//

«Бәрін жаңадан бастадым»: қырғыз қызы Германияға қалай жол тапты?

113 рет қаралды

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қырғызстанның Жалалабад қаласында туып-өскен Наргиза Қылышбекқызы бүгінде Германияның Дрезден қаласында тұрып жатыр. Ол бес тілді меңгерген, IELTS емтиханын 17 жасында тапсырған, қазір неміс университетіне медицина мамандығы бойынша оқуға түсуге дайындалып жүрген білімді жастардың бірі. Наргиза өзінің жүріп өткен жолы негізінде шетелде оқу — тек ақшасы көптің немесе интеллектісі жоғары жандардың мүмкіндігі емес екенін дәлелдегісі келеді. Ол хикаясы арқылы мыңдаған жасты қажырлы дайындық пен табандылыққа үндейді.

«Неміс тілі – менің бесінші тілім. Қалай меңгердім дейсіз бе?»

– Менің аты-жөнім — Наргиза Қылышбекқызы. Қырғызстанның Жалалабад қаласында туып-өстім. Қазір Германияның Дрезден қаласында тұрып, білім алып жатырмын. Жақында неміс тілінен С1 деңгейіндегі сертификат алдым. Енді медицина факультетіне құжат тапсыруға дайындалып жүрмін. Бұл жол ұзаққа созылды. Бірақ мәре сызығына жақындағанымды сеземін.

Неміс тілі — үйренген бесінші тілім. Алғашқысы — туған тілім қырғыз тілі. Одан кейін, әрине, орыс тілі. Қырғызстанда орыс тілі кең таралғандықтан, орысша да еркін сөйлеймін. Мектепте жүргенде ағылшын тіліне қызығушылық пайда болды. Сол кезде АҚШ-та білім алуды армандап, IELTS емтиханын тапсырып, 7.5 балл жинадым (С1 деңгейі). Бірақ кейін бұл арманнан бас тартуыма тура келді — Америкада медицина оқу ақысы тым қымбат, әрі оқуға құжаттарлы тапсыру үдерісі де оңай болмайтынын білдім.

Содан соң түрік тіліне бет бұрдым. Қырғыз-түрік «Манас» университетінде TÖMER курстарын оқып, нөлден бастап С1 деңгейіне жеттім. Ал неміс тілін үйренуді екі жыл бұрын бастадым. Курстарға барып, кейін өз бетіммен де көп дайындалдым. Көп уақыт пен қаражат жұмсадым. Кейде тоқтап, кейін қайта жалғастырдым. Күрделі жол болды. Бірақ сол еңбектің арқасында бүгінде Германияда тұрып жатырмын, әрі С1 деңгейіндегі сертификатым бар.

Тілді меңгеру — оңай емес. Жылына бір тіл үйренемін. Бұл дегеніміз —кемінде 12 ай тынымсыз еңбек, күн сайын 7-10 сағат оқу, төгілген көз жасы мен жалғыздық күйі. Бастапқыда тіпті бас тартқым келген сәттер де болды. Бірақ мен берілмедім. Бұған қоса, соңғы екі жылда психологияны өз бетіммен зерттеп келемін. Жақында Instagram мен Threads әлеуметтік желілерінде осы тақырыпта контент жасай бастадым. Болашақта Германияға оқуға түсу, құжаттар жағы, жіберілген қателіктер мен жеке тәжірибе туралы, басымнан өткен жайттарды бөлісуді жоспарлап отырмын, – дейді кейіпкер.

«IELTS-ты екі айда тапсырып шығу – миф»

– Оқыту нарығындағы «бір айда үйретеміз», «екі айда IELTS-тан 7.0 балл аласың» деген уәделерге сенбеңіз. Бұл — маркетиң. Мақсатқа жету — тек өзіңе байланысты. Тіл үйренуде басты шарт — тәртіп, табандылық, және жауапкершілік.

Германияда оқуға түсу үшін ақша керек емес — мемлекеттік университеттерде оқу тегін. Бірақ оқыту тілі — неміс тілі. Сондықтан егер арманыңыз шетелде оқу болса, алдымен тілді меңгеріңіз. Бірақ шетел — бұл тек ашық аспан, жайлы жатақхана емес. Мұнда да қиындықтар бар: жалғыздық, күйзеліс, жаңа ортаға бейімделу. Бірақ еркіндік, жаңа мәдениет, өсу мүмкіндіктері бар. Жағымды жағдайлар мен қиыны қатар жүретін өмір.

«Жолға жалғыз шықтым. Бірақ өз арманымды таптым»

– Мен IELTS емтиханын тапсырған кезде не бары 17 жаста едім. Мектепті енді ғана бітірген кезім, өзім де кішкентай болдым. Ол уақытта қазіргідей әлеуметтік желілерде толып тұрған оқыту контенті болған жоқ. Бәрін өз бетіммен іздеп, өзім істеуге тура келді. Ағылшын тілінде көркем әдебиет, мәдениет пен тарихқа қатысты кітаптарды өте көп оқыдым. Әр кітаптан кейін жаңа сөздерді жазып алып, есте сақтауға, қолдануға тырыстым. Кітапты оқып болған соң, міндетті түрде сол туралы шағын эссе немесе пікір жазатынмын. Бұл жазу машығымды дамытуға көп көмегін берді. Ал IELTS емтиханында жазу бөлімі өте маңызды екенін бәрі біледі. Бәлкім, дәл осы әдіс маған жоғары балл алуға көмектескен болар. Мен әрдайым айтамын: қазіргі кезде ондай «лайфхактар» жұмыс істей ме, білмеймін, бірақ менің жағдайымда бұл әдіс-тәсілдер шынымен нәтиже берді. Ақырында, бұл емтихан сіздің дарыныңызды емес, тілді қаншалықты меңгергеніңізді тексереді. Сондықтан мен әрқашан кітап оқуға кеңес беремін. Бірақ жеңіл заманауи романдар мен бизнес-әдебиетті емес, тіл байлығына толы мәтіндерді, әсіресе америкалық мәдениет, классика және тарих элементтері бар шығармаларды оқу қажет. Мысалы, ағылшын тілінің тарихы, белгілі бір сөздердің қалай пайда болғаны, олардың уақыт өте қалай өзгергені туралы өте қызықты кітаптар бар. Мұндай кітаптар көкжиегіңізді кеңейтіп, сөздік қорыңызды байытады.

«Бар болғаны — арманыма деген сенім, еңбек және табандылық»

– Шетелге кетерде ата-анам қарсы болды. Әсіресе қыз баласы үшін бұрыс деп санады. Бірақ мен жауапкершілікті мойныма алдым. Моральдық болсын, қаржылай жағынан болсын. Жолға жалғыз шықтым. Мен ерекше жан емеспін. Бай ата-анам, таныс-туғаным болған жоқ. Бар болғаны — арманыма деген сенім, еңбек және табандылық. Бәрі сіздің ішкі дайындығыңыздан басталады.

Өзіңізге сеніңіз. Тілді үйреніңіз. Жүйелі жоспар құрып, біртіндеп әрекет етіңіз. Бір күні өз арманыңыздың есігін ашатыныңызға сенімдімін. Егер менің хикаям бір адамға болсын жарқын жол сілтесе — менің мақсатым орындалды, – дейді Наргиза.

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар