Фото: gov.kz
Астана қаласында «Қазанат» ипподромында 11-12 шілде күндері қазақтың асыл сусыны қымызға арналған «BaiQymyz – бапталған қымыз ұлттық тағамдар гастрофестивалі» атты халықаралық ірі көлемдегі мəдени-аграрлық іс-шара өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған фестиваль халқымыздың дəстүрлі тағам мəдениетін, оның ішінде қымыз өндіру дəстүрін жаңғырту мен халықаралық деңгейге ілгерілетуге бағытталған. Іс-шараға 60-70 мың адам келеді деп жоспарланып отыр.
Еліміздің əр өңірінен жəне Қырғыз мемлекеті мен Ресей федерациясынан (Саха) 60-қа жуық қымыз өндіруші қатысады. Фестиваль Октоберфест сияқты халықаралық үлгідегі мəдени-аграрлық брендке айналуы көзделіп отыр. Қонақтар екі күн бойы қымыздың түр-түрінен дəм татып, жылқы тұқымдары таныстырылатын көрмені тамашалап, этно-мəдени бағдарламаларға қатыса алады.
Фестивальдің басты ерекшелігі – халықаралық деңгейдегі «Ең үздік қымыз» байқауы. Жалпы жүлде қоры 45 миллион теңгені құрайды. Сайыс аясында «BaiQymyz-2026», «Ем қымыз» жəне «Халық таңдауы» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталады. Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар, арнайы кубоктар мен бағалы марапаттар табысталады. Ал бас жүлде алған жеңімпазға автокөлік сыйға беріледі.
Ұйымдастырушылардың мəліметінше, фестиваль аясында қазақтың жабы, мұғалжар, қостанай, көшім жəне адай секілді ұлттық жылқы тұқымдарының көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар асыл тұқымды жылқылар аукционы өткізіліп, 30-ға жуық жылқы сатылымға шығарылады. Қонақтарға ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұсынылады. Онда зергерлік бұйымдар, былғары жəне ағаштан жасалған туындылар, сондай-ақ ат-əбзелдері мен жылқы мəдениетіне қатысты бұйымдар таныстырылады.
Фестиваль аясында Қазақстанның танымал қылқалам шеберлерінің шығармашылық көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеге Жұмақын Қайрамбаев, Досбол Қасымов, Сембіғали Смағұлов, Геймран Баймұханов, Дəурен Қастеев сынды белгілі суретшілер қатысып, өз туындыларын көпшілік назарына ұсынады. Сонымен қатар көрме барысында өнер туындыларының арнайы жабық форматтағы аукционы өткізіліп, келушілер қазақстандық суретшілердің бірегей шығармаларымен танысуға мүмкіндік алады.
Мəдени бағдарлама аясында Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздары өнер көрсетеді. Көрермендер Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, Жұбаныш Жексен, Қайрат Баекенов пен «Format» тобы, Қыдырəлі Болманов, Қарақат Əбілдина жəне басқа да өнер иелерінің концертін тамашалай алады.
Сонымен қатар фестивальде көкпар, аударыспақ, қыз қуу, ерлер жəне əйелдер бəйгесі, тазылар жарысы, балалар Rodeo-сы, шөген (polo), ат үстіндегі квиддич, конкур жəне басқа да ұлттық əрі заманауи спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
Ұлттық руханиятты насихаттау мақсатында арнайы кітап көрмесі де өтеді. Көрмеде жылқы шаруашылығы, қымыз өндіру, ұлттық тағамдар, көшпенділер өркениеті, этнография жəне балалар əдебиеті бағытындағы кітаптар ұсынылады. «BaiQymyz-2026» гастрофестивалі – қымыз мəдениетін халықаралық деңгейде дəріптеуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, жылқы шаруашылығын дамытуға жəне Қазақстанның туристік əлеуетін арттыруға бағытталған бірегей жоба.
Парақшамызға жазылыңыз
