Туған өлкем – Марқакөліме арнаймын.
Автор
Жазғы мөлдір аспан маған телміріп, мен көкке емініп, тіршілік жалғасып жатыр. Мен – көктің айнасымын, ол өз келбетін менен көреді, көк-жердің панасы, жамандық атаулыдан жерді қалқалап, оған төңкерілген шаңырақ іспетті. Аспан да, мен де әрі, ұқсаспыз, әрі бөтенбіз.
Бірдей көк түсте құбыламыз, тіршілікке кең құшағымызды жаямыз, бөгдеміз: ол шырқау көктен үңіледі, мен Жер-ананың құрсағында тербелемін. Иә, тербелемін, шалқимын, кейде тіпті толқимын, өзім үзбей шырқайтын тіршіліктің әніне балқимын. Өйткені хас сұлудың көз жасындай мөлдірмін, кіршіксіз тазамын. Мен – тіршіліктің анасымын, қойныма бүккем өмір сырын. Мен-өмірдің әкесімін, алалап көрмегем ешбірін. Толқын болып, өмірдің маңдайынан сипаймын, алақаным ыстық. Асып-тасқан ұл болса, аптығын басамын, толқыным суық.
Мейірімім мол тіршіліктің бар қатесін кешетін, қаталдығым да жетерлік суық леп болып есетін. Маған қараған жан болса, өзін көреді шынайы. Бар болмысына көз жіберіп, тұңғиығымнан сыр ұрлайды. Құпиямды әр толқыныма жасырып, мен жатамын көсіліп. Көк айдынымда жел ойнайды, бұлалығын асырып. Алтай – анадан кең тыныс аламын мерейімді өсіріп, қойнауымдағы барша тіршілік иелерін мәпелеймін, байлығымды болашаққа көшіріп. Марқакөл деген сұлудан біткен атым бар, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болған затым бар. Көк айна көлмін мен, сұлулықтан енші алып, уақытпен мәңгі табысқам. Ару Алтайдың жарқыраған жанарымын, Күршім, Азутау жоталары – қос тынысым. Суым – зәмзәм, толқыным – жібек, жағам-жасыл желек. Айдыныма шуағы шашылған Күн де бақытты, түн баласы алтын нұрын аямай төккен Ай да бақытты. Ажарыма көз тояттатып, Адам салған әнін шаттықтың. Бұл шаттық сезім төресі махаббаттан жаралған, бір сөнбейтін ұлы сенімнен нәр алған. Баяндайыншы мен бүгін махаббат жырын, менің жағамда серт етіп, құшақтары мәңгі айқасқан ғашықтар сырын. Өзім куә болған нағыз махаббаттың жайын толғайын, өйткені мен қартпын, шежіреге баймын. Мені Марқакөл атандырған сол екі ғашықты саған үлгі етейін, өренім, себебі мен мәңгі жаспын. «Атың неге Марқакөл?» деп таңырқаған жан болсаң, аңызыма құлақ түр!
Дәуірлермен құрдас, уақытпен замандас мен мезгілді місе тұтпаймын. Бірақ жадымда сол бір ғажайып махаббат оқиғасы мәңгіге сақталған. Жайнап, жасарып жаз келсе, тау өзендері мен жылғалар мені жарылқайтын, олардан жеткен судан айдыным толысып, арнам кеңитін. Өзімнен ұзап шығар жалғыз ұлым Қалжыр ғана, шипалы суымнан өзге тіршілік дәм татсын деп, Қалжырымнан сәлемдеме жіберетін кезім де осы жаз. Өмір әні талмасын, тіршілік қалжырамасын! Менің еш өзгермейтін жалғыз тілегім осы. Жаз мезгілін жаным сүйеді, жағам тіршілікке толып, өмір базары қазандай қайнап, ырыс-құтым тасып бір беретін шұғылалы шақ. Жаз шыға, жағалауымды жайлауға айналдыратын бай ауылы әдетінше көшіп келіп, көл айналасын құтты қоныс етті. Дәулеті асып, ырысы тасыған Мырзабек ауылының ішкені алдында, ішпегені артында, қызықты дәурен сүріп жатты. Самырсын мен қарағайы сыңсып, ақ қайыңы тізіле өскен орманды өлке оның қалың жылқысының жайылымы болды. Жер жарықтық мұнша жомарт болар ма, болат тұяқты тұлпарлар сан рет жүріп өтсе де, шалғыны жапырылмады. Қайта бауырында тіршілік қызған сайын, жер-ананың берекесі кіріп, тірлігі қыза берді.
Мырзабек жеті атасынан құт дарыған төре еді, жанға да, малға да бар еді. Бай ауылының көркі, бәйбіше отауының ажары-жалғыз қызы Айбике болатын. Сұңғақ бойлы, нәзік болмысты, қоңырау үнді хор қызы көп ішінен дараланып, көзге оқшау ілінетін. Ақ жібек көйлегінің етегі судырап, әр адымын бұраңдай басқанда, аққудың көгілдірі айдынды сызып өткендей сұлу кейіпте көзге ұратын. Жанарының мөлдірлігі менің суымдай, кірпігінің қалыңдығы жағама біткен нуымдай. Алтын шолпысын сылдыратып, төбе басына шығып, Айбике кеш бата маған көз талдыратын, мен оған қарап, жан құмарымды қандыратынмын. Көл мен қыз, біз сырлас едік, кейде тіпті мұңдас едік. Ол да іштей жалғыз болатын, мырза әкесі мен ақылшы анасы бар, бес ағасы мен бес жеңгесі үйіріліп, оны жалғыздыққа әсте бермейтін. Сонда да сұлудың жаны өз сүйгенін армандады. Ол құлпырып, он беске толар-толмаста алыс-жақыннан құда түсіп келушілер көбейді. «Қызы бардың назы бар» деген Мырзабек ешкімге ыңғай бермеді, қымбат қалың айтса да, дегендеріне көнбеді. Әке көңілі өз қызын жан баласынан артық көріп, оған ешкімді теңгермеді. Қызының өз жүрек қалауы болуы мүмкін екеніне де мән бермеді.
Жаздың әр күні мереке, әр кеші береке. Үлкендер жағы кеңес құрып, кілегей қатқан қою шайға қанып, үй іргесін түргізіп қойып рахаттанады. Жастар болса алтыбақан құрысып, әуелете ән салады. Айбике де сауықшыл топтың ішінен табылған. Алтыбақанда жеңгесімен бірге тербетілген Айбике мұңды әнге басты:
-Лауламай көңіл шырағым?
Таба алмай жүрек пырағын,
Құсамен атып әр таңым,
Білмеймін қашан тынарын!
Мұңды сыбызғы үнге табиғат құлақ түрді. Самырсын мен қарағайдың басын жел шайқаудан тыйылды. Мен толқығанымды жасыра алмай, жағаны ұрдым. Түн шырақшысы Айдың нұры айдыныма түсіп, дір-дір етіп тұрып қалды. Айбикенің шырқатқан шерлі әніне жауап бермек болып, жел қайта уілдеді. Мен самал желден көңілінің шырағын іздеген ару қызға сәлем айттым:
– Әніңе сенің, аруым,
Езіліп кетті бауырым,
Тілегім менің – мәңгілік
Махаббат болсын тартуым!
Жаны сезімтал сұлу Айбике желден жеткізген лебізіме риза болып, көңілі шалқып, жағама жақын келіп, айдыныма көз тікті. Бейнебір ұсақ толқындарымның арасынан өзі армандаған сері жігіт суырылып шығып, қолын ұсынардай ынтыға қарады. Мен сол баяғы әнімді күбірлеп жата бердім тербеліп. Жағамда бір тізерлеп, ай нұрына малынып отырған осынау сұлу мүсінді бойжеткенмен сырласа бергім келеді.
-Бикем-ау, сені іздеп табанымнан таусылдым ғой. Жұрттың бәрі тарағанда, зып етіп қайда кеттің? Зәрем ұшты ғой, – деп кіші жеңгесі Нұрайлы иығынан қаққанда барып, менен көзін әрең аударды.
-Кіші жеңге, қарашы, көл беті жыбырлап, маған тіл қатып жатқандай. –Айбикенің әсерлене, толқи айтқан сөзін елең қылмаған Нұрайлы оны қолынан жетектей жөнелді. Қызғыштай қорып жүрген жалғыз қайынсіңлісін қалай көзінен таса етсін?! Айбике жағамнан алыстап кетсе де, оның бейнесінен тараған нұр айдынымда тарамай, ұйып қалды. Түн қараңғысында қалғып бара жатқан мені қоршаған таулар да аппақ сәуледен сергек серпін алып, көз іліндіруді қойды. Ғашығын аңсаған жарты жүректің әні сәуле болып, асқақ тауларға шашылды. Маған ықтасын болып, тағдырдың кесапатына жондарын тосып келген батыр таулар мұңлық әнін жылқы баққан жігітке жеткізді. Жылқылар жусап жатқанда, жігіттің құлағына бір әуен, ғажайып әуен талып естілді. Көк шөпке жантайып, жұлдыз санап жатқан жігіт орнынан атып тұрды. Бейнебір Айдан хабар алғандай көкке қадалды. Ертегідегі Ай астындағы Айбарша сұлу өзіне сонау биіктен қол бұлғап тұрғандай әуеге көз салды. Таулар Айбикенің әнін бір-бірінен қағып алып, жаңғырықтыра жөнелді: «Лауламай көңіл шырағым…» Балуан денелі жігіт енді тауларға телмірді. Жас жігіттің бойында қаны қызып, тыпырши берді.
-Мұндамын, менің іңкәрім!-деп зор даусымен нұрға бөккен таулардан көлге қарай дауыстады. Айбикеге айтар аяулы сырымды тұңғиығыма жасырып, арудың жағама келуін күттім.
Алтайдың ақ ару таңы атты. Қызыл арай айдынымды аймалап жатты. Құшағымдағы тіршілік атаулыны ана болып тербетіп мен жаттым. Толқынды толқын қуалап, сұлуды тостым қамыққан. Жылқышы жайын жеткізіп, қыз көңілін елең еткізіп, ада еткім келді халден торыққан. Түс ауа айдынымды таулардан түскен көлеңке жапқанда, жүрегі арманға толы арудан сүйінші сұрадым:
-Айбике, -дедім жағама келіп, ақ жүзін жуған бойжеткенге,-сүйінші! Сен салған әнге бір жігіттің көңілі елегізіп қалды.
Қыз жаны жұмбағы көп ну жыныс орман секілді, кеше кешке алас ұрған жалыны қайтыпты, бейқам, мүлде алаңсыз күйге еніпті. Мұнысы қалай? Тағы да жағаны жұмсақ аялап, сыр айтып бақтым. Ол алақанын толтыра су алып, көкке шашты. Бай қызына жылқышы жігіттің сырына қанған тамшылар толассыз тамды.
– О, таулар! Уа, көл-ана! Алладан Адамзатқа ұлы сый етіп берілген махаббат маған да бұйырайын деп тұр ма?
Қырмызы қыздың шаттанған үнін айбарлы таулар жұлып алып, жылқышы тұсқа жеткізді. Осылайша біз, табиғат қос ғашықтың алғашқы кездесуіне куә болдық. Жүрек үнін жолбасшы етіп, жылқышы жігіт көлді төңіректеп келгенде, Айбике отауында отыра алмады. Жеңгесін шақырып, сырт көзден аулаққа кетуге мүмкіндік туғызуын сұрады. Бұл кезде Ай сүттей жарық еді. Жеңгесі ерке бикесінің айтқанын екі етпей, бастарына шапан жамылып, жарқабақты тұсқа келіп отырды.
-Сағым қуып жүрсің ғой, еркем,-деп сыбырлады Нұрайлы.
-Жоқ, кіші жеңгем, жүрегімнің жырын тыңдап жүрмін. Жолықтыратындаймын серімді.
Айбике үміттене сөйлеп, махаббат сырын алғаш аңдатқан маған үңілді.
-Су жағалай берсек, кездестірерсің періңді!
Нұрайлының сөзіне Айбике селт етпеді. Тек ту сыртынан әлдене қараң етіп өте шыққандай болғанда ғана орнынан көтерілді.
-Мүмкін, шынымен де елес қуып жүрген шығармын. Жүрегім алдаған болар.
-Жоқ, – дедім мен жар түбінен биікке атылуға дәрменім болмай,-жоқ, Қамбар ата баласын баққан жігіт сезімін де баптаған.
Осы сәт Айбике тым-тырыс тұрып қалды. Жеңгесі екеуі бірге көлге сүйсіне көз салды.
-Біз бақыттымыз, мынадай сұлу өлкеде өмір кешіп жүрген,-деп сыбыр етті Нұрайлы.
-Бақыттымыз,-деп ерні жыбыр етті Айбике.
-Көлге ғашық арулар, сәлем бердік,-деп қатарласа өскен шыршалар тұстан әлдекім бұларға қарай жақындай берді.
-Қашайық! Ұры болар!-Нұрайлының зәресі зәр түбіне кетіп, Айбикені қолынан тартты.
-Жүрегім алдамады! Көлге ғашықпын! Аңсарымды көруге асықпын!-Сұлудың отты сөзі албыртқан жігіттің көңіліне өрт болып тиді. Қысқа сырласу кейінгі кездесу жайын кеңесумен тәмам болды. Махаббат мейрамына көк пен көл куә болдық.
Жылқышы жігіт Күнсейіт байдың жалшысы еді. Әкесі байдың барымташысы болатын, суық іспен айналысып, ақыры дұшпандары мерт еткен. Кедейлік пен жетімдік қос бүйірден қысса да, Арлан рухының жалауын бір түсірмеген. Күнсейіт бай өзінің кенже ұлына Айбикені айттырғанда, Мырзабек көнбей қойғанын да естіген. Енді түнгі көлдің сұлулығына көз тойдырып отырып, өзінің бақыты жары екенін іштей мойындағысы келмей алас ұрды.
– Сенің сыңсыта салған махаббат әніңді естіп, көл бойына аңсарым ауды! Мен хор қызын елестетіп едім, ал сен қанатты періштеден аумайсың!
Жігіттің жалынды сөзіне ерке қыз наздана түсті.
– Қанатым жоқ қой, әйтпесе көлдің сен жақ тұсына ұшып барар едім.
– Екеумізде де қанат бар махаббат деген. Тек өзгелер қанатымызды қырқып жүрмесін!
– Жарлымын деп жасыма! Мінезге байсың! Сезімге дарқансың!
– Күнсейіттей байдың бетін қайтарған әкең мендей жалғыз атты жақыбайға қызын бермесі анық!
– Бүгінгі бақытты сәттің шырқын бұзбайықшы, Арланым!
Қиыла өтініш еткен Айбике Арланның бауырына кіре берді. Екі жүрек бір ырғақта лүпіл қақты: сүйемін! Екі жүрек бір ғана сертті қабылдады: Отыңа күйемін!
Мен әр түн қос ғашықты толқи күтетін болдым. Олардың сыр ақтаруына құлақ түріп, тына қаламын. Екеуі шаттыққа бой алдырып, жас балаша мәре-сәре болса, толқындарымды ойната бастаймын. Мен ғашықтарға тұңғыш батасын берген аналарындай едім, тентек қызын ер жігітке лайық көрген әкелеріндей едім.
Міне, түн қараңғысын жамыла сұлу сезімге мастанған екеу тағы табысты. Бұл жолы шалғынға көмкеріліп, жарқабақтан төне қарап отырмады. Екеуі ыстық сезімнің жетегінде қол ұстасып, менің құшағыма күмп ете түсті. «Шын сүйе білген жүректеріңнен айналдым!» деп еміреніп, мен оларға салқын, әрі жылы алақанымды тостым. Бұрын айдынымда аққу жүзгенде, бақыттан шалқитынмын. Бүгін махаббат жалынына өртенген екі жасты мөлдір суыммен өбектеп, толқыныммен тербетіп мәз болдым.
– Білесің бе, жер бетіңде сенің барыңды көл сыбырлап айтқан маған!
Айбикенің сезімге толы қоңырау үнін толқыныммен шайып жібергім-ақ келді, бірақ дәл осы кезде ұры көз бір бұтаның түбінен өздерінен басқа ешкімді көрмеген екеуге сұқтана қарап тұрды.
– Көңіл шырағын іздеген ару барын маған таулар жеткізген,-деп саңқылдады денесі шиыршық атқан айбарлы Арлан. Екеуі қол ұстаса жүзді, тоңуды білмеді, қалтырауды ұмытты, оларды жүректерін біржолата жаулап алған махаббат құдіреті жылытты. Арлан Айбикені көтеріп жағаға шыққанда да, табанына тас батпасын деп бәйек болдым. Жел тұрып, жас тәндерін жауратпасын деп, таулардан сауға сұрадым. Таулар тәкаппарсымады, олжалы етті мен, түнгі ауа тып-тымық райға ауысты.
-Қазақта сүйгенін «шұнағым» деген. Ал мен сені іңкәрім деп атаймын,-деп ынтық күйін жеткізді жігіт.
-Арманым деп атар едім, мәңгілік арман болып қаласың ба деп қорқамын.
Киімін киіп, ұзын шашының суы сорғалаған ғашық қыз көжектей бүрісіп, жігіттің кең құшағынан жылу тапты.
-Уайымға салынбашы, іңкәрім! Менің ерлігіме сенсең болды.
-Махаббат ерлікті көтермейді. Сезімге сынақ жүрмейді.
Жыларман болған Айбикені қатты қысып құшақтаған Арлан айға қарап еді, ол әлдебір құпия кеңес айтып тұрғандай көрініп кетті.
-Таптым!-деді өрт сезімі ақылын тұмандандырған Арлан.-Бір түнде алып қашамын!
-Алып қашып, алты қыр ассаң да, бес ағам сені тауып алып, тірідей көкпар етер.
-Ертеңгі таң атсыншы! Сосын бәрі белгілі болар.
Ақ таңға үміт артқан арманшыл қос жас қимай қоштасты. Бұл кезде ауыл ішін жел сөз кезіп кеткен еді. Ұлы сезім бұйырмаған байдың тоқалы бәйбішеден кек алмақ болып, көргенін әсірелеп айтып, Мырзабек ауылы таңертең шу-шұрқан болып оянды.
-Қызды саған сеніп тапсырдық қой. Сен оны қайдағы бір сүмелекке шығарып беріп жүріпсің!-Кіші ағасы әйеліне дойыл қамшысын ала жүгіргенде, Айбике кесе-көлденең тұра қалды. Таң атқанша кірпік айқастыра алмап еді, сұңғыла іші осы сұмдықты сезген екен. Аюдай ақырған ағасының даусын естіп, асыға жеткені де содан болатын.
-Осы аймақтың небір сері-сұлтандары сені айттырып келгенде, бірін де жаратпаған әкем енді не дер екен? Қаңғыған келімсекке қызын жетектетіп қоя бере ме? Әлде ат құйрығына байлап өлтіре ме?
-Кіші аға, сіз неге тек өлімді ғана айтасыз? Өзіңіз ғашық болмадыңыз ба?
Айбике Нұрайлыны қорғаштай жүріп, шомбал денелі, қарулы ағасының нақ алдына келіп тұрды.
-Махаббат деген не ол? Әке-шешем кімді көздесе, соған үйлендім. Үш-төрт қарам бар. Соларды жақсы көретінімді білемін.
– Махаббат деген түнде тұттай шешініп, көлде перімен қатар жүзу.
Ту сыртынан келіп ащы мысқыл, улы кекесін қоса сөйлеген тоқал шешесін көріп Айбике күйіп кетті.
– Сіз екенсіз ғой өсектің өртін тұтатқан! Менің анам сізге күндес болмап еді, енді маған іштарлық жасап жүрсіз.
Айбикенің шырқыраған дауысына ауыл тегіс жиналды. Таңғы салқында шапанын желбегей жамылған Мырзабек те түнеріп алған. Бәйбішесі айыпты адамдай тұқырып, ешкімге тура қарамайды.
– Жә, доғарыңдар айғайды! Ауылыма ұрланып келіп, сүмелек иттей сені торуылдап жүрген ол кім?
– Ол – менің арманым! Жақынынан жалғыз анасы, байлықтан бір тұлпары бар.
– Күнсейіт барымтаға кісі салғанда, бір қарақшысы жер жастанды деп ел-жұрт айтып жүруші еді. Дәуде болса, қызың сол қарақшының ұлымен…
– Сен отауыңа бар. –Күйеуінің сұсты жүзінен тайсақтаған тоқал шығып жүре берді. – Бәйбіше, Айбикені алып кет! Отауынан ешқайда шықпасын!
Қаһарланған қатулы әкенің сөзін Айбикенің нәзік үні жалғап әкетті:
– Әке, ғашық болу күнә ма? Адам ата Хауа анамызға ынтызар болмады деңізші!
– Қарақшы немеге Адам ата болу қайда?-деп қыжыртты кіші ағасы.
– Бәйбіше! Қызды алып кет!-деп ақырды ашулы әке. Жеңгелері қос қолтығынан сүйрей жөнелгенде, Айбике көлге қарап бар даусымен айғайлады:
– Ар-ла-а-ан!
Шерлі үнді шалғынға шөктірмей, таулар іліп әкетті. Қожайынның кезекті тапсырмасымен күйбеңдеп жүрген Арланға Айбикенің міскін кейпін мұңая жеткізді.
– Іңкәрім, сәл шыда! «Жалыныңа күйемін!» деп ант етпеп пе едім? Сертімнен тайман!
Кеш қараңғысын тықырши күткен Арлан көл жағалап келіп, ауыл ішіне енді. Ақтанауды бос қоя беріп, қыз отауына жақын келді. Қыздың отауы екені алыстан көз тартқан сән-салтанатынан-ақ көрініп тұрды. Айбикемен әр кездескен сайын, оның жібек жүзін көруге құмартып, жаратушысынан шырақ-айдың тезірек шығуын тілеуші еді. Бүгін ағараңдаған ай сәулесінде ұрыдай қараңдап жүргенде, ұсталып қаламын ба деп қауіптенді. Жер бауырлай жылжып, отауға жетіп, ішке құлақ тосты. Ыңырсыған әлсіз үн естілді:
-Қайдасың, менің арманым?
Арманда кетіп барамын,
Сенсіз кешкен өмір тұл,
Жүрегім толы жара-мұң!
-Іңкәрім!-Есікке ұмтыла берген жігітті желке тұсынан тиген соққы тілге келтірмей сұлатып түсірді. Отауынан жүгіріп шыққан Айбике ожар ағасына зарын төкті:
-Оған таяқ жұмсағанда, мені де соққыға жықтың ғой!
Өзге жеңгелері келіп, жаны дертті аруды ішке кіргізбек болғанда, ол қимылсыз жатқан Арланның жанына құлап түсті. Қымбатты қызының құлындағы даусы құраққа шыққанын естіген Мырзабек жүгіре жетті. Ес-түссіз айқасып жатқан екі ғашықты көріп, әке жүрегі қан жылап қоя берді.
-Неғып үйіріліп тұрсыңдар? Айбикені төсегіне жатқызыңдар!-деп бұйырды Мырзабек.
-Мынаны ит-құсқа жеуге тастайын ба?-деген кіші ұлына түнере қарап, тұңғышына иек қақты. Онысы «отауыма алып жүріңдер» дегені. Әкесін қабағынан ұққан үлкен ұлы есі кірмеген Арланды інісі екеуі көтеріп, салтанаты тасыған отауға әкеліп, төрге жыға салды.
– Есін жиғанын күтейік. Сосын сөйлесерміз. Сендер отауларыңа бара беріңдер!-деген әкесіне кенже ұлы қарсы уәж айтты.
– Сөйлесетін ол сіздің теңіңіз бе еді, әке?!
– Ата жауымыз бір мұрсат сұраса, құп көрген қазақпыз. Өз қазағыммен тілге келмей, асығыс ештеңе шешкім келмейді!
Нық сөйлеген әкесінен қаймыққан кенжесі шыға жөнелді. Тұңғышы әкесімен бірге түн күзетіп отырып қалды. Жайшылықта етегі тез түрілетін жазғы түн бүгін өтпей-ақ қойды. Сұлқ жатқан жігітке қарап, Мырзабек ойға қалды. Кеудемсоқ кенжесінің таяғы бұл сормаңдайға қата тимей, бата тиіп жүрсе қайтпек? Жалғыз қарлығашы бұны кешіре ме? Таңнан бері «ел-жұрқа масқара болдым» деген әке жүрегі енді қызының жайын таразылай бастады. Айбикені өзіне ғашық еткен мына жігіт шынында да нұр жүзді, бүркіт қабақ, қою қас, кең иықты, шойын денелі, қара торының көріктісі екен. Қою, ұзын кірпігі жыбыр етпестен, сілейіп жатыр.
– Әке, рұқсат етсеңіз, мен шығайын. Ұрдажық інім келінді таяққа жығып жүрмесін. –Мырзабек бас изеген соң, тұңғышы киіз үйден шығып кетті. Сәлден соң есік қайта ашылғанда, бүкіл денесімен бұрылып еді, босағадан бері озбай, түс қашып бәйбішесі тұр:
– Қызың әлі өзіне келмеді. Талып түсіп еді, тынысы ауырлап жатыр,-деп үрейлене сөйледі.
Бұл хабарды естіген әке аял тұтып тұрмады, оқжыландай атылып тысқа шықты. Қызының жасанған отауына екпіндеп кіріп барды. Келіндері үнсіз ығысып, қайынаталарына орын берді.
– Қызым, есіңді жи!-деп оның сүйріктей саусақтарын қысы түсті уайымға берілген әке.-Қызғалдағым, өмірі күйік тартып, шерленіп көрмеп едің. Алақанымда аялап едім ғой. Қане, көзіңді аш та, тілдесші менімен!
Айбикеден үн шықпады, ақ жүзі сұрланып, қимылсыз жата берді. Әкесі тамырын ұстап көріп еді, шошынып кері шегінді:
Тездетіп тәуіпті шақырыңдар. Ем-дом жасасын!
Байдың әмірі лезде орындалды. Ақ шапан киіп, ақ сәлде ораған еңкиген шал сәлден соң Айбикенің тамырын ұстап қасында отырды. Ара-тұра қабағын шытып қояды.
– Көз тиген бе?-деді жауқазын қызының кенеттен сырқат болғанына қайғыланған Мырзабек.
– Жел тиген бе?-деді анасы амалы құрып, көз жасына ерік беріп.
– Жоқ, қызың құса. Жүрек соғысы баяулап кетіпті.
– Емін жаса! Сый-сыяпатымды аямаймын!-деген Мырзабекке тік қараған тәуіп шал оны тоқтатып тастады.
– Мен ем жасағым келмейді деп отырсың ба? Адам өмірі нысанаға тігілгенде, аянып қалмайтынымды өзің де жақсы білесің, байеке! Таңға дейін күтейік, дұға етейік! Мырзеке, жігіттердің бірін жіберіп, көлден бір шыны су алғыз. Ұшықтап көрейін, дауасы тиер.
Тәуіптің сөзінен үміт еткен Айбикенің ағалары шабарманын жіберіп, көлден бір кесе су алғызды. Мен, өзара ынтызар жастардың тілеуін тілеп, толқып жатыр едім. Мөлдір суымды кесеге толтырып беріп, құса болған қызғалдақтай қызға дәру болғым келді. Тәуіп шал кесені қолына алып күбірлеп, мөп-мөлдір тамшыларымды Айбикенің ақ жүзіне шашып жібергенде, ол өзінің Арланмен құшақтары айқаса толқыныммен ойнаған сәтін елестетті ме, тәтті бір жымиған қалпы, ұйқысын жалғастыра берді.
Ағарып таң атқанда, қос ғашық бір мезетте көздерін ашты. Арланның жанында отырған үлкен ұл Айбикеге жеткенше асықты. Жүгіріп кіріп, әкесінен жасқанған рай танытып, тамағын кенеді. Мөлдір жанары жәудіреген қарындасын көріп, қуанғанынан өзі де байқамастан:
-Арлан да есін жиды,-деп дауыстап жіберді.
-Құдайдың құдіреті, алланың бұйрығымен ортақ тағдыр жазылған екен маңдайларына,-деп тәуіп шал күбір етіп шығуға жиналды. Үлкен келін оған мол тарту-таралғы беріп, шығарып салдырды.
Ата-ана, аға-жеңге болып, өңі күзгі жапырақтай солғын тартқан Айбикені қаумалап отырғанда, ішке Арлан кірді. Даурықпай, салмақты үнмен Мырзабектен сөз сұрады:
– Іңкәрім, кірпігіміз ұзақ айқасыпты. Біздің жанымыз егіз, байеке! Батаңызды беріңіз!-деп Мырзабектің алдына келіп, шарт жүгініп отыра қалды. Айбике көзін кең ашып, кеудесін көтеріп отырып, әкесіне қадала қалған.
– һм, бір шартым бар,-деп сөз бастады төре. Шабармандар ауылды тегіс құлақтандырып, бай жарлығын жүзеге асыруға кірісті. Отардан бір марқаны әкеліп сойып, көлдің жағасына жерошақ орнатып, қазан көтерді. Қазанның астына от жағылғанда, Ақтанауына мінген айбарлы Арлан құйғытып шаба жөнелді. Жігіт қыз ауылынан безіп бара жатпаған еді. Ол Айбике екеуі бірге құрмақ болған болашаққа қарай аттанып бара жатты. Байдың шарты бойынша ол марқаның еті былқып піскенге дейін көлді айналып келіп тиіс. Естияр атаулыға ессіздің сөзіндей көрінген байдың шарты Арланға Айбикеге апарар жалғыз жол болып сезілді. Айбике ақ көйлегінің етегін қына бояп, төбе басында қалқиып қала берді. Ақтанау иесінің арманға қол созып, жаны тызылдаған шағын сезгендей көсіле түсті. Менің жағамдағы ірілі-ұсақты тас біткен тұлпардың жолына шалғын болып төселді. Сәйгүліктің тұяғы кетілмесін деп, тау етегіндегі жалғыз аяқ соқпақ кеңейіп сала берді. Арғымақтың тұяғының қуаты асып, тиген тасты қақ жарып, от шашып өте берді. Кенет көл жағасында ұйытқып жел тұрды, жалшылар қазанның астын қайта тұтата алмай біраз әуреленді. Оларды жіті қадағалап тұрған Мырзабек қаһарланып, жалшыларына жекірді. Тастардан қалқа тұрғызып, отты қайта жаққанда, Ақтанауын ойнақтатқан Арлан көз ұшында келе жатты. «Баталы ұл арымас.» Менен бата алған шын ғашықтың тұлпарына қанат біткендей зымырап келеді. Ошаққа қу қарағай тасталған еді, ол шатырлап жанып, қазан бүлкілдеп қайнай бастады. Пендешілік пен нағыз махаббат тайталасқа түскен бұл жарыста сүйіспеншіліктің жалынын маздатқан жастардың ұпайын түгендегім келіп, мен жерошақтағы отты толқыныммен өшірмек болып, жағаға қарай бар күшіммен лықсыдым. Бір рет жетпедім, екінші рет мүлт кеттім, үшінші рет ұмтылғанда ошақтағы от менің суық лебімнен-ақ бәсеңдеп қалды. «Жанып жатқан отты су құйып өшіру жаман ырым» деп ақсақалдардың ұл-келіндеріне құлаққағыс еткендерін талай естігенмін, содан да жалынды толқыныммен көме салмай, лебіммен жасқадым. Бұл айлам да кәдеге жарады, қызметшілер бықсып қалған қазанның астын қайта реттегенше, ауыздығын қарш-қарш шайнаған Ақтанауына қамшы салмай-ақ құйғытқан Арлан көлдің жартысынан көп бөлігін айналып үлгерген еді. Мырзабек басын қақшитып, екі қолын артына ұстап, оның әр қимылын бақылап тұр: «Құс болып ұшып кетердей желмен жарысқан мына жігіт дүниеге құмартқан есерсоққа әсте ұқсамайды, сүйгенінің ар-намысын, махаббатын ерлікпен қорғауға барын салған баһадүрден аумайды.» «Жалғыздың жары-құдай» деуші еді қазақ атам. Шын ғашықтың жолына тастар да кілем болып жайылды, жел де жәрдем етті, көл де көмегін берді. Марқаның еті енді бабына жете бергенде, Ақтанауын арқыратып хас батырдай ерекше тұлғаланып, Арлан да жетті. Оның жақындап қалғанын көрген Айбике жеңгесінің айтқанына көнбей, көл жағасына қарай асықты. Арлан үстін тер басқан тұлпарын тізгінінен жетектеп, қазан басына жиналғандардың жанына келгенде, бай марқаның етінен бір үзім алып, өзі татып көрді.
-Бір қайнауы ішінде екен,-деген әкенің сөзін қошемет білдірген халайықтың үні басып кетті.
-Байекем екі сөйлеуді білмейді!
-Тусаң ту! Мырза деген сендей болсын!
-Айтқаным айтқан, айтқанымнан қайтпан! Анаңды алдыртайық, батасын берсін екеуіңе! Бүгін осы өңірде болмаған ұлан-асыр той бастаймын. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаймын. Дұшпанның қаңқу сөзін қайтейін! Айбикем бақытты болса, сол басты қуаныш!
Мырзабектің кесімді сөзінен соң той қамына қызу кіріскен жұрт абыр-сабыр бола қалды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дескен жұрт Алтай ананың төсінде нағыз махаббаттың алауын жақты.
-Бұл көлді мен махаббат мекені деп атап келіп едім іштей,-деп шаттанды Арлан Айбикеге қарап ел назарын ала бере.
-Марқаның еті піспей құйындата жетттің. Сөйтіп мені бақыт бағына бастай кеттің. Бұл көлдің аты Марқакөл болсын,-деп нәзік жымиды ару Айбике.
Бұл күні бай мен кедей құда болды. «Мыңжылдық құдамыз» деп құйрық-бауыр жесті. Сүйе білмейтіндер «байдың есі ауысты» десті. Ал мен, Марқакөл, «махаббат жеңді» деп Айбике мен Арланға тағы да аналық ақ батамды, әкелік жүрекжарды тілегімді айттым. Рулы елге айналыңдар, батыр ұлдар мен балауса қыздар дүниеге келсін! Мен, Марқакөл, тек соған куә болып, мқлдіреп жата берейін.

Өренім, мен осылайша Марқакөл атанған едім. Ер жеткенде, махаббаттың күйін шертіп, сен де кел тотыдай аруыңды ертіп менің жағама. Өйткені мен-махаббат мекенімін, шапағаттың мәңгілік төккем нұрын!
Айзат Рақыш
29 наурыз, 2025 жыл
Ескерту: Марқакөл суреті zapovednik.kz алынды
Парақшамызға жазылыңыз
