Өстің қазақ, өштің қазақ: санақ та саясат

8633 рет қаралды
8

Сонымен бір жыл бойы жыр болған Қазақстан Республикасының екінші реткі ұлттық халық санағының да қорытындысы жария етілді. Таңқаларлығы – санақ нәтижелері былтырғы жылғы алғашқы мәлімдемелермен сәйкеспейді. Оның себебі – салқын саясатта жатқан сыңайлы.

монказаак
Қалай?

Былтыр санақтың алдын-ала қорытындылары шыққан кезде елдегі мемлекетқұраушы ұлт қазақтардың үлес салмағы 67%-ға жетті деп бөркімізді аспанға атқан едік. Бірақ, көп ұзамай қуанышымыз су сепкендей басылды. Әуелі, санаққа бөлінген қаржының қомақты бөлігінің қолды болғаны анықталды. Санақ өткізу мақсатында бөлінген 1,144 миллиард теңгенің 764,8 миллионы жемқорлардың жемсауына түсіп кеткен.
Сосын қазақтардың үлес салмағы – 67%-дан 63%-ға кеміді.

Неге?

Мәселе нақты статистикада емес, ұлтаралық қарым-қатынас пен ұлттық саясатты жүргізуде жатқан секілді. Оқушы қауымның есінде болса, санақтың алғашқы қорытындылары жариялана салысымен, Қазақстандағы орыс қауымдастығының санақ нәтижелеріне күдік пен күмән келтірген мақалалары көбейіп кеткен еді. Тіпті, санақ басталмай жатып «Русские в Казахстане» атты сайтта 2009 жылдың 13 қаңтарында Игорь Курбатовтың «Сколько останется этнических русских в Казахстане?» атты мақаласы жарияланып, онда елдегі орыс диаспорасының санын әдейі азайтып көрсету саясаты қолға алынғандығы айтылады.
Сонымен қатар, орыс диаспорасының өкілдері дабыл қағуды одан әрі жалғастыра түседі. 2009 жылдың 10 сәуірінде «КМ.Ru» сайтында Юрий Филатовтың «Русских в Казахстане хотят сделать казахами» атты мақаласы жарық көреді. Онда автор «1998-2006 жылдары аралығында Қазақстандағы орыстардың саны 1 миллионға азайыпты. Олардың барлығы алыс және жақын шетелге кетіп қалды ма? Әлде о дүниенің қонағы болды ма? Жоқ кетіп те қалған жоқ, жарық дүниемен қоштасып та үлгерген жоқ. Ресми статистика – 1999-2005 жылдар аралығында өмірге келген және өмірден кеткен орыстардың ара салмағы – 155428 болғанын көрсетеді. Осы жылдарда елден кеткендердің саны – 447850 болған. Демек, 664078 адам қайда?» делінген онда.
Автор дәл осы ойын сәл кейін «KMnews» сайтында жалғастырады. 2009 жылдың 29 маусымында оның «Русские не признают итоги переписи в Казахстане» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада «Русские в Казахстане» атты сайттағы республикалық «Лад» славян қозғалысының төрағасының орынбасары Петр Кузьменконың «Бұл халық санағы саяси сипатқа ие деуге толық негізіміз бар. Санақ елдегі демографиялық балансты мүлдем өзгертіп, орыстардың дәрежесін ұлттық азшылыққа дейін төмендетіп жібереді» деген пікіріне сілтеме жасай отырып, санақтың бүгінгі шындыққа сай келмейтіндігін көлденең тартады.Мақала авторы он жылдың ішінде Қазақстан халқының 1,4 миллионға өскеніне және қазақтардың 3 миллионға артқанына күмән келтіреді. 1999 жылғы жалпыұлттық санақ қорытындысы бойынша, елдегі қазақтардың саны 7,985 млнға жеткен болса, былтырғы санақтың алғашқы нәтижелері – 11,055 млн делінген. DSC00903

Санақшылардың сасқаны ма?

Соңғы нәтиже бойынша, қазақтардың саны –10 млн 98,6 мыңға дейін құлдырады. Демек, қазақтардың санын бір миллионға жуық адамға бірақ кеміткен. Дегенмен, орыс диаспорасы өкілдері санақтың бұл қорытындысымен де келісе алар емес.
«Русские в Казахстане» сайтында «Родимые пятна казахстанской статистики» атты Б.Никифоровтың мақаласы жарық көреді. Аталған мақаланың авторы да санақ нәтижелеріне, соның ішінде қазақ санының өскеніне қатты күмәнданады.

Санақ қалай жүргізілді?

Санақ былтыр 25-ақпан мен 6-наурыз аралығында жүргізілді. Осы 10 күннің Ұлттық статистика агенттігі жұрттың бәрін бірдей қамти алды ма? Осы жағы күмән тудырады. Кезінде демографтардың өзі шалғай елдімекендер мен Алматы, Астана секілді ірі қалалардың жанындағы соңғы жылдары пайда болған ауылдардағы халықтың санаққа енбей қалғаны жайында дабыл қаққаны бар. Ақпарат құралдарының біразы санаққа ілінбеген отбасылар мен жекелеген адамдардың сұхбаттарын да жария етті. Тіпті, ұлттық халық санағының жүргізілгенінен де бейхабар адамдар табылып жатты. Өзімізге жолыққан адамдардың арасынан да санақшылардың қарасын көрмегендігін айтушылар жетіп артылады. Қала маңындағы инфрақұрылымдары жасалынбаған ауылдар түгілі, Алматының өзінде санаққа іліге алмағандардың санынан аяқ алып жүре алмайсыз. Мәселен «Метро Трэйд» ЖШС-інің қызметкері Серік Шүленбай Алматыдағы Райымбек 241 «Б» үйінде тұрады. Ол осы ұлттық санақтың тізіміне ену үшін құзырлы органдарға қаншама рет телефон соғып, өздерін санаушы инспекторды тапқандығын айтады. Алайда ол бұл отбасының үйінде болмағанын сылтау етеді де, ертесі сағат 10-да үйде болуын сұраған. Бірақ, келісілген уақытта келе алмаған. Серік өзімен бірге жұмыс істейтін жігіттердің де, көршілерінің де осы санақ тізіміне ене алмай дал болғандығын айтады:
«Санаққа енбесең, санатқа қосылмайсың» дегенді естіп, қатты састым. Оның аяқталуына үш күн қалған болатын. Бірақ, менің дегбірсізденгенімнен еш пайда болған жоқ. Санақшылар сол бойы үйге келмеді. Керісінше, менің өзімнің бір мекемеге келуімді өтінді. Баруға уақытым болмады. Санақтың алғашқы нәтижелері шығып жатқан кезде біз 20-дай адам бас қосып қалдық. Сол 20 адамның ешқайсысы санақшылардың тізіміне ілінбепті. Сол себепті де, мен бұл санақтың қорытындыларына күмәнданамын. Одан бергі уақытта халықтың санының өскені бар, біз сияқты санаққа ілінбей қалғандар бар. Ол керісінше, көбеюі керек еді. Азайып қалыпты»,– дейді ол телефон арқылы берген сұхбатында.
Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылдық округінің жанында «Наурыз» атты елдімекен бар. Бұнда 300-дей отбасы, мыңға тарта жан тұрады. Олар да өздерінің санақ тізіміне енгеніне күмән келтіріп отыр. Ауыл тұрғыны Тамара Құмар санақ басталған күннен ауыл тұрғындарының санақшыларды тағатсыз күткендігін айтады. Алайда, санақтың соңғы күніне дейін санақшылар қара көрсетпепті. Тамара өзі бас болып әлі саяжайға жатқызылатын шаруашылықтың басшысына барып, санаққа енбей қалғандарын айтып, телеарна шақыртуға бел буғандарын айтқан. Соның нәтижесінде санақшылар 7-наурызда, яғни санақ аяқталғаннан кейін бір күннен соң «Наурыз» тұрғындарының есігін қаққан.
«Бірақ, санақшылар халық санағының парақшаларын ресми түрде толтырған жоқ. Ондағы 45 сұрақтың бірде-біреуі бізге қойылмады. Тек аты-жөнімізді, отбасы құрамын жазып алып кетті. Бұндағы тек мен ғана емес, тұрғындардың басым көпшілігі халық санағының тізіміне енгеніне шүбә келтіреді»,– дейді ол. «Русских в Казахстане хотят сделать казахами» атты мақалада алматыда 100 мыңдай адамның санаққа енбей қалғаны туралы айтылады. «КТК телеарнасының мәліметі бойынша, 100 мыңдай алматылық санақшылардың келмегенін айтады. Демек, бұлар статистика агенттігінің тізімінен тыс қалды. Бір көшедегі алты үйдің тұрғындары мен бір шағын аудандағы 15 үйдің тұрғыны санақшылардың қарасын да көрмеген» деп мәлімдейді СА-News» делінген онда.
Бірақ, соған қарамастан елдегі негізгі ұлт қазақтың үлес салмағы санақтың алғашқы нәтижелері көрсеткеніндей 67% пайыз емес 63%-ға түскеніне ешкім жіп таба алмай отыр.

Қазақ өсті ме?

Әрине, орыс қауымдастығы дабыл қаққанындай 10 жылдың ішінде қазақ 3 миллионға артты ма? Бұл жағы тағы да күмән тудырады. Елдегі табиғи өсім жыл сайын 100-150 мыңның айналасында болып келген. Шеттегі қандастарымыздың оралу қарқыны алғашқы 10 жылдықпен салыстырғанда әжептәуір бәсеңдеген. Бірақ, бұл сұрақтың да жауабы өзінен-өзі қылтиятын сияқты. Айталық, «Нұр Астана» газетінің 2009 жылғы 21 мамырдағы санында жарияланған «Ұлттық санақ ұпайымызды түгендеді ме?» атты мақалада сол кездегі Статистика агенттігі әлеуметтік-демографиялық статистика департаментінің директоры Әсия Қасенова 1999 жылғы санақтың 2 миллионға жуық адамды қамтымағандығы жайында айтады:
– Негізі алдыңғы санақтың 2 млн-ға жуық адамды қамтымағандығы жайлы деректер бар. Демек, қазіргі өсіміміз солардың толық есепке алынуымен және табиғи өсімге байланысты (Табиғи өсім 10 жылдың ішінде 821 адамға артқан, – дей отырып, ол биылғы санаққа енбеген жандардың 300 адамның ғана айналасында болғандығын айтады:
– Біздің қамту қателігімізді шамамен 1 пайыз деп көрсетсек, онда 16 млн. халықтың 1 пайызы 16 мың адамды тіркеуге алмаған болып табыламыз. Бірақ бізде ондай дәрежеде қамтылмай қалған адам болған емес. Санақтан соң тек 300 адамның есепке алынбағандығы анықталды, – дейді.
Демек, бұл ресми органның шенеунігі таратып отырған ақпарат. Сондықтан, оны көзге ілмей кетуге болмас. Яғни, елдегі өзге ұлт өкілдерінің санақ нәтижесіне сенбеуін кезекті байбаламы деп түсінеміз де.

Нәтиже қандай?

Бірақ, түсінбейтін бір нәрсе – елдегі орыс диаспорасының дабыл қағуының соңы санақтың алғашқы нәтижелерін өзгертумен аяқталғаны. Демек, елдегі ұлттық саясат ғана емес, демографиялық үрдістер де, бұрынғы метрополияның ықпалымен жүзеге асатын болғандығы. Елдегі орыс қауымдастығы қалады екен деп, ұлттық басымдығымызды да басып көрсетуіміз қажет болыпты. Санақ нәтижесі бізге осыны түсіндірді.
Е.Кәпқызы

8 Comments

  1. Үкіметтің алдауына арбалған халықпыз ғой. Қазақ өзін-өзі осылай мазақ қылып отыра береді. Айтқаның не пайда, ағын суға кеткенмен бірдей. суға кеткен тал қармайды деуші еді.

  2. 16 миллионның 1 пайызы 16 мың емес, 160 мың болады емес пе?
    160 000 х 100 = 16 000 000.
    Он жылдың ішінде табиғи өсім 821 адамға артқан деген не сұмдық? 821 000 адам болса керек. Егер солай болса, санаққа ілінбеген адам саны да 300 емес, 300 000 болғаны.
    Бұны мемлекеттік шенеунік Әсия Қасенова білместікпен айтты ма, әлде журналист қателесіп жазып отыр ма?

  3. Әттең, не деген жасық халықпыз – осы пікірталастың өзінде езіп -мыжып мандырып өз пікірімізді айта алмаудамыз…Қашанғы біреудің етегінен ұстап жүреді екенбіз….

  4. 1 адам екі рет саналып жатыр деген немене?, қазағым осындай қараң болғанымыз ба? Әділ өтуі үшін барын салып жатқандар қайда?

Айтбай жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар