///

Айгүл Аханбайқызы: Қаламына адал ғұмыр

84 рет қаралды

Қазақ журналистикасында мәдениет пен руханият тақырыбын ұзақ жылдар жазған Айгүл Аханбайқызының өмірден өткеніне бір жыл толды. Қаламгер 2025 жылғы 23 тамызда дүниеден өтті. Биыл 22 тамызда Алматыда жылдық асы өтеді.

Айгүл Аханбайқызы 1972 жылы Ақсу ауданының Ойтоған ауылында дүниеге келген. 1990–1995 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика мамандығында оқыды.

Студент кезінен Jetisu газетінде тілші болып еңбек жолын бастап, кейін Jas Alash, Qazaq Adebieti, AIQYN, Halyq Sözi басылымдарында тілші, бөлім редакторы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Соңғы жылдары Egemen Qazaqstan газетінде еңбек етті. Оның қаламына әдебиет, театр, өнер, тіл, ұлттық руханият пен тұлға тағдыры жақын болды.

Айгүл Аханбайқызы ақпаратты жеткізумен шектелмей, кейіпкердің болмысына, шығармашылық табиғатына, көтерілген мәселенің астарына үңілуге ұмтылатын. 2012 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Оқырман күткен әңгіме» кітабына сұқбаттары, әңгімелері және ақын-жазушылар шығармашылығына арналған еңбектері енген.

Өмірінің соңғы алты жылында ауыр дертпен күрессе де, журналистикадан қол үзбеді. Әріптестерінің естелігінде емнен кейін де компьютер алдына отырып, материалын аяқтайтын, театр мен мәдени ортадан алыстамайтын, жұмысқа деген жауапкершілігін денсаулығы қиындаған шақта да сақтаған қаламгер бейнесі қалады.

2019 жылдан 2025 жылғы тамызға дейін Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған 600-ге жуық мақаласы мен сұқбатының ішінен таңдаулы дүниелері іріктеліп, «Асыл мұрат» атты кітапқа топтастырылды.

Жинақтың жарық көруіне отбасы, курстастары, әріптестері мен достары атсалысты. Кітап атауының отбасылық мәні де бар: Айгүл Аханбайқызы өзі көріп үлгермеген немересіне Асылмұрат деген есімді өзі таңдап кеткен. Жылдық ас қарсаңында біз Айгүл Аханбайқызын ресми өмірбаян деректері арқылы қайталаудан гөрі, оны жақыннан таныған жандардың сөзімен еске алуды жөн көрдік.

Жанында бірге еңбек еткен әріптестерінен, студенттік шақтан сырласқан досынан және қызынан сұқбат алып, журналистің кәсіби мінезін де, көпшілік біле бермейтін адамгершілік қырын да жинақтадық.

Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі Эльвира Бөкенбаева Айгүл Аханбайқызының дайын ақпаратқа қанағаттанбай, тақырыптың түбіне бойлайтын ізденісін, кейіпкерді аша білетін сұқбаттасу шеберлігін еске алады. Жан досы әрі әріптесі Ұлбосын Исабекова студенттік жылдардан басталған адал әрі риясыз достықты, отбасылық жақындастықты, ауыр дертке қарамастан қаламынан қол үзбеген табандылығын әңгімелейді. Ал қызы Айғаным Медетбек анасының мейірімін, сабырлы мінезін және үйге жылу сыйлап жүретін қалпын бала жүрегінде қалған естеліктермен жеткізеді.

Айгүл Аханбайқызының артында мақалалары мен сұқбаттары, кітаптары және журналистикада қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы қалды. Ал оны жақыннан білген адамдардың естелігі сол мұраның адамдық жағын толықтырады.

Ұлбосын ИСАБЕКОВА, Айгүл Аханбайқызының жан досы әрі әріптесі:

ҚАЛАМЫНА АДАЛДЫҒЫН ӨМІРІНІҢ СОҢЫНА ДЕЙІН САҚТАДЫ

– Айгүлмен таныстық студенттік жылдардан басталды. Жастық шақтың алаңсыз күндері, бір аудиторияда дәріс тыңдап, курстастар болып бірге жүрген сәттер уақыт өте келе берік достыққа ұласты. Топтағы қыз-жігіттердің бәрі ашық-жарқын, көпшіл, бауырмал еді. Сол ортаның жылуы Айгүлдің адамдармен тез тіл табысып, айналасына жақын жан жинайтын мінезімен үйлесіп жататын. Кейін әркім өз шаңырағын көтерді.

Айгүлдің Ержанмен бас қосуына да достар ортасы себепкер болды. Ол күндер кейін әзіл-қалжыңмен, тебіреніспен еске алынатын. Айгүл достыққа ерекше мән беретін. Жақындарының қуанышын өз қуанышындай қабылдап, қиын сәтінде қасынан табылатын. Студенттік достық уақыт өте келе отбасылық аралас-құраластыққа, туыстай жақын қарым-қатынасқа айналды.

Айгүлдің адамдық болмысын бірнеше сөзбен сипаттау қиын. Кісілігі биік, пейілі кең, мейірімі мол жан еді. Ағайын-туған, дос-жаран, қайын жұрт пен төркін деп ешкімді бөліп-жармайтын. Кімге де болса ықыласын аямады. Адамға деген құрметі, жанашырлығы мен қамқорлығы күнделікті қарым-қатынасынан анық көрінетін. Отбасына деген ықыласы да ерекше болды. Ержан екеуі бала-шағасының тәрбиесіне, білім алуына, өмірде өз орнын табуына бар күшін жұмсады. Ұлы Нұрбек пен қызы Айғанымның әр жетістігіне қуанып, олардың қанаты қатайғанын көрді. Келін түсіріп, немере сүйіп, отбасының қызығын көретін шағында Айгүлден айырылу жақындары үшін ауыр қайғы болды.

Айгүлдің журналистикадағы мінезі де адамдық болмысымен сабақтас еді. Ол мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарады. Дайын ақпаратты алып, соның төңірегінде ғана материал құру оның табиғатына жат болатын. Тақырыпқа терең бойлайтын, қосымша дерек іздейтін, қажетті адамды табатын, кейіпкерін сөйлете білетін. Бір сауалдың ар жағынан екінші мәселені көріп, соның жауабын іздеуге ұмтылатын.

Сондықтан оның мақалаларынан құрғақ баяндау кездеспейтін. Әр материалында ізденіс, авторлық пайым, мәселенің астарына үңілу бар еді. Сұқбаттарында да дайын сұрақтарды тізіп қоюмен шектелмей, кейіпкердің болмысын, ойын, көзқарасын ашуға күш салатын. Әңгімелесушінің сөзінен жаңа бағыт тауып, тақырыпты тереңдете түсетін. Осы қасиеттер Айгүлдің журналистік қолтаңбасын қалыптастырды.

Соңғы алты жылында ауыр дертпен күресіп жүрсе де, кәсібінен қол үзген жоқ. Денсаулығы ем-домды қажет еткен сәттерде ғана жұмысын кейінге шегеретін. Қиналып жүргенін көп адамға сездіре бермейтін. Театрға барып, мәдени ортадан алыстамайтын, қоғамдағы өзгерістерді назарынан тыс қалдырмайтын. Сол кезеңде де Egemen Qazaqstan газетіне ойлы мақалалары мен сүбелі сұқбаттарын ұсынып отырды. Қаламы өмірінің соңғы кезеңіне дейін қолынан түскен жоқ. Жазу ол үшін кәсіптік міндеттен әлдеқашан биік тұрған дүние еді. Журналистикаға адалдығын өмірінің соңына дейін сақтады.

Айгүл Аханбайқызының шығармашылық мұрасын кітапқа топтастыру туралы ой оның өмірлік серігі Ержан Жүнісбековпен әңгімелесу барысында туған еді. Негізгі мақсат – жылдар бойы жазылған еңбектерін жүйелеп, оқырманға және кейінгі буынға тұтас шығармашылық мұра ретінде жеткізу. Бұл бастаманы Egemen Qazaqstan газетінің шеф-редакторы Талғат Батырхан, курстастары Қазыбек Құттымұратұлы мен Жарас Сәрсек қолдап, бағыт-бағдар берді. Egemen Qazaqstan газетінің Бас редакторы Ғабит Іскендірұлы бастаған әріптестері де іске жанашырлық танытты.

Айгүлдің журналистік жолы 1995 жылдан басталады. Сол кезеңнен бергі бүкіл шығармашылық еңбегін толық қамтыса, бірнеше кітапқа жетерлік мұра бар. Сондықтан «Асыл мұрат» оның үлкен шығармашылық жолының белгілі бір кезеңін ғана танытады. Әсіресе ауыр дертпен күрескен жылдарында жазылған дүниелердің осы кітапқа енуі оның кәсіби табандылығын айқын көрсетеді.

Кітаптың жарыққа шығуына көп адам атсалысты. Жинақ краудфандинг тәсілімен басылды. Алғашқы хабарлама жарияланған күннен бастап Айгүлді сыйлаған сыныптастары, курстастары, әріптестері, достары мен оқырмандары қолдау білдірді.

Айгүлдің бірге өскен сыныптастары, аттас досы Айгүл, Абылай мен Ғани бастаған курстастары, «Қазақ газеттері» ұжымы, Egemen Qazaqstan газетінің әріптестері бұл бастамаға бір кісідей қолдау білдірді. Серікқали Мұқашев, Ботагөз Жөкенқызы ұйытқы болған, Ербол Азанбек бастаған қазақ журналистері тобы да кітаптың жарық көруіне өз үлесін қосты. Айгүлдің өмір жолын бейнебаян арқылы хаттаған әріптесі Гүлжан Қызайбайға, ал баспа жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарған «ARNA-B» баспасының жетекшісі Бақыт Ойсаға айрықша ризашылығымызды білдіреміз.

Осы қолдаудың бәрі Айгүлге деген құрметтің, оның адамдық болмысы мен журналистикадағы еңбегіне деген ықыластың айғағы болды. Осының бәрі Айгүлдің адамдарға жасаған жақсылығы мен журналистикадағы еңбегінің ел жадында қалғанын аңғартты. Оның айналасына берген жылуы, әріптестеріне деген құрметі, достыққа адалдығы сол адамдардың ықыласынан қайта көрінді.

Аяулы Айгүл арамыздан аққан жұлдыздай алыстағалы айлар аунап, жылға жуықтады. Оның жарқ-жұрқ етіп жүретін қалпы, риясыз күлкісі, айналасына шуақ шашатын мінезі бүгінде сарыала сағынышқа айналды. Кейде түсімде әдемі көйлек киіп, жадырап, айналасына арай шашып жүргенін көремін. Сондай сәттерде жаны жұмақтың төрінде болар деп көңілге медет табамыз. Лайым, солай болғай.

«Асыл мұрат» – Айгүлдің қаламгерлік жолының, кәсіби табандылығының, өмірге деген қайратының белгісі. Оның әр мақаласында өзі өмір сүрген кезеңнің тынысы, әр сұқбатында адам тағдыры мен қоғамның үні бар. Айгүл кейінгі буынға ең алдымен ізденудің үлгісін қалдырды.

Дайын ақпаратқа тоқмейілсімеу, тақырыптың тереңіне бару, адамды тыңдай білу, сұқбаттасушыға жол табу, деректі тексеру, мәселенің өзегін іздеу – оның журналистік мектебінің басты белгілері еді. Айгүлдің өзі өмірден өтсе де, сөзі қалды. Сол сөз арқылы оның ойы, көзқарасы, журналистік мінезі кейінгі оқырманмен әлі талай жүздеседі. Оның адамдық жылуы, достыққа беріктігі, журналистикадағы өзіндік қолтаңбасы мен артында қалдырған еңбегі оны танығандардың жадында ұзақ сақталады.

Эльвира БӨКЕНБАЕВА, Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі, әріптесі:

АЙГҮЛДІҢ ҚАЛАМГЕРЛІК ҚОЛТАҢБАСЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

– Айгүл журналистикада отыз жылдан астам уақыт табандылықпен, батылдықпен, кәсібіне адалдықпен еңбек етті. Журналистика ол үшін жай мамандық емес, бүкіл болмысымен берілген ісі еді. Жұмысқа жауапкершілігі айрықша болатын. Үнемі ізденіп жүретін. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға сырт көзбен қарамай, әр мәселеге өз пайымымен үңілетін.

Көпшілік елей бермейтін жайттан тақырып тауып, оның астарын ашуға ұмтылатын. Айгүлді танығалы бері оны көбіне ой үстінде көретінмін. Алғаш облыстық Jetisu газетінде, кейін соңғы он жылға жуық республикалық Egemen Qazaqstan газетінде бірге қызмет еттік. Жиі сырласып отырмасақ та, екеумізді іштей жақындастыратын бір байланыс бардай сезілетін. Кейде бір-бірімізді өзіміз іздейтінбіз. Тағдырымызда да ұқсастық болды. Айгүл де, мен де әкемізден ерте айырылдық. Бәлкім, бізді жақындастырған әкеге деген сағыныш та шығар.

Жақындығымыздың тағы бір себебі бар еді. Айгүл – біздің жақтың келіні. Жолдасы Ержан – менің жерлесім әрі туысым. Сондықтан әріптестік қарым-қатынастың ар жағында жерлестікке, туыстыққа жақын бір жылылық та жататын. Айгүл тағдырдың салғанына мойымады. Өмірінің соңына дейін қағаз-қаламынан, кәсібінен қол үзген жоқ. Емнен кейін де компьютер алдында отырып, материал жазған сәттеріне куә болдым. Денсаулығына қарамастан, мойнына алған тапсырмасын аяқсыз қалдырмайтын. Журналистика оны қанаттандыратын, жігер беретін.

Кейде жұмысының өзі оған күш болып тұрғандай көрінетін. Оның кәсіби жолы да ауқымды еді. Студент кезінен Алматы облыстық Jetisu газетінде тілші болып бастаған Айгүл кейін Jas Alash, Qazaq Adebieti, AIQYN, Halyq Sözi басылымдарында еңбек етті. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының баспасөз қызметінде де жұмыс істеді. Кейін Egemen Qazaqstan газетінде мәдениет пен руханият тақырыбын тұрақты жазды. Әдебиет, театр, сахна өнері, тұлға тағдыры, тіл мен ұлттық сана – оның қаламына жақын тақырыптар еді.

Айгүлдің қаламгерлік ерекшелігі тақырыпқа терең бойлап, кейіпкерінің көпшілік біле бермейтін қырын аша білуінен көрінетін. Сондықтан оның сұқбаттары жай сұрақ-жауаптан асып, тұлғаның ойлау жүйесі мен рухани болмысын танытатын дүниеге айналды. Мұхтар Мағауин секілді қаламгерлермен жасаған сұқбаттарының құны да осында.

2012 жылы Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан Айгүлдің «Оқырман күткен әңгіме» атты кітабы жарық көрді. Жинаққа сұқбаттары, әңгімелері және ақын-жазушылар шығармашылығына арналған дүниелері топтастырылған. Бұл кітап оның әдеби сұқбат жанрындағы ізденісін, қаламгер тұлғасын тереңірек танытуға деген ұмтылысын айқын көрсетеді. Айгүлдің жазғандары арқылы белгілі ақын-жазушылардың ойы, өнер адамдарының көзқарасы, сол кезеңдегі мәдени орта мен қоғамдық пікір қағазға түсті.  Денсаулығы қиындағанына қарамастан, жазуын жалғастырып, мәдениет пен руханияттың өзекті мәселелерін көтерді. Сондықтан жинақтағы мақалалардың әрқайсысынан оның кәсіби табандылығы да сезіледі.

Айгүлді көзі қарақты жұрт талантты тілші ретінде ғана емес, мәдениет пен өнер тақырыбын терең меңгерген журналист ретінде таныды. Ол сахна мен кино өнерін жақсы білетін. Өнер адамымен сөйлескенде шығармашылық үдерістің өзіне үңіле алатын. Кейіпкерді сыртқы өмірбаяндық дерекпен шектемей, оның ойына, ізденісіне, шығармашылық табиғатына назар аударатын. Оның еңбегі кәсіби ортада да лайықты бағаланды. Айгүл «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, 2024 жылы «Құрмет» орденін алды. Бұл марапаттардың ар жағында ондаған жылдық еңбек, журналистикаға деген адалдық, елдің рухани өмірін хатқа түсірген үлкен жұмыс жатыр.

Әттең, өмірден ерте кетті. Бірақ артында жастар үлгі алар еңбек жолы, қайта оқылатын сұқбаттары, мәдениет пен руханияттың тұтас бір кезеңін хаттаған мақалалары қалды. Оның тақырып таңдауынан, кейіпкермен сөйлесу мәдениетінен, сөзге деген жауапкершілігінен кейінгі буынның үйренері көп. Айгүлдің қаламы түрткен тақырыптар мен жинаған рухани дерегі әлі талай жас журналистің кәдесіне жарайды. Оның еңбектерін қайта оқыған сайын бір кезеңнің әдебиеті мен мәдениетін, сол уақыттағы тұлғалардың үнін де қайта еститіндейміз.

Ал «Асыл мұрат» – сол еңбектің оқырманға қайта оралуының бір жолы. Кітап Айгүлдің журналистік қолтаңбасын кейінгі буынға жеткізіп, оның қаламына тән ізденіс пен жауапкершілікті тағы бір мәрте танытады. Немересі Асылмұратқа, ұлы Нұрбек пен келіні Заринаға, қызы Айғанымға бас-көз болып отырған Ержан бауырымызға амандық тілеймін. Айгүлдің өзі көре алмаған қуаныштарын солар көріп, шаңырағында жақсы күндер көбейсін. Айгүлдің қаламгерлік қолтаңбасы ұмытылмайды. Оның адамдық болмысы, кәсібіне адалдығы, артында қалған сөзі мен рухани мұрасы оны танығандардың жадында ұзақ сақталады.

Айғаным МЕДЕТБЕК, қызы, 8-сынып оқушысы:

АНАМНЫҢ ЖЫЛУЫ ЖҮРЕГІМДЕ МӘҢГІ ҚАЛАДЫ

– Анам – менің өмірімде орны ешқашан толмайтын ең қымбат жан. Ол туралы не жазарымды да кейде білмей қаламын. Өйткені анамды сөзбен айтып жеткізу қиын. Ол мейірімді, сабырлы, мінезі жұмсақ адам еді. Адамдармен үнемі жылы сөйлесіп, жақсы қарым-қатынас орнататын. Өзі көңілді, әзілқой болатын. Үйдің берекесін кіргізіп, айналасына жылу сыйлап жүретін. Анамның адамды бірден өзіне жақын тартып алатын қасиеті бар еді. Маған әрдайым жылы сөйлеп, қолдау білдіретін, түрлі үйірмеге апаратын. Қандай жағдай болса да, түсінуге тырысатын. Анамның мейірімділігі, жұмсақ мінезі, күлкісі мен маған берген жылуы жүрегімде мәңгі қалады.

 

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар