Фото: БҚО тарихи-өлкетану музейінің баспкасөз қызметі
Мыңдаған жыл бұрын қыш ыдыстарда қалған түрлі іздер сол дәуірдегі адамдардың қандай дәнді дақылдар өсіргенін не пайдаланғанын аңғартуы мүмкін. Эйко Эндо (Dr. Eiko Endo) мен Жанаргүл Қалиева осындай белгілерді ежелгі қыш ыдыстардан іздеп тауып, олардың репликаларын жасап, кейін салыстыру арқылы зерттеп олардың қай дақылға тиесілі екенін, шығу тегі мен жүріп өткен жолын анықтаумен айналысады. Бұл зерттеу ежелгі адамдардың күнделікті тіршілігі мен егіншілік тарихын түсінуге қалай көмектеседі?
Осы сұрақты біз Оралдағы БҚО тарихи-өлкетану музейіне арнайы жұмыс сапарымен келген Жапониядағы Мэйдзи университетінің ғылыми қызметкері, археология ғылымдарының докторы (PhD) Эйко Эндо (Dr. Eiko Endo) мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Жанаргүл Қалиеваға қойдық.

– Оралға қош келдіңіз, Жанаргүл, қаламызға, атап айтқанда тарихи-өлкетану музейіне қандай мақсатпен келдіңіз
– Оралға келген мақсатымыз мұражайда сақталған қола дәуірінен темір дәуіріне дейінгі қыш ыдыстардың бетіндегі дәнді дақылдардың іздерін қарастырып, зерттеу. Біз қыш ыдыстардан жасап алған дәнді дақылдар іздерінің силикон репликаларын Эйко ханым Жапонияға апарады. Қыш ыдыстарды жасап жатқан кезде белгілі бір себептермен дәнді дақылдардың өзі не шөптері жабысып қалуы мүмкін. Сондай кездейсоқ жабысып қалған дәнді дақылдар қыш ыдыс күйдірілген соң күйіп кетеді, бірақ олардың орны, ізі қалады. Біз сол орнын, іздерін тазалап репликасын жасау үшін силикон құямыз, яғни Эйко ханым Жапонияға жәдігерлерді алып кетпейді сол репликаларды апарады. Ол жерде SEM деген 3D микроскоп бар, сол микроскоп арқылы қарайды. Кейін репликаларды ондағы бар эталон базадағы дәнді дақылдармен салыстырып, қандай дәнді дақылдардың түрлеріне жататынын сол кезде нақты айта алады.
– Оралдағы зерттеу барысында қандай жәдігерлер мен ескерткіштерді қарадыңыз?
– Батыс Қазақстанда біраз ескерткіштерді, олардың ішінде Сегізсай, Қырықоба, Тақсай ІІ, Қарасу, Жайық және Пойма обаларынан табылған ерте темір және қола дәуірлеріне жататын қыш құмыраларды қарадық. Оралда 3-4 күн жұмыс жасадық, сол ескерткіштерден нәтижелер жаман емес деп айта аламын. Өзіміз алған нәтижелерге ризамыз. Келген еңбегіміз зая кетпеді, ақталды деп есептеймін. Қазір қолда бар материалдармен әрі қарай зерттеу жұмыстарын жалғастырамыз, басқа да өңірлерді аралаймыз.
– Осы тақырыптағы ғылыми зерттеу Сіздің өз қызметіңіз бе әлде белгілі бір жоба аясында жүргізіліп жатыр ма?
– Бұл зерттеу жұмысына негіз болған екі институттың арасында жасалған меморандум. Эйко ханым өз ғылыми жобасының аясында, ал мен өзім қызмет ететін институттың ғылыми жұмысының аясында зерттеу жасап жүрміз. Бұл біздің институт қызметінің бағыттарының бірі, яғни пәнаралық зерттеу және зертханалар жұмысын дамыту бағыты. Өзім архелогия зертханасында істеймін, көне қыш ыдыстардың құрамын анықтаймын, сол құраммен жұмыс істеймін. Негізгі ғылыми жұмысым қола және темір дәуіріне жататын қыш ыдыстар. Қазақстанда бұрын мұндай зерттеулер жүргізілмеген. Кейін осы ғалымдар қызығушылық танытып, бірігіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
– Батыс Қазақстан облысынан басқа өңірлерде зерттеу жүргізілді ме?
– Біз былтыр Түркістан, Қызылорда, Шымкент қалаларын араладық. Биыл Батыс Қазақстанды аралауға шықтық. Оралдан бастадық, сапарымыз Ақтөбе, Ақтау қалаларында жалғасады, ол жақта да музейлерде сақталған қыш ыдыстарды зерттейміз.
– Зерттеу нәтижелері көңіліңізден шықты ма және қорытынды қанша уақытта дайын болады?
– Негізі зерттеулерде батысқа оңтүстіктен келген ыдыстардан ғана дәнді дақылдар шығып тұр деп есептедік. Бірақ кеше, бүгін біз қараған материалдарда қола дәуірі болсын, темір дәуірі болсын дәнді дақылдардың іздері жергілікті саз балшықтан жасалған жергілікті жердің ыдыстарынан табылды. Жергілікті ыдыстардан дәнді дақылдардың табылғаны біздің еңбегіміз еш кетпегенін білдіреді. Бұл жергілікті тұрғындардың ата кәсібі тек мал шаруашылығы ғана болмаған, сонымен қатар осы жердегі тұрғындардың егіншілікпен де айналысқанын көрсетеді. Мүмкін ауқымды көлемде айналыспаған шығар, бірақ өздеріне тұрмыста қажетті көлемде дәнді дақылдарды өсірумен де айналысқан деп айтуға негіз бар. Жалпы зерттеу нәтижелері туралы қорытынды шығаруға әлі ертерек. Бірақ дәл қандай дән екенін екі үш айдың шамасында айта аламыз. Ал қорытындылар туралы толық ақпарат бір жылдың көлемінде зерттеліп, сараланып, ғылыми жұмыс жасалады және ол жұмыс жарияланады. Сол кезде ғана нақты қандай нәтиже алғанымыз және қандай қорытынды жасағанымыз туралы айта аламыз.

Эйко Эндо (Dr. Eiko Endo), Мэйдзи университетінің ғылыми қызметкері, археология ғылымдарының докторы (PhD). 2020 жылдан бастап Қазақстанның Алматы, Астана, Қызылорда, Шымкент және Түркістан қалаларында болып, археология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда ол Қазақстандағы Назарбаев университеті және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен тығыз ғылыми байланыста жұмыс істеп келеді. Ғалымның ғылыми бағыты — ежелгі дәуірдегі ауыл шаруашылығы, дәнді дақылдардың таралуы мен эволюциясын археологиялық материалдар арқылы зерттеу. Ғалымды әсіресе ежелгі қыш ыдыстардың ішінен немесе бетінде сақталған дәнді дақылдардың іздерін анықтау қызықтырады. Жапон ғалымы батыстағы зерттеу жұмыстарын Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Жанаргүл Қалиевамен бірлесіп жүзеге асыруда. Сапардың мақсаты – музей қорындағы қола және ерте темір дәуірлеріне жататын қыш бұйымдарды зерттеу.
– Эйко ханым, батыс өңіріне, Оралға қош келдіңіз! Біздің өңірге зерттеу жобасының аясында келгеніңізді білдік, бізге жалпы ғылыми жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз?
– «Менің ғылыми тақырыбым Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы. Ежелгі дәуірдегі ауыл шаруашылық дәнді дақылдарының таралуы мен эволюциясын археологиялық материалдар арқылы зерттеймін. Осы бағыттағы зерттеулер үшін Орталық Азия өте маңызды аймақ. Бірақ бұл аймақтарда археоботаникалық дата жоқ деуге болады. Сол себептен біз осы аймақтарды зерттеп, көбірек дата жинағымыз келеді. Бұл дәнді дақылдардың шығу тарихы, бүгінгі күнге дейінгі өткен уақыт, кезең үшін аса маңызды. Көптеген адамдар, көптеген археологтар бұл аймақтарды далалық аймақ және бұл жақта мал шаруашылығы ғана болған деп есептейді. Алайда қазір біздер бұл аймақта агро-мал шаруашылығы болған, яғни далалықтар мал шаруашылығымен қатар дәнді-дақылдармен де айналысқан деп ойлаймыз. Мен Оралда тек 3 күн ғана болдым, бұл ғылыми жұмыс үшін жеткіліксіз, ал одан көп болатын уақытым жоқ. Былтыр наурыз айында Өзбекстанда Ферғана алқабында болдым. Өте көп дата жинадым, салыстырып қарайтын болсақ, ол аймақта ауыл шаруашылығы кең дамыған дер едім. Ал бұл жақта ауыл шаруашылығымен, әсіресе дәнді дақылдарды егуге қатысты айтатын болсақ, аса жақсы таныс емес және бұл сала кенже дамыған. Мен қазір нақты айта алмаймын, аса сенімді де емеспін. Бірақ егін шаруашылығы темір дәуірінде ғана аз болса да жақсы дамыған, зерттеуді жалғастырамыз. Қазір зерттеушілер мен ғалымдар бұл аймақтағы археоботаникалық даталарға, мәліметтерге аса қызығушылықпен қарайды. Көптеген даталардың аясы кеңейіп жатыр, бірақ ең үлкен сұрақ тудырып отырған – күріш. Біз қазір күріштің шығу тегі, дамуы, оның жүрген жолы, кезеңдері туралы ештеңе білмейміз. Күріш туралы мәліметтерді, датаны тек Орталық Азиядан ғана жинамаймын. Күріш Қытайда шамамен он мың жыл бұрын өсірілген, ал Жапонияға екі мың жыл бұрын келді. Иранда дата өте аз, Каспий теңізінің оңтүстік жағында, Орталық Азияда қазір көптеген адамдар күрішті қолданады, таралу аймағы кең. Сондықтан мен күріштің таралуын зерттеп жүрмін, келесі ғылыми жобамды да осы тақырыпқа арнауды жоспарлап отырмын», – деді Эйко Эндо.
.

БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин музейге арнайы сапармен келген ғалымдарды қабылдап, археологиялық жәдігерлерді зерттеу, ғылыми ынтымақтастық және музей қорындағы құнды материалдарды халықаралық ғылыми зерттеулерге тарту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, кездесу барысында болашақта ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстарды кеңейту, музей қорындағы археологиялық жәдігерлерді бірлесіп зерттеу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар да айтылды.
Музейдің баспасөз қызметі хабарлағандай, үш күнге созылған зерттеу жұмыстары барысында өңірімізден табылған көне қыш бұйымдардан дәнді дақылдардың іздері анықталған. Әсіресе музей қорында сақталған қола дәуіріне жататын қыш құмыраның бірінен екі дәннің ізі табылуы ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырған. Өйткені бұл жаңалықтың ғылыми маңызы зор. Бұған дейін зерттеушілер Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі алты қорымнан табылған 100-ден астам қыш құмыраны зерттеген. Алайда сол зерттеулер барысында қола дәуіріне жататын дәнді дақылдардың іздері анықталмаған. Ал Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы қыш құмырадан осындай іздердің табылуы ежелгі егіншілік тарихын тереңірек зерттеуге жаңа мүмкіндік ашып отыр. Дегенмен, табылған іздердің нақты қандай дәнді дақылға жататынын әзірге айтуға ерте дейді ғалымдар. Ол үшін Күншығыс елінде арнайы микроскопиялық зерттеу мен салыстырмалы талдау жүргізілуі қажет.
Зерттеу жұмыстарына музей қорында сақталған Тақсай, Қарасу, Жайық, Пойма және Сегізсай обаларынан табылған ерте темір және қола дәуірлеріне жататын қыш бұйымдар ұсынылды. Зерттеу барысында ыдыстардың ішкі және сыртқы беттерінде сақталған ықтимал дән іздерінен силикон арқылы арнайы көшірмелер (репликалар) жасалды. Алынған үлгілер Жапонияға жеткізіліп, олардың қай дақыл түріне жататынын анықтауға күш салмақ. Әзірге тары, арпа, күріш секілді дәндердің ізі деген болжам жасады.
Жанаргүл Қалиева бұл зерттеумен Эйко ханыммен бірге 2023 жылдан бері айналысып жүргенін айтқан еді және осыған дейін жасалған зерттеу қорытындысы негізінде жарияланған мақаланың сілтемесімен бөлісті. Мақала жайында қысқаша айтар болсақ, тақырыбы: «Дала жағдайындағы ежелгі Солтүстік Орталық Азия мал шаруашылығына егіншіліктің қосымшасы: қыш бұйымдардағы таңбалар бойынша өңірлік талдау» (Frontiers in Environmental Archaeology, 2026). Авторлары: Э. Эндо, Р. Спенглер, Ж. Қалиева, С. Мұрғабаев және т.б.
Ғылыми зерттеуге және осы мақалаға арқау болған негізгі мәселе – бұрын б.з.д. I мыңжылдықтағы дала тұрғындарын (сақтар және т.б.) тек «көшпелі малшылар» деп есептеген. Ашық далада өсімдік қалдықтары желден тозғандықтан сақталмайды, сондықтан егіншілік туралы дерек аз. Сондықтан авторлар Қазақстанның оңтүстігіндегі 24 қонысты зерттеген (15-і алғаш рет жарияланды). Қыш сынықтарындағы дән таңбаларынан силикон қалып алып, оны электрондық микроскоппен (SEM) зерттеген. Қыш жасалып жатқанда сулы балшыққа кездейсоқ түскен дәндер осылай із қалдырады. Зерттеу аясында қамтылған кезең: б.з.д. 1700 – б.з. 400 жыл (Андронов, сақ, Шірік-Рабат, Қауыншы мәдениеттері).
Зерттеу нәтижелері туралы кеңінен таратсақ, қола дәуірінің 6 қонысының бәрінде, сақ мәдениетінің қонысының басым бөлігінде (тексерілген 10 қоныстың 8-інде) өсірілген дақыл таңбалары табылған. Арпа (қауызды және жалаңаш), тары, сары тары (Setaria italica) және күріш анықталған. Бидай мен бұршақ тұқымдас дақылдардың таңбасы жоқ. Қола дәуірінде арпа басым болған, ал темір дәуірінде тары жиі кездеседі: 19 қоныстың 15-інде (79%), қола дәуірінде 33%. Авторлар тары негізгі азыққа айналған болуы мүмкін деп болжайды. Тарының дәндері қауызынан тазартылған. Сондықтан авторлар оны мал азығы емес, адам тамағы деп санайды. Күріш: Мыңтөбе мен Күлтөбеде (Қауыншы мәдениеті, б.з. II–IV ғғ.) 5 таңба (1 дән, 4 қауыз) табылған. Бұл Шығыс Азиядан тыс жердегі ең ерте күріш олжаларының қатарында. Авторлар оның оңтүстіктен тарағанын болжайды.
Авторлар зерттеу деректеріне сүйеніп, далалық белдеу тек «таза көшпелілер» аймағы болмаған. Онда малшылыққа қосымша, аз шығынды егіншілік (әсіресе тары) жүргізілген. Оңтүстік Қазақстан шығыс пен батыс, солтүстік пен оңтүстік мәдениеттері тоғысқан «бірігу аймағы» болған деген қорытындыға келген.
Мақаланың толық нұсқасымен сілтемеге өтіп таныса аласыз.
Парақшамызға жазылыңыз
