Қазақстандықтар үшін 15 наурыз маңызды күн. Дәл осы күні біз еліміздің ата заңы – Конституцияға енгізілетін өзгерістерді «иә» қолдаймыз не «жоқ» қолдамаймыз деген таңдауымызды жасаймыз. Күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе, алайда үгіт-насихат біржақты екенін мойындауымыз қажет. Жаңалықтар, блогерлер, зиялы қауым, депутаттар мен жұлдыздар, барлығы бірауыздан «қолдаймын» деген позицияны көрсетіп, «қолдаймын» деген үгіт-насихатты жүргізіп отыр. Жалпы референдум дегеніміз не, конституцияға енгізілетін өзгерістер біздің өмірімізге қандай өзгерістер әкеледі, осы сұрақтарды Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталоваға қойдық.
КОНСТИТУЦИЯ – БҰЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ДЕКЛАРАЦИЯСЫ ЕМЕС
– Зәуреш Қабылбекқызы, жаңа Конституция бойынша референдумның маңызы неде?
– Референдум – бұл – тікелей халық егемендігінің нысаны, бірақ оның шынайы мәні дауыс беру тәртібімен емес, ол бекітетін мемлекет үлгісімен анықталады. Конституция – бұл құндылықтар декларациясы емес. Бұл билік құрылымы: кім шешім қабылдайды, кім бақылайды, теріс пайдалануды кім тоқтата алады. Сондықтан негізгі мәселе – ұсынылып отырған жоба өзара шектеулердің тұрақты жүйесін құра ма, әлде өкілеттіктерді бір қолға шоғырландыру үлгісін сақтай ма?
– Қазіргі жобаның 1995 жылғы Конституциядан айырмашылығы қандай?
– 1995 жылғы Конституция суперпрезиденттік модельді бекітті. 2026 жылғы жобада бірқатар жаңа ереже бар – бір реттік жеті жылдық мерзім, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер, цифрлық құқықтар және вице-президент институты енгізілген. Алайда институционалдық логика өзгеріссіз қалған: атқарушы билік жүйеде өзінің үстемдік жағдайын сақтап қалады. Бұл белгілі бір деңгейдегі түзету, бірақ билікті қайта бөлу деп айтуға келмейді.
– Жаңа жоба Парламенттің рөлін күшейте ме?
– Ресми түрде жобада ықпал ету құралдары – сенімсіздік вотумы, есептерді тыңдау және бюджетті бекіту қарастырылған. Бірақ парламенттік бақылау тәуелсіз конституциялық функция ретінде бекітілмеген. Ал президенттік жүйеде бұл түбегейлі қажеттілік. Атқарушы билік құрылымы неғұрлым күшті болса, оның есеп беру тетіктері де соғұрлым нақты айқындалуы тиіс. Егер бақылау институттандырылмаса, онда парламент тек процесске қатысушы болып қала береді, бірақ толыққанды қарсы салмақ бола алмайды. Парламентаризм мәтінде бекітілген өкілеттіктердің саны туралы ғана емес, ол – нақты салдарлардың болуы туралы.
– Халық кеңесінің пайда болуын қалай бағалауға болады?
– Заң шығару процессіне қатысатын кез келген орган сөзсіз демократиялық заңдылыққа ие болуы керек. Егер Халық кеңесі тікелей сайлаулар арқылы құрылмайтын болса, оның рөлі кеңес берушілік рөлмен ғана шектелуі мүмкін. Бірақ оған заң шығару бастамасы құқығын беру нақты конституциялық мәртебе беруді талап етеді. Әйтпесе, парламенттің өкілдік функциясының бұзылуы және институционалдық қайталану қаупі бар. Халық өкілдігі сайланбалы органдар арқылы жүзеге асуы керек.
– Жалпы Халық кеңесі қажет пе?
– Қоғамдық диалог қажет, алайда диалог жауапкершілікті алмастыра алмайды. Консультативтік-кеңесші органдар, егер олардың мәртебесі нақты анықталған болса, олар парламентпен бәсекеге түспейтін болса және олардың өкілеттігі ашық және шектеулі болса, рұқсат етіледі. Олай болмаған жағдайда институционалдық белгісіздік туындайды.
– Референдум мәдениеті қалыптасты деп айта аламыз ба?
– Референдум мәдениеті – бұл тек қатысу емес, бұл – түсіну. Конституциялық өзгерістер жалпы үлгіні түсіндірумен қатар жүруі керек: өкілеттіктер қалай бөлінеді, кім кімді бақылайды, жүйенің «стоп-крандары» қандай. Анық тұжырымдамасыз талқылау емес, яғни талқылау тұтас сипат алмай, үзік-үзік күйінде қалады.
– Азаматтар түзетулердің мәнін түсініп жатыр ма?
– Жоба парламент құрылымы, билік тармақтарының теңгерімі, сабақтастық тетіктері сияқты іргелі мәселелерді қозғайды. Егер қоғамдық пікірталас жалпы құрылымды емес, бөлек нормаларды түсіндіруге ғана бағытталса, азаматтар нақты модельге емес, сенімге сүйеніп дауыс береді. Түсіну институционалдық айқындықты талап етеді.
– Пікірталастың сапасын қалай бағалауға болады?
– Пікірталас жалғасып жатыр, бірақ өкілеттік пен жауапкершілік арасындағы пропорционалдылық туралы негізгі мәселе пікірталастың орталық мәселесі болмады. Конституция тұрақтылықтың негізгі принципіне жауап беруі керек: органның өкілеттігі неғұрлым көп болса, оның шектеулері мен бақылау тетіктері де соғұрлым көп болады. Ал теңгерім тек формалды болып қала береді.
– Жоба институционалдық тұрақтылықты арттыра ма?
– Жоба басқаруды күшейтеді және билік транзитін рәсімдейді. Бірақ институционалдық тұрақтылық – бұл мемлекеттің көшбасшының жеке басынан тәуелсіз жұмыс істеу мүмкіндігі. Бұл үшін конституциямен бекітілген парламенттік қадағалау, автономды сот жүйесі және тәуелсіз арбитрлер – конституциялық қадағалау, аудит және сайлау қажет. Теңгеруші механизмсіз билік тармақтары арасындағы ассиметрия күшейеді.
– Парламентаризмді күшейту үшін не қажет?
– Егер мақсатымыз тұрақты даму болса, онда парламенттік қадағалауды дербес функция ретінде белгілеу, парламенттің толық ақпарат алу құқығына кепілдік беру, Конституциялық соттың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету, пассивті сайлау құқығына қатысты пропорционалды емес шектеулерді жою, парламенттің мәртебесін тұрақты жұмыс істейтін жоғары заң шығарушы орган ретінде нақты анықтау қажет. Парламентаризм – институт атауының символдық ребрендингі емес, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі.
– Реформалардың табысты болуы неге тәуелді?
– Институционалдық пропорционалдылыққа тәуелді. Билік пен жауапкершілік тепе-тең болуы керек. Тәуелсіз арбитрлер өздері бақылайтындарға тәуелді болмауы керек. Парламентте нақты ықпал ету тетіктері болуы керек. Онсыз реформа тек декларация болып қала береді.
– «Жоғарыдан» түсетін бастама проблема ма?
– Бастаманы мемлекет жасай алады, бірақ заңдылық қоғамның нақты қатысуы, шектеулердің пропорционалдылығы және сайлау құқықтарының халықаралық стандарттарын сақтау арқылы қалыптасады. Пассивті сайлау құқықтарына арналған кез-келген қосымша сүзгілер қатаң негізделуі керек.
– Халықаралық тәжірибе қандай?
– Президенттік жүйелерде парламенттік қадағалау Конституцияда теңгеруші механизм ретінде бекітілген. Бұл басқаруды әлсіретпейді. Керісінше тұрақтылықты нығайтады. Тепе-теңдік – билік тармақтары арасындағы қайшылық емес, өзара тежеу, шектеу жүйесі.
– Бұл жобаны парламенттік үлгіге жасалған қадам деуге бола ма?
– Бұл белгілі бір жаңаруға жасалған қадам, бірақ парламенттік республикаға көшу емес. Жоба басқаруды күшейтеді, мәтінді жаңартады. Бірақ билікті парламент пен тәуелсіз арбитрлердің пайдасына қайта бөлу жүйелі емес. Ашығын айтқанда: бұл институционалдық тепе-теңдік Конституциясы емес, басқарылатын тұрақтылық Конституциясы.
Сұхбатты қорытындылай келе, Зәуреш Қабылбекқызы:
«Бүгінгі басты мәселе – баптардың қалай жазылуында емес. Басты сұрақ – жаңа нұсқа билік шектеулі, есеп беретін және теңдестірілген жүйені жасай ма? Мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы өкілеттіктердің шоғырлануына емес, институттардың бір-бірін қадағалап, жеке тұлғалардан тәуелсіз жұмыс істеу мүмкіндігіне тәуелді. Конституциялық дамудың кемелдігін айқындайтын да осы».
Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп-көп рақмет!
Сұхбаттасқан Альфия Шамай
Парақшамызға жазылыңыз
