//

«Aq jelken» журналы: Балалар баспасөзі тарихындағы ғасырлық белес

107 рет қаралды

Фотоға түсірген: Досжан Балабекұлы

Алматыда қаламгерлер қауымы тағылымды естеліктермен өрілген мазмұнды іс-шараларға куә болды. «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты бірнеше басылымның мерейтойы қатар атап өтілді: «Ұлан» газетінің 95 жылдығы, «Мысль» журналының 105 жылдығы, «Ana tili» газетінің 35 жылдығы және «Aq jelken» журналының 100 жылдығы.

Журналдың жүгін жалғыз көтерген жан

Балаларға арналған қазақ баспасөзінің жүз жылдық тарихын парақтай отырып, оның бастау көзінде жалғыз өзі қайықты желге қарсы есіп шыққан қайсар жанның тұрғанына куә боласыз. Бұл – алғашқы редактор Ерғали Алдоңғарұлы. Алғашқы санын оқыған адамға-ақ анық аңғарылатын жайт – балалар журналын ашу идеясы сол кезеңде тұтас бір қауымның емес, жалғыз жанкештінің жүрек қалауы болған.

Алдоңғарұлы ол кезде қазақ баспасөзінің тұтқасын ұстаған санаулы қалам иелерінің бірі еді. Бірнеше басылымның дүниеге келуіне тікелей атсалысып, тәжірибе жинап, ел болашағы – балада екенін, ал баланың сана-сезімі мен дүниетанымын қалыптастыруда арнайы басылымның рөлі орасан екенін терең түйсінген. Журнал алғашқы рет 1925 жылғы наурызда жарық көргенімен, сол жылы бар-жоғы үш саны ғана шығып, тоқтап қалады. 1930 жылы журнал қайта жарық көргенде оның маңына қаламы жүйрік, ойы кемел тұлғалар жинала бастайды. Енді бұл істің артында ұжымдық ұмтылыс пайда болды. Алдоңғарұлының кезінде жалғыз өзі көтерген жүгінің бағасын уақыттың өзі берді. Оның көреген шешімі, алысты болжай алған парасаты көп ұзамай-ақ жемісін берді деуге толық негіз бар.

Тарихтың тамырына бойлаған зерттеу

«Aq jelken» журналының ғасырлық мерейтойы қарсаңында басылым ұжымы маңызды бір миссияны өз мойнына алды – журналдың әр кезеңдегі даму жолын жүйелеп, оның тарихын нақты деректермен қайта қарастыру.

Зерттеуге кіріскен журнал журналисі Айнұр Мұратова архив қойнауына терең үңіліп, басылым тарихында бұрмаланып келген деректер мен елеусіз кеткен қателіктерді түзетуге ден қойды. Ол Қазақстанмен шектелмей, Ресей мен Өзбекстандағы архивтерге де сұрау салып, қосымша дереккөздер іздеді. Алайда зерттеу нәтижесі көңіл құлазытатын жайтты анықтады: 1925 жылы алғашқы жарық көрген «Пионер» журналының бүгінге дейін бір ғана нөмірі сақталыпты. Сол себепті арнайы әзірленген мерейтойлық кітаптың алғашқы бөліміне тек сол тұсаукесер нөмірдің материалдары енгізілді.

Зерттеу барысында балалар баспасөзіне қатысты кең тараған бір тарихи қате де анықталды. Ғылыми еңбектер мен түрлі деректерде 1925 жылғы «Пионер» журналы мен 1930 жылы алғаш жарық көрген «Октябрь балалары» (бүгінгі «Ұлан») газеті бір басылым ретінде қарастырылып келген. Алайда Айнұр Мұратова бұл екі басылымның мүлде бөлек тарихы бар екенін архивтік деректермен дәлелдеді. Оның осы бағыттағы зерттеу нәтижелері кітаптың бірінші бөліміндегі шолу материалында кеңінен баяндалған.

Айнұр Мұратованың тағы бір құнды жаңалығы – Жүсіпбек Аймауытұлының бүркеншік есіммен жазған, осы күнге дейін ғылымға белгісіз болып келген шағын әңгімесін табуы болды. Бұл шығарманы Жүсіпбек шығармашылығын терең зерттеп жүрген жазушы, жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлына ұсынып, ғылыми сараптамадан өткізді. Ғалым жан-жақты зерделеп, шығарманың шынымен де Жүсіпбек Аймауытұлының қаламынан туғанын растап берді.

Осылайша, ғасырлық тарихтың тасасында қалып келген деректер жаңғырып, «Aq jelken» журналының шынайы шежіресі ғылыми негізде қайта түзіліп жатыр.

Саясат салқыны мен шынайы дерек

Ал 1939–1948 жылдары басылым тарихын зерттеген Балжан Мұратқызы тағы бір тарихи фактіні анықтады. 1939 жылы «Пионер» атауымен журнал қайтадан жарық көргенде редакция оны жаңа басылым ретінде таныстырған. Бұрынғы – 1925 жылғы нұсқамен еш байланыстырмаған. Мұндай шешімнің астарында сол кезеңнің саяси ықпалы жатқаны сөзсіз. Себебі бастапқы «Пионердің» авторлары қатарында Алаш арыстарының болуы да әбден мүмкін. Ал бұл кезеңде ол есімдерді атаудың өзі – саяси қауіп болатын.

Мерейтойлық жиын барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хаттарын табыстап, басылымдардың тарихи маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ министрлік тарапынан бірқатар қызметкер марапаттарға ие болды.

Бұл іс-шаралар отандық баспасөздің бай тарихын еске салып, жас ұрпаққа рухани тәрбие берудегі маңызын айқындады.

Ұлттық кітапханада өткен мерейтойлық жиын барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов сөз сөйлеп, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты төрт басылымға арналған құттықтау хаттарын салтанатты түрде табыстады. Атап айтқанда, ол құттықтау барысында «Aq jelken» журналының 100 жылдық мерейтойына байланысты басылымның тарихи жолына арнайы тоқталған.

Мемлекеттік кеңесшінің құттықтау хатында былай делінген:

«1925 жылдың наурыз айында Ерғали Алдоңғаровтың редакторлығымен жарық көрген «Пионер» журналы – ХХ ғасыр басында ағартушылық жолында жасалған ірі бағыттың алғашқы қарлығашы деп бағалаймын. Содан кейінгі кезеңде де журнал қазақ балаларының айнымас серігіне айналды. Бұл дәуірде басылым әдеби-танымдық үрдісті нық ұстады. Б.Соқпақбаев, К.Тоқаев, М.Иманжанов, Ә.Нұршайықов сияқты қаламгерлер журнал мазмұнын байыта түсті. Журналды Ф.Оңғарсынова ұзақ жыл басқарып, 1989 жылы басылымның атауын «Aq jelken» деп өзгертуге бастама көтерді. Содан бергі дәуірінде «Aq jelken» журналы әдеби, рухани бағытты жалғастырып, жасөспірімдердің өзіндік көмекші құралына да айналды. Әдебиет пен мәдениет кеңістігінде балалар мен жасөспірімдерге арналған бір ғасырлық тарихы бар басылымдар кемде-кем. «Aq jelken» жүз жыл бұрынғы бағытына, аманатқа адалдық танытып, бұл күндері аға басылымдар қатарынан көрініп келеді».

Бұдан бөлек, жиын барысында Қанат Ысқақов Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан жолданған арнайы құттықтау хатты да оқып берді.

«Өз тарихында атауын бірнеше рет өзгертсе де, бұл ұлттық басылым өзінің басты бағытынан айныған емес. Ол – үлкен қаламгерлер шоғырын қалыптастырған рухани ошақ. Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқановтан бастап, соғыстан кейінгі кезеңде Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев, Мәриям Хакімжанова сияқты көрнекті қаламгерлердің соны туындыларын үздіксіз жариялап отырды. Журнал әр дәуірдің талабына сай журналистиканың озық үлгілерін тиімді қолданып, оқырман ықыласына бөленіп келеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Aq jelken» атауын иеленіп, қазақ жастарының ұлттық санасы мен тарихи жадысын жаңғыртуға, өткен кезеңдердің маңызды оқиғаларын халық мүддесі тұрғысынан жаңа қырынан түсіндіруге күш салды. «Aq jelken» жас оқырмандардың арман айдынына айналды. Бүгінде ол — Тәуелсіз Қазақстанның журналистика саласындағы төл атрибуттарының бірі ретінде дамып, алға ілгерілеп келеді», — делінген министрдің құттықтауында.

Сонымен қатар Қанат Ысқақов оқитын ұлт қалыптастыруда балалар басылымдарының рөлі аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл бағыттағы әлеуметтік әрі қаржылық қолдауды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Сондай-ақ ол қазіргі заманғы баспасөз цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басып отырғанын ескертіп, осы үдерістерге бейімделу — уақыт талабы екенін баса айтты.

Алматыда өткен салтанатты жиын барысында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Aq jelken» журналының 100 жылдығына орай бірқатар қызметкер марапатталды. Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан берілген «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі «Мысль» журналының корректоры Сахибам Имироваға, «Ana tili» газетінің корректоры Мөлдір Бисенбаева мен тілшісі Элеонора Ыбырайқызына, «Ұлан» газетінің беттеуші-дизайнері Дария Талаповаға, сондай-ақ «Aq jelken» журналының беттеуші-дизайнері Жазира Жағыпарова мен корректоры Үміт Жұмаділоваға табысталды.

Министрдің Алғысхатына «Ana tili» газетінің SMM-маманы Ақгүл Айдарбекова, тілшісі Бағдат Сұлтанқызы және корректоры Алмагүл Ұлтанбекова ие болды. Құрмет грамоталарына «Aq jelken» журналының жауапты хатшысы Досхан Жылқыбаев, «Ұлан» газетінің корректорлары Жазира Бекболатова мен Ділназ Шаймұратова, тілшісі Нұрлыхан Жұмахан және «Мысль» журналының беттеуші-дизайнері Зумрад Абдримова лайық деп танылды.

Жиын барысында сөз алған «Aq jelken» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы мінберді «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлына ұсынды. Ол өз кезегінде басылымдардың қазіргі жағдайына тоқталып, соңғы бір ғасырда таралымы құлдыраған немесе қайта көтерілген кезеңдердің болғанын атап өтті. Қамзабекұлы журналистикадағы үздіксіз еңбек пен уақытпен келген тәжірибенің маңызын атап, бірнеше әріптесін – Балжан Мұратқызы, Дәурен Досболұлы, Айнұр Мұратова және Олжас Павликты серіктестік атынан Алғысхатпен марапаттады.

Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы сөз алып, қазіргі медиа кеңістікте жүрген белгілі журналистердің көпшілігі кезінде дәл осы балалар басылымдарынан шыққанын айтты. Ол сондай-ақ бала кезінде пошташының газет-журнал әкелуін асыға күтетінін сағынышпен еске алды.

Іс-шарада бұрынғы балалар басылымдарының – «Пионер», «Балдырған» сияқты журналдардың тарихи орны мен олардың рухани мұрасы туралы да айтылды. Бұрынғы бас редакторлар — жазушы, еңбек сіңірген қайраткер Мағира Қожахметова (1996–2002 жж.) мен қаламгер, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз (2002–2011 жж.) оқырман есінде қалған кезеңдер туралы естеліктерімен бөлісті.

Жиын аясында журналдың ғасырлық мерейтойына орай арнайы дайындалған кітаптың тұсауы кесілді. Басылымның 100 жылдық тарихы қамтылған еңбекте бұрын-соңды бұрмаланған кейбір тарихи деректер ғылыми негізде қайта сараланған.

Сонымен бірге «Aq jelken» журналы жариялаған «Қазақтың нар тұлғалары» атты танымдық викторинаның жеңімпаздары марапатталды. Сыйлықтарды демеуші Ғазиз Құлахмет табыстады.

Жиын соңында журналдың 100 жылдығы мен жазушы Ғабиден Құлахметтің 70 жылдығына арналған республикалық әдеби байқаудың ресми түрде жарияланғаны хабарланды. Балалар аудиториясы да назардан тыс қалған жоқ. Нұрасыл Сахи, Ақжүніс Ілгербай және Гүлбақыт Іздібай есімді жас оқырмандарға «Жас тілші» куәліктері табысталды.

Осылайша «Aq jelken» журналы өз тарихындағы ғасырлық белесін ресми түрде атап өтті.

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар