Фото: gov.kz
Астанада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен алқа отырысында елдегі жер ресурстарын қорғау және топырақ сапасын жақсарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Жиынға өңірлердегі салалық басқармалар мен министрлікке қарасты мекемелердің басшылары қатысты. Басқосуда министр Қазақстан үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 117,7 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерінің стратегиялық маңызына тоқталып, табиғи және адам факторынан болатын жердің тозу қаупі әлі де жоғары екенін ескертті. Бұл мәселені шешу үшін еліміз БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы конвенциясы аясында кешенді жұмыстарды бастап кетті.
Осы орайда вице-министр Азат Сұлтанов жер сапасын бақылаудың жаңа стандарттары енгізілгенін мәлімдеді. Бүгінде 53,5 миллион гектар аумақтың тозу картасы жаңартылып, оның 5 пайызы, яғни 2,7 миллион гектары нақты тозғаны анықталды. Жалпы, еліміздегі 182 миллион гектар ауыл шаруашылығы алқабына мониторинг жүргізу жұмыстары 2029 жылға дейін толық аяқталмақ.
Ел байлығын қорғаудың басты қадамы ретінде қазіргі таңда Парламентте қаралып жатқан «Топырақты қорғау туралы» жаңа заң жобасын атауға болады. Құжат бойынша енді ауыл шаруашылығы жерлері әр 3-5 жыл сайын міндетті агрохимиялық тексеруден өтеді, жер учаскелерін бергенде топырақтың сапасын көрсететін арнайы «жер паспорты» енгізіледі, ал жер комиссиялары мен конкурстар толықтай онлайн форматқа көшеді.
Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, еліміздегі алқаптарды цифрландыру жүз пайыз аяқталып, егістік пен жайылымның цифрлық карталары жасалған. Ал 2027 жылға қарай Жер ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасына жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Бұл жүйе пайдаланылмай жатқан жерлерді автоматты түрде тауып, топырақ эрозиясын талдауға, өнімділікті болжауға және тыңайтқыш қажеттілігін дәл есептеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ министрлік топырақтағы көміртек мөлшерін бақылау арқылы отандық агросекторға «жасыл» инвестициялар тартуды көздеп отыр.
Сонымен қатар заңбұзушылықтар анықталған жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары қарқынды жүруде. 2022 жылдан бері 15 миллион гектар жер мемлекет меншігіне алынып, оның басым бөлігі қайта бөліске салынды. Нәтижесінде ауылдардағы жайылым тапшылығы 3,5 миллион гектарға қысқарды.
Жиынды қорытындылаған Айдарбек Сапаров топырақ эрозиясымен күрес жөніндегі Жол картасын жандандыруды және облыс әкімдіктеріне қайтарылған жерлерді тезірек іске қосуды тапсырды. Оған қоса, өңірлердегі ірі егін шаруашылықтарын мал өсіруге де тарту арқылы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды күшейту міндеттелді.
Парақшамызға жазылыңыз
