///

“Өртенген қоқыс және ескірген инфрақұрылым”. Тұрмыстық қалдық полигондары неліктен талапқа сай емес? 

144 рет қаралды

Алматы қаласында көпқабатты үйлердің маңына келген жүк көлігі қоқыс контейнерлеріндегі қалдықты тией бастады. Артынша бұл қалдықтың бәрін қала сыртындағы облысқа қарасты қоқыс полигондарына апарып төгеді. Қалада қалдықтардың әр түріне арналған жерасты контейнерлері орнатылғанына қарамастан, қоқысты сұрыптау жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Сұрыпталмаған күйі қоқыс алаңына жеткізілетін азық-түлік, органикалық және қатты қалдықтар үйіліп, ауаға улы газ − метан бөле бастайды. Санитарлық талаптарға сай емес, газды жоятын жүйесі жоқ полигондарда метанның жоғары концентрациясы экология мен адам денсаулығына зиян тигізеді, өрт шыққан жағдайда оны сөндіруді қиындатады.

Жақында Алматы облысы Алатау қаласы маңындағы қоқыс алаңынан шыққан өрт осыны көрсетті. Өрт қыркүйектің 15-і таңда басталып, 20 қыркүйекте бір-ақ сөндірілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, өрт тек жердің бетінде емес, үйіліп жатқан қалдықтың астында, 10 метр тереңдіктен шыққандықтан, бұл жағдайды ушықтырды. Себебі қалдық ұзақ уақыт ыдырағаннан пайда болатын метанның кесірінен төменгі қабаттағы қоқыс бықсып жана берген. Өртке байланысты жергілікті ауқымда техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

12 гектар жерді шарпыған өртті сөндіру үшін сегіз аймақтың төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен техникасы тартылды. Эколог-практик, тұрақты даму және ESG саласының сарапшысы, техникалық оқу орталығының директоры Лаура Сейілбектің айтуынша, метанның тез тұтанғыш қасиеті полигондардағы өрт қаупін бірнеше есе арттырады.

Лаура Сейілбек. Фото жеке мұрағаттан алынды

«Қатты тұрмыстық қалдықтар жанғанда ауаға улы түтін көтеріледі. Оның құрамында күкірт диоксиді, азот оксидтері, көміртек газы, ауыр металдар мен пластиктер бар. Бұл химиялық заттар адам денсаулығына аса қауіпті. Олар топыраққа және ауаға сіңіп, өсімдік арқылы қайтадан адам ағзасына өтеді. Ең қауіптісі – метан. IPCC-дің (2021) есебі бойынша, қалдықтар шіруінен бөлінетін метанның парниктік әсері көмірқышқыл газынан 28-30 есе жоғары», – дейді ол.

Маманның айтуынша, мұндай өрт кезінде температура мыңдаған градусқа дейін жетіп, кейде астыңғы қабаттарындағы өрт айлап бықсып жатуы мүмкін. Ал оның салдарынан тыныс жолдары аурулары, аллергия, иммунитеттің әлсіреуі мен онкологиялық  сырқаттың көбею қаупі артады.

ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТЫҢ ТЕК 29 ПАЙЫЗЫ ҚАЙТА ӨҢДЕЛЕДІ

Экология министрлігінің дерегінше, елдегі үш мыңға жуық қоқыс полигондарының тек 20 пайызы ғана экология және санитарлық талапқа сай. Қалған ескі, инфрақұрылымы сай емес полигондар экология талаптарын жиі бұзып жатады.

Алматы облысы экология департаментінің хабарлауынша,  Алатау қаласы маңындағы ADC Taza Alem ЖШС-ға қарасты таяуда өрт шыққан тұрмыстық қалдық полигонына 2023-2025 жылдары қалдықтарды сақтау және жағу кезінде өрт қауіпсіздігі мен атмосфералық ауаны қорғау талаптарының сақталмағаны үшін айыппұл салынған. 

Алматы облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының Kazinform агенттігіне берген жауабына қарағанда, өңірде жыл сайын шамамен 430 мың тонна қалдық жиналады, бұған қоса Алматы қаласынан шыққан 530 мың тонна сұрыпталған қоқыс Қарасай ауданының Әйтей ауылындағы полигонға жеткізіледі.  Облыстық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) басқармасының «Мінбер» ақпарат агенттігінің арнайы сауалына берген жауабына сүйенсек,  өңірдегі тұрмыстық қалдықтыңтек 29 %-ы ғана қайта өңделеді, ал қалған бөлігі ескі, санитарлық нормаларға сай емес полигондарға көміледі. Бүгінде облыс аумағында бар-жоғы алты қатты тұрмыстық қалдық (ҚТҚ) полигоны жұмыс істейді. Олар Қонаев пен Алатау қалаларында, сондай-ақ Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл және Талғар аудандарында орналасқан Қоқыс полигондарының жиі өртенуін экологтар жай ғана экологиялық мәселе емес, ауқымды экономикалық проблема деп бағалайды. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайға жетуге қоқыс үйінділерін бақылау мен мониторинг көбіне формалды сипатта жүргізіліп, жауапкершіліктің нақты белгіленбегені себеп болған.

Эколог-практик, тұрақты даму және ESG саласының сарапшысы, техникалық оқу орталығының директоры Лаура Сейілбек қоқыс полигондарының құлдырауына инфрақұрылымның заманға сай жетілмеуі мен қаржының аз бөлінуі себеп болған, дейді. 

«Қазақстанда қалдықтарды өңдеу жүйесі әлі де даму сатысында. Көптеген қала мен елді мекенде сұрыптау немесе қайта өңдеу орталықтары жоқ. Мұндай жағдайда тұрғындардан экологиялық мәдениет күтудің өзі қиын. Ал жағдай жасалса, халық та тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап тастауға дағдыланып, біртіндеп экомәдениет қалыптасар еді», – дейді ол. 

Алайда сөйте тұра қайта өңдеу бизнес үшін тиімді сала болуға тиіс. 

    Қайта өңдеу дәл қазіргі уақытта бизнес үшін тиімсіз. Өйткені  несие өсімі қымбат, инвестициялық талаптар тым жоғары. Бұл шағын бизнеске ауыр жүк. Мемлекет гранттар мен мақсатты қаржыландыру жүйесін енгізсе, аймақтарда экожобалар мен қайта өңдеу орындарын дамытуға мүмкіндік туар еді.   

Мәселе экологиялық немесе экономикалық тұрғыда ғана емес, құқықтық және институционалдық деңгейде де күрделі.
Мұны Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі де айтып өтті. Министрліктің Қалдықтарды басқару департаменті коммуналдық қалдықтар басқармасының басшысы Назгүл Алимсуринаның айтуынша, елдегі қоқыс полигондарының 80 пайызы экологиялық және санитарлық нормаларға сай емес, ол нысандардың басым бөлігі ауылдық аймақтарда орналасқан, ал оларды реттеу мен заңдастыру – қаржылық тұрғыдан  қиындық тудырып тұр.

Назгүл Алимсурина. Фото жеке мұрағаттан алынды

«Мұндай нысандарды реттеу мен заңдастыру – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Ол айтарлықтай қаржылық шығынды қажет етеді. Осыған байланысты Экология министрлігі қазіргі уақытта Экология кодексі аясында ауылдық елдімекендерге арналған полигондарға қойылатын талаптарды жеңілдету тетіктерін қарастырып жатыр», – дейді маман.

«Қазір Экология Кодексіне енгізілетін түзетулер Парламенттің жұмыс топтарында талқыланып жатыр. Аталған механизм қабылданса, біз ауылды жерлердегі шамамен 2 000 полигонды заңдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл өңірлерді экологиялық және санитарлық тұрғыда едәуір ілгерлетеді», – деп түсіндірді министрлік өкілі. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми есебі бойынша, 2025 жылға қарай заңдастырылған полигондар үлесін кемінде 50 %-ға жеткізу көзделген.

МӘСЕЛЕ ТАРИФТІҢ АЗДЫҒЫНА ТІРЕЛІП ТҰР

Ал экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликованың айтуынша, Қазақстандағы тұрмыстық қалдық пен полигон мәселесі кейінгі жылдары жүйелі сипат алып, сала аралық үйлесімнің бұзылуына әкеліп соққан:

Лаура Маликова. Фото жеке мұрағаттан алынды

«2022–2025 жылдары қоқысқа қатысты салалық қызметтерді жеке секторға беру кезінде қалдықты жинау мен өңдеу тізбегі баяулап, үйлесім бұзылды», – дейді сарапшы. Экологтің дерегінше, мәселенің түпкі себебі – қаржыландыру моделінде. «Полигондар халық төлейтін тарифке тәуелді. Тарифті өсірсең, әлеуметтік наразылық туындайды; өсірмесең – қауіпсіздік пен жаңғыртуға қаражат жетпейді. Бұл жүйе осылайша тұйық шеңберде шиырлап тұр».

Эколог мәселені шешудің бір жолы өндірушілердің жауапкершілігін (ӨКМ)   арттыру мен салықтық жеңілдіктер енгізу деп санайды. Оның дерегінше, қоқыс полигондарындағы бұл мәселе тек Алматы өңіріне ғана тән емес, ұлттық деңгейдегі экологиялық дағдарыстың көрінісі.

«Алматы қаласы мен облысының экожүйесі бір. Қалада жаңа полигон салуға жер жоқ, сондықтан қалдық облысқа тасымалданады. Салдарынан өңірдегі нысандардың жүктемесі артып, өрт, түтін және жағымсыз иіс мәселесі басы ашық күйінде қалады», – дейді Лаура Маликова.

Сарапшының айтуынша, мәселенің мәні – тарифтің аздығында. «Полигондардың жұмысы негізінен халықтан жиналатын тарифке тәуелді. Ал рұқсат беру кезінде есептелетін қалдық лимиттері (тұрғын саны, қалдықтың жылдық генерациясы, өңдеу нысандарының қуаты негізінде) кейде құжат жүзінде 2–3 есе дейін қысқартылып жатады. Мұндай жасанды шектеулер операторларды тығырыққа тірейді: олар айыппұл алмау үшін және «лимиттен аспау» мақсатында қалдықты түнде жасырын жағуға мәжбүр болады», – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, мұндай жүйелі дағдарыстың негізгі екі себебі бар:

  •   Тарифке тәуелділік – қоқыс жинау және өңдеу қызметі халық төлейтін төмен тарифке байланған;
  •   Лимитті негізсіз қысқарту – экологиялық рұқсат пен полигон қуатын реттеу кезінде нақты деректер емес, формалды есептер басшылыққа алынады.

«Негізгі шешім – Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ жинаған экологиялық төлемдерді мердігер компанияларға мақсатты әрі уақытылы жеткізу, сондай-ақ рұқсат пен лимит саясатын нақты статистикаға негізделген ашық тәртіпке көшіру. Бұл тәсіл жүйедегі бұрмалаушылықты азайтып, экологиялық бақылаудың тиімділігін арттырар еді», – дейді Лаура Маликова.

«МЕТАН НЕГЕ ЖИНАЛМАЙ ЖАТЫР?»

Экологтар ескі қоқыс полигондарын рекультивациялап, метан жинау жүйесін жасау қажет екенін бірнеше жылдан бері айтып келеді. Алайда бұл ұсыныстардың жүзеге асуы тым баяу. «Метан жинау неге қолға алынбайды?» деген сауалға жауап іздедік. Мәселенің түбі қаржылық және инфрақұрылымдық тежегіштерге тіреліп отыр. Сарапшылардың айтуынша, техникалық шешім бар, бірақ оны жүзеге асыруға мүмкіндік аз.

Азамат Аяйбергенов. Фото жеке мұрағаттан алынды

«Себебі қаражат жеткіліксіз. Қазақстанда шамамен 3000-ға жуық қоқыс үйіндісі мен көму алаңы бар, көпшілігі ескі және экологиялық тұрғыдан тиімсіз. Жаңа нысан салу қомақты инвестиция талап етеді, ал қолданыстағы үйінділерде метан жинау немесе сүзгі жүйесін орнату техникалық жағынан күрделі. Ең дұрыс шешім – ескі үйінділерді кезең-кезеңімен рекультивациялап, жаңа, қауіпсіз полигондарды экологиялық талаптарға сай салу. Бірақ оған облыс пен аудан деңгейінде қаржы жетпей отыр», – дейді KAEIIP («Қазақстандық экологиялық инновациялар және өнеркәсіптік саясат қауымдастығы» ЗТБ) төрағасы Азамат Аяйбергенов.

«Көп алаңда газды ұстау, сүзгі-дренаж және жер асты суын қорғау жүйелері толық жұмыс істемейді. Ал тарифке ғана тәуелді модель қауіпсіз жаңғыртуға мүмкіндік бермейді. Әкімдіктер мен бақылаушы органдар санитарлық-қорғау аймағын формалды «1 шақырыммен» шектемей, жел бағыты мен жер бедерін ескеретін метео-модельге көшуі керек. Сондай-ақ бейберекет үйінділерді жедел заңдастырып немесе жауып, рекультивацияны кезең-кезеңімен іске қосу қажет», – дейді ол.

Аяйбергенов экология мен экономика арасындағы тепе-теңдік сақталуы үшін өндірушілердің жауапкершілігін арттыратын (ӨКМ) жүйесін нақты іске қосу қажет  екенін атап өтеді. «Инвестор үшін түсінікті қайтарым тетіктерін ұзақмерзімді сатып алу, салықтық жеңілдік және жасыл облигациялар секілді механизмдерді бекіту маңызды. Ал waste-to-energy жобалары тек үздік қолжетімді технологиямен және қоғамдық бақылаумен жүргізілуі тиіс. Сонда ғана экология мен экономика арасындағы тепе-теңдік сақталады», – дейді ол.

ЗАҢДА БАР ТАЛАП ӨМІРДЕ ОРЫНДАЛМАЙДЫ

Дмитрий Калмыков. Фото жеке мұрағаттан алынды

Эксперт-эколог, «Қарағанды ЭкоМузейі» даму директоры Дмитрий Калмыков полигондарда қалдықтарды көму жүйесі талапқа сай емес деп есептейді. Инфрақұрылымның дұрыс құрылмауы салдарынан метан жиналып, өрт шыға бастайды.« Полигон қабат-қабат етіп герметикалық түрде жабылып, ішіндегі қалдықтардан бөлінетін метан газы арнайы жүйе арқылы сорылып шығуға тиіс. Ол «қоқыс үйіндісінен бөлінетін газ» деп аталады. Бұл газды электр энергиясы мен жылу өндіру үшін пайдалануға болады. Бірақ біздегі метан пайдаға аспай, үйінді арасында жиналып, өздігінен өрттің тұтануына әкеп соғады. Біреу темекі тастаса да, күннің көзі қатты түссе де өрт шыға береді. Жиналған газ өртті өршітеді, сол себепті оны сөндіру қиын», – дейді Калмыков.

«Бұл мәселе он жылдап өзгеріссіз қалып отыр. Мұның бәрі – заңның орындалмауынан. Экологиялық заңнамалар нақты сақталса, мәселе әлдеқашан шешілер еді. Бірақ ешкім бұл бағытта жүйелі жұмыс істегісі келмейді. Билік те, жергілікті органдар да көз жұма қарайды. Елдегі полигондардың басым бөлігі – заңсыз, стандартқа сай емес, бақылаусыз жұмыс істейтінін бәрі біледі. Жаңа, заманауи полигондар салуға қаражат бөлінбейді, әсіресе ауылдық жерлерде. Ал салдары анық көрініп тұрса да,   ешкім әрекет етпейді», – дейді ол.

«Қазақстан жағдайында қандай технологиялар тиімді болар еді?» деген сауалымызға сарапшы:

«Технология бар. Бизнес те бар. Бірақ мемлекет сол үшін жиналатын ақшаны мақсатсыз жұмсайды. Мысалы, бізде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі» (ӨКМ) деген жүйе бар. Яғни, елге әкелінген және отандық өндірістен шыққан әрбір тауар үшін мемлекет арнайы төлем алады – ол қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталуға тиіс. Бірақ бұл ақша басқа мақсаттарға жұмсалады: жол салуға, техника немесе автобус сатып алуға… Ал нақты қалдықтарды өңдеуге – бір тиын да түспейді. сол қаржының бәрі нақты мақсатқа бағытталса, бір-екі жыл ішінде полигон мәселесі шешілер еді», – деп нақтылады.

МӘСЕЛЕНІ ШЕШУДІҢ ҚАНДАЙ ЖОЛЫ БАР?

Сала мамандары қоқыс полигондарына қатысты мәселе «жамап-жасқаумен» шешілмейтінін баса айтты. Мақсат экожүйені толық жаңғыртуға бағытталуы керек. Оған кешенді әрі жүйелі жұмыс қажет екенін «Қазақстандық экологиялық инновациялар және өнеркәсіптік саясат қауымдастығы» (KAEIIP) заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Азамат Аяйбергенов атап өтті.

«Біріншіден, қоршаған ортаның негізгі компоненттерін толық зерттеу керек. Ол – жер асты суларының сапасы, ауаның ластану деңгейі, топырақтағы ауыр металдардың мөлшері, сондай-ақ көміліп жатқан қалдықтардың көлемі мен құрамы. Екіншіден, экологиялық көрсеткіштер талапқа сай болмаса, ол учаскені жобалық негізде рекультивациялау қажет. Үшіншіден, өңірде қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін зауыттар салуды бастау керек. Бұл тек көму алаңын «жамап-жасқаудың» көрінісі емес, тұрақты экожүйе қалыптастыруға бағытталған нақты қадам», – дейді маман. 

Оның айтуынша, қоршаған ортаны қалпына келтіру тек техникалық шара емес, ол елдегі экологиялық саясаттың жүйелі бөлігіне айналуға тиіс. Қалдықты көмуге емес, қайта өңдеуге бағытталған өндіріс ашылса, экология мен экономика арасындағы тепе-теңдік сақталар еді.

ҚОҚЫСТЫ ӨҢДЕУГЕ АРНАЛҒАН ҚОҒАМДЫҚ ЖОБАЛАР

 Облыстық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) басқармасының «Мінбер» ақпарат агенттігінің арнайы сауалына берген жауабына сүйенсек, Алматы маңында тұрмыстық қалдықтарды энергия мен тыңайтқышқа айналдыруға бағытталған жобалар көбейіп жатыр.

Мәселен,  Food Waste ЖШС – Алматы іргесінде жылына 36,5 мың тонна тамақ қалдығын қайта өңдейтін кешен салып жатыр. Компания өкілдері жобаның мақсаты – органикалық қалдықтарды кәдеге жаратып, тыңайтқыш өндіру арқылы полигондарға түсетін салмақты азайту дейді. Жоба құны – 1,3 миллиард теңге.

Іле ауданының Әйтей ауылында Kaz Waste Conversion компаниясы жылына 450 мың тонна қалдық сұрыптайтын кешенін іске қосқан. Бұл нысан 8,8 миллиард теңгеге бағаланған және Алматының оңтүстік-батыс бөлігіне қызмет көрсететін негізгі сұрыптау орталығы болмақ. Алатау ауданында ADC Taza Alem мен INEVA Energy серіктестігі waste-to-energy технологиясына сүйеніп, жылына 350 мың тонна қалдық өңдеп, 16 мегаватт электр энергиясын өндіретін зауыт тұрғызып жатыр. Инвесторлардың есебі бойынша, жоба құны – 32 миллиард теңге.

Қарасай ауданында FMG және TARTYP компаниялары метан газынан 96 мегаватт электр қуатын өндіруді көздейтін жоба қолға алған. Құны – 18,1 миллиард теңге. Мамандар бұл жобаны елдегі ең ірі биоэнергетикалық бастама деп атайды. Қонаев қаласында Zhasyl Eco Technology тәулігіне 150 тонна қалдық жағатын және 2,3 мегаватт электр энергиясын шығаратын зауыт салып жатыр. Бұл нысанның инвестициялық көлемі – 2,3 миллиард теңге.

Компания Жоба сипаттамасы Құны / қуаты
Food Waste ЖШС 36,5 мың тонна тамақ қалдығын қайта өңдейтін кешен 1,3 млрд ₸
Kaz Waste Conversion (Әйтей ауылы) 450 мың тонна қалдық сұрыптайтын кешен 8,8 млрд ₸
ADC Taza Alem + INEVA (Алатау қаласы) 350 мың тонна қалдық қайта өңдеп, 16 МВт электр энергиясын өндіру 32 млрд ₸
FMG + TARTYP (Қарасай ауданы) Метаннан 96 МВт энергия өндіру 18,1 млрд ₸
Zhasyl Eco Technology (Қонаев қаласы) Тәулігіне 150 тонна қалдық жағатын зауыт 2,3 МВт / 2,3 млрд ₸

 

Билік бұл бастамаларды экологиялық серпіліс деп бағаласа, сарапшылар олардың тиімділігі мен ашықтығына күмәнмен қарайды. «Қалдықтарды энергияға айналдыру жобаларының тиімділігіне сенім аз. Себебі тұрмыстық қалдықтардың калориясы төмен болғандықтан оларды өртеу кезінде алынатын энергия шығынмен салыстырғанда мардымсыз болуы мүмкін, ал шығарындыларды бақылау жүйесі ашық көрсетілмесе, жоба экологиялық қауіп тудыруы да мүмкін», – дейді экология саласындағы сарапшы Дмитрий Калмыков.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Эколог Лаура Сейілбектің айтуынша, дамыған елдердің қалдықтарды басқару тәжірибесі Қазақстан үшін нақты бағдар бола алады.

«Жапония мен Еуропада қалдықтарды басқару саласы эталон деңгейінде. Ол елдердің полигондарында метан газын жинап, қайта пайдаланатын жүйелер бар. Газ ауаға таралмайды, керісінше, үйлерді жылыту мен электр энергиясын өндіруде қолданылады. Бізде, өкінішке қарай, метан тек экологиялық әрі денсаулық тұрғысынан қатер көзі ретінде қаралады. Ал шын мәнінде ол – жасыл экономиканың қозғаушы бір элементі», – дейді эколог.

Экологтың айтуынша, қалдықтарды қайта өңдеуден түсетін қаржылай пайда аз көрінуі мүмкін, бірақ оның экологиялық және әлеуметтік мәні әлдеқайда жоғары. «Бұл – қоршаған ортаны қорғаудың ең тікелей жолы. Біз табиғатты сақтауды тек экономикалық тиімділікпен өлшеуге болмайтынын түсінуіміз керек. Қалдықты қайта өңдеу – ресурсты үнемдеп қоймай, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастырудың да басты қадамы. Сол үшін біз халықтың экосанасын арттыру мақсатында экология тақырыбында тегін вебинарлар өткізіп, нақты проблемаларды бірге талқылаймыз», – дейді ол.

 

Авторы: Бағдат Сұлтанқызы

Редакторы: Назым Дүтбай

 

 

 



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар