////

Ашынғаннан шығады ащы дауысым! Халықтың талабы Көкпек – Кеген – Нарынқол жолын жасау

3516 рет қаралды

Кеген мен Райымбек аудандарының халқы наразылыққа шығып, Республикалық маңызы бар Кеген-Нарынқол автомобиль жолын жапты. Қымбатшылық қалтадан қысып тұрғанда, халық жолды жаппағанда қайтсін? Халық бұл жолдан әбден шаршады. Шаршағанннан осы қалге жетті. Қаңтар оқиғасы билікке сабақ болмаған сынды. Қазақтың «Біреу өлмей, біреуге күн жоқ» деген сөзі дәл осы жағдайға айтылғандай, сонда осы жол жасалмайынша, «біреу өртеніп, біреу өлу керек пе?». (Құдай бетін аулақ етсін!) Осы жолды жасауға билік неге қауқарсыз? «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қайда? Сұрақ көп,жауап жоқ.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, осы жолдың жыры жөнінде айтылмаған сөз, жазылмаған мақала қалмады. 

Бүгін Кеген және Райымбек аудандарының ашынған халқы Кеген-Нарынқол автомобиль жолын жауып, өз наразылықтарын білдіріп, билікке өз шағымдарын жеткізді. Наразылыққа осыдан екі жыл бұрын Кеген шатқалындағы 15 шақырым жолдың күреліп, оның қайта жасалмауы, сонымен қатар, осы екі ауданның барлық жолы шұрық-тесік болып, жөндеу жұмыстарының жүрмеуі себеп болып отыр.

Бұл туралы тәуелсіз журналист Қанат Әбілқайыр өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды: «Райымбек пен Кеген ауданы баяғы орыс бодандығына көнбеген Тазабек пен Саурық сынды батырлардың мекені. Ресей империясының іргесін сөккен Қарқара көтерілісі де осы өңірден басталған. Идея жолында шейіт кеткен Заманбек пен Алтынбектің кіндік қаны да осы жерге тамған. 

Жайшылықта момын, бұйығы болғанымен, бір бас көтерсе, бас бермес асаулығы бар жұрт бүгінгі күнге дейін шыдап келгенін, халықтың шыдамының мүлдем түгесілгенін айтады.

Халық наразылығын басуға Кеген ауданының әкімі келгенімен, ол өз сөзіне өзі қарсы шығып, мардымды ештеңе айта алмады. 

Бұл жай тезірек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына жетпесе, аудандық, облыстық шенділердің қолынан ештеңе келмейтінін, олардың өтірік уәдесі халықты бұдан ары ашындыра түсетінін айта кеткіміз келеді.

Осындай кішкене ғана наразылықтың соңы Қаңтардағы жағдайға дейін жеткізгенін ел ұмыта қойған жоқ. Сондықтан осы жазбаны президентке жеткізуіңізді сұраймын, Руслан Желдібай (ред.ҚР Президентінің баспасөз хатшысы) мырза, деп жазды ол.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалимұрат Жүкел Қанат Әбілқайырдың парақшасындағы постыға жазған арнайы жауабында: 

“Көкпек-Кеген-Түп” автомобиль жолының 57 шақырымында Кеген және Райымбек ауданының тұрғындары жиналып, жол сапасына наразылықтарын білдірді. Тұрғындармен кездесуге Кеген ауданының әкімі Талғат Байедилов, “ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ Алматы облысы филиалының өкілдері келді. Тұрғындар былтыр басталған жолдың жөндеу жұмыстары аяқсыз қалғанын алға тартып, шағымдарын жеткізді. Республикалық жолдың құрылысына салғырт қараған мердігер мекеме жосықсыз деп танылып, 22 шілдеде тағы да конкурс жұмыстары басталды.
Қазавтожол өкілдерінің сөзінше, негізгі жұмыс басталғанға дейін жолды грейдермен тегістеліп отырады. Бұл шешім тұрғындардың талабымен сай келеді.Сондай-ақ, “ҚазАвтоЖол” өкілдері конкурстық жұмыстар аяқталып, негізгі жол құрылысы тамыз айының ортасында басталатынын айтты” деген пікір қалдырған.
 
Алайда Қанат Әбілқайыр бұл жауаптың оқиғаны мүлдем бұрмалап отырғанын айтады. 
“ҚазАвтоЖол” НАРЫНҚОЛДЫҚТАРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫН АЙНАЛЫП ӨТПЕК ПЕ, СҰЛТАНҒАЗИЕВ МЫРЗА?!” деген келесі жазбасында ол: 
“Бүгін Райымбек және Кеген аудандарының халқы наразылыққа шығып, Қайқы асуының жолын жапты. Қазір аталған жерге бірнеше грейдер көлігі келіп быт-шыты шыққан жолды күреп, тегістей бастады.
Ең қызығы сол, облыс әкімдігі таратқан ресми ақпаратта наразылық орнын Көкпек – Кеген – Түп жолының 57 шақырымы деп көрсетіп, наразылық көрсеткен нарынқолдықтарды шетке ысыра салып отыр. Кегеннен Түпке дейінгі жол онсыз да – тақтайдай.
Есесіне Кеген – Сарыжаз – Қайнар – Текес – Нарынқол жолымен есекарбамен жүргендей күй кешесіз.
Халықты осындай құйтырқы әрекеттер ашындыра түседі. ҚазАвтоЖол мен облыстық әкімдік Қайқы асуындағы 15 шақырым жолды жасап, Нарынқолды тағы да ары итере салмақ па?
Қазір ғана наразылықты ұйымдастырушы белсенділермен сөйлестім. Олар бұл құйтырқы әрекет жалғасар болса, енді Маруся асуын жаппақ.
Құрметті, Қасым-Жомарт Тоқаев мырза!
Біздің шенділер неге бір мәселені түпкілікті шешудің жолын қарастырмай, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүгіріп өтуді жөн көреді.
Халықтың талабы Көкпек – Кеген – Нарынқол жолын жасау. Бұл жайын Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Мақпал Мысалар да Парламент мінберінен бірнеше мәрте көтерді.
Сұлтанғазиев басқаратын облыс пен “ҚазАвтоЖол” енді соның бәрінен айналып өтіп, онсыз да жасалып қойған Түп жолын жасамақ па?” деген сауал қояды. 

 

P.S. “Мінбер” сайты бұған қатысты “ҚазАвтожол” өкілдеріне арнайы сауал жіберді. Әрі мәселені үнемі назарда ұстайтын болады. 

Дәурен Ермекбай,

Алматы облысы,

Кеген ауданы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі