Сурет akorda.kz сайтынан алынды
Алматы қаласында сот әкімшілігі ғимараты үшін сатып алынған мемлекеттік елтаңба қоғамда қызу талқылауға себеп болды. Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сәйкес, диаметрі 1,5 метр болатын елтаңба 1 150 000 теңгеге сатып алынған.
Елтаңба сатып алу қалай өткен?
Ulysmedia дерегінше, сатып алу 2025 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан. Құжаттарда өнім мемлекеттік стандарт – СТ РК 989-2014 талаптарына сәйкес дайындалған пластик елтаңба ретінде көрсетілген. Сонымен қатар келісімшартта оның түсі алтын, ал жеткізу орны Алматы қаласы, Медеу ауданы, Гоголь көшесі, 47 мекенжайы екені жазылған.
Сатып алу «өтпей қалған сатып алу бойынша бір көзден алу» тәсілімен жүргізілген. Жеткізуші ретінде жеке кәсіпкер Маметиязова көрсетілген. Құжаттарға қарағанда, бұл қарапайым пластиктен жасалған мемлекеттік символ.
Техникалық сипаттамада елтаңбаның дөңгелек пішінді екені, ортасында шаңырақ, айналасында уықтар мен қанатты тұлпарлар бейнеленгені және «QAZAQSTAN» жазуы бар екені көрсетілген. Яғни мемлекеттік рәміздің негізгі элементтері стандартқа сәйкес орындалуы тиіс.
Дәл осындай материалдан жасалған мемлекеттік елтаңбалар басқа мемлекеттік органдар тарапынан әлдеқайда арзан бағамен сатып алынған.
Мысалы, 2025 жылы:
- Ақтау әкімдігі 1 метрлік елтаңбаны шамамен 143 мың теңгеге,
- Астана сот әкімшілігі 169 мың теңгеге,
- Шалқар ауданы әкімдігі 177 мың теңгеге,
- Геология комитеті 214 мың теңгеге сатып алған.
Барлығы бірдей пластик материалдан жасалып, сол мемлекеттік стандартқа сәйкес келеді. Осыған байланысты 1,5 метрлік елтаңбаның бағасы неге бірнеше есе жоғары екені қоғамда сұрақ туғызды.
Мемлекеттік органның жауабы
Бұл жағдайға байланысты «Мінбер» ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі департаментіне және Қаржы министрлігіне ресми сауал жолдады.
Сот әкімшілігінің мәліметінше, мемлекеттік елтаңбаны сатып алу алғашында баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жарияланған. Алайда конкурсқа тек бір ғана әлеуетті жеткізуші – OMG Company қатысқан. Соған байланысты сатып алу 2025 жылғы 24 қазанда өтпеді деп танылған.
Кейін аталған компанияға бір көзден сатып алу тәсілімен келісім жасауға шақыру жіберілген, алайда белгіленген мерзімде жауап түспеген.
Осыдан кейін сатып алу қайта жарияланып, оған жеке кәсіпкер Маметиязова ғана қатысқан. Мемлекеттік сатып алу қағидаларына сәйкес, жүйе автоматты түрде осы жеткізушімен бір көзден келісім жасау рәсімін бастаған.
Нәтижесінде мемлекеттік елтаңбаның бағасы 1 150 000 теңге болып белгіленген.
Сот әкімшілігінің мәліметінше, сатып алынған елтаңба полиэфирлі шайырдан жасалған және мемлекеттік стандартқа сәйкес өндірілген. Баға құрамына өнімнің өзі және оны жеткізу шығындары кіретіні айтылған.
Ал Қазақстанның Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуда тауар бағасы нарықтық ұсыныстар мен орташа бағалар дерекқоры негізінде жоспарланатынын хабарлады. Сонымен қатар сатып алынған тауардың нарықтық құнға сәйкестігі қажет болған жағдайда мемлекеттік аудит органдары тарапынан тексерілуі мүмкін екенін атап өтті.
Ашық қалған сұрақтар
Дегенмен ресми жауаптарда елтаңбаның нақты өндіріс құны немесе сметасы көрсетілмеген. Сондай-ақ дәл осындай көлемдегі мемлекеттік рәміздің нарықтағы орташа бағасы туралы салыстырмалы мәлімет берілмеді.
Тағы бір назар аударатын жайт — сатып алуға екі рет жарияланған конкурсқа да бір ғана жеткізуші қатысқан. Бұл мемлекеттік рәміздерді өндіру нарығында бәсекенің қаншалықты жоғары екені туралы сұрақ туындатады.
Осылайша, ресми жауаптар сатып алу рәсімінің қалай өткенін түсіндіргенімен, мемлекеттік елтаңбаның бағасы неге дәл 1,15 млн теңге болғаны туралы толық экономикалық негіздеме жария етілген жоқ, бұл сұрақ әлі де талқылауды қажет етеді.
Амина Мелдебек
