/

Мұхиттың арғы бетінде…

1460 рет қаралды
9

Арман аялдамасынан

2 курстың басы. Былтыр. Жаңа оқу жылына бәріміз де жаңа деммен келгендей болдық. Жай жүре бергенше, оқудан бөлек пайдалы ермек тапқанды жөн көрдім. Содан мектепте бетін ашуға ерінетін, қиын соққан ағылшын тілінің жалынан әй бір ұстасам ба деп, тәуекел еттім. Онда да жай емес. Бір үлкен арманымның  тұздығы қосылған нақты мақсатпен. Ойым бәріне арман болған, айтқанда ауыздарының суы құритын Американы көру. Елін, жерін аралай жүріп, мәдениетімен, адамдары, тұрмыс-тіршілігімен танысу. Не керек, мектепте тегін үйреткенде бағаламаған шет тілін студенттің қалтасына салмақ түсірердей бағаға жарты жылдан аса оқыдым. Осы аралықта өзімде кәдімгідей ілгерілеу және бастысы сенімдік байқалды. Алғашқы сатыдан өткендей болғанымда, құжаттарымды жинап әлем студенттері арасында үлкен танымалдылыққа ие «Work and travel» қазақша «жұмыс және қыдырыс»  бағдарламасына өткіздім. Бірақ, оқиға Қазақстаннан шықпай жатып шым-шытырық болып кетті. Мен құжат тапсырған агенттіктің директоры мамырға таман 150 студенттің ақшасын алып қашып кеткен. Бағдарламаға 1000 долларға жығыла төлегенімізден есептей беріңіз. Не істейміз? Қайда барамыз? Екі аптадан кейін құжат қабылдайтын барлық агенттіктер де жұмысын тоқтатпақ. Үйдегілер де білмеді бұл жайтты. Онсыз да жібермейміз деп әзер иліккендерінде қайта ақша сұрасам не болмақ? Адамның жаны қиналғанда болмайтын нәрсені болдырады екен. Үш күннің ішінде таныс-тамыр, дос-жараннан асарлатып жүріп ақша жинап басқа бір агенттікке басымды сұқтым. Үлгеріппін. Бәрі де дұрыс. Алаңсыз дәл ұшатын күніме келгенде, түстен кейін Америкадан жұмыс тауып берген делдалым хабарласып офисына шақырады. Барсам, неге екенін білмедім сенің орнына басқасын алып қойыпты, енді жұмысың жоқ демесі бар ма? Тағы да күйген ақшамды қайтпексің десем, қайтаруға тырысам деп төмен қарайды. Артқа жол жоқ, санаулы сағаттардан соң ұшпақпын. Қоштасарда ешкімге сездірмеуге тырыстым. Бар ойымда болғаны бара көрермін. Бастысы жетейін, Алла сақтар…

 

Бергі беттен арғы бетке

Алматы әуежайы. Кеткенше асық болып едім. Енді келіп дос, туыстарым шығарып салып тұрғанда қимастық ауаны жайламасы бар ма? Қанша дегенмен иісі мұрнына бармаған, 180 градус бізден бөлек күн кешіп жатқан бөтен елдің бір бөлігі болып кете алам ба деген алаңмен ұштым да кеттім. Неміс ағайындардың әуежайында 3сағаттай аялдап, алты сағатта Нью Йоркқа да жеттім. Бас аяғы 16-17 сағаттай ғана кетті. Сонда, бізде Алматыдан Ақтөбеге поездбен жететін уақытта ұшақпен қаншама қиыр континенттерді көруге болады деген ой жетегінде қалдым. Теледидардан көрген, көрген бе Нью Йорктың алыптығы аспаннан қарағанда атың болғанның өзіңде күншілік жолдай. Зәулім, биік ғимараттарынан бас айналады. Ұшақтан түсе ағылшын тілі көкпарына түстім де кеттім. Орыс тілінің өзі айналайын болып қалғандай сол сәтте. Себебі, теориялық оқығанмен, практикалық қатынасқа түспеген ағылшын тілі келмей жатып жағамнан алды. Түсінбей жатырмын. Әрі ұйқы ауысып кеткен. Адамдары тез сөйлейтіндей. Ығы-жағы. Қым қуыт қарбалас. Сеңдей көшкен қозғалыс. Ию-қию бір тірлік. Ешқандай танысың жоқ. Бір өзің. Қайда, қалай барамын? Міне, Америка жайлы алғашқы ойлар өзім күткеннен гөрі өзгешелеу болды. Қанша дегенмен адаптация керек болар деп, атам мен әжемнің бала кезден құлағыма құйған сабырлығына осы жолы иліктім.

Күткен де, күле қарсы алған да ешкім болмады. Нақты барар мекен жайым да, жұмысым да жоқ. Шынын айтайын, елге қайтып кетсем бе дедім алғашқы минуттарда. Бірақ, бір шетінен «басы қатты, аяғы тәтті болар» әрі Қазақстанға қайтқан күннің өзінде не бетімді айтам деп, не болса да келген қиындықты көріп алуға бекідім. Алғашқы бағытым, автобусқа билет алып менің көрмей жатып жұмысқа алып шығарып жүрген экс бастығыма Хановер штаты, Аннаполис қаласына тарттым. Обалы не ол адамды тауып мән жайды сұрағанымда, менің жайымды естігесін жағасын ұстады. Анығында, елдегі делдал он күн бұрын менің орныма өз туысын салып жіберген де, мені хабарсыз қалдырған. Осылай да болады екен… Ары кеттік. «Дос қиындықта сыналар», қазағым-ай, танымаса да бірер күнге тұруға сол жерге мен секілді студент болып барған қазақ жігіттері мен қыздары жалдап жатқан пәтерлеріне алып кетті. Жай жатпай амал қылу керек. Алғашқы үш күнім таңнан кешке дейін маңайдағы әрбір дүкен, жанармай станциялары, тіпті құрылыс болып жатқан жерлерге бардым. Алмады. Басты наздары «social security number» біздіңше РНН-ге телінетін номерім жоқ, онсыз айлық жүрмейді дейді. Оны алу үшін жоқ дегенде екі апта керек екен. Қайтпекпін. Қалта түбі лездің арасында қағыла бастады. Тамақ өнімдері қымбат. Бір нанның құны біздіңше,500 теңгеден асады. Дәмі  біздікіне жетсе десеңізші. Оның үстіне әр алған тауарынның үстіне әр штаттың әлеуметтік жағдайына байланысты салық қосылады. Мысалға, 8 долларға түскі ас алсаңыз, салықпен қосқанда 14 доллардай төлейсіз. Осылай жүре берер ме ем, жанымдағы қазақ қыздың Вашингтондағы танысының бастығы жұмыскер іздеп жатыр, барып бағыңды сынап көрсең қайтеді деді. Ертеңіне автобуспен келісілген орынға уәделі уақытта бардым. Алла сәтін салғанда жұмыс беруші түрік бауырымыз екен. Жұмыс орны «Arundel mills», Вашингтоннан жарты сағаттық жолда орналасқан. Алматыдағы Мегадан өтірік айтпайын он есе үлкен. Ұзындығы үш шақырымдай. Ішінде не керектің бәрі бар. Киімнен қайыққа, тамақтан жақұтқа дейін. Тіпті, аяғым талады десеңіз ықшамдалған көліктер қызмет көрсетуге әзір. Әрине, осындай, осыған дейінгі мен үшін таңсық көріністерден мәдени шок болды. Жұмыс жөніне оралайық.

(жалғасы бар)

Асқарбек ҚАЗАНҒАП

Парақшамызға жазылыңыз

9 Comments

  1. Көрген-білгендеріңмен бөліскеніңе рахмет, Асқарбек! Істерің ілгері бола берсін!

  2. Қандай қызық. сол Америкаңа мен де барғым кеп кетті ғой. Молодеццццц

  3. Жолдарың болсын жігіттер! Шетелді, дамыған батыс әлемін көріп қазақ еліне қызмет қылыңдар.

  4. еее…айналайындар, ел көріңдер, жер көріңдер, тек елдеріңді ұмытып кетпегейсіңдер…қазір не бір сұмдық дүниелер шығып жатыр ғой…өліп-тіріліп, қырылып-жойылып дегендей…

  5. Мың естігеннен тәуекел етіп бір көріп қайтқан қалай да дұрыс. “Атың барда ел таны желіп жүріп деп ” бекерден бекерге айтылмаған болар

  6. Асқарбек мырза, Сізді жақыннан бері танып біліп жатырмын. “Jas qazaq” газетінің редакциясында сұқбатқа келдіңіз… Сіздің жазбаларыңызды тауып оқып жүрмін. Мақалаларыңыз өте тартымды. Сізге мол шығармашылық табыс, істеріңізге сәттілік тілеймін!

АЛАШҰЛЫ жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар