//

Ер адамдарда тестостерон төмендесе, денсаулықтарында не өзгереді?

65 рет қаралды

“Мінбер” сайты мен OY-DETOX ресурсы жасаған өзара меморандум аясында кезекті материалымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 Ерлер белcіздігі, тестостерон деңгейінің төмендеуі және андропауза  ер адамдар ашық айта бермейтін тақырыптар. Әйнел Әмірханның OY-DETOX подкасына қонаққа келген уролог-андролог Ернұр Айнаев сол олқылықтың орнын толтыруға тырысты.

Бұл эпизод OY-DETOX подкасының «Денсаулық» айдары аясында шықты және  шығарылымның толық нұсқасын OY-DETOX подкастының YouTube арнасынан көріп, подкаст платформалары арқылы тыңдай аласыздар. Эпизодқа сілтеме https://www.youtube.com/watch?v=DsgP0qfZDZg

 Андролог немен айналысады?

Қоғамда «уролог» пен «андролог» ұғымдары жиі шатастырылады. Көпшілік ер адамда мәселе туындаса, міндетті түрде урологқа жүгіну керек деп ойлайды. Негізінде, уролог дәрігерлер ерлермен де, әйелдермен де жұмыс істейді. Олар бүйрек, қуық және несеп-жыныс жүйесіне қатысты ауруларды емдейді.

Ал андролог тек ер адамдармен жұмыс істейтін маман. Оны ер адамдардың «гинекологы» деуге болады. Андролог еркектердің жыныс мүшелерін, жыныстық жетілуін, жыныстық функциясын зерттеп, диагноз қойып, ем жүргізеді.

Андрология саласында дәрігерге жиі жүгінетін мәселенің бірі – белсіздік. Қазіргі таңда қабылдауға келетін пациенттердің басым бөлігінде бала сүюге қатысты қиындық бар. Бес, он, тіпті он бес жыл бойы түрлі клиникаларда, бірнеше урологта емделіп, нәтиже болмаған соң ғана андрологқа келетіндер аз емес.

Сонымен қатар жыныстық әлсіздікке байланысты келетіндер де көбейген. Бұрын бұл мәселе қырық-елу жастан кейін туындайды деп есептелсе, қазір ол «жасарып» барады. Жас жігіттердің өзі осы мәселеге байланысты алаңдап, көмек сұрап келеді.

Ер адамдар денсаулығына қатысты мифтер

Ерлер денсаулығына қатысты қоғамда орныққан мифтер көп. Соның бірі – бедеулікке бірден әйелді кінәлау. Көп жағдайда тексеруден алдымен әйел өтеді. Барлық талдаулар жасалып болғаннан кейін ғана «мүмкін, мәселе ер адамда шығар» деген ой туады. Ал ер азаматтардың өз еркімен тексерілуге баруы сирек.

Әдетте жыныстық қатынас оргазммен аяқталады және сол сәтте шәует бөлінеді. Шәуеттің негізгі бөлігі қуық асты безінен бөлінеді, ал оның құрамына жолай ұрық жасушалары қосылады. Егер инфекция, варикоцеле немесе аталық бездің дамуындағы ақаулар салдарынан ұрық жүретін өзек бітелсе, ұрық шәуетке қосылмайды.

Жасөспірім кезеңде жеткілікті бақылау болмаған жағдайда аталық без дұрыс жетілмеуі мүмкін. Мұндайда ұрық түзілмейді. Алайда ұрық болмаса да, шәует бөлінеді. Көп ер адам осыны «ұрық» деп ойлап, «менде бәрі дұрыс, мәселе әйелімде» деп қателеседі. Мұндай жағдайлар бүгінде де кездеседі. Тіпті екі некеден кейін де бала сүйе алмаған соң ғана тексерілуге келген азаматтар бар.

Кей жағдайда дәрігерге «осы анализ нәтижелерімен, өкінішке қарай, табиғи жолмен бала көтеру мүмкін емес» деуге тура келеді.

Андрологиялық диагноздар көп жағдайда сырт көзге байқалмайды. Адам ауырсынуды сезбеуі де мүмкін. Соған қарамастан, күрделі диагнозбен өмір сүріп жүреді. «Менде бәрі жақсы» деп сенімді жүрген ер азаматтардың арасында ұрық жасушасы мүлде жоқ жағдайлар да кездеседі.

Тестостерон – ерлер ағзасының негізгі гормоны

Кейде елу жастағы ер адамдардан «отбасыңызда бала жоспарлайсыз ба?» деп сұрағанда, «елуге келдік қой, қайдағы бала?» деп күледі. Бұл – тестостерон деңгейінің төмендеуінің бір көрінісі.

Негізінде, тестостерон барлық ер адамда шамамен отыз жастан бастап жылына орта есеппен бір пайызға төмендейді. Бұл – табиғи үдеріс. Бірақ гормон деңгейінің қаншалықты тез азаятыны әр адамда әртүрлі. Біреуінде отыз жаста күрт төмендеуі мүмкін, ал біреуінде елу, алпыс, тіпті жетпіс жасқа дейін салыстырмалы түрде жоғары сақталады.

Бұл ең алдымен бала кезден аталық бездің қаншалықты дұрыс дамығанына байланысты. Сонымен бірге өмір салты шешуші рөл атқарады: сапалы ұйқы, теңгерімді тамақтану, тұрақты қозғалыс пен спорт. Осы факторлар сақталса, тестостерон деңгейін ұзақ уақыт тұрақты ұстауға болады.

Тестостеронды «гормондардың королі» деп атайды. Ол тек жыныстық функцияға жауап бермейді. Бұл гормон өзіне деген сенімділікке, бастамашылдыққа, шешім қабылдау қабілетіне әсер етеді. Тестостерон төмендеген сайын адамда күмән, қорқыныш, әрекетсіздік басым болуы мүмкін.

Сонымен қатар тестостерон ағзадағы май алмасуына қатысады. Оның деңгейі төмендеген сайын май тіні көбейеді. Май тек тері астында емес, қан тамырларының ішінде де жиналуы мүмкін. Бұл инсульт пен инфаркт қаупін арттырады.

Сондықтан жыныстық функцияны дәрігерлер көбіне жалпы жүрек-қан тамырлары денсаулығының индикаторы ретінде қарастырады. Егер импотенция қан тамырларының бітелуінен туындаса, бұл ағзадағы елеулі өзгерістердің белгісі.

Minber сайты үшін арнайы

дайындаған Әйнел Әмірхан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар