//

Жаңа Конституция жобасы: Ұсыныстар қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасып жатыр

66 рет қаралды
Сурет egov.kz сайтынан алынды

Қазақстанда 2026 жылғы ұсынылып отырған Конституцияның жаңа жобасында Президент институтына қатысты нормалар айқындалып отыр. Құжаттың III бөлімінде мемлекет басшысының мәртебесі, сайлану тәртібі, өкілеттік мерзімі мен құзыреттері нақты көрсетілген.

Жобаға сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті мемлекет басшысы болып қала береді және елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын ең жоғары лауазымды тұлға ретінде белгіленеді. Сонымен қатар, Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде айқындалады.

Конституция жобасында Президентті сайлау тәртібі нақты бекітілген. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары тарапынан жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайланады.

Маңызды жаңалықтардың бірі: бір адам бір реттен артық Президент болып сайлана алмайды. Бұл норма өзгермейтін конституциялық қағида ретінде бекітіліп отыр.

Президенттікке үміткерге қойылатын талаптар да нақты көрсетілген. Жобаға сәйкес, Президент болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, жасы қырықтан асқан, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, елде соңғы 15 жыл тұрақты тұрған, жоғары білімі бар және мемлекеттік немесе сайланбалы лауазымда кемінде бес жыл жұмыс істеген азамат сайлана алады.

Сайлау нәтижесі дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астамының қолдауына ие болған кандидаттың пайдасына шешіледі. Егер бірде-бір үміткер бұл межеден аса алмаса, ең көп дауыс жинаған екі кандидат арасында қайта дауыс беру өткізіледі. Қайта сайлауда ең көп дауыс алған үміткер жеңімпаз деп танылады.

Президенттің кезекті сайлауы өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс және Құрылтайдың жаңа құрамын сайлау мерзімімен тұспа-тұс келмеуі қажет.

Президент сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейін бір ай ішінде халыққа салтанатты түрде ант беріп, қызметіне кіріседі. Ант беру рәсімін Құрылтай депутаттары мен сот органдарының өкілдері, сондай-ақ қоғам өкілдерінің қатысуымен өткізу ұсынылып отыр.

Мемлекет басшысының өкілеттігі жаңа сайланған Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап немесе оның өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына байланысты міндетін атқара алмауына, қызметінен кетірілуіне не қайтыс болуына байланысты тоқтатылады.

Конституция жобасында Президенттің саяси бейтараптығына қатысты шектеулер көзделген. Атап айтқанда, мемлекет басшысының саяси партияда болуына, өзге де ақы төленетін қызмет атқаруына және кәсіпкерлікпен айналысуына тыйым салынады. Сондай-ақ Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси лауазымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылық қызметтерінде жұмыс істеуіне шектеу қойылады. Бұл нормалар биліктің шектен тыс шоғырлануына жол бермеуге бағытталған.

Жобаға сәйкес, Президент Үкімет пен Құрылтайды қалыптастыруға қатысады, бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындайды, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы болып танылады және халықаралық қатынастарда мемлекет атынан өкілдік етеді.

Сонымен қатар, Конституция жобасында Президентті мерзімінен бұрын қызметінен босатудың және оның өкілеттігін уақытша беру тәртібі де нақты регламенттелген.

Жобаны дайындау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру бастамасымен байланысты. Жобада Преамбуладан бастап 11 бөлім және 95 бап ұсынылған, оның ішінде Президент институтына қатысты нормалар толық қамтылған.

Ұсыныстар қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасып жатыр, ал Конституциялық комиссия жұмысы ашық түрде жүргізілуде. Жаңа Конституция бойынша нақты шешім ел азаматтарының жалпыұлттық референдумында қабылданатын болады.

Әмина Мелдебек

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Хоккейші қыздар ерлігі

Ыстамбұл қаласында хоккейден 18 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионатының IIA дивизионы аяқталды. Аталмыш сайыста Қазақстан