/

Қытай қазақ мерзімді басылымдары

15220 рет қаралды
9

Бүгінгі Қазақстан топырағы – Ұлы көшпенділердің ата мекені. Қазіргі ұрпаққа сеніп қалдырған аманаты. Олай дейтініміз – ойдағы ормандай қалың орыс пен қырдағы қаптаған қалың қытайдың көшпенділерден қалған аумақты жерді темір тырнағының астынан шығарғысы келмейтін бүгінгі күнде “тұлпарының табанын шоқ қарыған” бағзылардың атының тұяғы тиген дала – Қазақ даласы емей немене?! Арғы протүркіден бергі түркіге дейінгі бағы басынан ауыр, қайғысы орманнан қалың тарихтың ұлыс пен ұлт басына қаншама ауыр күндерді сыйламады десеңізші! Тағы да сол тәуелсіз елімізден тысқары Азия мен Еуропаның жер-жеріне шашыраған, тілегі бір болса да тіккен байрағы басқа қандастардың тағдыры көз алдыға келеді.

Қаламымызға тиек болатыны – Алтайдың арғы бетіндегі қауымы ел, миллиард халықтың арасындағы кеудесінің қыжылы у болып ішіне жұтылған қазақтардың барды-жоқты баспасөзінің бүгінгі жағдайы болады, әрине.

Қытай жеріндегі қазақ тілді баспасөзді айтпас бұрын, ол жердегі қазақ әдебиетінің жай-жапсарын айта кетуге тура келеді. Әдебиеттегі аузы дуалы деген ағаларымыздың аталған әдебиет жөніндегі пікірін сөзімізге дәйек ете кетейік. Қазақ сөз өнеріндегі талантты ақындарымыздың бірі, заманымыз поэзиясының маңдайы жарқыраған жұлдызы Есенғали Раушанов былай дейді: “Жалпы заманауи қазақ әдебиетінің ірі бір бұтағы қытай жерінде екенін біз бұрында айтқанбыз. Одан соң Моңғолияда. Өзге жердегі қазақтарда әдебиет пен өнерден гөрі сауда-саттық, тірлік қамы көбірек. Шындық солай”, – дей келіп, “Бұлар ертедегі Ақыт қажы, Таңжарықтар мен кешегі Қажықұмар Шабданұлы мен Омарғазы Айтанұлының заңды жалғасы. Әрине, негізгі әліппесі Қазақстандағы қазақ әдебиеті”, –  деп түйіндейді сөзін.

Есағаң «Шындық солай» деп шынын айтып отыр. Түп тамырын ата топырақтағы әдебиеттен алатын Қытайдағы қазақ әдебиетіне сол жердегі қандас бауырларымыздың ықылас-ынтасы бөлек. Сондықтан болар, олардың баспасөзінен әдебиетін бөліп қарау, ағаштан тамырын бөле қараумен бірдей болмақ.

Бүгінгі күнде Шығыс Түркістан жерінде қазақ тілді 20-ға жуық журналдар мен тоғыздан аса газет оқырманға жол тартады. Айта кетер тағы бір жай, Қазақстаннан кейінгі қазақ тіліндегі БАҚ дамыған жер Шыңжаңдағы Қытай қазақ мерзімді баспасөзі болып есептеледі. “Шұғыла”, “Құмыл алқабы”, “Іле айдыны”, “Алтай аясы”, “Тарбағатай”, “Боғда”, “Іле жастары”, “Шалқар” сынды журналдар жоғарыда атап өткеніміздей әдебиет тақырыбына арналады. Демек өңірдегі қазақ қаламгерлерінің қаламынан туған әр жанрдағы туындыларды аталған журналдар арқылы оқырман қолына жетеді. Шығармашылық пен әдеби сын, сыр-сұхбат, көзқарас, пікірталастар бұл журналдардың негізін қалайды.

Бұлардың ішінде “Шұғыла” журналы мен “Құмыл алқабы” бүкіл Қытай көлемінде “Жылдың үздік журналы” атағына да ие болған. Бір жарым миллион қазақ қана емес бір жарым миллиард қытайға да танымал болып жатқанын естігенде мақтанбай көріңіз! Проза, поэзия, әдебиет тарихы мен әдебиет сыны және тарихи тақырыптар журналдар беттеріндегі тиесілі айдарларында мейлінше кең өріс табады.

Арғы беттегі қазақтардың қоғамдық-саяси өмірінің өресі жоғарлауына байланысты жақындағы он жылдан бері салалық журналистика барлыққа келді. Мәселен, қазақ ұлты өмір сүріп отырған мемлекеттің заң-законын түсіндіріп, өз құқықтарын саналы қорғауға септігін молынан тигізетін “Заң аясында” журналы бар. 2000 жылдан бері шығып келе жатқан маусымдық журнал заңдық кеңестер пен қоғамдағы нақты шындықтардан мысал келтіре отырып заңның ең үлкен қару екенін ел санасына сіңіре алуымен орны бөлек болмақ (әрине, бұл қытай тұрғысынан). Бұған қоса, балаларға арналған бірнеше басылым жарық көреді. “Жастүлек”, “Балауса” “ Білім бұлағы” атты маусымдық журналдар мен  “Іле өрендері” атты апталық газет жас үрпек оқырмандарға арналған. Қазақ ұрпақтарын сынағы мол ортада ата-дәстүр мен ұлттық құндылықтан айырылмай, жан-жақты білімді болып өсуге және сөйте тұра сол қоғамға ықпал ететін болашақтың талапты жастары болуға баулитын аталған баспасөздің оқырманы мен авторлары сондағы өз іні-қарындастарымыз.

Салалық журналистикаға “Шынжаң қоғамдық ғылымдары” журналы мен аптасына бір рет шығатын “Ғылым-техника” газетін айтуға әбден болады. Аты айтып тұрғандай көтерген тақырыбы қай ортада да болмасын ұлтты ұлттан биік ететін Ғылым екенін қандастардың жанына жеткізу екені анық. Оқырман қауым дүниеде болып жатқан ғылым саласындағы жаңалықтардан телевизия-радиодан кейін, міне, осы екі басылым арқылы хабардар болады. Ең бір ерекшелігі бұл газет пен журнал аудан, ауылға дейін тегін таратылады. Басылымдардың таралымы да жергілікті қытай баспасөзінен кейінгі ретте тұрады. “Оқырман өресі” атты танымдық журнал қоғамның шарайнасындай өмірдегі сан-алуан тақырыптардан санаға сәуле түсіретін құпия жолдарды іздеп, оқырманның өресіне өскелең әсерін беріп отырады. Салалық баспасөз әдебиет, заң, ғылым-техника мен жасөспірімдер бағытында ғана емес, шетел әдебиеті мен көркемөнер, этнографиялық жақтарды да қамтиды. Бұл ретте “Көкжиек” журналын атамай кетуге болмайды. Себебі, аты затына сай әлем әдебиетіндегі шоқтықты шығармалар мен азулы авторлар жайлы сол жердегі зиялы қауымды хабардар ететін бірден бір журнал осы – “Көкжиек”.  Журналда Сәбет одағынан тартып бүгінгі Еуропа, Латын, Солтүстік Американың, Орта Шығыс пен Шығыс әдебиетінің соны жаңалықтары мен үздік туындыларын үзбей жариялап тұрады. Әлемдік авторлардың шығар биігі болған Нобель сыйлығының төңірегіндегі азды-көпті даудың ұшығын шығаратын да “Көкжиек” журналы. Бір сөзбен айтқанда “Көкжиек” арқылы ондағы қазақтардың көкжиектен көрінген әлемге деген құштарлығы мен соның арғы жағында жатқан ұлы мақсатын біле аласыз.

Қытайдағы қазақтілді баспасөздің ұлттық құндылықтарға ат басын бұрып, тарих пен этнографияға назар салып отырған журнал бар. Ол – ХХ ғасырдың екінші жартысында “Шалғын” деген атпен, 1982 жылдан бастап  “Мұра” деген атпен шығып келе жатқан журнал. Қазірге дейін 141 санын оқырманға ұсынып 31 жыл бойы бабадан қалған заттық және рухани мұралардың жоқтаушысы болып, оқырман қауымның ықыласын аударып келе жатқан беделді басылым. Ел арасындағы асылдың қиығы, алтынның сынығы саналған санаулы  заттық мұралар туралы жұртқа жариялап, онымен бірге жұрт ауызында сақталған шешен шежірешілердің, хандар мен билердің, батыр мен бағыландардың өмірінен аңызға бергісіз өнегелі сөздері мен жырларды, ерлік қырларын көркем әдебиеттің тезінен сұлу етіп өткізіп, ел санасында мәңгі сақталу жолында жұмыс істейді. Жоғарыда айтылғандардан басқа нәзік жандыларға арналған “Шыңжаң әйелдері” журналы мен көркемөнер бағытында шығатын “Шыңжаң суретті журналы”  оқырман көзайымына айналған.

Әлқисса, қытай қазақ баспасөзіндегі газеттер жайлы айта кетсек. Газет ақпарат беру және т.б тақырыптарды қаузайтыны белгілі. Қазақ тілдіндегі ең үлкен газеттер қатарында “Шыңжаң газеті” айтылады. 1950 жылдан бері шығып келе жатқан газет аптаның жеті күнінде күн құрғатпай таратылады. Газеттің апталық таралымы 123900 данадан асады. Өңірлік және апталық газет қатарына “Күйтің газеті”, “Іле кеші”, “Тарбағатай”, “Іле өрендері” қатарлы газеттер әр аймақтарда таратылып тұрады. Ал, әлемде болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтарды оқырман аудиториясы  “Пайдалану хабарлары” атты газеттен алып отырады. “Пайдалану хабарлары” тек қана ақпарат беруді негіз етеді, аптаның бес күнінде ұдайы таралымда болады.

Біздің айтып өткендеріміз Шығыс Түркістандағы қандастарымыздың мерзімді басылымдары жайлы сөз. Ал, теле-радио саласы өз алдына бөлек әңгіме. Тілге тиек болған басылымдардың кемшілігі – әдеби басылымдары мен салалық кей басылымдардан басқасының бүгінгі Қытай саясатының жаршысы болғандығы. Миллиард арасындағы миллион қандастың еңбегінің қасында ол тіпті кінә ма екен, тәйірі?! Сосын да атажұрттағы ағайын осы саусақпен санап аларлық басылымдардың қазақ тілінде шығып тұрғанына қуанып, сүйінуі керек деп ойлаймыз.

Есқат БОЖАН

Парақшамызға жазылыңыз

9 Comments

  1. Бұл жерлердің бәрі қазақтың ата қонысы ғой. Тек саяси ала сыздықтың бөлуімен ғана бір халық екіге бөлініп қалып отыр. Әйтпесе, ол да қазақтың байырғы қонысы. Мына бізді мәңгүрттер оны қайдан білсін.

  2. Асау ТОРПАҚ, айтқаныңыздың жөні бар. Әсіресе, Алтай жері қазақ түгілі адамзат тарихындағы алар орыны ерекше мекендердің бірі ғой. Ал, баспасөз саласына келсек оларды қазір аударманың қатып қалған өлі құрсаулап алды. Мүлдем түсініксіз, бұл – шындық. Енді құруға бет алған ұлттан көп дүниені талап етіп, кінә тағудың өзі артық болар. Қазақ елі ондағы қазақтарды көшіріп алмаса келесі 5-8 жыл айналасында барлық қазақылығына айырылған сүлдер ғана қалады оларда.

  3. ەي مىنباي، ورالمان ساعان نە ىستەدى؟ ورالماندا قالعان جەتى اتاڭنىڭ قۇنى بولسا نە ىستەپ ءجۇرسىڭ وسى ۋاقىتقا دەيىن

    Кирил нұсқасы: “Ей мынбай, оралман саған не істеді? Оралманда қалған жеті атаңның құны болса не істеп жүрсің осы уақытқа дейін

  4. Өзін білмеген сон оралман деп айтып керегі жоқ достым

  5. Сәлеметсіздерме Шәміс Құмарұлының шығармашылықтары кімде бар тым болмағанда эл нұсқасы Сатып алуға бар болса о +77479973173

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар