////

Есенгүл Кәпқызы: Сағат Әшімбаевтың машинкасы (естелік-эссе)

1438 рет қаралды
1
Көрнекі сурет, суретті түсірген автор

“Шалқар” газетіне жұмысқа орналасқаныма көп уақыт болмаған еді. Алматыға анам қыдырып келді. Әдетте о кісі редакцияларға қонаққа барып, өзінің жазған-сызғандарын ұсынады. Осы жолы да біз “Шалқар” газетінен бір қабат жоғарыда орналасқан “Қазақстан әйелдері” журналының редакциясына бардық. Бізді Шәрбану Бейсенова апай өте жылы қарсы алды. Ол кісі маған сондай зиялы, мейрімді әрі биязы болып көрінді.

Шәрбану Қонақбайқызы Бейсенова сол кезде “Қазақстан әйелдері” журналында бөлім редакторы болып қызмет атқаратын, жазушы, журналист. Бүгінде халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері. Жолдасы әдебиеттанушы, сыншы, тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев ағамыз иманы саламат болсын, тағдырдың жазуы болар, 1991 жылы дүние салыпты.

Осы кездесуден кейін Шәрбану апайға жиі соғатын болдым. Апай мені журналистикаға баулиды. Жиі тапсырмалар береді. “Шалқар” газетінде бір жыл корректорлық қызмет атқарғаннан кейін, бесінші курстың соңғы айларында мен тілші қызметіне ауыстым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе еді. Енді қате теріп, редакцияда отырмаймын, тілшілік қызметпен ары-бері жолға шығамын.

Мен “Шалқар” газетінің сыртында, “Қазақстан әйелдері” журналына да жаза бастадым. Сондай күндердің бірінде Шәрбану апай мені Қазақстанда кітапхана ісін қалыптастырушылардың бірі болған Нәзира Дәулетова апаймен сұхбаттасуға жұмсады. Сол кезде зейнет жасындағы Нәзира апай мені үйіне шақырды. Ол кісі Қазақстанның халық жазушысы Мариям Хакімжанованың келіні болған адам екен. Маған төте араб жазуымен жазылған бір бет қолжазбаны беріп, оқып беруімді өтінді. Мариям апамыздың өзінің өмірбаянынан бір үзік сыр екен. Өзінің жолдасына да, туысқандарына да, балаларына да айтпаған сыры көрінеді. Мен оқып беріп едім, Нәзира апамыз қатты айран-асыр болды. Сол Нәзира Дәулетовамен сұхбатым “Қазақстан әйелдері” журналына басылды.

Осындай бір кездесуімізде Шәрбану апай:

– Есенгүл, бір жақсы жұмыс бар. Біраз уақытты алатын жұмыс, дайын жүрерсің, – деді.

Сондай күн туды-ау деймін, бір күні Шәрбану апай маған келді де, “Дайынсың ба? Кеттік” деді. Біз N9 троллейбусқа отырдық-ау деймін, ұмытпасам. Өйткені біздің баратын мекеніміз Мәуленов және Шевченко көшелерінің қиылысында орналасқан екен. Масанчи көшесі аялдамасына түсіп, аталған қиылыстағы особнякқа келіп, есік қақтық. Есікті Фарида атты Әбділда Тәжібаевтың жиені ашты.

Шәрбану апайдың айтқан маңызды әрі пайдалы жұмысының сыры – ақын, драматург, әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымының докторы, проф., Қазақстан Республикасының халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың төте араб жазуымен жазған қолжазбасын кириллицаға аударып басатын адам керек болған екен. Сол жұмысқа Шәрбану апай мені лайық деп тауыпты. Советтік Социалистік Қазақстанның 1919-1929 жылдары аралығында ресми алфавиті Ахмет Байтұрсынов негізін қалаған төте араб жазуы болғанынан бүгінгі ұрпақ хабардар ма екен. Бағанағы Мариям Хакімжанова апайдың да бір бет қолжазбасы төте жазумен жазылған еді.

Әбділда атамыз екінші қабатта әлдекіммен шахмат ойнап отыр екен. Біз ойынның аяқталуын күтіп біраз отырдық. Сәлден кейін Әбділда ақсақал бізге мойын бұрды.

Шәрбану апай мені таныстырып жатыр:

– Өзі ақын, өзі журналист, төте жазуды жақсы біледі. Сонымен бірге машинка да баса алады.

Әбділда ата маған өзінің бір қолжазбаларын ұсынып, оқуымды өтінді. Әрине төте жазуға төселіп қалғанмын, дегенмен қолжазбаларды бірден шығарып оқу әлі де қиынға соғатын. Аздап кідірістен кейін, оқи бастадым, кей жерлерінде атамыз өзі көмектесіп отырды. Зырылдатып оқып отырмасам да, жазуды білетінімді аңғарды. Бәлкім содан маған бұл жұмысты сеніп тапсыратын болды. Бірақ маған қолжазбаны алып кетуге рұқсат бермеді. Күніне қай уақытта мүмкіндігім болады, сол кезде барып тұратын болдым.

Сол кезде жазу машинкасы қазіргінің ноутбуктері секілді ғой. Бірақ, қазір ноутбук екінің бірінің қолында жүрсе, ол заманда қолы жеткеннің  ғана жазу машинкасы бар еді. Мен қолжазбаны төте жазудан кириллицаға аударамын және машинкаға басуым керек. Менің қиналған жерім осы болды. Біраз адамның машинкасын сұрап пайдаланған кездерім де болды. Сондай күндердің бірінде ауылдан келіп жатқан анама біздің жатақханада тұратын жазушы Жақсылық Сәмитұлының машинкасын сұраттым. Анам қатты ренжіді, “сондай абыройлы адаммен танысып үлгермей жатып, машинкасын сұрағаным қалай болады” деп налыды.

Машинка күнделікті жазу жазатын адамға ауадай қажет дүние ғой, Жақсылық ағаның машинкасын бір-екі сағаттан кейін қайтарып беруге мәжбүр болдым. Жұмыстағы машинканы арасында сұрап басамын. Бірақ ол да мәселемді шешпеді.

Сондай күндердің бірінде Шәрбану апайға жолығып қалдым. Апай жұмысымның қалай жүріп жатқаны жайлы сұрады. Мен машинканың қинап жүргенін айтып қалдым. Апай үйде Сағат ағайдың (Әшімбаев) машинкасы барын айтып, соны алып кетуге үйіне шақырды.

Апайдың үйі Достық көшесінің өр жағында, “Алатау” санаторийі жақта екен. Ертесінде апайдың айтқан уақытында Сағат ағамыздың үйіне бардым. Шәрбану апай үйде жалғыз екен, қолынан дәм таттым. Ағайдың шағын ғана жазу машинкасы бар  екен. Қазіргі макбуктың көлеміндей болды. Сөйтіп сол күннен бастап машинка іздеп сабылмайтын болдым. Күнделікті Әбділда атамыздың үйіне Сағат Әшімбаевтың шағын машинкасын көтеріп барамын.

Әбділда атамыздың үйіне жорығым шамамен үш айға жалғасты. Жұмысты бітірдім. Әбділда атамыздың ұлы Рүстем аға қабылдап, ақысын төледі. Ол кезде ақшаның құнды кезі еді ғой. Атамыздың өлеңдерінің әрбір бетін төте жазудан кириллицаға түсіргенім үшін 15 теңге, машинкаға басқаным үшін 5 теңге аламын. Бұл маған әжептәуір көмек болды. Әбділда ата:

– Менің кітабымның редакторы бол, – деді. Бұл  өлеңдері, әйтеуір менің көңілімнен шыға қоймады. Сол себепті де редактор бол деген ұсынысқа да елп ете түспедім. Сөйтіп өлеңдерді кириллицаға аударып, машинкаға басып бергеннен кейін, ол кісілермен жылы қоштастым.

Бұл машинканың шапағатын көруім бір бұл ғана емес еді. Сонымен қатар қосымша қаржы табу үшін университеттің соңғы курсындағы студенттердің дипломдарын бастым. Біраз уақыт өткеннен кейін машинканы қайтару қажет болды. Қарасам машинканың біраз әріптері ұшып кеткен екен. Енді сол әріптерді орнына қояйын десем, машинка жөндейтін орталықтар жоқтың қасы еді. “Көк базар” жақтан ба, нақты есімде жоқ, әйтеуір біреуін таптым. Машинканың ұшып кеткен әріптерін орнына қойдырдым. Сөйтіп Шәрбану апайдың үйіне алып келдім. Бұл жолы мені келіні қарсы алды. Машинканы тапсырып, рахметімді айтып, қоштастым.

Шәрбану апай мені “Қазақстан әйелдеріне” жұмысқа тартқысы келді. 1997 жыл ма, әлде 1998 жыл болуы керек, апай ұлы Мәулен Әшімбаевтың Астанаға ауысуына орай, “Қазақстан әйелдері” журналынан кететін болды. Сол кезде мені журналдың бас редакторы Алтыншаш Жағанова ханымға ертіп әкеліп, өз орнына ұсынды. Алайда Алтыншаш апамыз мені Шәрбану апайдың орнына жұмысқа қабылдауға құлықты болмады. Сол кезде неге екенін мен үшін газеттен гөрі журналдың бәсі биік секілді көрінетін. Оның үстіне бала күнімнен жастанып оқыған “Қазақстан әйелдері” журналына жұмыс істеу қызық секілді көрінген.

Бірақ, журналда жұмыс істеу тағдырыма бұйырмапты. Бірақ кейін “Түркістан” газетінде рухани тұрғыдан ұстазым болған, қазақтың белгілі жазушысы Дидахмет (Әшімханұлы) ағамыз журналдан гөрі қоғамдық проблемаларды жиі қозғайтын, өткір  мәселелерді көтере білетін газетті журналға айырбастамағанымның дұрыс болғанын айтқан еді.

Сөйтіп, Сағат ағамыздың өзін көрмесем де, ол кісінің көзіндей, саусақтарының табы қалған машинкасының шапағатын көрген едім. Содан бері отыздай жыл өтсе де, күні кешегідей көз алдымда тұрады. Биыл Сағат ағамыздың туғанына 75 жыл болған екен. Сол кісінің арқасында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының (сол кезде Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болып қызмет істеген еді) көп кадрлары жасырын түсіріліп, мұрағатқа сақталып қалғандығы жиі сөз болады. Бүгінде осындай қайраткер тұлғалардың, басын бәйгіге тігіп, бүгін емес ертең үшін еңбек ететін жандардың азайып бара жатқаны өкінішті.

Менің қолымның табы тиген сол кішкентай машинка бүгінде Сағат аға Әшімбаевтың музей үйінде сақтаулы болар деп ойлаймын.

Жалғасы. Басын мына жерден оқыңыз.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар