//

74 медаль, оның 32-сі – алтын: Қазақстан Көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсетті

73 рет қаралды

31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті. Дала спортының дүбірлі додасына әлемнің 113 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасы жарысты 74 медальмен қорытындылады. Оның 32-сі – алтын, 20-сы – күміс, 22-сі – қола.

Көшпенділер ойындары – спорттық бәсекемен қатар, түркі халықтарының мәдениеті мен дәстүрін, ұлттық ойындарын кеңінен дәріптейтін ірі халықаралық дода. Биылғы жарыста спортшылар аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, тоғызқұмалақ, мангала, армрестлинг, арқан тартыс, ат жарысы, самбо және басқа да спорт түрлерінен бақ сынады.

Жарыстың жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы жүлделер саны жөнінен жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Алтын медаль саны бойынша 30 жүлдемен Қырғызстан екінші орынға, 7 алтынмен Ресей үшінші орынға орналасты.

Қазақстандық спортшылар үшін Көшпенділер ойындары бірқатар спорт түрінен тарихи жетістіктерімен есте қалды.

Аударыспақтан төрт спортшы алтын медаль иеленді. Кәрім Нұрталап 60 келіге дейінгі салмақта, Сайлау Мұхаммеджан 70 келіде, Өткелбай Дарын 90 келіде, ал Избасаров Сырым 100 келі салмақта жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Қазақ күресінен де ел қоржыны алтынмен толықты. Сүлеймен Ернұр 60 келі салмақта қарсыластарынан басым түсіп, Көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды.

Ұлттық спорттың ерекше түрлерінің бірі – дәстүрлі садақ атуда Қазақстан құрамасы екі алтын жүлде еншіледі. Аяш Қабдоллаева қырғыз стилінде, ал Әсемгүл Ғалымжанова түрік стилінде топ жарды.

Әсемгүл Ғалымжанова үшін бұл жеңістің орны бөлек. Дәстүрлі садақ атумен небәрі екі жылдай уақыт айналысып жүрген мерген халықаралық деңгейдегі дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғап, алтын медальға қол жеткізді.

Жамбы атуда да Қазақстан спортшысы жеңіс тұғырынан көрінді. Абзал Тулыбеков қырғыз стилі бойынша сынға түсіп, алтын медаль иеленді. Ал теңге ілуден Қанат Бақтыбай «Бес белес» бағдарламасында үздік атанды.

Ат спорты түрлерінен де қазақстандық шабандоздар жоғары нәтиже көрсетті. Нұрасыл Бекбатыр 25 мың метрлік «Аламан» бәйгеде жеңіске жетсе, Рамазан Табылдиев 2400 метрлік жазық бәйгеде, Каримжан Құрбанджанов 3200 метрлік жарыста алдына жан салмады. Ал 12 шақырымдық құнан бәйгеде Санжар Өмекей жеңіс тұғырына көтерілді.

Тоғызқұмалақта қазақстандық спортшылар бірнеше жүлдеге ие болды. Ерасыл Ауталипов, Мөлдір Серікқызы, Айдын Жакиев және Аружан Салман зияткерлік спорттағы шеберліктерін көрсетіп, ел қоржынына медаль салды.

Армрестлингтен де Қазақстан құрамасының мерейі үстем болды. Данил Устинов, Нұрдәулет Айдархан, Медет Құттымуратов және Малена Сыдыкжан жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Самбодан аса ауыр салмақта сынға түскен Болат Сапар күміс медаль иеленді. Бұл нәтиже де Қазақстан құрамасының қоржынына салынған маңызды жүлделердің бірі болды.

Көшпенділер ойындарының көрермені асыға күтетін спорт түрінің бірі – арқан тартыс. Қазақстан құрамасы бұл сында да лайықты өнер көрсетіп, командалық бәсекеде жүлдеге қол жеткізді.

Осылайша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 32 алтын, 20 күміс және 22 қола – барлығы 74 медаль жеңіп алды.

Бұл нәтиже – қазақ халқының дәстүрлі спорт түрлерінің халықаралық аренадағы беделі артып келе жатқанының айқын көрінісі. Көшпенділер ойындары арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық ойындарымыз жаңғырып, әлем жұртшылығына кеңінен таныла түсуде.

Қазақстан спортшыларының Қырғызстан төріндегі жеңісі – ел мерейі. Әсіресе ұлттық спорттың бірнеше түрінен жеңімпаз атанған спортшылардың жетістігі жас буынға үлгі болып, дәстүрлі спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыра түсері анық.

Түгелбай Бисен

фото: Қайыр Аманжол

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Базар жабылған жыл

Сурет: ЖИ құралдарын пайдаланып жасалған Бұл мақалада айтылатын оқиғалар Батыс Қазақстанда, негізінен бүгінгі Батыс Қазақстан, Атырау