Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы 4‑15 қазан күндері Албанияның Дуррес қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында (FIDE World Youth Chess Championships 2025) керемет жетістікке қол жеткізді.
Ойлы спортшылар жарысында Марк Смирнов пен Эдгар Мамедов әлем чемпиондары атанса, Сауат Нұрғалиев күміс медальді қанжығалады.
Бұл нәтиже Қазақстанның балалар‑жасөспірім шахматындағы көшбасшы мәртебесін бекітті. Бұл ақпаратты Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Шахматшылардың әлемдік жарысына 84 елдің 711 спортшысы қатысты. Турнир швейцариялық жүйе бойынша өтті. Бірінші 40 жүріске 90 минут, партияның соңына дейін 30 минут берілетін және әр жүріс үшін 30 секунд қосылатын классикалық уақыт бақылауымен 11 тур өтті.
Қазақстан намысын 14, 16 және 18 жасқа дейінгілер санатына кіретін 44 спортшы қорғады.
Қорытындысында 13 жасар Марк Смирнов 11 ұпайдан 9½ жинап, 14 жасқа дейінгі бозбалалар (O14) арасында әлем чемпионы атанды.
Алматылық спортшы Қытай шахматшысы Цзян Хаочэнді (8½ ұпай) басып озып, соңғы турда Польшаға өкілдік еткен Петр Бжезинді 34 жүрісте айқын жеңді.
Бұл Марктың екінші алтын жүлдесі. Бұған дейін 2022 жылы 10 жасқа дейінгілер санатында күміс медаль иеленген болатын. Сондай-ақ марк 2023 жылы 12 жастағы спортшылар арасындағы чемпионатта жеңімпаз атанды. Албанияда сондай-ақ екінші халықаралық шебер нормасын орындады.
Ал 15 жастағы Эдгар Мамедов 8 ұпай жинап, 16 жасқа дейінгі бозбалалар (O16) арасында әлем чемпионы атанды. Дәл сондай нәтижеге қол жеткізген Сауат Нұрғалиев Бухгольц коэффициенті бойынша екінші орынға ие болды. Шешуші турда Сауат Үндістан шахматшысы Ваза Этанмен партияда 123 жүріс жасап, ойынды тең нәтижемен аяқтады.
8 ұпайдан алып, алты қарсыласынан басым түскен Эдгар мен Сауат тамаша ойын көрсетті.
14 жасқа дейінгі қыздар (G14) санатында Мария Холявко 8-ші орын алды (7½ ұпай), Ханзада Аманжол – 14-ші (7 ұпай), Ақнұр Мамақова – 17-ші (7 ұпай) орында. 16 жасқа дейінгі қыздар (G16) арасында Зарина Нұрғалиева – 8-ші (7½ ұпай), Елназ Қалиахмет 15-ші (7 ұпай) орынға ие болды. 14 жасқа дейінгі бозбалалар санатында Ақылжан Мейірханұлы 9-шы орынға қол жеткізіп (7½ ұпай), топ-10 қатарына кірді. 18 жасқа дейінгі бозбалалар (O18) арасында Алдияр Аңсат 8-ші (7½ ұпай) орынға шықса, Даниял Сәпенов 19-шы (7 ұпай) орыннан көрінді.
«Қазір қалыптасып келе жатқан Қазақстан шахматшыларының жаңа буыны күні ертең әлемдік деңгейде өзін көрсетеді. Бізді әсіресе ерлер шахматындағы жетістіктер қуантады. Сондықтан бұл бағытқа ерекше көңіл бөлеміз. Бұл жеңістердің артында жаттықтырушылардың, ата-аналардың және бүкіл командамыздың орасан еңбегі жатыр. Жас спортшылардың әрқайсысы – біздің мақтанышымыз, оларды шын жүректен құттықтаймын және жаңа жеңістер тілеймін, » – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Бүгін Қазақстан жасөспірімдер шахмат аренасында көшбасшы атанды. Бұл жетістік – елімізде шахматты дамыту жолында жүйелі жұмыс жүргізілуінің нәтижесі, соның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет бекіткен Шахматты дамытудың кешенді жоспарын ерекше атап өту керек. Евгений Владимиров жетекшілік ететін жаттықтырушылар штабы жас спортшыларға кәсіби дайындықты қамтамасыз етеді. Қазақстан шахмат федерациясы іске асырып жатқан жас дарын иелерін қолдау бағдарламасы бұл бағытта басты рөл атқарады: 45 грант үшінші жыл қатарынан үздік жас шахматшыларға оқу-жаттығу жиындарына, халықаралық турнирлерге қол жеткізуге және жетекші жаттықтырушылардан сабақ алуға мүмкіндік беріп отыр. Осындай қолдау жасау жас ойыншылардың әлеуетін ашып, әлемдік аренада жоғары нәтижеге қол жеткізуіне көмектеседі.
Түгелбай Бисен,
Фото және ақпарат Қазақстан шахмат федерациясынан
Парақшамызға жазылыңыз