//

Кеген–Нарынқол тас жолында ірі опырылу: себеп – ескірген инфрақұрылым

54 рет қаралды
фото: DALA NEWS, Мақпал Шадан

2026 жылғы 3 сәуірде сағат 11:30 да республикалық маңызы бар «Кеген–Нарынқол» автожолының 20-шақырымында төтенше жағдай тіркелді. Жоспарлы патрульдеу жүргізген «ДЭУ-91» қызметкерлері су деңгейінің күрт көтерілгенін байқап, көп ұзамай жол астындағы су өткізгіш құбырдың бұзылғанын анықтаған.

Автожол 1960–1970 жылдары салынған.  Бұрын мұндай көлемде қар суы жиналмағандықтан, ескі су өткізу жүйесі биылғы табиғи жағдайға дайын болмаған. Осы уақытқа дейін ол «су басу қаупі бар» аумақтар қатарына енгізілмеген.

Болған жайттың себебі неде?

Қар суының жоғары қысымына төтеп бере алмаған ескі құбыр істен шығып, нәтижесінде жолдың негізі шайылып кеткен. Соның салдарынан жол ортасында ені шамамен 12 метр, тереңдігі 10 метрге жуық үлкен шұңқыр пайда болды. Ал зақымданған асфальт аумағы 150 шаршы метрден асады. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш әлі де ұлғаюы мүмкін, себебі жол жабынында қосымша жарықтар байқалған. Болған жайттық тағы бір себебі жол бойындағы бетон құбырлардың тозуы. Кей деректерге сүйенсек, осы бағытта 70-тен астам ескі су өткізгіш құбыр бар. Олардың бірқатарының сынуы да апатқа себеп болған. Алайда жолды орташа жөндеу кезінде бұл мәселе толық ескерілмеген.

Бүгінде жағдай қандай?

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Досбол Тепышевтің мәліметінше, ұзындығы 89 шақырым болатын жолда жалпы 78 су өткізгіш құбыр орналасқан. Қазіргі таңда апатты учаскенің жанынан уақытша айналма жол салу жұмыстары жүргізілуде. Су тасқыны бәсеңдегеннен кейін ғана негізгі қалпына келтіру жұмыстары басталады. Қазіргі кезде су жол жиегімен ағып, Қабанды өзені арқылы Кеген өзеніне құйылып жатыр.

Бұл жағдай жол жөндеу жұмыстарындағы жүйелі мәселелерді тағы да айқындап отыр. Себебі «орташа жөндеу» көбіне тек жолдың үстіңгі қабатын жаңартумен шектеледі. Ал ондаған жыл бұрын орнатылған жер асты коммуникациялары назардан тыс қалып жатады. Мамандардың пікірінше, мәселені тек бір учаскені қалпына келтірумен шектеу жеткіліксіз. Жол бойындағы барлық су өткізгіш жүйелерге толық тексеріс жүргізіп, қажет болған жағдайда жаңарту жұмыстарын қолға алу керек. Әйтпесе, мұндай апаттардың қайталану қаупі жоғары. Қазіргі уақытта қозғалысқа шектеу қойылып, көліктер үшін балама бағыттар ұсынылған. ҚазАвтоЖол мәліметінше, автожолдың 20 шақырымында айналма жол арқылы көліктер еш кедергісіз өтіп жатыр.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар