Фото: pexels.com
18 қарашада түнде ата-аналарға Teslo Education оқу орталығы жабылып, сабақтардың енді болмайтыны туралы хабарлама келді. Ұзақ мерзімге алдын ала төлем жасап қойған ата-аналар ақшасын қайтарудың жолын іздеп жүр.
Teslo Education — мектеп оқушыларына сабаққа қолдау көрсетіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге, Назарбаев Зияткерлік мектептеріне, Қазақ-түрік лицейіне және басқа да білім ұйымдарына дайындайтын оқу орталығы. Орталықтың Алматы және Астана қалаларында бірнеше филиалы жұмыс істеген, оған бір мен он бірінші сынып арасындағы оқушылары қатыса алатын. Алайда 18 қараша күні оқу орны қаржылық қиындықтарға байланысты қызметін тоқтататыны туралы хабарлама таратты. Ертеңінде сабаққа келген оқушылар жабық есіктің алдында қалды.
Ата-аналардың айтуынша, оқу ақысы көбіне жарты жылға немесе одан да ұзақ мерзімге бөліп төлеу жүйесімен рәсімделген. Төлемді алдын ала неғұрлым көп мерзімге енгізсе, әр айдың ақысы соғұрлым арзан болады екен. Қазір оқу орталығы жабылып қалғанына қарамастан, ата-аналар банктерден рәсімдеген бөліп төлеуді әлі де жалғастыруымыз керек деп наразылық білдіріп отыр.
«Балам Тамыз айында ғана бұл орталыққа жазылған. Оқу ақысын бір жылға бөліп төлеу жүйесімін рәсімдегенбіз. Біз төрт ай болсын сабақ алып үлгердік. Ата-аналардың арасында кеше төлем жасап, бүгін бара алмай қалғандар да бар екен», – дейді Жанна, оқу орталығына қатысқан баланың анасы.
Алматы мен Астанада ата-аналар ұжымдасып, аудандық ішкі істер бөлімдеріне шағым түсіре бастаған. WhatsApp және Telegram желілеріндегі чаттарда жиналғандардың саны 2 мыңнан асқан екен. Teslo Education орталығының қызметкерлері де Threads желісінде компания тарапынан бірнеше айдан бері жалақы ала алмағандарын жазып жатыр. Қызметкерлер болған жағдайға өздерінің қатысы жоқ екенін де жазған.
Teslo Education оқу орталығы болған жағдайға қатысты Instagram парақшасында түсініктеме берді. Ондағы ақпаратқа сәйкес, орталықтың алаяқтық немесе арам ойы болмады. Компания жауапкершіліктен қашпайтынын да атап өтті.
«Клиенттер алдындағы барлық міндеттемені орындаймыз, қалған сабақтардың ақысын қайтарамыз. Бірақ бұл белгілі бір уақытты талап етеді», – делінген мәлімдемеде.
Ақбота Абаева
Парақшамызға жазылыңыз
