///

Кәкен Қамзин. Сырахана императоры (әңгіме)

1039 рет қаралды
2

Кәкен Қамзин

( әңгіме )

Несбывшееся зовет нас, и мы оглядываемся,
стараясь понять, откуда прилетел зов.
Александр Грин

Ақшулан шудасын желкілдеткен ақпанның жүзі жылып,  ерке-биязы наурыз шуағы құндағын жаза бастағалы Балабектің түсіне құла құмға тұмсығын тыға ентелеп келе жатқан көк автобус кіретін болып жүр. Науша шағында минут-синутынан жаңылмай, аудан орталығынан ауылға келіп-кетіп тұратын  кәдімгі кіп-кішкене мәшине. Кейде, апырмау, ішінде отырған кісілеріне шейін шырамытқандай. Қала берді, сары балшық баттасқан нөміріне дейін ап-анық-ау, ап-анық. Жол жиегінде сәлмірейіп тұрған бұның қасынан астыңғы ернін жымқыра рульге жабысып алған шляпалы шұбар жігіт арылдатып-гүрілдетіп өте шығады. Ыздия ағып жатқан Шіліктіні жағалай барып,  мінгесіп-ұшқасқан Үшжал құмына сіңіп, ұшты-күйлі жоқ болады. Қышқылтым түтін, тоқым қаққандай бұрқ еткен болымсыз шаңдақ танауын өрлей кеңсірігін жыбырлатады. Жәркемалла!.. Ояна келсе – түсі. Көгілдір автобус қайда, болдырған бронтозавр жотасындай күдірейіп жатқан жал-жал шағыл қайда? Тілі аузына сыймайды, ерні кезереді. Бір шөлден соң бір шөл,  не деген таусылмайтын шөл. Кенезесі кеуіп барады. Бүткім Гоби мен Тақыла-Мақанның аңызағы  дәл осының кеудесіне шеңгел салып жатқандай. Тәйірі, бұл қаталауды қойшы, жарасы жеңіл. Тоңазытқышты ашып қал – тіреліп тұр. Сусынның мың бір түрі. Әйелі, қол-аяғына береке бергір, апта сайын ірімтіктенгенін алып, жаңасын салып, самсатып қояды. Ішіп-жем жағынан  әсте кенделік көрген емес. Бәрі құдай қосқан қосағының арқасы. Медуниверситеттегі  кафедрасын да дедек қаққызады, балалары да  әрдайым фотосуретке түсердей, бек мұнтаздай, мұның да ойындағысын айтқызбай табады. Өмірі қабақ шытып көрген емес. Жоқ-жадауда солай еді, бар-берекеде де сол сырбаздығынан аумаған. Балабек осыған шүкіршілік дейді, ырысым бес елі жігіт екенмін деп тәуба қылады. Әйтеуір, осы күнге дейін маңдайына біткен баққа ол ешқашан шәк келтіріп көрмепті.

Зеңгірдің үзіліп түскен бір шөкіміндей көкшіл автобус. Бүгін де, міне, кестеден жаңылмай және келіп қалды. Шағыл-шағылдың арасымен ызғытып.Той-томалақтан толықсып қайтқан көңілді де бұла жұрт. Бөртпе шәлісін шекесіне қисайта тартқан  шолжаң сары келіншекті талай жерден көргені анық.

                                    Өрік, мейіз, қант пен шәй,

                         Оған қосқан ақ бидай, – деп, жедел қайырмасын күткендей қара мұрттыға көзінің астымен қадала қалыпты. Гармонын құлаштай созып, құбылта-құлпырта жырлаған бозбала да жыға таныс секілді.

                                             Жырласаң, жігіт, қышқырып жырла,

                                    Ұйқыдан қызлар оянсын, – деп татарша түйдектетіп-түйдектетіп тастайды. Көкесі-ау, мынау әлгі, әлгі… дегенше болмайды, жанынан зу етіп өте шығады. Аялдамайды, бұны адам құрлы көрмейді. Бозаңданып, буалдырланып барып, шәйдәй ашылады. Күнде демей-ақ қойсын, әлсін-әлі көретіні осы түс. Әзіл-шынын араластыра, психолог-доқтырсың  ғой, мынаның астарында не бар деп, әйеліне жорытып көріп еді, ондай-ондай параллель бола береді. Есі дұрыс жамағаттың түсіне алтын-күміс кірсе, сенің көретінің – темір-терсек. Париж – Дакар автораллиі кереметика қызық деп телевизордың алдын бермейсің, ондай адам сүйтпегенде, қайтеді деп  қатынкөсемсуге басады. Бұл саған дауа жоқ екен деп қолын бір сілтейді де, қоя салады.

– Жексенбіде балалармен Шымбұлаққа барып шаңғы теуіп, сейіл құрып қайтайық. Ельцин марқұмның, Лукашенколардың ізі қалған киелі жер ғой. Бізге де бірдеңкесі жұғар, – деп әзілдегенсиді қарап отырмай.

– Е-е, көшбасшының соңынан сорлы ит ерер. Осы күні оларда да, бізде де қай бір кие қалды дейсің, оқалылардың қырқы келер, қырқы кетер. Қырқы өткеннен кейін қыр астынан қайта қоймас. Қайсының ізі жатар бұл пәниде, –  материалист әйелі әлдекімдерді айнытпай қайталап тұрғанын өзі де сезбей қалады.

– Аполитично рассуждаешь, аполитично рассуждаешь, дорогая, честное слово, понимаешь. Когда наше суверенное государство стремится войти в число пятидесяти развитых стран мира, некоторые несознательные элементы сеют  в умах доверчивых людей плоды политических страстей и инакомыслия, – дейді бұл кавказ мақамына салып.Екеуі жарыса, жарқылдай күледі, екеуі де «Кавказ тұтқынындағы»  жылпыңкөз Этушты қайдан ұмытсын. Сайқымазақ неме жанарын әдейі жылмаңдатады, әртіс емес пе – әртіс, комедиантқа жүктелген әруей роль сондай болса, сылқылдатпай нетеді. Әйелінің айтуынша, кейде бұның да қос шырағы. сынапша сырғып, тықыршып, баяз таппай кетеді екен. Айнаның алдында өзіне өзі талай бажырайып та, бақырайып та қараған. Бергі  ақ күмісінен ештеңе аңғара алмады – иманжүзді байыпты жігіттің жанары жасқанбай,  өзіне бедірейе қарай қалыпты. Арғы жағында, тұңғиығында не жатқанын сайтаным біліп пе?

Ыңғайы, Балабек ел бетіне тура қарай алмайтын, жанары тұрақсыз, көлгірси, кеңкілдей күлген адамдарды, кәріс ағайындар айып ете қоймас, иттің етінен жек көреді. Түзде жолықтырса,  таныса да аңғармағандай өте шығады,  үйде, теледидардан көрсе, құдайға шүкір, оңай құтылады – басқа арнаға аудара салады. Одыраңдаған анау-мынау клептократтарды  әлхамға келтірмей, осылайша оп-оңай ауната салып отырса ғой. «Мыналар ынсаптан айрылған, ұятты қойған, ардан безген барлығы», – деп өз-өзінен бұлқан-талқан болып, күйіп-піседі. Жасы кіші әріптесінің бірі:

– Бәке, «Ынсап, Ар, Ұят» деген ұғымдарды біздің қауғабайлар ұмытқалы  қашан, оларды лексиконыңыздан шығарып тастаңыз. Қалай сапырсаңыз да қазіргі нарыққа үш қайнаса, сорпасы қосылмайды.. Ар-ұяттың барлығы Конфедерация көлінің тереңінде жатыр, кілті сіз бен бізде емес, – деп көзін сықсита күледі. – Қайтесіз не болса, соған кіжініп. Тіске басуға татымайды. Өзіңіз айта беретін Конфуцийден тәлім алмайсыз ба, тақи Сүлеймен патша жүзігінің құрсағын сипаңыз. Бәрі де өтеді, бәрі де өзгереді. Онанда теннис ойнап қайтайық. Гольф те қазір модаға айналып келеді. Ой-хой-хой, несін айтасыз, құрыс-құрысыңыз жазылып, пұшпақ-пұшпағыңыз жіпсіп қалады.

Балабек осы жігіттің өзінен, сөзсіз, бір артықшылығы бар екенін сезеді. Қайдан үйреніп жүр, испан, ағылшын, француз, итальян тілдеріне судай. Маркетолог мамандығын іштен оқып туғандай. Өмірі мою, налу дегенді білмейді. Ақшамда әкесі өлсе, ақ таңертеңнен  жарқылдай жұмысқа шығып, дәнеңе болмағандай жұртпен әзілдесіп, шапқылап жүрері кәміл. Әмісе ақжарқын, әмісе жайдары. Біреудің маңдайындағы әжімін көрсе, сылап-сипап жазып жіберуге даяр. Жаңа қазақтың көбінде кездеспейтін  ғажап қасиет. Таяуда бір топ қолыұзындарға ілесіп Африка құрлығына сапар шекті, Кенияға ғой деймін. Килиманджароның нақ төбесіне құйрығын сүйгізіп қайтыпты. Құнттылығын қарай гөр, табаны тиген жерін түп-түгел видеотаспаға түсіріп алыпты. Онысын компания президентіне, қараторы зұлыс келіншектермен белдемше тағып билегенін көккөз қыздарға көрсетіп, әжептәур репет жинап алды. Бір жақсысы, бұдан сыр жасырмайды, ішіндегісін ақтарып салады. Аға санай ма, әлде Балабектің сыртқа сыр шашпайтынын жақсы біле ме…

– Бәке, біздің президент дегенбай-ақ жігіт, бірақ мәнжубас өзі. Менің фильмімді көрді де есінен айрылып қалды. Әлде шахмат турнирлерінен әбден миы ашып кеткен бе? Ат пен пілді ажырата алмайды, шахмат федерациясын басқарып несі бар, негізгі шаруасы бастан асады. Әйтеуір,  Килиманджаро құзы деді ме, шыңы деді ме, біздің Есекем бабамыздың бармаған жері, баспаған тауы жоқ екен деді ме. Тотем деді ме, вуду деді ме, қайран Хемингуэй деді ме. Зады, шатасты. Осы бастықтарды ұқпайсың. Мен баяғыдан айтып келемін, тамақ өнімін шығаратын өндіріске шатыраш бренд бола алмайды деп. Our president went mad.  Әлде басына жаңа логотиптің нобайы келе қалды ма? Ноу-хау ма? Әнеу күні Англиядан келген партнеріміздің фамилиясы Хемингуэй емес пе еді? Сол қуыпкеткен қып жібермесе неғылсын. Босстың бұл не жұмбағы? – деп бұның құлақ етін жеді.

Балабек бұған не ғафыл. «Босстың алты маржасы алты жақтап мысын құртатын шығар!» – осылай бір оқталды да, тілін тістей қойды. «Фильміңді ұнатып қалыпты, қайта қуанбайсың ба?» – мұндайда көңіл аулаудан басқа амал жоқ. Кітапханаға бар дейін десе, жер шұқылап қалады, Интернетке сілтей салды. Бір аптадан кейін жайраңдап келіп тұр.

– Ой, Бәке, сізге мың да бір рахмет. Roma locuta est. Grazie mille… Өзі мынауский боксшы болған екен ғой. Хемингуэйіңізді айтам. Тура бегемот сықылды, гиппопатамнан  бір аумайды. Жоқ, дөп-дөкей трактор секілді. Менің әкем құрылысжолтресте «К-700» айдаған, тура сол сияқты. Мен де «Кировецпін», ойқы-шойқыны елең қылмаймын. Соляркам таусылмаса болғаны. Жағармайды ана жақтағы ағаларым аямай құя береді, құя береді. – жас әріптесі қалай, тауып айттым ба дегендей қасын керіп, бұдан мақтау-мадақтау күтеді. Бұл да аянып қалмайды, тай-тайымен, тең-теңімен  лақтырып тастайды-ау келіп. Жас жігіттің танауы делдиіп, жер тарпи түседі. Әй, бір қызық құбылыс, адамзат комедиясы. Пенде байқұстың ең осал жері – қу құлқын мен арбау тұзағы ғой. Басқа жұртты қайдам, қазекемді күпінуге, шыңылтыр күні жейдесін желпуге қоя бер.

«Шах & Мат. kz.» компаниясының президенті, атын естігені болмаса, затын көрмеген Полинезия, Тасмания тарабына демалуға жүреді, реті келсе, бабаларының түп-тұқиянын сол жақтан да індетпек деген қауесет тарағалы елде ес қалмады. Жағырапиялық картаның неше түрін, Интернет сайттарының  бір қаншасын, энциклопедиялардың сан сапалағын, туристік буклеттердің талайын ақтарып-төңкеріп, қырық жылғы шаңын қағып тастады. Барлығының жиған-тергенін қосса, Британ энциклопедиясының табан елі томдығына татыр еңбекке пара-пар. Бұл не дүбілу, бұл не дүрлігу десең, әгәрәки сұрай қалса – ылп еткізіп суырып береміз деген жауаптарын көлденеңдетеді. Қағылездік деп осыны айт, компания президенті пәлен күні, пәлен сағат. пәлен минут, пәлен секундта осы…, пардон, түшкірді деген информация жетсе, оның жұпары «Шанельге» бергісіз деген сарапшы қорытындысын  мөрлеп қоюға да бейіл-ау бұлар. Атыңнан айналайын атам қазақтан қалған харекет осы, қанға сіңген ғадетінен  біздің жамиғат Марсқа көшсе де арыла алмас…

Жас әріптесі де  мұндай ала шапқынды құп көрмегені болар:

 – Жәуміттердің жарылқаушысы жайлы жаққа бар дүниесін көтеріп кетті ме, ал, біздің боссымыз тапқан-таянғанын Тасманияға тасымақ, – деп әзілдегенсиді.

– Ол жерде де Куктен қуырдақ қуырғандардың ұрпағы қалған шығар. –  терезеден тысқа  көз жіберген бұл да жайына қарап тұрмайды. Құмай тазыдай арсалаңданған алақұйын қаз-қатар тізілген жөке ағаштарын билетіп өтеді. Сонадайдан жапон жарнамасы мен мұндалаған суши-бардың қақ алдындағы жасанды зәйтүннің жапырақтары  күйлеген пілдің құлағындай едіреңдейді, добалдай-добалдай  жаңғақтары қарашомбал мүйізтұмсықтың еніндей саусылдайды. Қайшалысқан мәшинең, жерге шөккен көк түтінің – қиямет-қайымның нақ өзі. Жиырмасыншы қабаттан көз тастасаңыз, жыбырлаған халық – қара-құрым құмырсқа. Он бес жылдың айналасында адам танымастай өзгерген қалаңыз – осы, бара-бара ана асқар тау да айбынынан айрылар-ау. Реформа кежегінің пәрмені қатты.

Иә-ау. Балабектің өзімсініп жүрген  әйбат қаласы әркімнің қойнына бір кірер жалаңдаған жезөкшеге айналды. Адамы да, пейілі де сатулы. Мұның ебіл-себіл шағында су себелеп өткен сарқарын мәшиненің сабаты, қарлы тау аңғарларынан аңқылдай лап беретін ерке самал, өн-бойыңа шымырлай тараған саябақ гүлзарларының хош иісі сарайыңды ашып, жаның мен тәніңді шымырлата сергітпеуші ме еді. Қайда екен қазір соның бәрі. Көрген түс – көңілден ғайып.

Тысқа тағы көз тастады. Кайзер генаралдарының монокліндей жарқ-жұрқ еткен сұсты шыны қабырғалар роботтар мен автомобильдер парадын қабылдап тұрғандай. Көшпенді қазақ көшелі автомобильге мінген, қара базарда қоларба сүйреткен, қол жайып қайыр сұрауды үйренген. Бара-бара сыған тіршілікке де көндігер-ау кешегі сақара сырбазы.

– Ағасы, ұшар биіктен қарап тұрмысыз? Басыңыз айналған жоқ па? Кабинетіңізге барайық. Бизнес-жобаны ғаламский қорғап шықтық, президент мақтап жатыр. Байқаймын, сол кісі сізден ептеп ығатын сықылды. Сізді көргенде, аяғының ұшынан басады. Бұны елдің барлығы біледі. О заман да бұ заман,  жетекші менеджерден президент қаймығушы ма еді?.. Хоп. Бәрі жемір сөз ғой, қашанғы қамалып отыра береміз, тау жақтағы рестораннан бір-ақ шықсақ қайтеді? – Балабек іштей қайран қалып, жағасын ұстады, жан адамға сездірмеймін деп жүр еді,  сыбырлағаныңды Жаратқан ием тұрмақ, былайғы жұрт та сезеді екен-ау. О, сұңғыла да сұм заман! Екі беті ду ете түсті. Әйтеуір, сыр бермеді, сылқым басып кабинетіне келіп жайғасты. Ұшып тұрып күнес жағына құрылған дүрмек перделерін түсірді,  сәл-пәл ызыңдаған ауа салқындатқышын қосты. Тоңазытқышынан күнде ішіп жүрген шұбатын алып, екі фужерге құйды да, бірін жас әріптесіне ысырып қойды. Керегедегі фотопейзажға бүгін тағы көз тоқтатты. Сонау жылдары белуардан келер көкарайын емін-еркін ел жайлаған Ағынықатты – тастан-тасқа қарғылақтаған, қайратын аспанға атқан тау өзені. Тік мінезді, қияңқы. Қияға біткен шоқ-шоқ қарағай. Селт етер емес. Қарағайлысай дегеніңіз осы енді. Жарлауытқа ақжемденіп, ақсөңке болған зіл қаңқасындай сүңгітомар шоңқайған. Шақпақ тартсаң, лап ете түсердей. Балабектің құлағынағы бүгінгі гүріл –  сол ағын су гүрілі, сол тасқынның нөпірі. Өткен-кеткеннің есіл-дерті, сау-тамтығы. Япырай десеңші, зердеңді қаңғалақ қаққызады, дедектетіп әкетеді. Осыдан жеті-сегіз күн бұрын осы суретке  тағы көзі түскен. Сырттан қонған сәуле ме, көкей саңылауынан шағылысқан ұшқын ба –  көз алды тұманданып, кабинетінің іші лазер ойнағандай жарқ-жұрқ етіп шатырлай  басылған. Басын шеңгелдей ұстап біраз отырған да, дереу телефонға жармасқан. Осы шаруаға өлердегі сөзін айтып, әйелін әзер көндірген. Заң орындарында таныстарың көп, сөзіңді жерге тастай қоймас. Өзім жүргізіп жүрген ғылыми тәжірибе дей саларсың. Нелері кетеді, сөзбе-сөз портрет, фоторобот жасап берсе болғаны деген. Сүйтіп жүріп, үш күнін ит рәсуа қылып, көрген түсінің ауызша сұлбасын жасатты. Айна-қатесіз сияқты. Кейінгі нұсқасын көргенде, бейшара әйелі көкірек тұсын ұстап креслоға сылқ ете түсті. Дәрігерге жүгіріп, шипагер шақыртып бұнда да, балаларында да зәре-иман қалмады. Құдай сақтады, әйтеуір. «Апам мен атам ғой. Жас кезіндегі суреттері. Келін боп түскен күні апам сандығының түбінен шығарып көрсеткен маған. Енең – мен, марқұм атаң – мына кісі деген. – дей берді әйелі. – Кейін де талай көргем, көзінің қарашығындай сақтап жүр. Атам жезтаңдай әнші бопты.  Менің Рақымым Әсет, Әміре, Қалилардан сынық сүйем кем емес еді. «Алтыбасар», «Алқоңыр», «Япурайды» қара домбырасымен әуелетіп алып бір кеткенде, бүткүм Үшқайыңның түтіні мұржасынан ұшпай қалатын деп көзінің жасын сығып-сығып алатын». Шын-ей, бұны қалай қара басып жүр. Мұртты жігіт – өз әкесі, еміс-еміс есінде. Бөртпе шәлілі келіншек – өзін тапқан шешесі. Қалғандары кім болды екен сонда? Елге барып, тәтемнен сұрап қайтсам қайтеді?.. Не дер екен? Кенже ұлыма бірдеңенің шалығы тиді ме, әлде жұмыс өтіп кетті ме десеші. Тамам жұртқа күлкі болмаса қайтті. Не болса, о болсын деп ауылға тартқан. Шешесі нелер бір хикаяны тарқатты дерсің, тыңдар құлаққа зарығып қалған сияқты. Енді қайтсін, қатарының көбі  жылымық жылдары барсакелмеске  аттанып кеткен. Қолындағы суреттерді жайып салып еді, қайдан алып жүрсің деп қазбалаған да жоқ. Барлығының атын атап, түсін түстеп берді.

    – Мына бұжыр – орыс мұжықтарының доңызын баққан қарташы қаншелек. «Інісі пәшістерге сатылып кеткен, өзі мысықтілеу, сәбет өкіметін суқаны сүймейді, тек пәдәлізімнің ән-жырына құмар. Отыншы Әлжановтың Алаш әскерінде болған», – деп әкеңді көрсеткен сол шұбар жылан. Туыс болмай, жерге кір. Рақым марқұмның әуезесін естімеймін деп екі құлағын басып, сыртқа ата жөнелетін. Әкең айдаудан қайтып келгенде, бала-шағасын алып  ауылдан ішкері жаққа тұра қашты ғой. – шешесі камзолының қалтасынан салақұлаш беторамалын алып, жасаураған көзін сүрткен. – Гәрмөнді көсілтіп отырған – Рақымның туған інісі Әбдірәсіл. Соғыста пленге түсіпті. Содан қайтпай қалған. Айтпақшы, ана жылы Тұрлыбектің Әнуары жат жұрттың Бенә деген қаласында жолығыпты. Абайдың әндерін, Арап ақынның өлеңдерін айтып зарлап жүр деген. Ол кез қилы-қилы заман еді ғой, жақ аша алмадық. Шамаң келсе, Әбдірәсілдің өлі-тірісін біл, өз қаның  емес пе.

    Бұл басын изеген, мақұл деген. Анасының көңілін аулап, ауылда ек-үш күн жатқан. Содан келгені кеше.

    Сол суреттер қазір компьютерінің папкасында. Мына жігітке көрсетсем бе деп бір оқталды. Бұғынып жатқан құпияның  толғақ жеткендей тепкіленуін елемеу обал. Ендеше, қобди түбінде сыр өлмесін. Жас әріптесі бастабында ықылассыз тыңдап еді, оқиғаның байыбына қана  шұбатты стақанымен қоса жұтып қоя жаздап, өздігінен сөз тықпалай бастады.

    – Осында ауысқанша, ғылыми-зерттеу мекемесінде жұмыстандым. Жалақысы мәз емес. Тақұл-тұқыл. Өлместің күні. Сондағы дырдай СНС-тің қылығы әлі есімнен кетпейді. Отырар орны ғана – Жеңіл өнеркәсіп технологиясы бөлімі. Апталап сілтеп, үйінен аттап баспайды. Онысын елдің бәрі біледі, еш пенде жақ ашпайды. Не гәп? Гәп  мынада – ол үйінде жатып-ақ  директор мен ғалым-хатшының ойын дөп басады. Айығып, ажары абыройын жапқан кезде, бастықтардың кабинеттерін асықпай аралап шығады. Жоғарыдағылар жақтырмаған адамдар жайлы бір-екі ауыз сыздығын сөз арасында қыстыра кетеді. Аналардың күткені де сол – қолқ ете түседі, өз пікірлері жарандар ұйғарымымен үйлесе кеткеніне мәз. Ал, әлгі жолың болғыр бәтшағар түк болмағандай, ертеңінде қасыңда жайраңдап  жүреді.

    – Қой, бұның біздің өңірге жұғыспайтын аналогия. Менікі бір басқа, сенікі бір басқа. Бірі – Ұрымда, бірі – Қырымда.

    – Жұғысқанда қалай жұғысады. НАНО технология бұның қасында жолда қалады. Коммуникациялық ассоциация. Сигналдар мен арақашықтық үйлесімі – тәсіл біреу. Әрине, нәтиже әрқалай болуы ықтимал.

    Балабек ойға қалды, жас әріптесінің байламында да жан бар. Ақыры болары болды, тағы бір тәуекелге бел байласа қайтеді. Серіктестікке мына жігіт әбден жарап жатыр.

    Білегіндегі хронометріне, қабырғадағы шынжырлы сағатына қарап қойды, төрттің нақ өзі. Штордан сығалаған дірілдеген сәуленің ықыласы Ағынықаттының бір тамшысына ауа қалыпты. Қабырғадағы қарағайлар жамырай, жапатармағай көкке ұмтылған. Бұл да  қайқая ұмтылып барып креслосынан тұрды.

    – Екеуміз де бүгін көлігімізді қаңтара тұрайық. Сенің дегенің болсын. Бірақ мен айтқан жаққа барамыз. Бір мезет жұрт құсап жамағат көлігіне аяқ артайық та. Келістік қой.

    Қаланың қиян шеті. Бозтөбе қиясындағы телемұнараға мұнар байланған. Көк жүзіне тартып-созған ақ дәке пәре-пәре. Қақ төріне қарға саңғып кеткендей. Сатала-сатала. Айғыз-айғыз ала бұлт. Құжынаған құжыралар. Бұл араға қатын-қалаш бір уыс евро берем десең де келмейді.  Шәрбати шарапқа буыны құрып, мойыл көздері қылиланып, көкқұйрық сигареттерін бұрқыратып отырған қазекемнің қыздары да жоқ бұл арада. Рахат әншейін. Өзен аңғары. «НАН» деген нән жазулы магазин. Одан әрі бұралаң, оралаң жол баяғы «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасыннан» бері осы тұстан табан аудармаған тас үйге адастырмай апарады. Бұлаң Одессаның  биндюжниктері «Гамбриниусты» қалайша төбесіне көтерсе, біздің алқоры шаһары мына «Бозайғырды» да сондай қадірлейді. Мұнда бас сұқпаған қазақтың ақын-жазушысы, өнер дүлділі кемде-кем. Солардың аты-жөнін мәрмәр тақтаға таңбалап тастаса, қаптал қабырғаны қайқайта қайыстырмас па еді. Аспалы өткел. Қыл көпір. Жарқ-жұрқ еткен сырахана маңдайшасы әудем жерден мен мұндалайды. Ақ пен қараны тұяғымен тарпыған ақбоз аттың танауынан сарылдаған  сары сыра қос саптаяқтан асып-төгіліп жатыр. Балабектің жас әріптесі бұл таңғажайыпты алғаш рет көруі, мөймілдеген неміс бокалдары алдарына келгенде де, жан-жағына жалтақтаумен болды. Қара шашын қақ жара тараған, үстелдердің ара-арасымен бипаздана зыр қаққан  үш еркек даяшы, скрипкасымен төңкеріс, майдан әуендерін  бірде елжіретіп, бірде боздатқан, не сыған, не жойыт екені белгісіз, зелеткелі  имиген ақ бас  шал қай дәуірдің сарқыты екен, ә?

    – Мына араңыз таңдайға татырлық-ақ жер деймін. Дамылдап жатқан тіршілік. Сарсідік сасыған қаладан аулақ кеткеніміз қандай көрім болған. Бір үйір жігітті баптап салсаң да, иін қандыра алмайтын ресторан бикештерінің жоқтығы қандай жақсы. Бұл жерді қайдан көздеп жүрсіз? – жас әріптесі бұның көңіліндегісін жазбай оқып отыр. – Ана шалдың алдында төрт саптаяқ сыра тұр Екі саптаяқты біз жөнелтіп жібердік. Соның бәрін өзі іше ме, жарылып өлмей ме?

    – Оның мәнісі бар. Әр келген адамнан бұйырар бір саптаяқ сыра – табыс салығы. Бастары сынып, өліп бара жатқан сүмелектердің үлесі ол. Бомждар есіктен аттар-аттамастан бір сіміреді де, жайларына кетеді. Былайшаң айтқанда, «Император» атанып кеткен қожайын шалдың қайырымдылық қоры.

    Екеуі де асатаяғын еденге қадап, иегін асатаяғына қадап отырған қоңыр шляпалы  шұбар шалға көз сырғанатты. Ол алдындағы бір іні саптаяқтан көпіршіген сыраны  ұрттап қойып, терезеге жапсарлас үстелдегі шахмат ойнаушыларға, карта сапырушыларға самарқау қарап қояды. Қаусырмалы есіктен жеделдете аттаған жаңа қонақтар:

    – Императорға сәлем! – деп оң қолдарын шекесіне апарады. Шал ізетпен шляпасының жиегіне қолын тигізеді – ілтипаттарыңды қабыл алдымның мәзіреті. Кейбірін:

    – Немене, шошқа қораға келдіңдер ме? Тастаңдар шылымды! Аяқтарыңды тазалап келіңдер! – деп зекіп, қуып шығады. Әкіреңдей, зілдене сөйлейді. Барда тұрған сылаң мұртты жігітке қисық мойын патефонын бұратып, ана әнтабақты алып таста, мына әнтабақты ойнат деген  бұлжымас нұсқауын береді.

    Cырахананың бойшаң сағаты баяз таппай шық-шықтап   тұрғанымен, уақыт шіркін мүдіріп қалғандай. Шынжырланған арба дөңгелегіне келіңкірейтін люстралардан көмескі жарық себездейді. Қасындағы жас әріптесі қайдан білсін, мұндағы иіс те, ауан да беу заманғы. Қойыртпақ малманың ба, әлде жидіген терінің иісі ме – іші-сырты кәтірән сырахананың өн-бойына сіңіп, қанша сүргілеп-ысқыласаң да кетпестей боп сірнеленіп, сарытаптанып,  шәугімқақтай орнығып алған. Бұрыш-бұрыштағы ырғай тал, фикус, алоэ, кактус, герань мен фиалканың да өкпесінен өтер емес. Қабырға мен төбедегі фрескалар шіркеулердегі әулие-әнбиелерге бергісіз. Сақалдысы бар, мұрттысы бар – кешегі кеңес жайсаңы мен жақсысының тізіле қалған жансыз бейнелері бүгінгі ұрпағына мүсіркей қарап қалыпты. Оқшаулау ілінген аппаз рамадағы пейзажды көзі шалып қалған жас үзеңгілесі бекіре жалын аузынан алар-алмастан:

    – Бәке, Бәке ше! Балабек Рахимыч! Сіздің кабинетіңіздегі сурет қой. Сіздің кабинетіңіздегі ше? – деп безілдейді. Бұл міз бағар емес, сап-сап  дегендей басын изейді.

    – Мен физиономист емеспін, Бәке, бірақ мына шалды қайдан көрдім, көргенім нықы. Нықы деймін. Апырай, ә? – жас әріптесі бас бармағымен тамағын орып-орып жіберді. Әлденені есіне түсіргендей дөдегеге бір, тас еденге бір қарады. – Кертпіш танау, сояу қас. Ах, Donkey!.. Біздің президентіміз мына стариктің аузынан түсіп қалғандай емес пе? Папашасы боп жүрмесін…

Балабек жас жігіттің сауалын қағып алып үлгермеді, қолындағы ұялы телефонының  қоңырқаздай сазы  еркелей толықси барып:

    

 –     Жаз  бо-о-о-л-са  жарқырағ-а-а-ан  көлдің беті-ай… –  аңырады-ай келіп.

«…Ах, Самара, городок беспокойна-я-я-я… Успокой ты меня…», – деген сұңқыл  ырыл мен ысылға ұласып,  раритет-патефонның да үні  өшті. Тотем мен вудудай арса-арса шұбар шал үш ұмтылып, үш ұмсынды. Алдындағы  самсаған саптаяқтың салдыр-гүлдірін де елең қылмады. Карабинше кезелген  имек таяғының ұшынан алқынған айғайы бұрқ ете түсті:

– Тоқтат! Молчать! Құрт!  О, Тәңірім… Мынау, р-р-рас Ра-ра-қым ба?..  Тағы да саруайым, тағы да  зар заманның запыраны… Сол зәнталақтың домбы-расы ма сар-наған… Атың өшсін, атың өшкір!..

    Алматы.  2007 ж., мамыр

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Керемет әңгіме. Мұндай суреткерлікті қазір көп жазушыдан таба алмайсыз.

  2. Күшті әңгіме!!!! Теңеулері маған сондай ұнайды! Кәкен ағайдай публицистті танитыныма қуаныштымын!

Назира жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері