Бүгін Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов еліміздің отын-энергетика кешенін (ОЭК) цифрландыру барысы туралы баяндады.
Ол қазіргі уақытта «Отын-энергетика кешенін бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесі» (EnergyTech) атты салалық платформасын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтты.
– EnergyTech платформасы отын-энергетика кешенінің барлық саласын бір платформа базасына біріктіреді. Ол энергетика секторы, кен пайдалану және қайта өңдеуден бастап көмір өнеркәсібіне дейінгі ОЭК-тің 10 негізгі бағыты бойынша басқару процестерін кешенді үйлестіруді қамтамасыз етеді. Жүйені толық көлемде жасап шығарып, өнеркәсіптік деңгейде қолданысқа енгізу 2026–2027 жылдарға жоспарланып отыр, – деп нақтылады Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, биыл жеті цифрлық сервис пайдалануға берілген. Оның ішінде екі сервис энергетика секторында жүзеге асырылғанын айтты.
Бірі күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен оның өту барысын мониториң жасауға арналған цифрлық сервис, екіншісі шекті тарифті бекітуге арналған цифрлық сервис.
Парақшамызға жазылыңыз
