Фото: pixabay.com
Tengri Auto отандық ресми дилерлердің ұсыныстарын зерделеп, биыл нарықта қолжетімді болатын құны 10-нан 15 миллион теңгеге дейінгі жаңа кроссоверлер тізімін жасады.
Сарапшылардың айтуынша, 10 миллиондық межеден асқан соң нарықта баға бәсекесі емес, жабдықталу мен жайлылық үшін күрес басталады. Бұл диапазоннан сатып алушылар турбоқозғалтқыш, цифрлық аспаптар панелі, заманауи электронды көмекшілермен қатар, ең сенімді саналатын толық жетекті және классикалық автоматты беріліс қорабы бар алғашқы нұсқаларды кездестіре алады. Сонымен қатар бұл санаттағы көліктердің көлемі үлкейіп, олар отбасылық сапарларға барынша ыңғайлы бола түседі.
Бюджеті 10-нан 12 миллион теңгеге дейінгі аралықта өз ақшасына барынша тиімді заманауи қалалық және ірі отбасылық модельдерді табуға болады. Мәселен, кең салонды GAC GS4 Max пен әмбебап отбасылық көлік ретінде танылып үлгерген Geely Atlas осы сегменттің қызықты нұсқалары саналады. Ал барынша сыйымды көлік іздегендер үшін JAC JS8 моделі таптырмас балама болса, жақында ғана нарыққа шыққан Hyundai Mufasa өзінің ерекше дизайнымен және бұл бағадағы санаулы қытайлық емес брендтің бірі ретінде назар аудартады.
Бюджет 12-ден 13.5 миллион теңгеге дейін ұлғайғанда алыс сапарларға арналған Geely Okavango сияқты ірі, жеті орындық кроссоверлер мен өз класының көшбасшысы саналатын, жайлылығы жоғары Hyundai Tucson модельдері алға шығады. Ал 13.5-тен 15 миллион теңгеге дейінгі жоғарғы диапазон премиум сегментке жақындайды. Мұнда технологиялық Chery Tiggo 9 (негізінен өткен жылғы шығарылымдары) және экрандардың көптігіне емес, мұқият ойластырылған еуропалық эргономика мен сапаға мән беретін Skoda Karoq моделі бекіген. Мамандар көлікті таңдау барысында техникалық сипаттамалардан бөлек, дилерлер ұсынатын несие, трейд-ин акцияларының шарттарын нақтылауды және міндетті түрде тест-драйвтан өтуді ұсынады.
Парақшамызға жазылыңыз
