////

Б.Бәмішұлы. Қарлығаш ұя салған шаңырақ

191 рет қаралды

(Ақын-абыз Зуқай Шәрбақынұлы мен апайым Нәзира Үкібайқызына)

Өмірдің ойнамалы жүлгесінде,

Алдым ғой қайғысын да, жүлдесінде.

Жерлермен ойлы-қырлы жүріп өтіп,

Орандым ұлтан болып бүлдесінде.

Жазмыштың жазғанына таңғалмаймын,

Тағдырдың тұщы емесін білгесінде.

Сонда да тірлік қуып жүргесін бе?

Түсетін ойыма да, күнде есіме.

Қызығып достарым да, дұшпаным да,

Қызғанып қарайтұғын күндесім де.

Қарлығаш ала қанат ұя салған.

Бір үй бар Алматының іргесінде.

Сол үйге барғым келіп тұрады ылғи.

Қолымды босатса егер тірлік-қырғи.

Қарамай таң ба, кеш пе, әлде түс пе,

Сөз емес жолың маған ылди-құлди.

Қаладан жетекке алып Ақбозымды,

қояндай атып шығам орғи-қарғи…

Басы еді май айының майы тамған.

Жай жатып, кеш тұрғамын ұйқы қанған.

Есіме түсе қалды Ақ шаңқан үй,

Қарлығаш ала қанат ұя салған.

Жеткізбес қосар атпен қусаң-дағы,

Кететін ертең тастап Дүние жалған.

Тірлікті күйіп тұрған тастадым да,

жөнелдім таусылған ба, адамда арман.

Күн әйбат, жайма-шуақ бесін еді.

Қата айтсам қадір білген кешіреді.

Алдымнан ақ сақалы, құманы бар,

Сол үйдің шыға келді есіл Ері.

Даусымнан жыға танып, қыңыр сөйлеп,

«Көз бұлдыр, құлақ кем»,- деп есіреді.

Иіліп, мың бүктеліп, келін келді.

Білінбес қимылы әбжіл ерінгені.

Әулеттің ол ертеңгі валидесі,

Өңінен көрінбеді желінгені.

Бір нәрсе айтқысы кеп тұрғандығын,

Сағымнан байқап қалдым ерніндегі.

Тұнжырап, ойға шомып қанған иге,

Қолтықтап, қазықтай боп тұрған күйде.

Екеулеп әзілдесіп, қалжыңдасып,

Енгіздік әкөкөйлеп қартты үйге.

Сол сәтте көз алдымнан лып етіп,

Бір нәрсе өте шықты лезімде.

Сөгіліп қолаң шашы иығынан,

Төгіліп жылы күлкі миығынан.

Байқадым дөдегені ымдағанын,

Көзінің көтерілген қиығынан.

Сөздің де сөлі жақсы, көженің де,

Қоюы жұғымды ғой сұйығынан.

Қарадым қарлығаштың ұясына.

Жабысқан жалама бет, қиясына.

Аңқиды жұпар иіс аурасынан,

Жүзгендей таулы жердің миясына.

Қарлығаш – өлең – өмір көкірегімде,

Айналды қаламымның сиясына.

Қарадым ұясына қарлығаштың.

Қарадым қабағына қарындастың.

Құт атты жақсы лепес, үміт-шырақ,

Жайнаған жанарында жалын жастың.

Нұрлы жүз, отты жүрек байқалар ма,

Тек қана ойлап қалса қамын бастың.

Тербеді әңгімесі көңілімді,

Толтырып толқынысқа өңірімді.

«Қарлығаш киелі құс,- деп тіледім,

Құдайым, жарық қылар өміріңді».

Қарты бар, ақ сақалды абызы бар,

Құт қонған шаңырақ қой өмірі үлгі.

Төзбесті мұндай сынға шабан құлық.

Қашаған Ойға жүйрік салам құрық.

Жабыспай қинаса да балшықтары.

Қайтпайтын неткен төзім, неткен ғұрып.

Кеседей жан ұясын жасап шыққан,

Таймайтын дегенінен табандылық!

Тынымсыз, тағат таппай етіп еңбек,

Алаңсыз, адам – пана, өсіп-өнбек.

Беймарал, бейбіт, ешкім үркітпейді.

Жауын да, дұшпанын да сөйтіп жеңбек.

Ұяда ұябасар, керген жіпте,

Мүлгиді жары тыныш ойы ермек…

Тыныштық құс та қалайд тағдырына.

Зарықтық көктің тұнық жаңбырына.

Құйып ед жаңбыр жерге қан жүгірді,

Ыстықтан күйіп кеткен тамырына.

Алыстан естіледі оқтың даусы,

Қаланы айналдырған қабырына.

Кім шындық, тыныштықты қаламайды,

Көк нұрын түзу түскен аялайды.

Көгенін, көсегесін көгертем деп,

Кім-кімде бәйтеректі саялайды.

Қанды азу Үй бұзғанды Хақтың күші –

Хақиқат ешқашанда аямайды.

Жылыстап маусым айы бара жатыр,

Тыныстап ақ жаңбырмен қала жатыр.

Қарлығаш жайлы жазып отырғанда,

Иіліп кемпір қосақ далада тұр.

Киелі құстың сірә киесі ме,

Тумаққа асықты өлең – бала батыр.

Аңқылдап Алматының таңы атқан.

Хат келді қасиетті шаңырақтан.

Шашудай ақ жүректен ақтарылған,

Ақ жолтай ақ тілегін аңыратқан.

«Ағатай, есіңде ме, қос қарлығаш,

Келіп көр, балапанын жамыратқан!

20.06.2025 жыл. Алматы.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар