///

Әлеуметтік салаға мемлекеттік бюджеттен қанша қаржы бөлінеді?

146 рет қаралды

Фото: www.pexels.com

Мемлекет бюджетінің барлық шығындарының 22% әлеуметтік секторға тиесілі. 2025 жылдың І-жартыжылдығында әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етуге Қазақстанның мемлекеттік бюджетінен 3,3 трлн теңге шығындалған. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 10,8% артық және осы шығындардың үлесі мемлекет шығысының жалпы көлемінің 21,9% жеткен, – деп хабарлайды finprom.kz аналитикалық басылымы.

Жалпы алғанда соңғы жылдары мембюджет шығысының әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етуге үлес салмағы ерекше бір жағдайларды есепке алмағанда жылдан жылға азайып келеді. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 25% болса, 2021 жылы – 24,7%, 2022 жылы – 22,5%, 2023 жылы – 21% құраған. 2024 жылдың осы кезеңінде ғана 22,8%-ға өсіп, ал биылғы жылы қайтадан төмен түскенін көруге болады.

2025 жылдың І-жартыжылдығында бұл сала мемлекеттің басқа салаларының арасында алдыңғы саптағы 3,6 трлн теңге бөлінген білім саласынан кейін екінші орынды алып отыр. Осының өзі әлеуметтік саланың бюджет құрылымындағы маңызы зор екенін білдіреді.

Өңірлер бөлінісінде қарайтын болсақ, әлеуметтік салаға шығыны жоғары болған Түркістан облысының бюджеті 36,8 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 11,8%-ға артқан. Екінші орында Алматы қаласы, 29,6 млрд теңге бөлген, Алматының жылдық өсімі де 11,8%-ға көбейген. Үшінші орында Астана қаласының шығыны – 24,4 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 19,2% өскен.

Биылғы жылдың 6 айына әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттердің шығысы 335,9 млрд теңгеге жеткен, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,2% көбірек.

Жергілікті бюджеттердің әлеуметтік саладағы шығыстары барлық өңірлерде дерлік артқан, алайда кей өңірлерде осы саланың шығысы керісінше кеміп қалған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысын алатын болсақ, салаға бюджеттен бөлінетін қаржы 31,9%-ға азайып, 11,1 млрд теңгені құраған. Солтүстік Қазақстан облысы болса, әлеуметтік сектор  шығысын 19,9%-ға төмендетіп, 11,6 млрд теңге бөлген. Қостанай облысы 12,9 млрд теңге бөліп, сала шығысын 9,2%-ға азайтқан.

Әлеуметтік көмек пен қамтамасыз ету саласына қаржы бөлуді көбейткен өңірлер қандай? Ең жоғарғы көрсеткіш сала шығысын 19,2%-ға өсірген Астана қаласында. Одан кейін Атырау облысы 18,2%-ға арттырып, 13,3 млрд теңге бөлген. Маңғыстау облысы болса 15,5%-ға өсіріп, 14,4 млрд теңге шығындаған.

Аналитикалық портал Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2024 жылғы әлеуметтік зерттеуінің мәліметтерін бөліскен. Зерттеуге сүйенсек, “Қазақстандықтардың өздері мемлекеттен қандай әлеуметтік маңызды көмек алғысы келеді?” деген сұраққа ел азаматтарының басым көпшілігі, яғни сұралғандардың 60,9% мемлекет ең алдымен отбасыларға тұрғын үй жағдайын жасауы қажет деген жауап берген.

Респонденттер берген пікірлерге сәйкес мемлекет қатысуы қажет басым бағыттардың ішінде еңбекпен қамту (52,8%), отбасылардағы ауыр науқастар мен мүгедектерге күтім жасауға көмек (29,9%) және сапалы медициналық қызмет алу (29,8%) бағыттары аталған.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар