Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін аса табысты болды. Ұлттық құрама бір күнде 12 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, жүлде қорын еселей түсті.
Әлемнің 113 елінен үш мыңға жуық спортшы қатысып жатқан дүбірлі додада үшінші күн ұлттық спорт түрлеріндегі тартысты бәсекелермен есте қалды. Қазақстандық спортшылар аударыспақ, құсбегілік, самбо, қырғыз күресі, арқан тартыс және қол күресінен жоғары нәтиже көрсетті.
Аударыспақта қазақ балуандары дара шықты
Аударыспақта Қазақстан құрамасы көшбасшы екенін дәлелдеді. 100 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы әрі Көшпенділер ойындарының екі дүркін жеңімпазы Сырым Ізбасаров финалда қырғызстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, осы ойындардың үш дүркін чемпионы атанды.
90 келіге дейінгі салмақта Өткелбай Дарын қарсыластарының барлығын сенімді түрде ұтып, алтын жүлдені қанжығасына байлады. Ал аса ауыр салмақта сынға түскен Еркінұлы Нұржан қола медаль иеленді.
Құсбегілерден төрт жүлде
Құсбегілік сайысында да Қазақстан құрамасы үздіктер қатарынан көрінді. Ел намысын қорғаған тоғыз спортшының төртеуі жүлде тұғырына көтерілді.
«Қаршыға» бағдарламасында Жалғасұлы Серікболсын «Жебе» атты құсымен алтын медаль жеңіп алса, «бүркіт» бағдарламасында Қошқаров Арман «Алғыр» атты қыранымен күміс жүлдеге ие болды. «Ителгі» бағдарламасында Бабажан Бақдәулет «Ұшқыр» атты құсымен күміс, Кенжетаев Ерлан «Ақбалық» атты құсымен қола медаль еншіледі.
Самбо мен қырғыз күресіндегі табыс
Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген 14 түрлі күрестің қатарында өткен самбо бәсекесінде Қазақстан құрамасы бір алтын және екі қола медаль жеңіп алды. +98 келі салмақта Сапар Болат чемпион атанса, 79 келідегі Еркебұлан Неғметов пен 64 келідегі Жандос Бейсенбаев қола жүлдегер атанды.
Қырғыз күресінің аса ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Алмас Жұмағали ақтық сында алаң иесінің спортшысына жол беріп, күміс медаль иеленді.
Арқан тартыста қос бағдарламаның жеңімпазы
Жанкүйерлер ерекше қолдау білдірген арқан тартыс бәсекесінде де Қазақстан құрамасы жеңісті жалғастырды. Бұған дейін 8×8 бағдарламасында финалда Қырғызстан құрамасын ұтып, алтын алған ұлттық құрама үшінші күні 4×4 бағдарламасының ақтық сынында Иран спортшыларынан басым түсіп, тағы бір алтын медальға қол жеткізді.
Қол күресте жеті алтын
Үшінші күннің ең мол жүлдесі қол күресінен келді. Қазақстан құрамасы бұл спорт түрінен 7 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.

Алтын медаль иеленген спортшылар:
• Айдархан Нұрдәулет (-90 кг, оң және сол қол);
• Құттымұратов Медет (+90 кг, оң және сол қол);
• Устинов Данил (-80 кг, сол қол);
• Сыдыкжан Малена (+65 кг, оң және сол қол).
Осылайша қазақстандық қол күрес шеберлері медаль қоржынын айтарлықтай толықтырды.
Төртінші күні 21 спорт түрінен жарыс өтеді
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 6 қыркүйекке дейін жалғасады. 4 қыркүйекте Қазақстан спортшылары бірден 21 спорт түрінен жарыс жолына шығады. Атап айтқанда, көкпар, көкбөрі, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға жарысы, ұшқыр бәйге, дөнен бәйге, қазақ күресі, гюлеш, гуштини милли гамарбанди, хапсағай, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тартыс, стронгмэн және тазы жарысынан жүлделер сарапқа салынады.
Қырғызстан төрінде өтіп жатқан дүбірлі додада Қазақстан құрамасы ұлттық спорт түрлеріндегі жоғары нәтижесін жалғастырып, жүлде қорын молайтуға мүмкіндік алады.
Түгелбай Бисен
фото: Байбөрі Құдайберген
Парақшамызға жазылыңыз

