Намыс

1333 рет қаралды
3

Талапбек Тынысбекұлы. Ол 1982 жылы қазанның 17- жұлдызында Алтай аймағы Қаба ауданында туылған. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінің түлегі.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері.«Қаражорға өнер ұжымының» жетекшісі.
Ақын шығармалары «Жас толқын», «Қоштасқым келмейді», «Егіз арна» қатарлы жыр жинақтарына енгізілген.
Республикалық басылымдарында өлең, әңгімелерімен қоса, сын-ғылыми мақалалары да үзбей жарияланып келеді.

Намыс

asauЕй, Алаштың ұлдары,
Әніңнің неге мұң бәрі?!
Өзегін жалын өртеген,
Көңілі қайғы шер-шемен,
Сеземін сырды мұндағы.
Мінбеден сөйлеп міскіндер,
Түрмеде тозды ныспынды ер,
Кірмелер бүгін жырғады.
Елімнің бағын күйретіп,
Еврей есеп үйретіп,
Төріңнен орыс тұрмады.
Шекеңнен шертіп шешендер,
Көкірек ұрып тепеңдер,
Каристер төре мұндағы.
Аздырып алдап ханыңды,
Қытайлар тасып барыңды,
Арыңды ұйғыр былғады.
Мұсылман бауыр сезір ек,
Өзекке теуіп өзбек,
Дұнғандар опа қылмады.

Ұлтымның асын ұрлады,
Құлқынның арсыз құлдары.
Қыранды торға таңдырып,
Бағыңда сайрап сән құрып,
Ұранды құзғын шулады.
Жақының жасап сатқындық,
Ел деген ерді басқа ұрдық,
Ақылын аға бұлдады.
Дұшпанның соғып сойылын,
Пана қып жаттық қойынын,
Мыстанның сөзін тыңдады.
Нәр алмай ата діңінен,
Ілтипан кетіп ініден,
Інінде жатып сыйлады.
Қызыңнан қытық азайып,
Арынан жастай тоналып,
Жабысын жаттық қумады.
Жосынды жандай көрушыек,
Жол сілтер жеңге жеңілтек,
Бұрымын өріп бумады.
Оталып орман нулары,
Құландар тозды қырдағы.
Сұлу үн емес сырғалы,
Тыраулап айтар тырна әні.
Семейдің зарын шертумен,
Шулаған қазақ дертінен,
Палигон бағын улады.
Ертісім елдің көз жасы,
Алаштың мұңы арнасы,
Толқыны қанмен тулады.
Байқоңыр бағын ұзатып,
Аспанға жерден тұз атып,
Аралдың зары тымбады.
Өксігін дала жыр етіп,
Аққулар аула күзетіп,
Жайындар жаға тырнады.

Ақылмен жеңген ұлықты,
Қыздары болған қылықты,
Ұлыдары көкжал тұлғалы.
Тәңірі текті жаратқан,
Алласы сүйіп таңы атқан,
Алаштың сағы сынбады.
Тарихын дала күй етіп,
Тұғырдан сұңқар түлетіп,
Оқылған тастан жырлары.
Босаған бағы жендеттен,
Арқалы елін тербеткен,
Торқалы отан құндағы.
Жөргегім жылы жерұйық,
Төліңді қайта телиік,
Алатау, Алтай шыңдары.
Тулатқан дала тұлпарын,
Хауана қайран ұрпағын,
Қор болу үшін тумады.
Бас (толғау)

Домалап жаудың бастары,
Иықтан түсіп қашқаны
– Ертоңға жырынан

Сақта Аллам кетсем бетіммен,
Қақпауға жырды бекінгем.
Сақтардан қалған тағдырды,
Тастардан оқып жетілгем.
Ақ таңдай аппақ ұлт арын,
Таптаған жылға өкінгем.
Жөргекте жаным жаншылып,
Жер-көкке тозып кетіп ем.
Алаштың жері киелі,
Алладан алған несібем.
Құлқынды жұтар жылатып,
Ұлтымның елден несі кем?!
Омалып ойға оңаша,
Тесілем жырға, өшігем.
Арыма басқан таңба бар,
Айтпасам бүгін кешігем.
Дұшпанын жырмен жылатып,
Бабамның кегін кешірем.

Айтып кім мұңын аршылды,
Қазаға қидық қанша ұлды?
Қылышқа басы кесіліп,
Найзаға жүрек шаншылды.
Бөлінген дене үстіне,
Көрінген құзғын бәлсінді.
Жеткізе алсам бар шынды,
Шығарма жұртым даусыңды.
Аруақ еніп түсіме,
Тәуір ақ мені қаусырды.
Шоқысы шөккен тау сынды,
Баһадұр ерің таусылды.

Ертегіні айтсам ертектей,
Тынбаған бабам тер төкпей.
Тулаған бастың қорылын,
Тыңдаған халық селт етпей..

Жоңғарға есе бермедік,
Жондарға басын жерледік.
Ақтабан болып шұбырып,
Қақсаған жылдар өлмедік.

Орысты айтсам оңбаған,
Қанша ішсе қанға тоймаған.
Жеке елі болар алаштың,
Сетерін қырып қоймаған.
Мекенін алып басқаның,
Жеңісін жылда тойлаған.
Сақтардан бастап ұлтымды,
Таптаған мұндай болмаған.
Азаттық алар қазақтың,
Сан ғасыр бағын байлаған.
Бүлікті ойын жоймаған,
Мәңгілікті орыс ойлаған.
Сөздері жалған сайраған,
Көздері зұлым жайнаған.
Бодандық бұзды бұғауын,
Бабамның бағы таймаған.

Қырғызым туған ұлысым,
Дегенде бітед тынысым.
Кенені шапқан туысың,
Тұқымы тұздай құрысын!
Айтсам мен сөздің дұрысын,
Кінәлі қырғыз бұл үшін.
Қазақпен қандап қылышын,
Бітірді өзі жұмысын.
Шайқалды алаш ырысың,
Бұзылды қаймақ тынышың.
Кенеден кейін кержақтың,
Кенеуіне енген құлысың.

Еңсесін жықты ел неше,
Жетегіне ердің көн десе.
Кержақтан сұра басыңды,
Көргізбе қылып, көмбесе.
Даламның ырқын жат билер,
Бабамның рухын сезбесе.
Жер бесік тыныш жатама,
Жөргөгіне ұлын бермесе.
Көрерің азап ендеше,
Кененің басы келмесе.

Қара ойдың мұңын ел білед,
Қаһарын жауға төндіред.
Өз қолың кескен ер басы,
Қазақтың ұлы, ерлігі ед.
Алты ауыз болған күніңді,
Махамбет басы сездіред.
Көгіңде жыры шаңқылдап,
Көзіңнен қанды сел жүред.

Кейкіні бүгін табамба,
Елесі ғана санамда.
Ұлықтың басы қамауда,
Ұлыттың асы талауда.
Бастары қалған табанда,
Қазақтай кім бар ғаламда.
Ер туса балам ел үшін,
Деген ет маған анамда.
Орыстар ашқан аранға,
У болып жырым тамар ма!

Бір Алла болсаң өзің жар,
Ұрандап айтар сөзім бар.
Өткені тасқа қашалған,
Көкбөрі емген елім бар.
Қорғанға тыққан қытайды,
Ғұндардан қалған ерім бар.
Құда боп барып қорқытып,
Қыздарын алған төрім бар.
Табаны тиген тұлпардың,
Танабы кепкен жерім бар.
Бабамның қалған мүрдесі,
Ғасырға куә көрім бар.
Анамның жасы толтырған,
Үліңгір, Қанас көлім бар.
Ұпайға бабам жығылған,
Дұшпанға кеткен кегім бар.
Жырымның қанды жебесін,
Кезеніп атар кезім дәл!

Мұсылман бауыр дүңгендер,
Төріңде тозақ, іргең көр.
Ерліктің туын құлаттың,
Елдікті күнін сүрмеңдер!
Қазалы күнде қылатын,
Қазағым менің кімнен қор.
Азабына Алла жазбаса,
Мазағыңа көнер күңдер ме ол.

Елінен қуып, жерінен,
Алтайдың ауған төрінен.
Қоржынға салды қопарып,
Бөкенің басын көрінен.
Шырылдан елім қырылды,
Такламакан шөлінен,
Гималай, Тибет өрінен.
Ана айырылды төлінен,
Жар айырылды теңінен,
Ел айырылды ерінен.

Қобдада Қылаң бас берді,
Кәрі де өлді, жас та өлді.
Естірту айтып жат келді,
Ертоқым артып ат келді.
Көзіне қазақ жас келді,
Өзіңе туған жат болды.
Кесілген басты бөктеріп,
Сарсүмбеге ап келді.
Адамның басын қызықтар,
Заманың тозған шақ болды.
Қор тұтып қазақ баласын,
Қорқытып солай жатты елді.

Қан жапқан көзі қабынды,
Жан-жақтан дұшпан шабынды.
Ұрпағын мұңға батырып,
Зуқаның басы шабылды.
Асынан аттап сенгені,
Қасынан жау боп табылды.
Қадалған басы қадаға,
Қара көпірге таңылды.
Ел жасын қыран сіміріп,
Ағажай Алтай аңырды.
Көргізбе болған қайран бас,
Қара аспан кебін жамылды.
Еліне жала жабылды,
Жерінен босып сабылды.
Төрінен тозған қайран ел,
Төрткіл дүниеге ағылды.

Азапқа мұндай кім көнер,
Күңіренді елмен бірге жер.
Қапыда қанға боялды,
Аллалап атқа мінген ер.
Жақия бастап жауларын,
Жетерін бұлай білмеді ол.
Мекенімді алып кірмелер,
Қазаққа толды түрмелер.
Мұңыңды қозғап мүрделер,
Айтуға тілің күрмелер.

Тағдырыңды өткен таныттың ,
Жұтамын күнде налып мұң.
Басының сырын жай ұқтым,
Баркөлде қалған Әліптің.
Шың Шысай зұлым осылай,
Тексіздік елге таныттың.
Айрылған ерден қайран ел,
Қайғыдан қашан айықтың.
Азаттығы үшін халықтың,
Садаға басы алыптың.

Мадарың зұлым есімін,
Еске алсам бүгін несі мін.
Қазақтың басын алуда,
Зорлығы өткен осының.
Жантайлақ биді өлтірді,
Шіңгілде жасап шешімін.
Көлінен үріккен аққудай,
Төріннен қазақ шошыдың.
Ертісті қанмен тасытып,
Елім-ай айтып жосыдың.
Еңкейіп жауға көрмеген,
Ежелден қазақ еш ұлың.
Қан тамбаған жері жоқ,
Алтайдың алтын төсінің.

Сөйлесем қаным тасыр көп,
Көз алдым тозаң тасыр боп.
Жау алды басын басым кеп,
Алысқан шақта Асылбек.
Изектеп итке тұрмады,
Илеуің дұрыс, мақұл деп.
Тұлғасы ерек ер еді,
Тояттар жаудың басын жеп.
Біз үшін кетті келмеске,
Бақадұр бабам бахұл боп.

Оспаным ерім, оғлан,
Қылышын тасқа жаныған.
Жәнібек туын көтеріп,
Әділет жолын таныған.
Ата-ана, туыс, жарынан,
Айырып ел-жұрт, жарынан.
Қытьай мен орыс бірікті,
Құландай қуып қағынан.
Қылышы сынып сабынан,
Ұлысы шулап соңынан.
Елдігі шықпас ойынан,
Ерлігі түркі сойынан.
Дүшпанның өлді оғынан,
Алтайда соңғы қабылан.

Тұлпары тулап тұлданды,
Сұңқары шулап шың қалды.
Жосылып Ертіс егіліп,
Ағажай Алтай мұңданды.
Азаттық алып ата жау,
Артында елі құлданды.
Қайтейін жалған дүние,
Қамқорым болар кім қалды?!

Алтайым ата мекенім,
Төсімді жауға төседім.
Суыңа қарап сыланып,
Шыңыңа қарап өсемін.
Қоламта қалған ғасырды,
Тіліммен бүгін көседім.
Жақсының бәрін жау алды,
Босқынның күйін кешемін,
Ел үшін буған белімді,
Ел болған күні шешемін.

Жасырман елден сөзімді,
Бар сырың бүгін сезілді.
Даласын көрге толтырып,
Алашым қайран егілді.
Кіреуке сауыт сөгілді,
Қызыл қан қырға төгілді.
Шірітіп ерлер тебінгі,
Тіріде киді кебінді.
Жерімді қорғап елімді,
Ерлерім қайран көз ілді.
Танытам жауға тегімді,
Кім алар басқа кегімді.
Атаңа нәлет, ата жау!
Қарғадым бүгін өзіңді.
Бабамның бассыз денесі,
Шұқысын көрде көзіңді!!!

Бозардым таңым атқанша,
Сазардым күнім батқанша.
Ажалдың киген кебінін,
Тажалдар алған бас қанша?!
Көрмеде тозып жатқанша,
Әттең – ай, бәрі ақталса.
Ғаламның көзі жаутаңдар,
Даламның сырын ақтарса.
Басыңнан ұшқан бақ қанша?!
Астыңнан ауған тақ қанша?!
Бабаңның басын алғам дер,
Жаманның өзі мақтанса.
Талқандап жауды қырсам ау,
Жаутаңдап жанды баққанша.
Көр мұңын айтып жыламай,
Ел жырын шырқар шақ болса.

Дейтұғын алаш ақыры,
Тағына тиді тақымы.
Көк туын көкке көтеріп,
Алшыдан түсті асығы.
Не керек қайран даламда,
Жақыннан көрі жат ұлы.
Тектеуге қолын тексіздің,
Бармайды елдің батылы.
Азбанның ұлын көтерді,
Ананың алтын жатыры.
Байлығыңды алған басқалар,
Балаңды бірге тасыды.
Құрлықтар асып қор болған,
Мұңлыққа көңіл жасыды.
Ұлыңның үйі жер төле,
Ұлиды миы, ақылы.
Атаңның асы, нақылы,
Жаныңа кермек татыды.
Тоқымдай жер жоқ мүрдеге,
Оқылмай жатыр қатымы.
Сатылған бәрі басқаға,
Бір Алла білер хақ ұлы.
Тайраңдап жүрген тентекті,
Тиятын кез бұл ашығы.
Баспенен келген азаттық,
Бас алуға да қақылы.

Күндерде ден сау, бас аман,
Көңілді қайтем босаған.
Көк түрік рухы жебесін,
Тарихын тасқа қашаған.
Жалғанның беті жоса қан,
Жолымды тазарт Жасаған!

Аңдату

Сөйлесем кетем көсіліп,
Керуенін ойдың көшіріп.
Кептелді сөзім көмейге,
Кектенді көзім кереңге,
Көкбөрі шабыт кешігіп.
Қайдасың қолда киелім,
Ағытам ойдың тиегін,
Ақиқат айтам шешіліп.
Отаным ордам өз жерім,
Құт мекен іздеп келмедім,
Қорқыттың күйін кешіріп….
Көремін бақыт бағымды,
Беремін бойда барымды.
Қазақтың жері байлығым,
Азат бұл елім айбыным,
Асқақтай шырқа әнімді.
Тәңірім жалғыз көктегі,
Нұрыңмен қолдап өп мені,
Таптатпа жатқа арымды.
Кіндікті ұлмын, ерекпін,
Жөргекке сәби бөлеттің,
Сүйдірдің адал жарымды.
Тірегім тілім, дінімде,
Тексізге тартып бүлінбе,
Қайнатпа құрғыр қанымды.
Қолыма найза алдырма,
Тұлпарға тоқым салдырма,
Жолыңда қиям жанымды.
Отыңа жанған түспесем,
Ұлтым деп уды ішпесем,
Ит жесін сасық тәнімді.
Қиырда жүрген бауырлар,
Еліңді жалғыз табыңдар,
Шақырам жылап бәріңді.
Тозбасын десең бұрымдың,
Азбасын десең тұлымдың,
Бүгіннен жаса қамыңды.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Талапбектің ақындығы ешкімді шұбаландырмайды, талас жоқ мықты ақын. Ел қайғысын бұлайша шындықты шымыр тілмен жеткізуге өзге ақындардың жүрегі дауалай берейді. Жарайсың бауырым!

  2. Өзім ақын болмасам да, жырға берер бағам жоғары. Кей жерде артық кетсе де, кей жерді сәл асырып айтса да, жалпы айтылған сөздің басым бөлігінің кәзіргі өміріміздің шындығы екенінде дауа жоқ. Көпшіліктің ойындағы мұңын, тілдің ұшындағы сөзін, көніліндегі зарын өлеңменен дәл жеткізе білген Талапбек-нағыз азамат деп білемін!

Өмір Шыныбекұлы жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар