Фото: ҚР Орталық сайлау комиссиясы
Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын партиялық тізімдерді тіркеуді аяқтады. Сайлауға жеті саяси партиядан барлығы 545 кандидат қатысады. Олар Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа таласады.
Кандидаттардың 172-сі — әйел, 373-і — ер адам. Әйелдердің үлесі — 31,56%. 74 кандидаттың жасы 35-ке толмаған. Кандидаттардың орташа жасы — 45,4 жас.
Кандидаттардың партиялар бойынша бөлінісі келесідей:
- «Әділет» партиясы — 186 кандидат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия — 33 кандидат;
- Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы — 47 кандидат;
- Қазақстан Халық партиясы — 72 кандидат;
- «Ауыл» партиясы — 69 кандидат;
- «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы — 63 кандидат;
- Respublica партиясы — 75 кандидат.
Орталық сайлау комиссиясы бюллетеньдегі партиялардың орналасу ретін де жеребе арқылы анықтады. Партиялардың атауы бюллетеньде жоғарыда көрсетілген ретпен жазылады.
23 шілдедегі мәлімет бойынша, Орталық сайлау комиссиясы 12 мемлекет пен бес халықаралық ұйымнан келген 86 байқаушыны аккредиттеді. Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу рәсімі жалғасуда, рәсім 17 тамызға дейін жалғасады.
Әкімдіктер сайлауалды үгіт материалдарын орналастыру үшін ел бойынша 8 мыңнан астам орын дайындаған. Кандидаттар мен партиялардың сайлаушылармен кездесулерін өткізуге шамамен 4,5 мың орын бөлінген.
Парақшамызға жазылыңыз
