогерге төлесек, мыңдаған қаралым аламыз?» дейді.

(Краудфандинг — көп адамның аз-аздап ақша жинап, бір жобаны, идеяны

немесе бастаманы қаржыландыру тәсілі – ред.)

Билік мемлекеттік тендер арқылы ақпараттық кеңістікті шектеп, тек мемлекеттік емес, тендер алатын жекеменшік басылымдарды бақылауда ұстайды деген пікір бар. Мысалы, АЭС салу референдумының алдында тек мемлекеттік басылымдар ғана емес, тендерге тәуелді жекеменшік басылымдар да АЭС салуды қолдайтын материалдар жариялады. Бұған қатысты не дейсіз? Тендер цензура мен сөз бостандығын шектейтін құрал ма?

– Бұл адалдықты сатып алу, пропаганда деп аталады. Кім ақша берсе, ережені сол қояды. Біз мұны қазір анық көріп отырмыз. Бұрын мен айтқандай, жарнама беруші көп жазылушысы бар блогерлерге барады, дәл сол сияқты мемлекет те қазір ірі блогерлерге ақша төлеп отыр. Олар тендер, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс арқылы белгілі бір күн тәртібін ілгерілету үшін төлейді. Бұл жерде мемлекет те өзінше жарнама беруші болып отыр. Бұл теңсіз жағдайлар туғызады. Ең алдымен бұл цензура, әрі сөз бостандығына әсер етеді.

Билік тарапынан медиаға ашық тыйым салудан гөрі, тендерлер арқылы бақылау, аккредитациядан шеттету және заңдық терминдерді бұлыңғыр жазу сияқты “жұмсақ қысым” формалары жиі қолданыла бастағанын айттыңыз. Билік Жаңа Қазақстан мен саяси реформаларға бағыт алғанын айтады. Олардың бұл уәдесі іспен қаншалықты үйлеседі?

– Егер Орталық Азия аймағын алатын болсақ, Қазақстан қазір бұл өңірдегі ең қолайлы жағдайда тұрған елдердің бірі. Мен жуырда Түрікменстанда, Тәжікстан мен Өзбекстанда болдым — салыстырмалы түрде алғанда, сөз бостандығы деңгейі бойынша Қазақстан аймақтағы флагман, яғни көшбасшы ел деуге болады. Дегенмен, Қазақстанның әлеуеті бұдан да жоғары деп ойлаймын — әрі географиялық, әрі геосаяси тұрғыдан елдің мүмкіндігі мол. Бірақ осы геосаяси жағдайдың артықшылығы да, кемшілігі де бар. Себебі мемлекет бір жағынан Ресеймен, екінші жағынан

Еуропа, Америка және Қытаймен қарым-қатынасты тең ұстауға тырысады. Бұл — бір жағынан артықшылық, екінші жағынан белгілі бір тәуекел тудырады. Болашаққа қатысты да сұрақ көп. Алдағы үш жылда Қазақстанда президент сайлауы өтеді. Сол кезде сөз бостандығына қысым жасалмайды деп үміттенемін. Өкінішке қарай, соңғы кезде журналистерге қатысты сот істерінің көбеюі, аккредитациядан айыру фактілері сияқты жағдайларалаңдатады. Сондықтан Қазақстандағы сөз бостандығының қазіргі ахуалы толық оң деуге келмейді. Ашығын айтқанда тенденция жақсы бағытта емес.

“МІНДЕТТІ ТҮРДЕ БЕЛГІЛІ БІР РЕДАКЦИЯДА ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ”

– LMC сайтына берген сұхбатыңызда журналистер көбіне өз құқығын білмейтінін айтқан екенсіз. Қазіргі студенттер оқуды аяқтаған соң тәуелсіз ақпараттық кеңістік барған сайын тарылып бара жатқан жағдайда қайда жұмысқа барады? Олар медиа кеңістікте тәуелсіз журналист ретінде өз орнын таба ала ма?

– Қазір медиа саласында көптеген қызықты әрі сапалы жобалар пайда болып жатыр. Бұл журналистер үшін үлкен мүмкіндік кезеңі. Қазір міндетті түрде белгілі бір редакцияда жұмыс істеудің қажеті жоқ, әркім өз медиажобасын дамыта алады. Маған жаңа форматтағы тәуелсіз медиалар ұнайды. Әрине, бәрі бірдей тұрақтап кете алған жоқ, мысалы, «Про тенге» жобасы өз жұмысын тоқтатты. Бірақ мен студенттеріме мүмкіндік бар, тек соны пайдалану керек деп үнемі айтамын. Қазақстанда мүлде тәуелсіз БАҚ жоқ деу де дұрыс емес. Бұл жерде бәрі адамның өз мақсатына байланысты. Кей студенттер мемлекеттік телеарнада, мысалы, «Хабарда» жүргізуші болуды қалайды, ал кейбіреулерге Асхат Ниязов сияқты әкімнің соңынан жүгіріп жүрген журналист ұнайды. Бұл — әркімнің өз таңдауы және қалыпты жағдай. Біреулер билікпен жұмыс істегісі келеді, ал біреулер, керісінше,

«Азаттық» сияқты, бәрінен қуылып жүрсе де, шындықты айтқысы келеді. Қазір журналист ретінде өзін жүзеге асырудың мүмкіндігі көп. Мемлекеттік БАҚ-та болсын, тәуелсіз басылымда, пиар агенттігінде, баспасөз қызметінде немесе жеке медиа жобада бәрі ашық. Цифрлық медиа кеңістіктің дамуы да осы мүмкіндіктерді кеңейтіп отыр.

Сұхбатты жүргізгендер: 

Жадыра Әділбекқызы, Балнұр Жақсылық, Лаура Маркарждарова және Асылғали Қамалұлы, 

SDU Журналистика мектебінің 2 курс студенттері

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар