///

Журналист ЖИ-мен жарыса ала ма?

2241 рет қаралды
фото: Ұлан газеті

Сәлем, достар! Демалыстарың қалай өтті? Мен болсам кәсіби білімімді сәл болса да жетілдіріп қайттым. Бүгін жинаған білімім туралы сендерге де айтпақпын. Биыл «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының құрылғанына 15 жыл толды. Осыған орай олар «Дата журналистика» мектебі жобасы аясында Eurasian Resources Group-тің (ERG) қолдауымен журналистерге арнап Павлодар, Ақтбе және Қостанай облыстарында трениңдер сериясын өткізді. Ал ткен демалыста Алматы қаласында «Дата журналистика және жасанды интеллект» фестивалі өтті. «Қазақ газеттеріне» қарасты басылымдарға да фестивальге қатысу мүмкіндігі бұйырды.

Алдымен «Мінбер» туралы айтып берейін. Есенгүл апай айтпақшы, «15 жыл – тарихтың 15 парағы» болсын. Қор 2009 жылы құрылған. Негізін қалаушылар – Есенгүл Кәпқызы, Асхат Еркімбай. 15 жылдың ішінде 50-ден астам трениң өткізіп, мыңға жуық түлек шығарған. Ең алғашқысы 2010 жылы Алматыда өткен. Қазір «Мінбер» – ақпараттық агенттік. Ал ең басында ұлттық интернет газеті болғанын айта кеткен жөн. «Мінбердің» «Қазіргі кездегі журналистік білім беру: инновациялар, жаңа технологиялар», «Жаңа медиа: монологтан диалогқа», «Журналистика бойынша оқу бағдарламаларының моделі» (қазақ аудиториясына бейімдеп жасады), «Ashyq Syllabus» атты оқу-әдістемелік құралдары мен өнімдері бар.

«Жобаны құрардың алдында ұзақ уақыт ақылдастық, сөйлестік, талқыладық. Негізі басында «Қазмедиа» деп құрғымыз келген. Сөйтсек ондай атау бар екен. Сонан кейін «бұл сіздің мінберіңіз болсын» деп, «Мінбер» деп қойдық. 2018 жылы ақпараттық агенттік ретінде ресми тіркелдік», – дейді Есенгүл апай.

Ең алдымен фестивальдің қатты ұнағанын жазғым келеді. Оның үш себебі: уақыттың қадағалануы, қатысушыларға жасалған жағдай және шеберлік сағаттарының сапасы. Ұйымдастырушылар қатысушыларды тіркеп, амандасып жатқан кезде бір жылы көріністі байқадым. Негізі мамандық таңдауда қателеспеу керек деген рас екен. Сүйікті жұмысыңнан тапқан әріптестерің бірте-бірте достарыңа да айналады. Ал сені, кәсібіңді түсінетін адамның барына не жетсін?! Фестивальге келген барлық журналист бір-бірімен ұзақ уақыттан кейін көрісіп жатқанда, «біз де болашақта осындай болар ма екенбіз?» деген ой туды. Сағат 9 жарымда панельдік сессия басталды. Тақырыбы – «Дата және жасанды интеллект: Қазақ журналистері заманауи трендтерге қаншалықты дайын?». Бұл сұрақ көптің көкейінде жүргені анық. Себебі өздерің білетіндей, жасанды интеллект журналистикада ғана емес, басқа салаларға да әсерін тигізіп жатыр. «Мінбер» қоры өңірлердегі журналистер үшін арнайы трениңдер өткізіп келеді. Олардың байқауынша, өңірлердегі ақпарат құралдарынан талпыныс байқалмайды, бәсекеге қабілет төмен. Оның себебі ретінде медианың басым көпшілігі мемлекетке тәуелді екені әрі журналистердің айлығы шайлығына жетпейтіні айтылды.

Қазақтілді медианың баяу жылжып жатқаны да құпия емес. Көңіл көтеретін контенттің көп екені де рас. Бұл мәселе бойынша Қарлыға Мысаева Қаңтар оқиғасын мысалға ала отырып, шетел журналистикасының айырмашылығын көрсетті. Біріншіден, қазақтілді БАҚ ресми ақпараттан ары аса қойған жоқ. Екіншіден, Ұлыбритания журналистері «бұл оқиға неліктен орын алды?», «әлеуметтік-саяси мәселелердің негізінде халық шеруге шықты ма?» деген сұраққа жауап іздей отыра, сараптамалық мақаланы көбірек жазған. Оның ойынша өзекті мәселені дәл сол күйінде көрсету үшін батылдық жетпейді. Бұл жерде жоғарыда айтылған мемлекеттік бақылаулар мен халықтың сұранысы ма деген сұрақ туындайды. Қазір халық дәл осы көңіл көтеретін контенттен шыға алмай отырғаны рас. Мұны газетіміздің Инстаграм парақшасында салынған видеолардың статистикасынан да байқадық. Яғни сараптаманың аз жазылуына халықтың сұранысы төмен екені де себеп болып отырғандай. Қарлыға апайдан бөлек бұл панельдік сессияда IT аналитик Тимур Бектұр, Internews Kazakhstan, CAIIA бағдарлама менеджері Бэлла Қасымқызы, «Азаттық» радиосының интернет-редакторы Мақпал Мұқанқызы мен «Мінбер» жоба координаторы Бақыт Аманжолқызы да өз ойын айтты.

ЖИ-ДІ ҚАЛАЙ «ЖҰМСАЙМЫЗ?»

Кофе-брейктен кейін қатысушылар шеберлік сыныптарға бөлінді. Бірі медиатренер Асхат Еркімбай мен фактчекер Жансерік Тілеуханның дәрісіне барса, келесі топ «Азаттық» радиосының тілшісі Елнұр Әлімова мен фрилансер журналист, медиатренер Оразай Қыдырбаевтың шеберлік сыныбына барды. Мен біріншісіне баруды жөн көрдім.

Асхат ағай «Журналист жасанды интеллект құралдарын қалай қолдана алады? Датаны білудің маңызы» тақырыбында керемет дәріс өткізді. Айтпақшы, ол оқушы кезінде «Ұланның» жас тілшісі болған. Біздің оқырмандарға бірнеше рет шеберлік сағатын да өткізді. Басқасы басқа, Асхат ағай бізді әрқашан жаңа дүние айтып таңғалдырады. Мысалы, осы жолы жасанды интеллектің журналистикадағы рөлі туралы айтты. Ағайдың айтуынша, ЖИ-ді қолданатын кез келген медианың, редакцияның дата базасы болуы керек. Яғни, бүкіл мақала мен дерек бір компьютерде дата күйінде бөлек жинақталып тұрғаны жөн. Редакциядан бөлек, әрбір журналистің өзінде әр материалы мен жұмысы жеке сақталғаны дұрыс. Ал мұның бәрін кім жүйелейді? Сондықтан әр редакцияда мұның бәрін жинай алатын, заң бойынша қолданатын, датаны түсінетін адам болуы керек. Үшіншіден, NLP – Neurolinguistic programming. Бұл нейрон деңгейіндегі бағдарлама. Бүгінде қазақ медиасында осы NLP маңызды рөл ойнайды екен. Қазақша ақпаратты ЖИ түсіне алуы үшін осы NLP бағдарламалары дамуы керек. Аталған үш шарт орындалса, біз ЖИ-ді әртүрлі бағытта қолдана алады екенбіз. Шетелдіктер мұны қолдана бастағанына біршама уақыт болған. Жаңалық өндірісін автоматтандыру, зерттеу мақаласын күшейту, мұрағаттарды пайдалану, аудиторияны түсіну, мақала жазуды оңтайландыру, фактілерді тексеру, пікірлерді модерациялау, біржақтылықты азайту – қазір ЖИ-дің журналистикаға тигізіп жатқан пайдасы осындай. Мысалы, датасы бар дүниелерді автоматтандыру арқылы оны жаңалық ретінде жазып беріп отырады. Кrisha.kz, kolesa.kz сайттарындағы тауардың бағасы өзгергенде немесе доллар бағамы мен ауа райы ауысқан кезде мұны байқай аламыз. Бірақ, әрине, журналист тарапынан да толықтырулар болады. Келесі мысал ретінде медиатренер «Жас қазақ» газетін негізге алды. Өзі де сонда қызмет еткен. Өзі құрастырған роботы арқылы газеттің ПДФ нұсқаларын жинап алып, қазіргі аудиторияға қандай контент өтетінін тексеріп көрген. Сонымен қатар, газеттің сайтына сол материалдарды қоса отыра, оқырман таңдаған материалға ұқсас мақалаларды ұсынып отырады. Бұл онлайн жазылымды да арттырады. Ағайдың айтқандарын қысқаша осылай жеткізейін. Әйтпесе айтылған ақпараттан менің ғана емес, өзге де қатысушылардың миы төңкерілген сияқты…

ЖИ-ДІҢ ЖҰМЫСЫНА АЛДАНЫП ҚАЛМАЙМЫЗ БА?

Асхат ағайдан кейін фактчекер Жансерік Тілеуханның «ЖИ пайдаланған контентті анықтау жолдары» дәрісін тыңдадық. Меніңше, бұл тақырыпты тек журналистер емес, басқа да мамандық иелері білуі керек. Журналистің айтуынша, мына әдістер арқылы ЖИ мен жасалған фотоны анықтауға болады:

  • Фотоны жақыннан қарау;
  • Бар болса фотоның алғашқы нұсқасын іздеу;
  • Дене пропорциясына, симметрияға мән беру;
  • Детальдарға мән беру;
  • Фонға, аксессуарға, дене мүшесіне назар аудару;
  • Арнайы таңбаларды іздеу.

Видеоның да ЖИ арқылы жасалғанын осы тәсілдер арқылы білуге болады. Бұл ережелерді естіп алған соң, тәжірибе жүзінде қай сурет шын, қайсы өтірік екенін тауып көрдік. Бірден меңгергеніміз байқалды. Егер сен де ЖИді анықтай алатын дағдыңды дамытқың келсе, This person does not exist сайтын қолдансаң болады. Ал Which Faces Real, AI or Not, Illuminatry.ai сынды cайттар кәсіби түрде анықтап бере алады. Дипфейк дегенді естіген шығарсыңдар? Бұл – ЖИ негізінде видео не аудионы синтездеу әдісі. Оны анықтау үшін Жансерік ағай deepware, deepfake-o-meter құралдарын ұсынды. Бірақ аталған құралдың бәрі мінсіз емес екенін ұмытпаңдар!

Келесі панельдік сессия «Мінберге 15 жыл: Қазақ журналистикасында не өзгеріс?» деп аталды. Спикерлер қатарында «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы, медиа сарапшы, журналист Асылхан Мамашұлы, Kursiv.media іскерлік порталының шеф-редакторы Риза Исаева, медиатренер, журналист Жұлдыз Әбділда және ERG коммуникация маманы Жанболат Серікбай болды.

Кәсіби журналист рейтиң қумайды

Жұлдыз Әбділда: «Егер бір адам сапалы контент жасаса, бірақ оны аз адам оқыса да, оны журналистикаға қосқан үлес деп есептеуіміз керек. Бізде бәрін KPI-мен, материалдың қаралымына қарап өлшейді. Ондай жерде біз nur.kz, stan.kz-пен теңесе алмаймыз. Сондықтан біздің салмақты баспасөз өкілдері де сол фронтқа қарай кетіп бара жатыр…» – дейді.

Жұлдыз апайдың айтқан сөзіне екі қолымды көтеріп келісемін. Қазір оқушылар мен журналистика факультетінің студенттері арасында тек «телевизияға барсам екен, бет-жүзімді бәрі көріп танымал болсам екен» дейтіндер жетеді. Егер жағдай жалғаса берсе, өздерің айтатын «журналист – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір» деген сөз жүзеге аспай қалады. Сондықтан, құрметті жас тілшілер мен авторлар, сендерді де мән-мағынасы терең, сапалы материал жазуға шақырамыз.

CapCut пен Canva-ны компьютерде қолданып үйрен

Панельдік сессиядан кейін тағы да шеберлік сыныптарына бөліндік. Біріміз IT аналитик Тимур Бектұрдың «Newsroom журналистерінің жұмысында жасанды интеллект қолдану» тақырыбындағы сабағына қатыссақ, екіншіміз медиатренер Аян Ғизаттың «Қысқа видео дайындаудың тәсілдері» атты дәрісінен жаңа білім алдық. Маған Аян ағайдың тақырыбы қызығырақ болып көрінгендіктен сол кісіге баруды жөн көрдім.

Аян ағай монтаж жасау бойынша CapCut бағдарламасының компьютерлік нұсқасын негізге алды. Бір қызығы, бәріміз бұл бағдарламаның телефондағы нұсқасын қолдана аламыз. Алайда компьютердегі нұсқа көбірек мүмкіндік беретінін байқадым. Бұл сабақтан ең бірінші түйген дүнием – монтаж жасаған кезде бір бағдарламамен ғана шектеліп қалуға болмайды. Себебі идея тек бір жерден келмейді. Қолымызда бар барлық мүмкіндікті қолдану керек. Мысалы, Canva қосымшасын алайық. Онда өзің қалаған дизайн бойынша өте көп шаблон бар. Қосымшаны тек презентация жасау үшін емес, видеоның көрнекі, қызықты болуы үшін қолдансаңдар болады. Мұны Аян ағайдың бізге ғана емес, сендерге де берген кеңесі деп қабылдаңдар.

Аян ағайдың дәрісі соңғы сабақ болды. Терезеге қарасам, күн көрінбейді, қараңғылық басқан. Уақыттың тез өткенін байқамай қалыппыз. Кофе брейктен кейін «мінберліктер» фестивальге қатысқан қатысушыларды марапаттады. Біз де «Мінберді» 15 жылдығымен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз жана берсін, түлектеріңіз көбейе берсін дейміз.

Беттерді дайындаған Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

Суреттер автордыкі

Дереккөз: «Ұлан» газеті, №44, 29 қазан 2024 жыл

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар