//

Алма Сайлауқызы: Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдама жазбалары. IV бөлім

73 рет қаралды

Көптен күткен көктем де келіп жетті. Ұлыбританияға тән ауа райына сәйкес, күнде-күнара жаңбыр жауа берсе де, ақпанның соңынан бастап,  жаңбыр шіркін сәл азайып, күн шуағын көбірек төге бастады. Оған қоса қыс бойы ерте батып кететін күннің де ұзара бастағаны кәдімгідей байқалады.

Бұлтты және жаңбырлы күндердің мұншалықты ұзақ болуына онша үйренбеген адамның бірте-бірте ұнжырғасы түсе бастайды екен, әйтеуір не керек, күн көрсек, жадырап, балаша қуанып қаламыз. Дегенмен қанша шуағын төгіп тұрғанның өзінде, көңілді ара-тұра мұң басып қалатыны бар. Әлде елді сағынғаннан ба, әлде соңғы кездері оның келешек тағдырына  деген уайымым күшейіп кеткеннен бе? Нақты себебін өзім де толық білмеймін, бірақ таң атқаннан ел жақты ойлап оянып, түнде көзім ілінгенге шейін туған жердің тілеуін тілейтінім рас. Әрине, шүкіршілік айтып қоюды да ұмытпаймын. (Әйтсе де бұл жақта көңіл-күйге демеу болар барлық жайды да ойластырып қойған ғой, шіркін!..)

Сонымен, бұған дейінгі айларда шыққан жазбамның бірінші, екінші және үшінші бөлімдерінде Лидс университетіндегі ғылыми тағылымдама тәжірибеме сүйене отырып, Ұлыбританияның менталитеті мен білім-ғылым жүйесіндегі 17 ерекшелікке тоқталып, өнеге етуге болар тұстарын жіліктеп шыққан екенбіз. Бүгін сол дәстүрмен келесі ерекшеліктерін тілге тиек етейік.

Сапалы білім мен жақсы көңіл-күй – егіз

Он сегізінші ерекшелік, бұл жақта адамның көңіліне, психологиялық  ахуалына зор көңіл бөледі. Әсіресе шет елден келіп оқып жатқан білім алушыларға жайлы, көңілді атмосфера жасау үшін, түрлі активитилер ұйымдастырып тұруға тырысады. Мәселен, Global cafe деген басқосу дәстүрлі түрде студенттер асханасында өтеді. Әр дүйсенбінің кешінде бескі шайға туралап, постградуейт, яғни магистрлерден бастап, докторант, постдокторанттың бәріне арнап түрлі сусындар және тіскебасарлар ұсынып, бір-бірімен араласып, танысып, әңгіме-дүкен құратын кеңістік жасайды.

Одан бөлек моншақ тізу, үстел ойындары, сурет салу, лего құрау және тағы сондай сияқты шараларына шақырып, әр үстелдің басына жиналған студенттердің бір-бірімен шер тарқатып, жаңа таныстық түзуіне ықпалдасады.  Әсіресе ерекше қолдауды сессия кезінде көрдім. Емтихан тапсыру үшін университетке келгеннің бәріне cүтті ботқа, жеміс және круассаннан тұратын тегін таңғы асты үш апта бойы ұсынды. Сондай-ақ жатақхана тұрғындарының әрбіріне атын атап, түсін түстеп тұрып хат жазып, сессия кезіндегі дайындыққа зиян тигізбес үшін тыныштық сақтауға шақырды, ал думанды басқосу жасап, шулайтындар болса, тәртіпке салу қарастырылғанын айтып ескертті.

Дәл сондай хатпен стресті азайтатын іс-шаралар кестесін де жіберуді ұмытпады. Ой, ол бағдарламада не жоқ дейсіз, ит сипау терапиясы, пони жетектеу терапиясы, тегін йога сабақтары… Осының бәрі 9-23 қаңтар аралығында университеттің  13 жатақхана кешенінде параллель түрде жүріп жатты. Бұл қамқорлықтың астары сан қатпарлы дер едім: әрі британдықтардың жеке адамның тұлғасына, оның жан дүниесіне құрметпен қарауының көрінісі болса, екінші жағынан, студенттерге оң әсер туғызатын, сол арқылы жылы көзқарас қалыптастырып, оның кеңесімен басқа да ықтимал білім алушыларды өзіне тартудың стратегиялық қадамы. Жанашырлық пен эмпатияның айғағы. Бір сәтін, бір күнін емес, мың күнін ойлаудың көрінісі.

 Әр іс-шарада құндылық бар

Он тоғызыншы ерекшелік, бұл жақтағы университет қабырғасында мәнсіз дабыра жиындар, арзан ойын-күлкіге негізделген іс-шаралар, мағынасыз жеңіл-желпі концерттер жоққа тән. Корпуста өтетін әр дүниенің  академиялық құндылығы, ғылыми салмағы және ең бастысы, өзектілігі бар. (Академиялық өмір мен қосымша интертейнмент арасы ажыратылған.

Студент үйірмелері мен клубтарына арнап бөлек ғимарат салып қойған, ол жерде өзін өзі басқару ұйымдары жүйелі жұмысын, акцияларын жасап жатады). Сондықтан мұндағы үлкен жиын да, шағын іс-шара да зор жауапкершілікпен атқарылады. Тура уақытында басталып, дәл уақытында аяқталады. Нақты мақсат-міндеті көрсетіліп, хабарландыру арқылы құлақтандырылады. Өтетін шараға онлайн жолмен тіркелесіз, сосын сізге оның нақты локациясы, күн тәртібі, жүйелі кестесі жіберіледі. Бізде конференцияда бір қаладан екінші қалаға арнайы мақалаңды жазып барып тұрсаң да, «5 минутта айтып шықсаңыз», «6 минуттан асырмасаңыз» деп зырылдататынын әбден көріп қалғанбыз ғой… (Кейде солай аптығып-асығуға ғылымнан алыстау, бірақ көпшілік алдында сөз айтқанды жақсы көретін кейбір алдыңғы буын өкілдерінің уақыттан асып кетуі себеп болса, екінші бір жағдайға тым көп спикерді жинап алып, аз уақытқа сыйғыза саламыз деген қате жоспар кінәлі болып жатады).

Ал мына жақта сөйлеушілердің санынан бұрын сапасына қарайды. Бір күндік конференцияда бес-алты ғана ғалымның әрбірін 20-40 минуттан  асықпай тыңдап, соңында 10-15 минут сұрағын қоюды жоспарлайды. Сонда бір күнде тек 5-8 ғалыммен-ақ конфeренция өткізе береді. Есесіне нағыз айтары барлар ғана  шақырылады және олар зор дайындықпен сөз алады. Нақты тақырып бойынша жаңалығымен, пікірімен бөліседі, презентациясы арқылы басқаға ой салады. Конференция кезінде әсіресе өзге қала мен университеттен келген оқытушы-ғалымдарға 30 минуттық баяндамалар жасататынын көріп, риза болдым. Іс-шара өтіп біте салысымен, кері байланыс сауалнамасы мен сол баяндамалардың презентациялары жіберіледі. Барлығы рет-ретімен, тәртіпке сай. «Бұны не үшін өткізіп жатыр? Қандай мәні бар?» деген нақты сұраққа жауап өз-өзінен көрініп тұрады. Басы артық, мәнсіз-мағынасыз бір қимыл жоқ. Тек нәтижеге бағытталған еңбек.

 Суретке түсу сән емес

Жиырмасыншы ерекшелік,  бұл жақта суретке түсу сән емес. Фотоотчет пен әлеуметтік желіге арналған пост, сторис үшін жанталасып жүрген жан көрмедім. Ол былай тұрсын, ресми суретке түсу рәсімдері де жоққа тән. «Для галочки» сипатындағы іс-шара болмаған соң, тиісінше фото мен видео жасауға да ұмтылыс жоқ-ау.  Бізде кейде көп нәрсе адам үшін емес, әдемі есеп үшін жасалып жатқандай көрініп кететіні жасырын емес қой. Басында бәрін жинап бір суретке түсіру,  ортасында ақылды түрін тағы түсіріп алу, соңында барлығы бір жиналып қайтадан түсу, ұзақ видеоға түсу, қысқа видеоға түсу, рилсқа түсу… Несін айтасыз, кете береді ғой, шіркін. Сондықтан да болар, бірте-бірте жылтырақ сырт бейнеге баса назар бөлініп кеткендей болып жатады. Бірақ бұл жаққа фотоотчет қажет емес, аудиторияның лық толуы да шарт емес. Кәсіби фотограф өте ірі шараға ғана келеді, оның өзінде ешкімнің көзіне түспей, жүрген ізін білдірмей, сырттай ғана әдемі кадрларды өзі объективіне алып жатады. Оның өзін еш өңдеместен, табиғи күйінде жариялай беруі мүмкін. Шынайы болмыс, ішкі мазмұн, табиғи қалып, салмақты ой, айқын мақсат деген ұғымдар басты маңызға ие.

Мен осы жазбаларым үшін, әрі жақындарым мен студенттерім көретін стористеріме керек деп суретке жиілеу түсіріп жатамын, бірақ жергілікті менталитетті қаттырақ сіңіре берсем, суретке түсуді де, түсіруді де күрт азайтатын түрім бар.

Не үшін кітап оқиды?

Жиырма бірінші ерекшелік,  бұл жақтың студенттері кітапты көп оқиды. Тиісінше телефонды да аздау ұстайды. Кітапты көп оқуының бірнеше объективті себебін көремін.Біріншіден, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан кітап оқу мәдениеті. Қандарына сіңіп кеткен: саналы адам болам десең, сыни ойлай алатын талғамды жан атанам десең, көзі ашық, көкірегі ояу қоғам мүшесі болуға талпынсаң, кітап оқисың. Басқа амал жоқ. Балаларын балабақша мен мектеп жасында кітапқа қатты баулиды, сол мәдениеттің негізін мықтап қалайды. Ойын форматын, таным мен іздену әдістерін қосып қызықтырады. Нәтижесінде, назарын шоғырландыру дағдысы берік. Кітапты аз оқыған адам олар үшін жабайыға тән.

Екіншіден, университетіндегі білім жүйесі кітап оқуға, білімді кітаптан қопарып табуға итермелейді. Мәселен, мен дәрістеріне қатысатын Dr. Юань ханым магистранттарына кезекті жаңа тақырыпты өтіп болған соң, соған сай оқитын әдебиеттің тізімін беріп жатып: «Дайын PDF нұсқаны салмадым, өйткені өздеріңіз сенімді қайнаркөзден іздеп тауып оқу атты дағдыларыңызды дамытуыңыз керек», деді. Ал біздің кей студенттер шайнап алдына әкеп қойған материалды жұтуға да дәрменсіз ғой, өйткені бала шақтан кітап оқу дағдысы аса сіңбеген, дұрыс қалыптаспаған.

Міндетті санамайды. Кітап көп оқитын адам телефонға көп шұқшия ма? Жоқ, әрине. Телефоннан бас алмау дерті бұл жақта Қазақстандағыдай «ушығып» кетпеген десек болады. Инстаграм парақшаларына сағаттап уақыт жұмсайтындар аз. Бір британдықпен танысып, әлеуметтік парақшасын ашып көрсеңіз, көбіне 100 шақты ғана  виртуал досы болады. Офлайн өмірі басты кезекте. Оның үстіне студент дәріске кіргенде, телефонды ысырып қойып, ноутбугын конспект жасауға дайындап,  барлық назарды оқытушыға  арнау – қатаң тәртіп.  Әрі тегін оқу жоқ болған соң, 30-40 мың  паунд төлеген дүниенің өтеуін алғысы келетін шығар?..))

         Кітап оқуға ынталандыратын үшінші себеп, оқытушылардың өздері көп оқиды, кітап жазады, студенттерден де көп оқуын талап етеді. Оған университеттің жеке-дара ғимараттарда орналасқан үш бірдей үлкен кітапханасын, ондағы кітаптың молдығы мен сан алуандығын, оқу залдарының көптігі мен  аса жайлылығын, жұмыс кестесінің икемділігі мен тәулік бойы істейтін бөлімдерінің болуын, кітапхана қызметкерлерінің ақжарқын қарым‑қатынасы мен ғылыми біліктілігін, техникалық базасының молдығы мен қолжетімділігін қосыңыз. Осының бәрі кітап оқуды күшейтетін қосымша, бірақ пәрменді фактор ретінде әсер етері сөзсіз.

Кітап оқу көрсеткішін анықтайтын CEOWorld (2024) және World Population Review (2026) деректеріне сүйенсек, Ұлыбританиялықтар жылына орта есеппен 15 кітап оқиды екен. Әлемнің үштігіне кіріп тұр. Ал Қазақстан азаматтары жылына орта есеппен 2.77  ғана кітап оқиды. Бұл көрсеткіш 102 ел ішіндегі 95‑орын болып саналады…

Мәселен, өзін қазақ қоғамының белсендісі санап жүрген бір азамат Кэрол Дуэктің «Икемді сана» (Mindset: The New Psychology of Success) кітабын оқыған болса, мамандығын игерген кездегі біліммен шектеліп қалмай, қатып қалған қасаң қағидаларынан алыстап, санасын жұмсартып, келесі бір қоғам қайраткерінің жанайқайын сөзбе-сөз емес, маңызды астарымен түсінер ме еді? Ал сол кітапты жүздеген замандасым оқыса, өсуге бағытталған, өзгеріске ашық сананың иелері көбейер еді ғой? Немесе осы британдық Грег МакКеон (Greg McKeown)  деген авторды алайық.

«Эссенциализм»(Essentialism: The Disciplined Pursuit of Less) атты кітабында ол: «Егер сен өз өміріңнің басымдықтарын анықтамасаң, оны сен үшін басқалар анықтайды», дейді. Оны оқыған жан өмір құндылықтарына дұрыс басымдық беру, өмірлік қуатын маңызды, нағыз қажет және кейін өкіндірмейтін істерге  бағыттауды үйренер еді ғой. Бізде кітап десе көп адам көз алдына тек  200-300 беттік том-том романдарды ғана елестетеді.  Адам санасы тың біліммен үнемі толығып тұрмаса, бірте-бірте семе бастайтынын әлі де түсініңкіремей жүрген сияқтымыз. Кітап оқыса өре өсіп, ұжымдық сананың қуаты да артып, оң өзгерістерге жол ашылар еді ғой?..

Енді әдеттегідей, бұл жақтың не нәрсесі бізге үлгі болуға жарамайды дегенге келсек. Ұлыбританияда көпшілік орында, маңызды іс‑шараның ортасында  бар күшімен, бар даусымен емін‑еркін сіңбіре беру әдеті бар екен. Студенті де, оқытушысы да дәріс кезінде тұра қалып сіңбіре беруі өзіме өте ерсі қылық көрінді, бірақ өздері үшін үйреншікті жайт екенін ұқтым. «Мән бермеуіміз керек, өйткені ол – адамның құқы», дейтін шығар. Әлде тыныс алумен қатысты болғандықтан, өмірлік маңызды іс‑әрекетке теңестіріп қойды ма екен? Білмедім. Әйтеуір келгеніме 4 ай өтсе де, сол нәрсені көргенде, әлі де біртүрлі болып кетемін. Дегенмен сол арқылы толеранттылық қасиетім одан сайын дамып жатқаны анық.

Ара‑тұра шектен шыққан индивиуализмнің де көріністерін көруге болады. Мәселен, 8 наурыз мерекесіне орай өткен білімдегі әйелдердің көшбасшылығы туралы іс‑шарада сондай бір жайтқа куә болдым. Лауазымды қызметте істейтін тәжірибелі педагог, ғалым, бірнеше кітаптың авторы өз семинарында адам қалауының маңызын айта келіп, туған әпкесімен соңғы 11 жыл бойы  араласпайтынын және оны өміріндегі ең керемет жылдар деп санайтынын айтып қалды. Туған әпкесімен мүлдем араласпауын мақтаныш не мәртебе көріп тұр ма? «Еркіндігінің, қалауын істей алатынының басқа бір  мысалы болмады ма екен… Өзімшіл болудың шектен шыққан үлгісін насихаттап тұрған жоқ па?..» деп қабылдады, санам. Дегенмен ол ханым жас ұрпаққа білім беру бойынша маңызды, жақсы дүниелерді көп айтты. Ал арасында кезігіп қалатын бізге жарамсыз кеңесін «антивирус» санамыз бен ұлттық тәрбиеміз тысқары жіберіп тұра алса болды емес пе?..

Осымен бұл жолғы жазбам да тәмам. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» дегендей, келесі айда да көрген‑түйгенімді негіздеп, тәп-тәуір жазбамды жариялауға тырысамын. Оған дейін еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Наурыз құтты болсын!

Алма Сайлауқызы

PhD ғылым докторы, “Болашақ” бағдарламасының

 «500 ғалым» ғылыми тағылымдама стипендиаты

Лидс университеті, Ұлыбритания

фото: жеке мұрағаттан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Айзат Рақыш: Марқакөл монологы  (әңгіме)           

                                                                     Туған өлкем – Марқакөліме арнаймын.                                                                                                          Автор Жазғы мөлдір аспан маған телміріп, мен көкке емініп,